Қазақ үшін түс жай ғана реңк емес, дүниетанымның, сенімнің, ырым мен тыйымның, тіпті әлеуметтік мәртебенің белгісі болған. Көшпелі мәдениетте әр түстің өз тілі, мәні бар деп саналған. Кейбірі қуаныш пен берекенің нышаны болса, енді бірі қайғыны, жамандықты немесе қауіпті білдірген. Сондықтан ежелгі қоғам кейбір түстерден сақтанып, белгілі жағдайларда оларды қолданбауға тырысқан. Этнограф Байахмет Жұмабайұлы қазақ танымындағы түстердің мәні туралы айтып берді.
Қара түс – қайғы мен қауіптің белгісі
Қазақ танымында ең ауыр мағына жүктелген түстердің бірі – қара түс. Қара сөзі көптеген тұрақты тіркестерде қолданылады. Мысалы, «қаралы хабар», «қара күн», «қара жамылу», «қара ниет», «қара түнек».
Ертеде адам қайтыс болғанда үйге қара ту байланған. Әйелдер қара киім киіп, аза тұтқан. Бұл қара түстің қайғы мен өлім символына айналғанын көрсетеді.
Қара түс тек жамандық емес, күш пен қаталдықтың да белгісі деп бағаланады. «Қара жер», «қара халық», «қара шаңырақ» секілді ұғымдарда оның терең, салмақты мағынасы бар екенін аңғарамыз.
Сары түс – сағыныш пен дерттің реңкі
Қазір сары түс көбіне күннің, алтынның белгісі ретінде айтылып жүр. Алайда көне қазақ ұғымында оның екінші, мұңды мағынасы да болған.
«Сары уайым», «сарғайып күту», «сары дерт» деген тіркестер бекер шықпаған. Ұзақ күткен адамды «сарғайды» деп сипаттаған. Бұл жерде сары түс адамның жан азабын, ішкі күйзелісін білдіреді. Кей өңірлерде ауру адамның өңін «сары тартты» деп айтқан.

Бірақ сары түс толықтай жаман саналмаған. Күзгі даланың түсі, астықтың реңкі ретінде ол байлық пен молшылық ұғымымен де байланысты болды.
Байахмет Жұмабайұлы, этнограф:
«Кез-келген түстің бірнеше түрі бар. Сол сияқты сары түстің өзі – алтын сары, күлгін сары, қоңыр сары боп кете береді. Соның ішінде алтын сары байлықтың белгісі саналған.Ал боқ сарыны сағынудың, зарығудың нышаны ретінде көрген».
Көк түс – киелі түс
Қазақтар көк түсті ең қасиетті реңнің бірі ретінде есептеген. Түркі халықтарында Көк Тәңірге табыну болғаны белгілі. Сондықтан көк түс адалдықтың, тазалықтың, биіктіктің белгісіне айналды. «Көк соқсын» деген қарғыс та осы сенімнен туған. Яғни аспанның қаһарына ұшырасын деген ауыр мағына берген.
Қызыл түс – жастық пен қауіп
Қызыл түс қазақ мәдениетінде екіұшты мәнге ие. Бір жағынан, қызыл – жастықтың, сұлулықтың, оттың, өмірдің белгісі. Осы себепті де қазақ қыздары қызыл камзол киген, қызыл оюларды қолданған.
Екінші жағынан қызыл түс қауіппен де байланысты еді. Оттың, қанның түсі болған соң, кейде ашу мен қантөгістің символына айналған. Халық арасында «қызыл көз», «қызыл шеке болу» деген тіркестер де жағымсыз мағына берген.

Байахмет Жұмабайұлы, этнограф:
«Қазақтар қою қызыл түсті көп қолданбайды. Жамандық соғады деп ойлайды. Біздің ел күннің қатты қызарып батуын жақсылыққа баламайды».
Ақ түс – тазалық пен қасиеттің белгісі
Ақ түс адалдықты, пәктікті, бейбітшілікті, аналық мейірімді білдірген. Сондықтан «ақ бата», «ақ жол», «ақ дастарқан», «ақ жаулық» деген ұғымдар қалыптасқан. Жас келінге ақ жаулық тағу - оның жаңа өмірге таза ниетпен қадам басқанын білдірген.
Халқымыз бұрын адамның мінезін де түске қарап сипаттаған. Қатігез адамды «қара ниет», мейірімдіні «ақ жүрек», қырсық адамды «көкбет» деп атаса, тәжірибесі жоқ адамды «сары ауыз балапан» деген.

Түстердің өзге елдердегі мағынасы қандай?
Әр мәдениет тарихи тәжірибесіне, дініне және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай түстерге әртүрлі мағына береді. «Түстердің мәдениеттер арасындағы мағынасы: жаһандық дизайнға арналған практикалық нұсқаулық» деген зерттеуге сүйенсек, Батыс елдері мен кейбір Оңтүстік Америка мәдениеттерінде ақ түс тазалық пен жаңа бастаманы білдірсе, Қытай, Жапония, Корея және кейбір Азия елдерінде аза тұту мен өлімнің белгісі саналады.
Қытай, Корея және Оңтүстік Азия мәдениеттерінде қызыл түс сәттілік пен мерекемен байланысты болса, Батыста махаббат пен құмарлықтың символы ретінде қабылданады. Жасыл түс Қытайда байлық пен сәттілікті білдірсе, Таяу Шығыс пен Африкада табиғатпен, құнарлықпен және ислам мәдениетімен астасады.
Күлгін түс Батыста сән-салтанат пен биліктің белгісі саналады. Ал Бразилия мен Тайландта аза тұтумен байланысты. Қытайда сары түс қасиетті әрі императорлық реңк ретінде бағаланса, кей Батыс елдерінде ескерту белгісі ретінде қолданылады.

Ал көк түс әлемнің көптеген өңірінде ең тұрақты жағымды мағынаға ие. Ол сенім, тыныштық, тұрақтылық және кәсібилікпен байланысты болған соң, халықаралық технология және қаржы брендтерінің арасында кеңінен қолданылады.
Түстің психологияға не қатысы бар?
Түстердің эмоцияға әсерін ғалымдар ұзақ уақыт зерттеп келеді. «Түстер мен эмоцияларды байланыстыратын 128 жылдық психологиялық зерттеулерге жүйелі шолу» деген мақалада швейцариялық ғалымдар Домицеле Йонаускайте мен Кристин Мор 132 ғылыми еңбекті талдап, 64 елден 42 мыңнан астам адамның дерегін зерттеген. Нәтижесінде адамдардың түстерді эмоциямен байланыстырғанда ортақ бір заңдылық бар екенін байқаған: қара түс – қайғы, қорқыныш және жағымсыз эмоциялармен, ақ түс – тыныштық, тазалық және позитивті сезімдермен, қызыл түс – күш, энергия, қауіп және құмарлықпен, сары түс – қуаныш пен белсенділікпен, көк түс – сабырлылық пен сеніммен, ал жасыл түс – табиғат, тепе-теңдік және тыныштықпен байланыстырылған.
Тіпті фильмдерде де адамдардың психологиясына әсер ету үшін түстер «ойнап тұрады». Мұны 2012 жылы түсірілген “Les Misérables” («Бейшаралар») фильмі негізінде жүргізілген зерттеу де дәлелдейді.
Зерттеу барысында ғалымдар фильмдегі кейіпкерлердің алты негізгі эмоциясын – махаббат, қуаныш, таңдану, ашу, мұң және қорқынышты бейнелейтін кадрларды талдаған. Нәтижесінде түрлі-түсті кадрлар кейіпкерлердің жағымды эмоцияларын, әсіресе махаббат пен қуанышты жеткізуде әлдеқайда тиімді екені анықтаған. Бұл зерттеу кино өнерінде түстің жай ғана көркемдік элемент емес, эмоция мен мағынаны жеткізетін маңызды визуал тіл екенін көрсетті.
Cinegrading дерегі бойынша, кино индустриясында қызыл түс драмалық немесе шиеленісті сәттерді күшейтуге, көк түс жалғыздық пен мұңды атмосфераны көрсетуге, жасыл түс табиғат пен тыныштықты бейнелеуге, ал қара түс драмалық көңіл күй мен ішкі күресті жеткізуге пайдаланылады.
Дегенмен барлық зерттеу бірдей қорытындыға келмейді. Кейбір ғалым көрерменнің эмоциялық күйіне түс қана емес, сюжет, музыка, кейіпкерлердің әрекеті және жалпы көркемдік контекст те әсер ететінін айтады.
Қорытындыласақ, түс тек көркемдік реңк емес, мәдениет пен психологияда терең мағынаға ие символдық жүйе. Бүгінде түс символикасы киім таңдаудан бастап, жарнамаға, кино өнеріне, бренд дизайнына дейін кеңінен өз мақсатында тиімді қолданып жүр.




