Кітап таңдағанда көбіміз Стивен Кинг, Харуки Мураками, Джоан Роулинг немесе Фредрик Бакман сияқты танымал авторларды іздейміз. Олардың кітаптары миллиондаған данамен шығады, фильмге айналады, жарнамасы да көп. Ал өз еліміздегі жазушыларды біле бермейміз. Олардың да оқуға тұрарлық, қызықты шығармалары бар.
Қазақстандық авторлар не туралы жазады? Олардың кітаптарын неге оқу керек? Осы жайында Tamga Mediа Qalamdas-2025 байқауының финалисі, жазушы Айгүл Клиновскаямен және жазушы, USW қауымдастығының негізін қалаушы Андрей Орловпен сөйлесті.
Көкейге таныс, көңілге жақын сәттер
Кітап оқу – ой сергітіп қана қоймай, өмірге басқа адамның көзімен қарауға мүмкіндік береді. Әсіресе, өмірден алынған, таныс ортамыз жайлы баяндайтын оқиғаларды оқу әлдеқайда қызығырақ.
Қазіргі қазақстандық жазушылар күнделікті өмірімізде кездесетін тақырыптарды қозғайды. Олар адамның өзін іздеуі, отбасы, естеліктер, есею, қала тіршілігі, салт-дәстүр мен ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас туралы жазады. Бұл тақырыптар бәріне таныс болғанымен, шығармалардан өз еліміздің өмірі мен ерекшелігін көреміз.

Айгүл Клиновскаяның кітаптары да осындай оқиғаларға арналған.
«“Трое из Жана-Парижа” оқырманды жастық шағына қайта апарады. Алтын ұя мектебін, сыныптастарын, қимастықпен қоштасқан бітіру кешін, балалық шағы өткен көшелерін, алғашқы махаббат пен алғашқы пәк сүйісуін еске түсіреді. Оқиға 90-жылдары басталғанымен, ондағы сезімдер мен естеліктер әр буынға таныс. Ал “Дата С” – өз өлімі туралы болжамды кездейсоқ естіп қалған төрт алматылық жайында. Осыдан кейін олар кейінге қалдырып келген армандарын орындап, әр күнін бағалай бастайды. Кітап уақыт пен жақындарымыздың қадірін білуге шақырады».
Елімізді басқа қырынан тану
Қазақстан туралы тарих оқулықтары мен туристік анықтамалықтардан білуге болады. Ал көркем әдебиет елді басқа қырынан танытады. Кітап арқылы адамдардың мінезін, сезімін, тұрмысын және олар үшін ненің маңызды екенін түсінеміз. Сол заманның тынысын сезініп, қоғамның қалай өзгеріп жатқанын, адамдарды не толғандыратынын білеміз. Сондықтан отандық әдебиетті оқу – өз мәдениетімізді жақынырақ танудың бір жолы.
«Жазушылар өз елін әлемге танытады. Біздің кітаптарымыз арқылы шетелдік оқырмандар Қазақстан туралы көбірек біледі. Алдымен кітаптан оқып, елімізге қызығушылығы оянады. Кейін өз көзімен көруге келеді. Оқырмандарым пікірлерінде: “Болды, Қазақстанға билет қараймын!” деп жазады. Мұндай сөздерді оқу өте қуанышты», – дейді Айгүл.
Бүгінгі әдебиетте таңдау көп
Қазақстандық әдебиет дегенде көпшіліктің ойына мектепте оқыған шығармалар келеді. Алайда қазір елімізде түрлі жанрда қалам тербейтін жазушылар жетерлік.
Отандық авторлардан детектив те, фантастика мен фэнтези де, махаббат хикаялары мен психологиялық шығармалар да табуға болады. Деректі кітаптар, эсселер және жасөспірімдерге арналған туындылар да жарық көріп жатыр. Жас жазушылар бүгінгі өмір туралы жазып, оқырманға ойларын жаңаша жеткізуге тырысады. Мұндай кітаптар көптен бері көркем шығарма оқымаған адамның да қызығушылығын оятуы мүмкін.

Мәселен, жазушы, USW қауымдастығының негізін қалаушы Андрей Орлов «Призрак лагеря Грауенхафт» атты хоррор жанрындағы роман жазған. Ол қазақстандық әдебиетте жұрт таныған бірнеше жазушыдан бөлек, оқуға тұрарлық авторлар көп екенін айтады.
«USW тәуелсіз жазушылар қауымдастығы 2018 жылы құрылды. Бүгінде бізде 100-ден астам адам бар. Бірі детектив жазса, енді бірі отбасылық хикаялар, балаларға арналған шығармалар, махаббат романдары немесе қорқынышты оқиғалар жазады. Ақындар да бар. Осындай ортада тәжірибе алмасып, бірге өсу қызық.
Ең қуаныштысы – қазақстандықтар өз жазушыларымыздың кітаптарын көбірек оқи бастады. Бұл – әдебиет пен кітап саласында жүрген көп адамның ортақ еңбегі. Оқырманның сұранысы бар. Біз де әдебиетті дамытуға үлес қосып, халықаралық деңгейге жеткен жетістіктерімізге қуанамыз.
Танымал авторлардан Мария Омар, Данияр Сүгралинов, Нұрайна Сәтпаева, Орал Арукенова, Айгүл Клиновская және Әсет Сыздықовты атауға болады. Мысалы, Әсеттің «Алматинское чудо» кітабы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасына енді. Жақында кітаптан үзінділер оқулықтарда да шығады».
Неге біз отандық авторларды қолдауымыз керек?
Жазушы Айгүл Клиновскаяның айтуынша, қазақстандық әдебиеттегі басты мәселелердің бірі – талантты авторлардың аздығы емес, оқырман мен жарық көрген кітаптарға деген назардың жетіспеуі.
«Бізде жазушылар көп емес. Елде 20 миллионнан астам адам тұрады, ал бір кітап орта есеппен 2000 данамен шығады. Кейбір авторлар тіпті 100 данадан бастайды. Осынша халық барда кітаптар бірнеше сағатта немесе күнде сатылып кетуі мүмкін ғой. Бірақ іс жүзінде олай емес. Жаңа шығарма жазудың орнына, шыққан кітаптарымызды оқырманға қалай танытуды ойлап жүреміз».

Айгүлдің сөзінше, отандық авторлардың көбі табыс табу үшін жазбайды. Олар кітап арқылы адамдарға маңызды ойларын жеткізіп, өмірді жақсы жаққа өзгертуге үлес қосқысы келеді.
«Әрине, сүйікті ісіміз табыс әкелсе қуанар едік. Бірақ әзірге елімізде тек кітап жазып күн көретін авторды кездестірмедім. Барлығының басқа жұмысы бар. Бізді жазуға жетелейтін – ақша емес, шығармаларымыз арқылы өмірді сәл де болса жақсартуға деген ниет. Күнкөрістің амалын табармыз. Ең бастысы – кітаптарымыз оқылса екен. Өйткені оқырман болмаса, бар еңбегің зая кеткендей болады».
Өз жазушыларымызды неге біле бермейміз?
Мәселе кітаптардың сапасында емес. Шетелдік бестселлерлер кеңінен жарнамаланады, олардың желісімен фильмдер түсіріледі, әлемге танытуға көп күш жұмсалады. Ал қазақстандық жазушыларға көпшілікке танылу әлдеқайда қиын. Көптеген жақсы шығармалар туралы аз айтылатындықтан, оларды шағын оқырман тобы ғана біледі.
«Әр қазақстандық жазушының жаңа кітабын күтіп, үнемі қолдап жүретін өз оқырманы бар. Сол қатарға жаңа адамдар қосылып, оқырманымыз көбейсе дейміз».
Айгүл Клиновская әдеби редактор әрі тәлімгер ретінде басқа авторларға да көмектеседі.
«Өз тәжірибеме сүйеніп, авторлардың қолжазбасын жетілдіруге көмектесемін. Олардың жетістігіне өз жетістігімдей қуанамын. Өйткені жақсы кітаптар көп болса екен деймін. Сол кітаптардың жарық көруіне үлес қосқанымды мақтан тұтамын».

Қазіргі қазақстандық әдебиетке назар аударту үшін жазушы қала көшелеріне шығып, өтіп бара жатқан адамдардан үш заманауи отандық авторды атауды сұрайды. Жауап берген адамға қолтаңбасы бар кітабын сыйлайды.
«Алғашында үш жазушының атын білетін адамды бірден кездестірдім. Ал кейде біраз адамнан сұрауға тура келеді».
Оның айтуынша, осындай сауалдар арқылы адамдардың қазіргі жазушыларды қаншалықты білетінін ғана анықтап, отандық әдебиетке қызығушылығын оятуға болады.
Fahrenheit Fest әдебиет фестивалі
Fahrenheit - Қазақстандағы ірі әдеби фестивальдердің бірі. Ол жыл сайын Алматыда өтеді. Бірнеше адамның бастамасымен қолға алынған фестиваль бүгінде жазушыларды, баспаларды, суретшілер мен мыңдаған оқырманды біріктіретін үлкен мәдени алаңға айналды. Биыл фестиваль 31 қазанда Алматыдағы Forum сауда орталығының Event Space алаңында өтеді.
«Fahrenheit фестивалін ұйымдастыру идеясы қазіргі қазақстандық жазушыларға өзін және шығармаларын таныстыратын алаң жетіспегендіктен туды. Мұнда әрқайсысы өз бағытымен шығармашылықпен айналысып жүрген авторларға орын береміз. Сондай-ақ жазушылар, суретшілер, иллюстраторлар, баспалар, баспаханалар, кітап дүкендері мен қалалық қауымдастықтардың басын қосамыз. Мақсатымыз – олармен танысып, бір-біріне көмектесуіне, бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Бірнеше жылдан бері осыны жүзеге асырып келеміз», – дейді Андрей Орлов.
Фестивальді ұйымдастырушы Андрей Орловтың айтуынша, биыл қатысатын жазушылар санын көбейту жоспарланып отыр. Бұрын шамамен 20 автор қатысса, енді олардың санын екі есе арттыру көзделген.
«Бізге оқырмандармен қатар, әдебиетті қолдауға дайын кәсіпкерлер де қажет. Серіктестеріміз алаңды безендіруге, келушілерге қызықты іс-шаралар ұйымдастыруға, бағдарламаны кеңейтуге көмектеседі. Әдебиетті қолдаған бизнес бір фестивальге ғана емес, елдің болашағына үлес қосады».

Жазушыларды қалай қолдауға болады?
Қағаз кітап сатып алыңыз
Кітаптың жақсы сатылуы автордың келесі шығармасын шығаруына мүмкіндік береді.
Пікір қалдырыңыз
Кітап сатылатын сайттарда немесе әлеуметтік желіде оқыған кітабыңыз туралы қысқаша пікір жазыңыз. Сол пікірді көріп, басқа адам да кітапты оқуға қызығуы мүмкін.
Әсеріңізбен бөлісіңіз
Оқыған кітабыңыздан алған әсеріңізді әлеуметтік желіде бөлісіңіз. Автордың жазбасына лайк басып, пікір жазып немесе оны бөліссеңіз, кітаптың көпшілікке таралуына ықпал ете аласыз.
Таныстарыңызға ұсыныңыз
Көп адам кітап таңдағанда досының, әріптесінің немесе туысының кеңесіне сүйенеді. Сіз ұсынған кітап біреудің сүйікті шығармасына айналуы мүмкін.
Әдеби кездесулерге барыңыз
Жазушылармен кездесулерге, кітап фестивальдері мен жаңа кітаптардың таныстырылымына барыңыз. Онда автормен танысып, сұрақ қойып, кітап туралы ой бөлісе аласыз.
Қазақстандық жазушылардың шығармаларын оқуға ықыласыңыз артты деп сенеміз. Кітап дүкенінен не кітапханадан отандық автордың бір кітабын таңдап, оқып көріңіз. Кім біледі, бәлкім, көптен іздеген қызықты оқиғаңыз сол кітапта шығар.



