Көбіміз соғымды қысқа ет дайындау деп білеміз. Десек те осы бір сөздің астарында отбасы құндылығы, үлкенге құрмет, міндетті сыбаға мен барыңды бөлісуді сияқты көне дәстүр жатыр. Неге соғым бүгінге дейін жойылмай сақталып келеді? Оның қандай маңызы бар? Этнограф Бұлбұл Кәпқызы Tamga Media оқырмандарына тарқатып түсіндіріп берді.
Қазақтар соғым етін жеп, қыстан аман шыққан
Соғыс тек ет дайындау тәсілі емес, бүкіл отбасының қысқы тіршілігін айқындайтын жүйе. Ол отбасындағы рөлдердің бөлінуіне, қонақ күту әдебіне, туыстар арасындағы қарым-қатынасқа әсер етті. Сондықтан қазақтар соғымды маңызды оқиға деп санады.
“Қазақта “Қыстың қамын жаз ойла” деген сөз бар. Күн суығанда халықтың өмір салты өзгере бастайды, ал соғым – сол қысқы тіршіліктің тірегі. Қыста мал жүдейді, ал оны соғым етіп сойып, көктемге дейін жеткізу қиын. Сондықтан қазақтар күзде семіз малды сойып, ет қорын дайындалған. Бұл – дәстүрдің ең алғашқы әрі ең маңызды бөлігі”, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Бұрын тоңазытқыш болмаған соң, қазақтар мал етін бөліп, оның дәмі мен құнарын кетірмей, сақтауға тырысқан. Ол үшін етті сүрлеген, ыстаған.
“Кейде етті балғын, жұмсақ етіп сақтау үшін оны малдың қарнына салып, қардың астынан жертөле жасап, сонда қымтап қойған. Қорадағы малы семіргенге дейін қазақтар соғымның етін жеп, күн көріп, қыстан аман шыққан. Қазы істеу үшін жылқы сойған. Түйенің өркеш майын алған, сиыр етін жұмсақ болған. Ал ұсақ малды кәделі жілігі үшін бағалаған”, – дейді спикер.
Қазір сүр ет, қазы-қарта ұзақ сақталатын ет ретінде емес, қысқы немесе дүбірлі тойдың дастарханының символына айналды.

Соғымбасын жасап, қолүздік берген
Соғым сою – кәдімгідей бір дәстүр. Қазақтар көрші-қоланға, туысқанға соғым соятын күнін алдын ала айтып, ертерек хабар берген. Бұл күн шағын әрі мәні зор мереке сияқты өткен. Өйткені соғым туыс-туғанның, жақын-жуықтың басын бір дастарханға қосқан. Бұл дастархан “соғымбасы” деп аталған.
“Соғым союға көмектесуге келгендер үй иесіне “Соғым шүйгін болсын” деп ізгі лебізін айтады. Кейін жаңа сойылған малдың етін ірі етіп турап, өкпе-бауырын қосып, бірден қуырдақ пісірген. Оған қоса ет асып, соғым сойған отбасы, туыстар мен көршілер жиылып, ортақ дастархан жайған”, – дейді тарихшы.
Үй иесі соғым союға көмектескен адамдарға ет үлестіріп берген. Мұны қолүздік немесе қолкесер деп атаған. Бұл олардың көмегінің ақысы саналған.
Мұқтаж жандарға сыбағасын таратқан
Соғым – құрмет көрсетудің, игі іс жасаудың бір жолы. Ауылдың сыйлы кісілеріне, ақсақалдарына, мұқтаж жандарға “сыбаға” деп соғымның етін бөліп берген.
“Малдың он екі мүшесін бөліп, әр қонаққа мәртебесіне қарай ұсынған. Құрметті ақсақалға жамбас, құдағиға асықты жілік тартқан. “Қыз сыбағасы”, “күйеу сыбағасы” деген ұғымдар да болған. Мұқтаж жандарға да ет үлестіріп берген. Осылай, соғыс сойған адам олардың ризашылығы мен батасын алған”, – дейді этнограф.

Соғым сою дәстүрі әлі де сақталған
Қазір тіршілік ету үшін міндетті түрде соғым союдың қажеті жоқ, бірақ бұл дәстүр ретінде сақталды. Қала тұрғынлары үшін ол мүлде жаңа форматқа ие болды: қазір кәсіби мал сою бригадалары мен дайын ет жинақтары сататындар бар.
“Бұрын тоңазытқыш болмаған соң, кемінде бір жылқы, бір сиыр және он шақты қой сойған. Қазір технология дамыды, ет жыл бойы қолжетімді. Сондықтан соғым сирек сойылады. Десек те дәстүр толық жойылған жоқ: көпшілік әлі де бір жылқыны, құлынды немесе сиырды сойып, соғым басын таратады. Бұл туыстарды жиып, дастархан жайып, күнде көріспейтін жақындармен кездесудің бір тәсіліне айналды", – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Қаржылай тиімді: қазір соғым қанша тұрады?
Қазір соғым сойғанның практикалық пайдасы да бар. Қазір ет сататын дүкеннен, базардан жылқы етінің бер келісін шамамен 2500-3500 теңгеге, сиыр етін 3500-4600 теңгеге, ал қой қабырғасының етін орташа есеппен 4 200 теңгеден сатып алуға болады.
Соғым басының құны малдың түріне, қаншалық семіз екеніне, жасына байланысты әртүрлі. Орта есеппен Алматыда бір жылқы не бие етінің бағасы – 280 000-700 000 теңге аралығында. Ал сиырдың бағасы 350 000-500 000 теңгеден басталады. Бірнеше отбасы бірігіп, біртұтас туша сатып алса, қаржы жағынан әлдеқайда тиімді.




