ӘлемдеБизнесҚазақстандағы табысты бизнес: қай салаларда көп табыс табуға болады?

Қазақстандағы табысты бизнес: қай салаларда көп табыс табуға болады?

23 қаңтар 2026
5 мин
Успешный бизнес в Казахстане: самые прибыльные сферы
Фото: Unsplash

Кейінгі бес жылда Қазақстанда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде 2,3 миллионнан астам тіркелген шағын және орта кәсіп бар, оның 2,1 миллионы белсенді істейді. Кәсіпкердің көбі Алматы, Астана, Шымкент және Түркістан облыстарында екен. Ел экономикасының 36-38%-ы шағын және орта кәсіпке тиесілі. Ал ең табысты бизнес бағыттары қайсы? Нарыққа көз жүгіртіп көрейік.


1.IT және цифрлық қызметтер


Қазақстан цифрлық технологияларды белсенді дамытып келеді. IT саласында стартаптар жасанды интеллект, финтех және онлайн білім беру платформалары ерекше сұранысқа ие. Astana Hub халықаралық IT орталығының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы отандық IT компаниялары шамамен 177 миллион АҚШ доллар инвестиция тартып, өнімдерін шетелге экспорттаған. 


Мобильді қосымшаларды жасап, Big Data мен киберқауіпсіздік қызметтерін ұсынатын компаниялар да көбейіп келеді. Мысалы, Қарағандыда Cerebra AI стартапы құрылды. Жоба авторлары медициналық диагностика қоятын жасанды интеллект қосымшасын жасап шықты. Қазір сол қосымшаны бірнеше клиника жұмысында қолданып жатыр. 


2.Агро-кәсіп және экология өнімдері

Қазақстанда ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары, себебі жердің 80%-ы егіске жарамды. Экологиялық таза өнімге де сұраныс өсіп келеді. 2024–2025 жылдар маусымында еліміздің бидай экспорты шамамен 9 миллион тоннаға жетіп, өткен кезеңге қарағанда 60% артты. Органикалық көкөніс пен жеміс-жидек, бал, ет пен сүт өнімдерін өсіріп, экспортқа шығарып, агро-бизнес иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашылады. Заманауи жылыжай шаруашылығы мен агро-туризм де табысты бағыттар болып отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы шағын ферма ешкі сүтінен жасалған ірімшікті Еуропаға экспорттап, тұрақты клиенттерге ие болған.


3.Туризм және мәдени индустрия


2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға 7,5 миллионнан астам турист келген. Бұл былтырғыдан 600 мыңға көп. Олар көбіне Алматы облысындағы Көлсай мен Қайыңдыға, Бурабайға, Түркістанға, Шымбұлаққа, Баянауылға барған. Туризм саласында экскурсиялар, кәсіби гид қызметтері, экотуризм, таудағы демалыс орындары, ұлттық тағамдар мен мәдени фестивальдер ұйымдастырып, табыс табуға болады. Орташа есеппен әр турист күніне шамамен $150 жұмсайды екен. Ал бұл ел экономикасына жүздеген миллион доллар кіріс әкеледі.

Бөлісу: