МедиаҚоғамҚазақша үйреніп жүрген әзірбайжандық үшем мен қырғызстандық егіздер

Қазақша үйреніп жүрген әзірбайжандық үшем мен қырғызстандық егіздер

1 мамыр 2026
3 мин
ю
Фото: Жеке архивтерінен

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті 30 жылдан бері түркі әлемінен келген жастарды біріктіріп келеді. Қазір мұнда 17 елден келген шамамен 30 ұлт өкілі білім алып жатыр. Қазақ тілін білмейтін студенттер үшін Кентауда арнайы дайындық орталығы істейді. Биыл сол орталықта ерекше студенттер оқып жүр: Әзірбайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра және Лала Азизовалар, Қырғызстаннан келген егіздер – Батма мен Зуура Акканалиевалар. Қыздардың қазақ тілін үйреніп жүргеніне жарты жыл ғана болса да, қазір олар ойын еркін жеткізе алады.


Арман-мақсаты ұқсамайтын үшем


Үшем қыздар бір-біріне қатты ұқсайды. Алғашында сыныптастары мен оқытушылар оларды жиі шатастырған екен. Дегенмен төрт айдың ішінде бір-бірін танып, үйренісіп қалыпты. Үшеуінің түр әлпеті ұқсағанымен, мінезі, сөйлеу мәнері, арманы бөлек. Мәселен, Эсра мұғалім болғысы келеді, ал Лала психолог, Зехра балалар дәрігері болуды армандайды. 


Зехра Азизова:

«Қазақстанға Әзербайжаннан қазақ тілін үйрену үшін, жаңа білім алу үшін келдім. Отбасымда сегіз адам бар: әкем, анам, екі әпкем, ағам және біз – үшемдер. Алғашында Қазақстанға барып оқығымыз келеді деп айтқанда отбасымыз біраз уайымдады, 17 жасымызда жаңа бір елге барып, үйренісіп кету қиынға соғады деп қорықты. Бірақ біз жалғыз емес, үшеуміз және Қазақстан түркі халықтарының мемлекеті деп ата-анамызды көндірдік».


Зехраның айтуынша, оның Шымкентте тұратын әпкесі Ясауи университеті туралы айтып, осында келуге кеңес берген екен. Осылай, үшеуі 2025 жылғы қазанда Түркістан қаласына келіпті. Содан кейін Кентау қаласындағы дайындық орталығында дәріске қатыса бастаған. 


«Біз мұнда тек тіл емес, жаңа мәдениетпен, жаңа адамдармен танысуға келдік. Тіл үйрену орталығында түрік, қазақ, қырғыз, қарақалпақ достарымыз бар. Біз оларға түрікше үйретеміз, олар бізге қазақша үйретеді».


Зехра, Эсра және Лала Азизовалар әзірбайжан, түрік, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Ал қазақ тілі олар үшін алғашында жаңа тіл болып көрінгенімен, кейінірек ана тіліне қатты ұқсайтынын байқапты.


Зехра Азизова:

«Бұрын түрік тілі мен әзірбайжан тілі бір-біріне қатты ұқсайды деп ойлайтынмын. Кейін қазақша үйрене бастағанда қазақ және әзірбайжан тіліндегі кей сөздер өте жақын екенін түсіндім. Содан кейін қазақша үйренуге деген қызығушылығым арта түсті».


Қыздар қазақша еркін сөйлеп, тыңдап, түсінгенімен, жазуда біраз қиналатынын жасырмады. Әліппе әртүрлі және қазақ тіліндегі «ө», «ү», «ұ», «ң», «ғ» әріптерін жазу оңайға түспепті. Сөйлеу дағдысы жақсы қалыптасқанымен көбінесе жазудан қате жібереді екен. Дегенмен ана тілі мен қазақ тіліндегі ұқсас сөз көп дейді. Мәселен, «дәптер – дефтер, қалам – калем, ай – ай, шаш – сач», бұл тізім мұнымен бітпейді. 

«Қазақ тілі біз үшін аса қиын бір тіл боп көрінбеді. Кез келген түркі тілдес адам Қазақстанға келіп, тез-ақ қазақша үйреніп кете алады деп ойлаймыз. Себебі тек сөздері ғана емес, грамматикасы, сөзжасамы да ұқсайды».


Олар қазақ тілін жетік әрі тез меңгеру үшін жергілікті халықпен етене араласуға тырысады екен. Оған қоса қазақша сериал көріп, ән тыңдайды.

«Түркістандағы, Кентаудағы қазақтар жиі қолданатын «күшті, күшті» сөзі, сосын әр сөздің соңына «ғой, қой» деген сөзді жалғауы ерекше әсер қалдырды. Кейде біз де соларға ұқсап сөйлеуге тырысамыз». 


«Қазақ тілі мен қырғыз тілінде айырмашылық көп екен»


Қырғызстаннан келген Батма мен Зуура үшін Қазақстанға көшіп келу – жаңа мүмкіндіктер есігі. Қазақстан мен Қырғызстанның арасы жақын, тілі ұқсас болған соң, осы елде оқуды жөн көріпті. Дегенмен екеуі де әуелі қазақ тілін үйренуі керек екенін жақсы түсінген. Сол себепі Кентаудағы орталыққа барып, тіл үйреніп жүр.


Егіздердің айтуынша, қазақ тілі мен қырғыз тілі ұқсас болып көрінгенімен, айырмашылық көп. Батма мен Зуура алғашында қазақша тез үйреніп кетеміз, себебі қазақша сөйлегенде түсінеміз, бұрыннан қазақ фильмдерді көріп жүрміз деп ойлапты. Алайда тілді тереңінен меңгере бастағанда түрлі айырмашылықты байқапты.



Батма мен Зуура:

«Ауызекі тілде қазақ тілі өте түсінікті сияқты боп көрінетін. Бірақ кей сөздің айтылуы, грамматикалық формасы өзгеше. Қазақ тілі мен қырғыз тілі қатты ұқсайды деп ойлаушы едік. Бірақ қазақ тілі біз үшін жаңалық болды».


Бес қыздың дауыс ырғағынан, көзінен жаңа нәрсені үйренуге деген махаббат пен қызығушылық байқалады. Олар Қазақстанда оқуды, қазақша үйренуді шетелде тәжірибе алмасу деп біледі. Әзірбайжандық үшем мен қырғызстандық егіздер дайындық орталығында тіл үйреніп болған соң алдағы бес жыл Қазақстанда университетте білім алмақ.

Бөлісу: