Бүгінде қазақ анимациясы өзіндік тарихы мен қалыптасқан мектебі бар өнер саласына айналды. Ал оның алғашқы қадамы қалай басталды? Tamga Media ұлттық мультипликация тарихына шолу жасады.
Әмен Қайдаров соғыс даласынан сурет өнеріне қалай келді?
Ұлттық мультипликация тарихы суретші Әмен Қайдаров есімімен тығыз байланысты. Бүгінде қазақ анимациясының атасына айналған ол бұл салаға бірден емес, қырықтан асқан шағында ғана келген. Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында дүниеге келген. Бұл туралы суретші өз естелігінде де айтады.
«1923 жылы маусым айының үшінші жұлдызында, дәлін айтсақ, жайлауға шығып, киіз үй тіккенде мен кең дүниеге келіппін. Ескі әдет бойынша мені мықты болсын деп, кіндігімді балтамен кесіпті, сондықтан кіндік шешем ер адам болған екен», – дейді ол.
1941 жылы 10-сыныпта оқып жүрген Әмен Қайдаров өзі сұранып, майданға аттанады. Сурет өнеріне шындап ден қоюы да осы кезеңнен басталған. Әсіресе, 1943 жылы Украинадағы соғыс даласында снаряд оғы тиіп, госпитальға түскен кезде сурет салуға көбірек көңіл бөле бастайды.

«Кисловодск госпиталінде жатқанымда маңайымдағы жаралы жауынгерлердің суреттерін салғаным жазылуыма қуат бергендей болды. Ол уақытта фотоаппараты бар адам жоқтың қасы. Менің қарындашпен салған суреттерім жұртқа ұнап, кезекке тұрды. Әр солдат қағаз тауып әкеліп, жасалған бет-бейнесін үйіне хатпен жібергенде қосымша жазатын «Міне, мен тірімін!» «Вот я жив!» деп суретті куә ретінде пайдаланатын. Суретшілік қасиет жаратушының маған өміріммен бірге қосақтап берген қос қасиеті деген сенімім нығая түсті», – дейді ол.
Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды
Әмен Қайдаров майданнан елге аман оралғанымен, жарасы толық жазылмайды. Уақыт өте жағдайы нашарлап, ауруы асқына түседі. Ақмолада емдеуге мүмкіндік болмаған соң, оны Алматыға ұшақпен жеткізіп, госпитальға жатқызады. Сол жерде атақты хирург Алексей Сызғанов ота жасап, денесінде қалған снаряд жарықшағын алып тастайды. Отадан кейін хирург Әменнің анасына: «Ұлыңыз о дүниеге барып қайтты», – деген екен. Бұл сәтті оның қарындасы Райхан кейін естелігінде айтып қалдырған. Осыдан кейін ол оқуға түсіп, кәсіби суретшілік жолын бастайды.
1951 жылы Алматы көркемөнер училищесін тәмамдаған Әмен Қайдаров «Қазақстан әйелдері», «Ара» сатиралық журналдарында көркемдік редактор болып қызмет атқарады.
«Училищеде оқып жүргенімде америкалық «Бемби» деген мультфильмді көргенім есімнен шықпай, қайта-қайта ойымды оята берді. Суретке жан беретін өнерді үйрететін оқу орны Мәскеуде бар екенін естігенімде шешімге келдім: не болса да мультфильм жасайтын шеберлікті меңгеруге бел будым. Жұбайыммен сырласқанда ол мені қолдады. Әке-шешем батасын берді», – дейді ол.

Осылайша Әмен Қайдаров 35 жасында Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына оқуға түседі. 1965 жылы БМКИ-ді мультфильмдердің қоюшы суретшісі мамандығы бойынша бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясына жолдамамен барады. Өзінің айтуынша онда мультипликациялық кино суретшісіне арналған орын болмағандықтан, ғылыми-көпшілік фильмдерде жұмыс істеуге тура келген.
«Бірақ осынша қиындықпен меңгерген мамандығымнан бас тартуға моральдық құқығым да, ниетім де болмады. Сол кезде мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфилімінің сценарийін ойластырып жүретінмін. Бірақ халық айтқандай «Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды». Өндірістік базасы да, қаражаты да жоқ, қолында тек арманы мен сценарийі бар жалғыз адам не істей алар еді? Ертегіде кішкентай құс жеңіске жетті. Ал өмірде қалай болмақ?», – дейді ол.
Алғашқы қадамдар
Әмен Қайдаровтың шәкірті Жәкен Дәненовтің айтуынша бұл кездері қазақ кинематографиясында мультипликация мүлде жоспарда болмаған әрі бұрын-соңды ешкім естімеген өнер еді.
«Камал Сейтжанұлы басқарған кез. Ол кісі «анимация саласын дамытуға көмектесемін» деп «Қыз Жібек» фильмінің бюджетінен азғантай қаржы бөліп, Әмен Қайдаровқа береді. Осылайша, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі түсіріліп басталған», – дейді Жәкен Дәненов.
Осылайша Әмен Қайдаров 1965 жылдан бастап “Қазақфильм” киностудиясының мультипликация цехының негізін салады. Мұнда Алматы көркемсурет училищесін бітірген бес суретші – Галина Дусенко, Еркін Сұлтанбеков, Эрнст Бисейітов, Борис Калистратов және Флобер Мұқановтармен бірге қазақтың тұңғыш мультфильмін жасауға құлшына кіріседі.
Бірақ бұл алғашқы қадамдар бұған дейін кино саласында ешқашан жұмыс істеп көрмеген суретшілерге оңайға соқпайды. 1966 жылдың сәуір айында басталған суретті фильм 1967 жылдың тамыз айында ғана аяқталады. Бір жылдан аса қажырлы еңбек еткен сәттерін Әмен Қайдаровтың өзі былай еске алады.

«Фильмді бір жылдан астам уақыт жасадық. Біздің бөлмеге қызығушылық танытып кіріп, немен айналысып жатқанымызды сұрайтындар көп болды. Олардың арасында киностудияның қаржы қызметкерлері де бар еді. Олар он минуттық фильмнің тым ұзақ жасалып жатқанына алаңдайтын. Өйткені оның өндіріс мерзімі толықметражды көркем фильмді түсіру мерзімінен де асып кетті», – дейді ол.
Суретшінің айтуынша олар мыңдаған суреттерді салып, қайта-қайта түзетіп, күндіз-түні еңбек етіп жатқан тұста «Қазақфильмге» Мәскеудегі Госкино өкілі келеді. «Қазақтар шынында мультфильм жасап жатыр ма?» деп күмәнданған ол комиссия жіберіп, тексертетіндерін айтады.
«Мәскеуден күткен екі тексеруші келді. Бұлар мультфильмнің атақты режиссерлері Хитрук Федор Савельевич және Дегтярев Владимир Дмитриевич. Директор қонақтарды кинозалға әкелді. Залда шам сөнді. Үмітім жана ма, сөне ме? Бұл сәт мен үшін емтихан. Қараңғы бөлмеде тағдырым шешілетіндей. Осы уақытқа дейін істеген ісім, әрекетім, барлығы он минуттық фильмге жиналғандай», – дейді Әмен Қайдаров.
«Қазақтың тұңғыш мультфильмі құтты болсын!»
Фильм аяқталған соң залдағы көрермендер толассыз қол соғады. Алайда Әмен Қайдаров үшін ең маңыздысы Мәскеуден келген мамандардың пікірі еді. Көп күттірмей, атақты режиссер «Винни-Пух» мульфильмінің авторы Федор Хитрук алғашқы қазақ мультфильміне байланысты пікірін білдіреді.
«Федор Хитрук жымия директорға қарап: «Ендеше баршаңызды қазақтың тұңғыш мультфильмінің дүниеге келуімен құттықтаймын! Бұл – Әмен Қайдаров пен оның тобының сәтті дебюті ғана емес, нағыз фестивльдік фильм. Мұнда кәсіби шеберлік қана емес ұлттық бояу да көрінеді. Мұндай фильм түсіруге тіпті менің де батылым жетпес еді», – деп еске алады суретші.
Переведено с русского языка: «Ну что ж, всех поздравляю с рождением первого казахского мультфильма!» деді. «Это не только удачный дебют режиссера Амена Хайдарова и его группы. Я осмелюсь предсказать, что это фестивальный фильм. Здесь не только высокий профессионализм, но и своеобразный национальный колорит. Я такой фильм не усмел бы сделать». Федор Савельевичтің басқа сөздерінің арасында осы айтқандары есімде қалды», – деп еске алады суретші.

Қарлығаштың құйрығы неге айыр?
Мультфильмнің сюжеті қазақтың халық ертегісіне негізделген. Онда қарлығаш – адамның досы, ал үш басты айдаһар – оның жауы. Ал қартайып, әлсіреген айдаһардың өмірін ұзартудың жалғыз жолы – нәрестенің қаны. Мұны естіген маса сәбидің қанын әкелуге аттанады. Қарлығаш масаның соңына түсіп, әділдік жолында күреседі.
Мультфильм алғашында мәтінсіз, сөзсіз жасалады деп жоспарланған. Кейін фильмнің алғашқы нұсқасы талқыланғанда киностудияның сценарий-редакциялық алқасы мәтін енгізу идеясын ұсынады. Бірнеше күннен кейін фильмнің суретші-мультипликаторы Галина Дусенко өлең түрінде жазылған мәтін әкеледі. Кейін осы мәтін мультфильмде қолданылған.
Алайда Әмен Қайдаров бұл жағдайды қуаныштан гөрі өкінішпен еске алады. Себебі фильмнің кейбір тұстарында Нұрғиса Тілендиевтің ғажап музыкасының үнін бәсеңдетуге тура келген.

Мультфильмде Қарлығаш бейнесі домбыра үнімен көрсетіледі. Қазақтың халық аспабы ізгіліктің жаршысы, жәбір көргендердің қорғаушысы секілді. Ал айдаһар бейнесі үрмелі аспаптар арқылы берілген. Кейіпкердің көңіл күйіне қарай әуен кейде минорлық, кейде мажорлық үнде орындалды. Ал масаның әрекеті скрипкамен жеткізілді.
«Фильмнің шарықтау шегінде қарлығаш пен маса нәрестенің бір тамшы қаны үшін күреседі. Ол домбыра мен скрипканың қарама-қарсы қойылуына, яғни олардың музыкалық тартысына құрылған. Жалпы көпке танымал музыкалық аспап скрипкамен домбыраны қатар қою үшін ол кезде шығармашылық батылдық қажет еді», – дейді кинотанушы Бауыржан Нөгербек.
Сонымен қатар қазақтың тұңғыш мультфильмі үшін суретшілер 1500 суретті қолмен салған. Ал ұлттық нақышқа келтірілген шығыс миниатюралық фигуралары мен ою-өрнек Әмен Қайдардың өз қолынан шыққан.
Ал фильмнің өзі көп ұзамай Қазақстан шекарасынан асып, халықаралық көрерменге жол тартады. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» 48 елде көрсетіліп, бірқатар халықаралық және бүкілодақтық кинофестивальдерде жүлдеге ие болады. Мысалы, 1975 жылы Нью-Йоркте өткен халықаралық мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» сыйлығын иеленген. Осылайша «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі қазақ анимациясының тұңғышы ғана емес, шетел көрерменінің де сүйікті туындысына айналып үлгерді. Ал қанатын қағып, ұшып бара жатқан қарлығаш бейнесі бүгінде қазақ мультфильмдерінің эмблемасына айналды.
Осылайша «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен кейін қазақ анимациясының көкжиегі кеңейіп, көрерменге түрлі тақырыптағы жаңа туындылар ұсыныла бастады. Әсіресе 1960-1970 жылдары Кеңес Одағында балаларға арналған контентті дамытуға айрықша көңіл бөлініп, идеологиялық тәрбиемен қатар, баланың қиялын дамытуға, мейірімділік, достық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталған жоғары сапалы анимациялық, кинематографиялық және телевизиялық туындылар жарық көрді. Бұл тізімде Әмен Қайдаровтың «Ақсақ құлан» (1969 ж.) аңызға негізделген классикалық туындысы бар. Жошы ханның өлімін естіртудегі күй құдіреті туралы баяндайды.

Айта кетейік, аталған мультфильмдер 2024 жылы заманауи технологиялардың көмегімен жаңартылып, жоғары сапада (4K/Full HD) қайта көрерменге жол тартты. Соның арқасында қазақ анимациясының алтын қорындағы туындылар бүгінгі балақайларға да қолжетімді болып, заманауи мультфильмдерден еш кем түспей, көрерменін әлі де қуанта алады.
Мультфильмдердің түпнұсқасы мен жаңартылған нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар:
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – түпнұсқа, жаңартылған нұсқа
«Ақсақ құлан» – түпнұсқа, жаңартылған нұсқа




