Ойын-сауықЭзотерикаҚазақтар мамырда неге той жасауға қорқады?

Қазақтар мамырда неге той жасауға қорқады?

4 мамыр 2026
4 мин
Почему казахи боятся устраивать свадьбу в мае?
Жамбыл облысы Талас ауданында өткен комсомол тойы, 1965 жыл. | Фото: qazaqculture.com

Ағам сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады. Ол тойын мамырдың демалыс күндеріне қойғысы келді. Алайда ойы іске аспады. Екі жақ той күнін келіскенде қыз жақтың үлкендері мамырда той жасауға үзілді-кесілді қарсы болған. «Есі бар адам мамырда той жасай ма?» деген сөзі мені таңғалдырды. Кейін біраз адамның шынымен мамырда той жасамауға, некесін қимауға тырысатынын естідім. Мұның қайдан шыққанын түсіну үшін себебіне үңілуге тырыстық. 


Қоғамда «ақпан айында үйленсең, отбасы ғұмыры қысқа болады, мамырда үйленсең, қиналасың» деген наным-сенім көп. Бірақ қазақта мұндай ырым жоқ. Бұл орыс халқының сенімінен келген. Орыстардың «Кім мамырда үйленсе, сол өмір бойы қиналады» (в мае жениться – всю жизнь маяться) деген мақалы бар. Дегенмен орыс халқы үшін де қазір бұл мақалдың мәні жоқ. Бұл ескі заманның түсінігі деп санайды. 


Тұрар Сәттарқызы, этнолог: 

«Ертеде орыстардың бүкіл қысқа жинаған қоры, азық-түлігінің бәрі осы уақытта бітетін. Бәрі таусылып жататын уақытта той жасауды жамандыққа балаған. «Өмір бойы қиналасың» деген осыдан шыққан болуы керек».


Ал қазақта мұндай ырым болмаса да, мамырда той жасауды қолайсыз санағаны рас. Қыстан аман шыққан мал арық болады, ұзын-сары болып қиналып шығады. Көктем шыққанда мал төлдейді. Сол үшін де болар қазақ үшін үйлену тойын жасаудың ең керемет кезеңі – жаздың аяғы не күздің басы, яғни қара күзге дейінгі уақыт. 

«Осы кезде жер аяғы кеңіп, астық, шөп жиналып, мал да семіре бастайды. Бұл кезеңді молшылық уақыты деп біледі. Сол үшін қазақтың көп тойы – ұлттық бәйгелер, ас беру, үйлену тойы шілде, тамыз, қыркүйек айларында болған. Бірақ бұл мамыр айын қазақ тергейді деген сөз емес. Оны ешқашан жамандыққа баламаған», – дейді этнолог. 


Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елде ең көп неке тіркелген ай – шілде, бұл уақыта 12 955 жұп заңды түрде үйленген. Тамызда – 12 418 жұп, маусымда – 11 848 жұп. Ең азы қаңтар, ақпан және мамыр айында тіркелген. 


Нумерологияда қалай?


Жақсы іс бастағанда нумерологтар да мамыр айын тергейтін болып шықты. Нумеролог Құрайлай Бақытқызының сөзінше, астрологияның ведикалық түрі бойынша, мамыр Меркурий планетасының ықпалында болады деп есептеледі. Меркурий қарым-қатынас, жылдам өзгерістер, коммуникация, сауда және жеңілдікпен байланыстырылады. Сол үшін бұл ай тұрақсыздыққа бейім деп айтылады.


Сала бойынша, бес санының энергетикасы жеңілтек және жиі өзгеріске бейім. Сол үшін нумерологтар бесінші айды – мамырды тұрақты әрі берік отбасы құру үшін қолайсыз кезең деп қарастырады.


Құралай Бақыт, нумеролог: 

«Дәстүрлі тұрғыдан алғанда да көктем – өзгеріс кезеңі. Қазақта «құралайдың салқыны» деген де ұғым бар, ол дәл осы мамыр айына сәйкес келетін өтпелі кезең. Бұрынғы түсініктерде бұл уақытта адамдардың көңіл күйі жиі құбылып, кейде асығыс шешім қабылдауы мүмкін деп есептелген. Үйлену сияқты маңызды қадамда, керісінше, жүрекпен шешім қабылдаған дұрыс деп есептеледі. Бес саны көбіне рационал ақылмен, логикамен байланысты. Кейде оны тіпті «суық жүрек» деп те сипаттайды. Осыған байланысты адам кей жағдайда сезімнен гөрі есепке сүйеніп, қателесуі мүмкін». 


Нумерологияда шілдеде үйлену құпталады екен. Құралай Бақыттың айтуынша, жеті саны махаббат пен отбасылық бақытты білдіреді. Дегенмен маман мұның бәрі адамның сеніміне байланысты дейді. 

«Не ойласаң, сол бол болады деген рас. Адам неге сенсе, соның энергетикасын өзіне тартады деген түсінік бар. Егер қоғамда «мамырда үйленсең, өмір бойы қиналасың» деген пікір кең тараса, бұл сенім адамның түпсанасында қалып қойып, соған сәйкес жағдайларды өзі де бейсаналы түрде тартып алуы мүмкін. Сондықтан кей адам нақты дәлел болмаса да, «тәуекел етпей-ақ қояйын» деп, мамырда той жасамағанды жөн көреді. Адамдар көбіне сәттілік әкеледі деп сенетін сандар: жеті және сегіз. Осы айларда той көп болуы да содан шығар», – дейді психолог, нумеролог Құралай Бақыт. 


Ал тағы бір нумеролог Айнұр Қожаеваның айтуынша, некенің сәтті болуы үйленген айға емес, адамдардың өзіне байланысты.«Сәтті» немесе «сәтсіз» ай деген шартты ұғым ғана. 


Айнұр Қожаева, нумеролог: 

«Отбасындағы бақыт – серіктестердің мінезіне, құндылықтарына, жауапкершілігі мен бір-біріне деген қарым-қатынасына тікелей тәуелді. Сондықтан той күнін «ыңғайлы» датаға сәйкестендіргеннен гөрі болашақ жарды жақсырақ танып, оның шынайы болмысын түсінген әлдеқайда маңызды. Нумерология адамның мінезі мен қарым-қатынас моделін талдауға көмектескенімен, бақытты некеге кепілдік бере алмайды. Өйткені кез келген қарым-қатынастың негізі – адамдардың өзара түсіністігі, сөйлесе білуі және қиындықтарды бірге еңсере алуы», – дейді нумеролог Айнұр Қожаева.

Бөлісу: