Ойын-сауықОқиғаҚазіргі ер адамдар қандай сыйлық алғысы келеді?

Қазіргі ер адамдар қандай сыйлық алғысы келеді?

3 мамыр 2026
4 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Ерлерге сыйлық таңдау қиын ба? Олардың шын қалауын білсеңіз, қиын емес! Шұлық пен қырынуға арналған жиынтық дегенді керек ететіндер де бар, бірақ заманауи ер адам – өз саулығына, сырт-келбетіне мән беретін және сапалы заттарды бағалайтын тұлға. Tamga Media мереке қарсаңында түрлі салада жұмыс істейтін үш ер азаматтан шын мәнінде неге мұқтаж екенін және не қалайтынын сұрап көрді. 


Бейбарыс, 25 жас: «Шұлық сыйлағаны – уақыт арнағысы келмегені»


Шетелде жұмыс істейтін фриланс-дизайнер осы күнге дейін қатты ұнаған және көңілінен толық шыққан сыйлық алмағанын айтады. 

«5-сыныпта алған доп ұнағаны есімде. Былтыр әріптестерімізден шұлық алдым. Шыны керек, мұндай тым қарапайым сыйлықтар ұнамайды, өйткені астарында ешқандай мән немесе ізденіс жоқ. Ең бастысы – сыйлықтың құны емес, саған уақыт бөліп, сенің қалауыңды зерттеп, шын көңілмен ұсынғаны. Сыйлықты күнделікті өмірде пайдалана алсаң, тіпті керемет. Ал кез келген дүкеннен ала салатын сертификат немесе шұлық саған уақыт арнағысы келмегенін білдіреді».


Бейбарыстың қалауы мынадай:

  • Саяхатқа және жұмысқа ыңғайлы пауэрбанк пен кардхолдер.

  • Талғамына сай таңдалған парфюм.

  • Жұмысты жеңілдететін Logitech MX Master 3S немесе геймингке арналған Logitech G PRO тінтуірі.

  • Сапалы құлаққап.

  • Теннис ойнауға арналған, басқа және қолға тағатын тер сіңіргіш таңғыштар (арзан әрі өте пайдалы).

  • Спортпен шұғылдануға ыңғайлы кроссовка.

  • Кабельдер мен гаджеттерге арналған органайзер сөмке. 

  • Көк жарықтан қорғайтын (Blue light) көзілдірік.


Азамат, 30 жаста: «Сыйлық кәдеге жарауы керек»


IT компанияда жоба жетекшісі болып жұмыс істейтін Азамат отызға келіп, бойдақ жігіт ретінде үйде босқа шаң жинап тұратын артық заттардан бас тартып жатқанын айтады. 

«Күні бойы кеңседе сегіз сағат мониторға телміріп отырамын және бос уақытымды жаттығу залында өткіземін. Есейген сайын өзіме күтім жасаудың маңызды екенін түсіне бастадым. Дене-бітіміме және бет-әлпетіме аса мән беремін. Сондықтан пайдасы жоқ сувенирден гөрі денсаулыққа, жайлылыққа және күнделікті күтімге арналған дүниелер әлдеқайда құнды деп ойлаймын. Душқа арналған гель немесе қырынуға арналған жабдық берсе қарсы емеспін. Бірақ олардың сапалы болғанын қалаймын. Бастысы – сыйлық беріп құтылу емес, оның менің өмір салтыма сәйкес келіп, күнделікті кәдеге жарауы».


Азаматтың қалауы мынадай:

  • Массаж пистолеті. 

  • Бет пен денеге арналған сапалы косметика. (Денеге және бетке арналған ылғалдандыратын крем, SPF крем немесе шашқа арналған майлар).

  • Тамақ салуға арналған сапалы контейнерлер.

  • Автокөлікке арналған аксессуарлар. (Телефонға арналған сымсыз қуаттағыш, сапалы премиум хош иістендіргіш немесе жүк салғышқа арналған органайзер).

  • Сапалы дрип-кофе жиынтығы және термостақан.

  • Штанга немесе гантель көтеруге арналған аксессуарлар.


Әлішер, 28 жас: «Шұлық сыйласа да қуанамын»


Білім саласының маманы, отбасылы Әлішер сыйлықтың түрі немесе форматы маңызды емес, бастысы оны кәдеге жарата алсам болды дейді. 

«Мен спортқа қатты қызығамын. Волейбол, футбол, Формула-1 жарыстарын үзбей қараймын. Мысалы, жақындарым менің «Барселона» футбол клубының жанкүйері екенімді біледі. Сондықтан менің хоббиіме қатысты кез келген сыйлық керемет эмоция сыйлайды. Өзің қалаған затыңды алған кезде қуанышымда шек болмайды. Бірақ мен үшін ең құндысы сыйлық емес, адамның маған көңіл бөлгені. Егер маған қарапайым душқа арналған гель немесе шұлық сыйласа да, мен шын жүректен қуанамын және шексіз алғысымды білдіремін. Бастысы – ниет».


Әлішердің қалауы мынадай:

  • Күнделікті ұстауға ыңғайлы, сапалы рюкзак немесе әмиян.

  • Сүйікті футбол клубының («Барселона») атрибутикасы.

  • Формула-1 тақырыбындағы мерч немесе аксессуарлар.

  • Спортпен шұғылдануға арналған кәсіби шұлықтар.

  • Массаж роллигі (МФР ролл).

  • Сапалы термокружка немесе спорттық су бөтелкесі.

  • Жаттығу киімдерін салатын спорттық сөмке.


Сонымен, заманауи ер азаматқа не сыйлау керек? Кейіпкерлеріміздің жауабынан байқағанымыздай, бастысы қымбат зат емес, шынайы көңіл мен адамның өмір салтына деген құрмет. Біреуге жұмысын жеңілдететін гаджет керек болса, екіншісіне қарапайым шұлық та жетіп жатыр. Кез келген сыйлықтың құны оның бағасымен емес, оған бөлінген уақытпен өлшенеді.

Бөлісу: