Музыка тек көңіл көтеру үшін ғана емес. Ән мен әуен арқылы адамдар қоғамдық дағдарыстар, соғыстар, мәдени өзгерістер кезінде қорқынышын, ашуын, үмітін, наразылығын жеткізген. Бүгінгі материалда өзекті мәселелерді көтеріп, сол кездегі қоғамның үніне айналған әндерге тоқталамыз.
АҚШ-тағы теңсіздік туралы
Michael Jackson – They Don’t Care About Us
1991 жылы Лос-Анджелесте полиция Родни Кинг деген қара нәсілді адамды аяусыз ұрып-соққан видеосы бүкіл елге тарады. 1992 жылы сот полиция қызметкерлерін ақтап шықты. Бұл шешім қоғамның ашуын тудырып, көпшілік жаппай көтеріліске шығып, Лос-Анджелес қаласын дүрбелеңге салды.
1996 жылы Michael Jackson They Don’t Care About Us әнін шығарды. Поп королі елдегі нәсілшілдікті, полиция зорлығын және әділетсіздікті ашық көрсетіп, қоғамның үнін жеткізді. Бразилияда түсірген бейнебаяны сол кездегі шынайы өмірді бейнелейді.
2Pac – Changes
Ал 1998 жылы 2Pac Changes әнінде АҚШ-тағы әлеуметтік теңсіздік пен нәсілшілдік мәселесін қозғады. Әнде полиция зорлығы, кедейлік, гетто өмірі мен әлеуметтік теңсіздіктің жоқтығы ашық баяндалады. 2Pac жұлдыз ретінде емес, көше тұрғындарының атынан сөйлейтін, шындықты жасырмай жеткізетін адам ретінде танылды. Сондықтан бұл туынды бүгінгі күнге дейін әлеуметтік тақырыптарды талқылауда маңызды музыкалық нышан болып саналады.
Психологиялық қысым туралы
Linkin Park – Numb
2000 жылдардың басында АҚШ-тағы жасөспірімдер мектепте, отбасында және қоғамда үздік болуға мәжбүр болды. “Табысты бол”, “басқалар сияқты бол” деген қысым өсіп, жасөспірімдер өздерін қабылдай алмай, эмоционалды тұрғыдан қажығанын сезді. Numb әні дәл осы ішкі қарсылықты, үрей мен күйзелісті әдемі жеткізді.
Eminem – Mockingbird
Балалық шағы оңай болмаған Eminem Mockingbird әнін шығарып, отбасындағы қиындықтар, қақтығыстар, психологиялық шаршау, тұрақсыздық, нашар ата-ана мәселесі жайлы ашық айтты. Әнші осы музыкасымен тыңдарманға “Табыс адамның өскен ортасындағы тыртықты” деген ойды жеткізігі келді.
Imagine Dragons – Believer
2015-2017 жылдардан бастап әлеуметтік желіде “табысты өмір”, “жеке бренд” сияқты контентке толды. Желідегілер әрдайым мықты, өнімді және позитивті болуды талап етті, ал осал, әлсіз болуға, жеңілуге мүмкіндік бермеді. Қарапайым адамдарға осындай психологиялық қысым күшейе бастағанда америкалық топ Believer деген ән шығарды. Believer осы қысымға мәдени жауап болды. Ән бізге қателіктерді, қиындықтарды жасырмай, өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауды үйретеді. Көптеген тыңдарман әннің арқасында мінсіз болмау, дағдарысты бастан кешу және әлеуметтік желідегі көретін мінсіз өмірге сай келмеу қалыпты дүние екенін түсінді.
Гендер мәселесі туралы
BTS тобы – 21st Century Girls
2015-2016 жылдары Кореяда әйелдер құқығы мәселесі белең алды. Бұл уақытта әйелдерге қарсы дискриминация мен зорлыққа қарсы дау-дамай көбейді. 2015 жылы Megalia деп аталатын радикал феминистік қозғалыс пайда болды: олар қоғамдағы стереотиптерді, провакациялық әрекеттерді ерлердің өзіне қолданып, әйелдердің құқығын қорғауға тырысты. Осы кезде кореялық интернет сегментте “гендер соғысы” басталды. Ал 2016 жылы Gangnam метро бекетінің жанында әйелге қастандық жасалып, қоғамда үлкен резонанс тудырып, әйелдердің қауіпсіздігі мен теңдігі туралы пікірталастарды өршіді. Сол жылы Оңтүстік Кореяда абортқа тыйым салу туралы заң енгізбек болды, бірақ белсенділер оған қарсы шықты. Олар бұл заң әйелдердің құқығын шектейді деп есептеді, сондықтан қоғамда үлкен наразылық болды. Қоғамда осындай резонанс жағдайлар болып жатқанда BTS тобы 21st Century Girls деген әнін шығарды. Олардың бұл әні қыздарды сенімді болуға, өз құндылығын бағалауға және қоғамның қысымына қарамастан өз жолын таңдауға шақырады.
Қазақстан музыканттары қандай тақырыптарды көтеріп жүр?
KeshYou тобы – Ұят емес
KeshYou тобын 2019 жылы “Ұят емес” әнін шығарды. Топтағы әнші қыздар әні арқылы қоғамды “ұят” деп есептейтін нәрселерді қайта қарауға шақырады. Әнде қысқа киіну, ашық билеу немесе шындықты айту шынымен ұят емес екені айтылады. Шын ұят – пара алу, зорлық жасау немесе босқа уақыт өткізу сияқты әрекеттер, ал өмірде қателесу қалыпты, оны түзеу ұят емес екенін жеткізеді. Ән адамдарға адал болу мен әділдікке ұмтылу, өз ойың мен болмысыңды көрсету – ешқашан ұят емес екенін меңзейді.
Ирина Кайратовна – 5000
2019-2020 жылдары Қазақстанда қоғам өте белсенді болды. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып келді. Бұл ел арасында елдегі пікірталастар мен азаматтық белсенділікті күшейтті. Сол уақытта адамдар әлеуметтік желілерде реформалар, әділ сайлау мен демократия туралы ойын білдірді, наразылықтарға тыйым салынып, белсенділер ұсталып жатты. 2020 жылы пандемия мен шектеулер адамдардың өмірін қиындатты, әлеуметтік қолдау мен жәрдемақы мәселелері талқыланды.
Осы кезде “Ирина Кайратовна” тобы 5000 әнін шығарды. Бұл трек көшедегі өмір мен айналадағы шындықты көрсететін өткір сатира сияқты болды. Топ ән арқылы қоғамдағы жүйе мен әлеуметтік мәселелерді батыл және қуатты битпен айтты. Ән ештеңені дәлелдеуге тырыспайды, Қазақстан халқының күнделікті қиындығы мен сезімін ашық көрсетеді. Осы ерекше стиль әнді нағыз манифестке айналдырды: ол бірден цитата боп тарап, мыңдаған видеоның фонына айналды. 5000 әні маңызды тақырыптарды жеңіл әрі ашық айтуға болатынын көрсетті және бір буын үшін өз ойын еркін білдірудің белгісі болды.
Мархаба Сәби – Қазақша
Мархаба Сәби 2022 жылы “Қазақша” деген ән жазып шығарады. Сол кезде Қазақстанда қазақ тілін күнделікті өмірде, медиада, мектепте көптеп қолданылуы керек екені, қазақша сөйлеу тредке айналуы керек екені туралы айтыла бастаған еді. Мархаба Сәби де әні арқылы қазақ тілін дау-дамай емес, өміріміздің табиғи бөлігі екенін жеткізді. Ол әні арқылы ән қазақ тілін құрметтеуге, оны күнделікті өмірде қолдануға шақырды.
Ninety One – Bari Biled
Бұл ән топқа қатысты қысым мен стереотиптерге ашық жауап болды. Музыканттар өздерін ақтамай, тікелей ән арқылы өз ойларын жеткізді. Әртістердің жеке күресі жастар үшін даралық пен өзін-өзі құрметтеудің символына айналды. Осы батылдық әнді Q-pop жанрының шеңберінен шығарып, өзін еркін көрсетуге ұмтылғандарға қолдау болды. Бұл трек адамдарға өзін және еркіндігін ашық көрсетуге болатынын көрсетті.
Музыка қоғамда ресми түрде айтылмайтын сезімдер мен қысымды, өз болмысыңды сақтау сияқты тақырыптарды ашық айтуға мүмкіндік береді. Әр буын өзінен кейін тек оқиғаларды емес, сонымен қатар өз “саундтрегін” қалдырады, ал сол музыка көбіне сол дәуірдің шынайы бейнесі болып сақталады.




