МәдениетСалт-дәстүрҚазақтың балаға қатысты ғұрыптары мен дәстүрлері

Қазақтың балаға қатысты ғұрыптары мен дәстүрлері

1 маусым 2026
3 мин
Самое большое богатство: казахские обряды и традиции, связанные с детьми
Фото: Қазақ балалары киіз үй жанында. 1921 жыл. Авторы белгісіз / Қоғамдық меншік

Қазақ үшін бала – ең қасиетті ұғым. Тіпті ұлын үйлендірмей жатып-ақ болашақ сәбиді асыға күткен. Халқымыздағы «Бала – олжа» деген сөз содан қалса керек. Біз әлі күнге дейін кездескенде «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасамыз. Мұндағы «мал» – дүние-мүлікті, ал «жан» – бала-шаға, ұрпақ пен отбасыны білдіреді. Tamga Media балаға қатысты осындай ізгі дәстүрлерді жинақтап көрді.


Ұлы даланың өз заңдылықтары болғаны мәлім. Мұнда «Жеті жарғы» негізгі заң рөлін атқарса, адамдар арасындағы қарым-қатынас дала әдебіне бағынды. Оның жазылмаған ережелерін еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін білетін. Ол заманда адамның ел арасындағы абырой-беделі өте маңызды еді, ал сол беделдің басты өлшемі артында қалған ұрпағы болды. Бала-шағалы болу адамның қоғамдағы салмағы мен сый-құрметін айқындайтын.


Бала дүниеге келгенге дейін


Босаға аттаған жас келін өз миссиясы – ұрпақ өрбіту екенін іштей түсінген. Халқымыздың балаға ықыласы тұрмыстан-ақ көрінетін. Мамыражай күнді аңсаған ата-әже ұлы үйленбей жатып-ақ болашақ немересіне асық жинап, тығып қоятын. Бұл – жақсылыққа жорыған ізгі ырым еді. Тойдан кейін бүкіл әулет сәби күтетін, ал жастар ұзақ уақыт бала сүйе алмаса, бірден халық еміне жүгінетін. 


Ерекші ырымның бірі – сәби сүйе алмай жүрген келінді құрқылтайдың ұясының үстіне отырғызу. Пішіні қолғапқа ұқсайтын бұл құстың ұясы бала көтеруге көмектеседі деп сенген. Сондай-ақ көп бала тауып, өсірген көп балалы әрі құрметті ананың етегінің астынан өту ырымы да болған.


Сәбилі болуға септігін тигізеді деп сенген тағы бір ерекше ғұрып қолөнермен байланысты еді. Қазақтар қырық үйден мата қиындыларын жинап, құрақ көрпеше тігетін де, үстіне жас келінді отырғызатын. Бүгінде мұндай ырымдардың шипасы бар дегенге сену қиын. Десе де кезінде олар өз міндетін атқара білді. Өйткені бала сүйе алмау мәселесі тек денсаулыққа емес, психологиялық күйге де байланысты. Ал мұндай жолдар әйелді жақсы ойға жетелеп, сенімін оятты, яғни қазіргі психотерапияның рөлін атқарды.


Жүктілік кезінде және босанғаннан кейін


Келіннің құрсақ көтергені белгілі болғанда, енесі «құрсақ шашу» тойын жасаған. Оған тек әйелдер жиналып, болашақ анаға дәмді тағамдар әкеліп, ізгі тілектерін жаудыратын.


Сәби дүниеге келгеннен кейін «бесікке салу» және «қырқынан шығару» ғұрыптары міндетті түрде өткізілді. Халқымыз қасиетті бесікті ерекше қадірлеген. Оны сындыруға, лақтыруға, жұртқа қалдыруға немесе жат елге беруге мүлдем болмайтын. Бұлай істеу әулеттің ұрпағын шектейді деп сенген. Тіпті жауласқан адамына айтылатын ең ауыр қарғыстың өзі «Бесігің тербелмесін» деген сөз еді.


Балаға деген көзқарас


Балаға қатысты «обал» ұғымы қатаң сақталған. Сәбиге зиян шектірген адамнан құт-береке қашады деп сенген. Дала танымында бала – аманат, ал оған қиянат жасау үлкен күнә саналды. Сондықтан «Аманатқа қиянат қылма» деген сөз даланың басты қағидасына айналды. Қазір де төбесіне айдар қойған ұлдарды кезіктіруге болады. Қазақ мұны көптен күткен немесе алдында баласы тұрмаған отбасының сәбиіне ырымдап қоятын. Бұл айдар баланы тіл-көз бен пәле-жаладан сақтайды деп сенген.


Перзенті болмаған ерлі-зайыпты


Ерлі-зайыпты бала сүйе алмаса, ағайынның жетім баласын бауырға басатын немесе туған бауырлары бір баласын оларға беретін. Бұл дәстүрді «бауырға басу» деп атаған. Асыранды баланы өз перзентіндей жақсы көрген әрі осыдан кейін шаңырақта көбіне өз балалары да дүниеге келетін. Сондықтан мұндай баланы «майкөтен» деп еркелеткен, бұл «артынан бала ерткен, үйге құт әкелген» дегенді білдіретін.

Бөлісу: