Кейінгі жылдары Алматы маңындағы цифрлық ортада жұмыс істейтін, экран мен дедлайн арасында жүріп, аттың құлағында ойнайтын қазақ қыздарын жиі көреміз. Олар үшін атқа міну жай ғана демалыс немесе контент емес, қазақша slow living-тің жаңа формасы. Әдетте «баяу өмір» десе, көз алдымызға кофе мен цифрлық детокс келетін, алайда қазіргі жастар бұл ұғымның шекарасын кеңейтіп, оған тұлпардың дүбірін қосты. Желідегі миллиондаған рет қаралған видеолар – ата-бабадан қалған дәстүрдің қала жастары үшін заманауи терапияға айналғанының бір дәлелі. Tamga Media осы трендті өмір салтына айналдырған арулармен және кәсіби жаттықтырушымен сөйлесіп көрді.
Айшолпан Керім, 26 жас: «Мен тірімін» деген сезім туады»
Кеңседе жұмыс істейтін журналист Айшолпан Керімнің айтуынша, әлеуметтік желідегі эстетикалық видеоларын көріп, ат спортына келген. «Жануар біткеннің бәрінен қорқатынмын» деген ол 2023 жылы ішкі үрейін адреналинге алмастыруға бел буған. Ал бүгінде Айшолпан үшін атқа міну эмоциялық тепе-теңдікті сақтаудың ең тиімді әдісіне айналған.
Айшолпан:
«Бұл хобби, ең бастысы, эмоциялық тұрақтылық береді. Атта отырған кезде бүкіл денеңді, миыңды бақылауда ұстауың керек. Ал ондай кезде басқа нәрсені ойлай алмайсың – нақ осы сәтте боласың. Әсіресе, жылдам шапқан кезде бүкіл дене мүшең қосылады – «міне, мен өмір сүріп жатырмын, тірімін» деген сезім туады. Бұл, бір жағынан, қаланың шуынан қашып кетудің керемет жолы. Қаланың қақ ортасында орналасқан кеңседе жұмыс істеймін. Ал атқа шабу үшін әрдайым қала сыртындағы ипподромға баруға дайынмын».
Айшолпан ат спортымен айналысу артық салмағы бар адамдарға көп көмектесетінін айтады. Онымен бірге барған қыздардың талайы ешқандай залға бармай-ақ, тек аптасына үш рет шауып, әдемі дене бітімін қалыптастырып алған екен. Сондай-ақ ол бірнеше жаттығудан кейін арқа омыртқасы ақырындап тіктеле бастайтынын да байқаған.

«Мұнда телефон шұқылап отыруға мүмкіндік жоқ. Үш сағат байланыс аясынан тыс болу – қазіргі заманда мүмкін емес нәрсенің бірі. Бұл – скроллингтен шаршаған миды тынықтырып, зейінді қалпына келтірудің таптырмас жолы».
Роза Оспан, 27 жас: «Атқа шабу – терапия»
Интерьер дизайнері Роза үшін атқа шабу – ойды тазартатын психологиялық терапия. Ол атты жай ғана көлік емес, адамның көңіл-күйін қаз-қалпында сезетін өте нәзік жаратылыс ретінде қабылдайды.
Роза:
«Бұл спортқа келуіме отбасымдағы қиын жағдай себеп болды. Сіңлім қатты ауырғанда иппотерапияның шипасын көріп, жануар мен адам арасындағы тылсым байланысқа тәнті болдым. Жылқы – жай ғана жануар емес, ол адамның ішкі күйін тап басып танитын, қол ұшын соза алатын ерекше жаратылыс. Басында үрей болғанымен, төртінші жаттығудан кейін бойымда ерекше бір «тартылыс» пайда болды. Қазір атқа мінген кезде өзімді еркін сезінемін, табиғатпен біртұтас болып кеткендей боламын».
Роза да ат үстіндегі бірнеше сағат цифрлық шуды басып, өзімен-өзі және табиғатпен табыстыратынын айтады.

Мамандар не дейді?
«Аватар» эффектісі мен лидерлік мектеп
Батырбек Корлусбаев, ат спорты бойынша 23 жылдық тәжірибесі бар маман, ALASH RIDERS тобының негізін қалаушы кейінгі жылдары ат спортына сұраныс артқанын айтады.

«2023 жылы нағыз «бум» болды, қазір екінші толқыны жүріп жатыр. Тек атқа шабу ғана емес, ат үстіндегі акробатикаға және көкпарға да сұраныс арта бастағанын байқадым. Мұның артында әлеуметтік желіде миллиондап қаралған видеолар жатыр, бұл спортты дәріптеудің заманауи әдісі болып отыр. Осы трендтің арқасында спорт клубтары бұрынғы қымбат болып келген спортты бұқараға қолжетімді етіп жатыр».
Оның сөзінше, кейбірі «қазақпыз ғой, қанымда бар, онсыз да шаба аламын» деп ат спортын таңдамайды. Жаттықтырушының айтуынша, қазақтың қанында бары рас болса да, кәсіби түрде үйрену бәрібір кез келген адамға, кез келген салада қажет.
Батырбек Корлусбаев:
«Атқа міну адамның рухын көтереді. Астыңдағы 600 келі жануарды басқару үшін сен лидер болуың керек. Бұл қасиет кейін кез келген салада пайдасын тигізеді. Әсіресе, бизнес немесе түрлі саланы басқарып жүрген адамдар осы пайдасын жиі айтады. Бұл тура «Аватар» фильміндегідей: сен атпен бір бүтінге айналасың. Ат сенің басыңдағы сигналдарды сезеді. Сондықтан бұл машина емес – мұнда сен басқа нәрсені ойлап отыра алмайсың, толықтай процеске еніп, басқаруың керек».
Көрінбейтін фитнес: Ат үстіндегі табиғи кардио
Ат үстінде тепе-теңдік сақтағанда денедегі барлық бұлшықет жұмыс істейді. Бұл денедегі майды өте жақсы кетіреді, тіпті спорт залындағы бірнеше жаттығуды қатар орындағанмен бірдей. Ешқандай ауыр темір көтермей, дене бітіміңізді нығайта аласыз. Ғылым мұны былай түсіндіреді:
Ат аяңдап жүрсе де, жорғаласа да немесе қатты шапса да, адамның арқасы, бөксесі мен іш бұлшықеттері тоқтаусыз жұмыс істейді. Сіз жай ғана отырған сияқты көрінгеніңізбен, денеңіз тепе-теңдік сақтау үшін жанталасып, іш пен арқа бұлшықеттерін барынша шыңдайды. Ат неғұрлым жылдам шапса, бұл «көрінбейтін жаттығу» соғұрлым күшейе түседі.
Түркиялық ғалымдардың тәжірибесі қызық нәтиже көрсеткен: небәрі екі ай тұрақты түрде атқа мінген жастардың арқасы мен іші ғана емес, қол-аяқ буындары да әлдеқайда мықты әрі төзімді бола бастаған.
Ат спорты – жүрек пен қан тамырларына арналған таптырмас жаттығу. Ат үстіндегі әрбір қозғалыс жүрек соғысын жиілетіп, қанның денеде еркін айналуына көмектеседі. Бұл ағзаны оттегімен байытып, тамырларды икемді етеді.

Аттың жылуы мен ырғағының физиотерапиялық пайдасы
Жылқының дене қызуы адамдікінен жоғары (37,5–38,5°C). Ат үстінде отырғанда оның денесінен бөлінетін жылу адам бұлшықетін босаңсытып, қан айналымын жақсартады. Бұл физиотерапиядағы жылы компресс әсерімен бірдей, бірақ мұнда жылу қозғалыспен бірге беріледі.
Ат аяңдап жүргенде оның жамбасы үш өлшемді ырғақ жасайды. Қызығы сол – бұл қозғалыс адамның табиғи жүрісіне өте ұқсас. Бір минутта ат адамның омыртқасы мен буындарына 100-ге жуық емдік импульс береді. Бұл буындардың икемді етіп, денені сезіну қабілетін, яғни координацияны жақсартады.
Омыртқаны қалай «емдейді»?
Атқа міну – бүкірейген арқа мен қисайған омыртқаны (сколиоз) түзеудің ең табиғи жолы. Клиникалық зерттеулер көрсеткендей, небәрі 10 апта тұрақты түрде атқа мінген жасөспірімдердің омыртқасы айтарлықтай түзеліп, арқаның қисайғаны азайған. Атқа шапқан кезде арқа бұлшықеттері өздігінен жұмыс істей бастайды да, ми денені тік ұстауды қайта үйренеді. Егер үнемі экранға үңіліп, бүкірейіп жүруге үйреніп қалсаңыз, ер-тоқымдағы бір сағат – омыртқаңызды қалпына келтіре алатын терапия.
Ат үстіндегі «эмоциялық рестарт»
Бақыт гормонын бөледі. Зерттеулер көрсеткендей, жылқымен байланыс негативті эмоцияларды бірден төмендетіп, «бақыт гормондарын» оятады.
Лидерлік мектеп. Салмағы 600 келі болатын алып жануарды тізгіндеу адамның өзіне сенімін арттырады. Ғалымдар мұны «ішкі бақылау сезімінің» күшеюі деп атайды. Егер сіз атты басқара алсаңыз, өмірде де батыл шешім қабылдауға дағдыланасыз.
Еркін болу. Атқа шабу миға әсер етіп, ат үстінде еркіндік сезімін сыйлайды.
Осының бәрінен бөлек, медицинада атқа міну – ДЦП (церебралды паралич), аутизм және инсульттен кейінгі оңалту кезінде пайдаланылатын мойындалған тиімді әдіс. Ғылыми мета-талдаулар дәлелдегендей, жылқының ырғақты қозғалысы мен табиғи жылуы науқастардың, қимыл-қозғалыс пен сөйлеу дағдыларын жақсартуға тікелей ықпал етеді.
Ғылыми тілмен айтқанда, ат – бұл тірі биомеханикалық және эмоциялық стимулятор. Ол сіздің денеңізді ғана емес, ішкі әлеміңізді де тепе-теңдікке келтіреді. Қазақ қыздары жандандырған бұл «slow living» формасы – генетикалық жады мен заманауи ғылым ұштасқан терең тәжірибе.




