Қазақтың дәстүрлі аспаптарының ішінде қобыздың орны бөлек. Оның шығу тарихы көбіне Қорқыт ата есімімен байланыстырылады. Ағаш пен жылқының қылынан жасалатын аспап ерекше сарынымен тыңдарманын баурап алады. Tamga Media тілшісі шебер Алмаз Балтабаевпен сөйлесіп, қобызға қалай “жан бітетінін” сұрап көрді.
Дәстүрлі қобыз сырт келбеті жағынан скрипкаға ұқсағанымен, тұтас ағаштан ойылып жасалады. Ұлттық музей қорындағы көне үлгінің сипаттамасында аспаптың дәл осылай ойылғаны, ал шанағының төменгі жағы терімен қапталғаны көрсетілген. Ал ішегінің орнына жылқының қылы тартылады.
Аспаптағы әр бөлшек дыбысқа тікелей әсер етеді. Мысалы, шанақ дыбысты күшейтсе, ысқыш пен шанаққа тартылған қыл сол бір әуезді дыбысты тудырады. Сондықтан қобыз жасауда ағаштың түрі мен сапасы, шанақтың пішіні мен қалыңдығы, терінің керілуі, қылдың саны да мұқият есептеледі. Бір бөлшекте жіберілген қателік аспаптың үнін өзгертіп жіберуі мүмкін.

Қобыз бен бақсылық арасындағы байланыс
Қазақ мәдениетінде бақсы – емшіліктен бөлек түрлі ғұрыптармен, жыр-өлеңмен және музыкамен қатар айналысқан тұлға. Оның негізгі аспаптарының бірі қобыз еді. Ғылыми еңбектерде көне қобыздың бақсылық рәсімдер кезінде қолданылған қасиетті аспап болғаны айтылады.
Бақсы қобызды жай ғана күй орындау үшін тартпаған. Белгілі бір мақаммен айту, қимыл жасау, аспаптың үнін пайдалану оның рәсімінің құрамдас бөлігі болған. Кей деректерде бақсы қобыздарының сыртқы безендірілуі де ерекше болғаны жазылады. Аспаптың басына үкі, темір салпыншақтар мен қоңыраулар тағылып, кеудесіне айна орнатылған. Бақсы қобыз тартқан кезде аспапты қозғалтқанда қоңыраулар сыңғырлап, айна мен басқа да бөлшектер рәсімнің әсерін күшейткен. Мұндай аспаптар «қара қобыз», «нарқобыз» деп аталған.
Бұл жерде қобыздың үні де маңызды. Бақсы толғауын айтқанда аспаптың қоңыр, созылыңқы дыбысы оның үні пен ырғағына қосылып, тұтас музыкалық көрініс қалыптастырады. Зерттеушілер бақсылық сарынын қазақтың дәстүрлі музыкасын түсінуге мүмкіндік беретін мұралардың бірі ретінде қарастырады.
Қобыздың бақсылықпен байланысы Қорқыт туралы аңыздан да көрінеді. Қазақ мәдениетінде Қорқыт қобызбен және көне сарындармен тығыз байланысты тұлға ретінде сақталды. Алайда Қорқытты нақты тарихи тұрғыда «алғашқы бақсы» немесе «қобызды ойлап тапқан адам» деп кесіп айтуға болмайды. Мұнда тарихи дерек пен кейінгі аңыз-әпсананы ажырату маңызды.

Уақыт өте қобыздың қызметі өзгерді. Бақсылық дәстүрдегі қасиетті аспап біртіндеп кәсіби музыка сахнасына шықты. Бұл кезеңнің маңызды тұлғаларының бірі – Ықылас Дүкенұлы. Деректерде ол ғасырлар бойы бақсы-балгерлер пайдаланған қобызды халықтың мұң-мұқтажын, арман-мақсатын жеткізетін музыкалық аспап деңгейіне көтерген тұлға ретінде сипатталады.
Осылайша қобыздың тарихында екі түрлі кезеңді көруге болады. Бірінде ол бақсының ғұрыптық әрекетімен байланысты қасиетті аспап болса, кейін халықтың музыкалық мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Зерттеушілер де қылқобыздың қасиетті аспаптар қатарына жатқызылғанын және оның бұрын бақсылардың кәсібімен тығыз байланысты болғанын атап өтеді.
Қылқобыз қалай жасалады?
Қобыздың жасалу жолын білу үшін шебер Алмаз Балтабаевпен сөйлесіп көрдік. Алмаз тек қобыз жасап қоймайды, өзі де қобызда ойнайтын музыкант. Ал қобыз жасауды 19 жасында, әкесі дүниеден өткен соң қолға алған.

“Менің әкем де, атам да қобыз жасаған шеберлер. Сондықтан бала күнімізден аспаптың қалай жасалатынын көріп өстік. Негізі қылқобызшымын, бірақ алғашқы қобызымды әкем дүниеден өткен соң шаптым. Мұны ешкім үйреткен жоқ, музыкант болғандықтан аспаптың қандай болу керегін түсінемін. Осылай өз ыңғайыма қарай бірінші аспабымды жасап шықтым”, – дейді ол.
Кез келген аспап жасау үшін ептіліктен бөлек сурет сала алу қабілеті де керек дейді шебер. Содан кейін шыдам мен төзім де шеберді шыңдайды түседі екен.
“Қобыздан соң, домбыра жасауды да қолға алдым. Осы тұста айтарым, шеберге сурет сала білу өте маңызды. Себебі болашақты қобыздың не домбыраның қандай болатынын көз алдыңа елестетіп, алғашқы сызбасын сызасың. Аспап жасайтын ағаш таңдарда да оның қасиетін, ерекшілігін білуің керек. Кез келген музыкалық аспапты жасағанда шыдамды болған жөн. Сабыр мен төзім біздің салада көп нәрсені шешеді”, – деп ойын толықтырды ол.
“Қобыз жасайтын ағашты көлеңкеде кептірген жөн”
Алмаз Балтабаев қобызды көбіне қарағаш не жеміс ағаштарынан жасайтынын айтады. Себебі мұндай ағаштар берік әрі мықты болады екен.
“Қарағаш, қайың, алма не өрік ағашы өте берік келеді. Аспапты жасар кезде материалды көлеңкеде әбден кептіріп алу керек. Кейде 5-10, тіпті 40-50 жыл жатып, кепкен ағашты да пайдаланамын. Ағаш неғұрлым жақсы кепсе, қобыз да сапалы болып шығады. Сондай-ақ ағаш аталық пен аналық деп те бөлінеді. Аспап жасағанда осыған да мән беру керек. Бұдан бөлек ағаш майының болмауы не аз болуына да қарайсың. Осындай ерекшеліктеріне қарап болашақ қобыздың қай ағаштан жасалатыны белгілі болады. Кез келген ағашты алып, қобыз шаба бермейсің, мұның да өз құпиясы бар”, – дейді шебер.

Керек ағаш табылған соң, қобыздың алғашқы сұлбасы шабылады. Бұдан кейін ортасындағы оймағы ойылады. Ал бір аспапты дайындауға 4 айға дейін уақыт кетеді екен.
“Сұлбасын мөлшерлеп шауып алғаннан кейін, оймағын ойып бастаймыз. Әр шебердің қобыз жасау техникасы әртүрлі, кейбірі бірінші оймағын ояды. Оның үстіне қобыз жасағанда заманауи технологияларды қолданбаймын. Әрине, ағаштың қалыңдығын өлшейтін аппараттарды пайдалануға болады. Бірақ маған ағашты ұстап-сезіп жасаған ыңғайлы. Қолмен ұстағанда, қай жері қалың не жұқа екенін бірден білемін. Меніңше, бұл – нағыз қолөнер. Әйтпесе, жұмысты жеңілдету үшін фрезерлік станокпен де қобызды оюға болады”, – дейді Алмаз Балтабаев.
Қобыздың бетіне тартылатын теріні “көні” деп атайды екен. Шебердің сөзінше, аспаптың дыбысы жақсы болуы осы көніне де байланысты.
“Ағаштан бөлек оның көні мен қылы да дыбыстың анық әрі жақсы шығуына әсер етеді. Көні дегеніміз шанағына тартылатын тері. Ешкінің терісін салса, дыбысы ащылау болады, ол прима қобызға келеді. Ал негізінен түйенің терісін салған жөн. Кейбір шеберлер сиырдың терісін де тартады. Теріні әбден кептіріп, жұқартып, өндеген соң ғана аспапқа пайдаланады. Ал жылқының қылын әбден жуып, тарап, майлылығын кетірген абзал. Содан кейін қыл бір-бірімен байланбай, шатаспай тұру керек. Егер қыл бір-бірінің үстіне мінгесіп кетсе, төменгі нотаға келгенде дыбыс анық шықпайды. Тіпті шыңылдаған дыбыс беруі мүмкін”, – деп түсіндірді шебер.
Алмаз Балтабаев қобыздың үнін дәл осы қыл беретінін атап өтті. Ал екі қыл үйкелгенде, әуезді дыбыс шығады дейді.

“Қылды қазақтар сонау заманнан бері қолданып келеді, мұны өзгертуге де болмайды. Қазір небір жасанды ішек пен қылдар шығып жатыр. Алайда онымен бізге керек әуенді шығара алмаймыз, керек жеріне дейін жетпейді”, – деп толықтырды шебер.
“Қобызбен аққудың қиқылдағанын, жылқының кісінегенін де келтіруге болады”
Қобыз шебері аспаптың дыбысына қарап бағалайтынын айтады. Дұрыс жасалған қобызбен қалаған әуенді шығаруға болады.
“Әр аспап өзінің дыбысымен ерекше, Қобызды да біз дыбысына қарап бағалаймыз. Керек әуенді беріп, төменгі ноталары анық шығуы керек. Онымен аққудың қиқылдағанын, жылқының кісінегенін де келтіре аласың. Дыбысы анық болса, оның сапасы да жоғары деген сөз. Сәйкесінше бағасы да салыстырмалы түрде жоғары болады. Дұрыс кепкен ағаштан жасалған қобыз иесіне ұзақ уақыт қызмет етеді”, – деп сөзін аяқтады шебер.



