МәдениетСалт-дәстүрҚазақтар жас босанған әйелді қалай күткен?

Қазақтар жас босанған әйелді қалай күткен?

13 сәуір 2026
5 мин
Как казахи ухаживали за роженицей
Фото: Иллюстрация: Tamga Media / ЖИ

Қазақтар жас босанған ананы қырық күн бойы қалжалап, қамқорлық танытқан. Ана мен бала денсаулығына зиян тигізетін заттардан тыюға, қорғауға тырысқан. Сонымен көшпелілер аналарды тағы қалай күтті? Бүгінде ол қалай өзгерді? Материалда баяндаймыз. 


27 жастағы қызылордалық Әсел босанған соң денсаулығына көңіл бөлген. Сүті құнарлы болу үшін дұрыс тамақтанған: қой етінен сорпа ішіп, тары қосылған шай ішкен. Енесі суық су мен суық заттар ұстатпаған. Қазір денсаулығы жақсы.


Ал Шымкент тұрғыны Айдана – үш баланың анасы. Ол әр баланы босанған соң дұрыс күтінбегенін айтады. Қазір шашы көп түседі, тісі ауырады, ара-тұра басы ауырып, белі мен балтыры сыздайды.


«Әрине, денсаулығыма басқа да нәрселер әсер еткен шығар. Бірақ басты себебі – босанғаннан кейін дұрыс күтінбегенімде. Бірден ауыр көтеріп, үй шаруасына кірістім. Енді салдарын көріп жатырмын. Осы кезде қазақтың «шілде терісін шығару керек» деген сөзінің төркінін түсіндім», – дейді Айдана.


Қазақтар әйел бала туған сайын бір тісі қоса түседі деп сенген. Мұны «шілде қағу» деп атаған. «Жас босанған ананы шілде қағып кетпесін» деп алаңдап, оның алдын алуға тырысқан. 


Нәресте босанған әйелді енесі ерекше күтімге алған. Оған салқын тиіп қалмасын деп жылы киіндіріп, тізесіне тізе қап тағып, кебіс кигізіп, қолын суық суға салғызбаған. «Қырық күнге дейін дене судан шошиды» деп шомылуға да рұқсат бермеген. Туған әйелдің созылған іші қалпына келуі үшін белін буған. Шашы түспесін деп шашын тас қылып өріп тастаған. Тісі түсіп қалмас үшін орамалмен аузын буған. 


Тағамына да ерекше мән беріп, суық су ішкізбеген. Бір қойды арнайы сойып, оны «қалжа» деп атаған. Сол қойдың еті таусылғанша сорпа дайындап берген. Қойдың мойын омыртқасын келіншекке мүжітіп, кейін сол сүйекті керегеге іліп қойған. Ол бір жағынан «баланың мойны тез қатсын» деген игі тілекті білдірсе, екінші жағынан келген қонақтар мойны бекімеген нәрестені еппен ұстауы қажет екенін білдірген. Сонымен қатар керегеде ілулі тұрған омыртқаға қарап, келіп-кетіп кеткен кісілер бұл үйде жас босанған ана бар екенін аңғарған. Емізулі ана бар үйге рұқсатпен кірген. 


Байқасаңыз ана мен бала өміріндегі алғашқы маңызды рәсімдердердің барлығы шілде атауымен байланысты: шілдехана, шілде күзету, шілде қағу, шілде терін шығару, шілде суымен шомылдыру. 


«Шілде» сөзі парсы тілінен аударғанда «қырық» деген мағынаны білдіреді. Бұл қазақтардың ана мен бала күтіміне қырық күнге дейін айрықша мән бергенін көрсетеді.


Қазіргі қазақ әйелдері қалай күтінеді?


Қазір босанған аналарға арналған орталықтар бар. Онда сәбиіңізді мамандарға сеніп тапсырып, өзіңіз түрлі процедура жасап, күтіне аласыз. Сондай орталықта істейтін маманның бірі – Гүлназ Маратқызы. Дәрігер жас босанған әйелдердің шілде терін шығаруға көмектеседі.  


Маманның айтуынша, шілде тер шығару – босанғаннан кейінгі дәстүрлі терлеу терапиясы. Терапияда әйел ағзасы жылып, қан айналымы жақсарады, бұлшықеттері босаңсиды. Басқаша айтсақ, әйел жақсылап терлеп алса, тезірек қалпына келеді. Сонымен қатар процедура дұрыс жасалса, ананың психоэмоциялық күйі мен ұйқысы да жақсарады екен. 


Процедураны жасағанда қолданылатын заттардың температурасына, қаншалық таза екеніне мән беру қажет. Дегенмен мұндай процедураны дәрігерлер жас ананы толық тексеріп болғаннан кейін ғана жасау керек. Әйел ағзасынан көп мөлшерде қан кетсе, дене қызуы көтерілсе, тігістері толық жазылмаса, кесір тілігін жасағаннан кейін көп уақыт өтпесе, процедураны жасауға болмайды. Қан қысымы жоғары аналарды да мұқият бақылау керек. 


Гүлназ Маратқызы, гинеколог:

«Жалпы босанғаннан кейін ана 6-8 апта күтінуі керек. Бұл уақытта адам ағзасы көп өзгереді. Жатыры кішірейіп, жүкті болғанға дейінгі көлеміне келеді. Әйел адамның ағзасынан сұйық, яғни лохия бөлінеді. Ол алғашында қызыл, одан кейін қоңыр, соңында түсі ашық болады. Гормондары өзгереді. Сүт бездері лактацияға бейімделеді. Жамбас түбі бұлшықеттері мен байламдар қалпына келеді. Алғашқы 10-14 күн – ең жауапты кезең. Осы уақытта ана демалуы керек. Гигиенаны сақтап, инфекцияның алдын алу және қан кетуді бақылауы керек».


Маманның айтуынша, «40 күнге дейін шомылмау керек» деген түсінік дұрыс емес, медицина тұрғысынан дәлелденбеген. Керісінше, жеке гигиена өте маңызды. Босанғаннан кейін күнделікті душ қабылдауға болады. Ал ванна, моншаға сұйық тоқтағаннан кейін ғана, кесір тілігінің тігісі толық жазылған соң ғана түсу керек.


Босанғаннан кейін ананың дұрыс тамақтануы да маңызды. Әсіресе, ақуызға, темір, кальций, дәрумендерге бай тағамдарды тұтынып, көп сұйық ішу керек. Алғашқы күндері жеңіл қозғалуы керек. Ауыр көтеруге мүлде болмайды. Екі-үш аптадан соң жамбас түбі жаттығуларын жасау керек. Кесір тілігі арқылы босансаңыз, екі есе күтіну қажет. Табиғи жолмен босансаңыз да, ауыр спорт түрлерімен айналысуға асықпаңыз, тек алты-сегіз аптадан кейін ғана жасауға болады. Ал пресс жатығуларынан, жыныстық қатынастан уақытша бас тарту керек. 


Гүлназ Маратқызы, гинеколог:

«Босанған әйелдер алты аптадан кейін міндетті түрде гинекологқа барып, тексерілуі керек. Дене температурасы 38 градустан жоғары болса, қынаптан қатты қан кетіп немесе мүлде тоқтамай жатса, иісі жағымсыз сұйық бөлінсе, іш қатты ауырса, тігісі іріңдесе, басы айналып, әлсіз болып тұрса, кеуде безі қатты ауырса, қызарса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек». 


Сонымен қатар ұзақ уақытқа созылған күйзеліс пен депрессияны елеусіз қалдыруға болмайды. Босанған әйел шамамен екі айдан соң физиологиялық тұрғыдан толық қалпына келеді. Босанғаннан кейінгі кезең – әйелдің өміріндегі ерекше әрі нәзік кезі. Бұл кезде әйел адам тәнін де, жанын да күтуі керек. Көмек сұраудан ұялмауы керек.

Бөлісу: