Ойын-сауықӘдебиетҚазақ мифологиясындағы Ұмай ана бейнесі қалай өзгерді?

Қазақ мифологиясындағы Ұмай ана бейнесі қалай өзгерді?

25 ақпан 2026
5 мин
Мать Умай – покровительница домашнего очага
Фото: Tamga Media / ЖИ

Қазақ мифологиясындағы әйел бейнелерінің ішіндегі ең ұлысы - Ұмай ана. Дегенмен Ұмай ана туралы талас көп. Шын мәнінде Ұмай ана кім? Қоғам аңыз әйелді қалай таниды? Мақалада баяндаймыз.


Ежелгі Алтай аңызы бойынша, Ұмай ана – жер бетіндегі алғашқы әйел. Осы жағынан ол ислам дініндегі Хауа анаға ұқсайды. Аңыз бойынша, тәңір әлемді жаратып болған соң, ұрпақ тарату үшін өзін еркек пен әйелге бөлген деседі.


Бұған VIII ғасырдағы Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазбалар дәлел. Мәселен, көне түркілердің ғұламасы Тоныкөкке қойылған ескерткіште:

“Бізді дəйім жебеп жүрген Тəңірі ием, Ұмай анам мен жер-суым!” деп жазылған. 


Ал 2012 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданында шамамен VII-VIIІ ғасырда тасқа қашалған әйел бейнесі табылды. Ғалымдар мұны Ұмай ананың бейнесі деген пікірде. Бұған дейін де көне түркілер мекендеген аймақтарда Ұмай ана бейнесі алты рет табылған. Бұл ескерткіштер көне түріктердің Ұмай ананы аса қадірлеп, одан жаралған ұрпақ екеніне сенгенін көрсетуі мүмкін. 


Тәңіршілдікке сенген қазақтар да Ұмайды құдай деп санаған, бірақ кейін көбінің ойы өзгерген. Мысалы, қазақтар қызын ұзатқанда, неке қию кезінде, әйелдер босанғанда Ұмай анаға жалбарынып, одан медет тілеген. Бұл XIX ғасырдағы үйлену тойына қатысты салттардан айқын көрінеді. Ыбырай Алтынсарин келін алғаш рет ата-енесінің үйінің босағасын аттағанда отқа май құйып, көне дəстүрді атқаратынын жазған. Сол кезде жаңа түскен келін отқа май құйып:

“От ана, май ана, жарылқа” деп тәңірден рақым сұрайды. 


Ақын Абай Құнанбайұлының жазған дерегіне сенсек, қазақ әйелдері жас ананы толғағы қысқанда жанып жатқан ошаққа май құйып, көкке қарап:

“От – əулие, Май – əулие! Жарылқа!” деп күбірлеген.


Ғалым Құдайберген Жұбановтың сөзінше, мұндағы “Май ана” немесе “Май әулие" деген – Ұмай ана. 


"Ол заманда әйелдер құдайының аты Ұмай болған. Кейіннен сөз басындағы қысаң ұ дыбысы түсіп қалып, май деп айтылып кеткен. Қазақтың: "От ана, май ана, жарылқа!" дейтін және "Май әулие, майсыз жарылқайтын қай әулие?" деген мақалы да осы ұғымнан туған. Қазақтар Ұмай ана сөзін дауыссыз дыбыссыз айтады”, – дейді ғалым. 


Тәңірден ана мен баланы қорғаушыға айналды


Философия ғылымдарының докторы Сабетқазы Ақатайдың айтуынша, уақыт өте келе Ұмай ана бейнесі өзгерген. Ежелде Ұмай ананың мәртебесі Құдаймен тең болған. Уақыт өте, отбасы, ошақ қасындағы қорғаушы бейнесіне ауысып, аналар мен балалардың піріне айналған. Зерттеуші тарихи және мәдени үдерістердің ықпалынан өзгерді дейді. 


Осылай Ұмай ана бейнесі саяси-географиялық себептерге байланысты бірте-бірте өзгерген. Десе де қазақ қоғамында Ұмай анаға деген сенім сақталған. Мысалы, әлі күнге дейін жаңа түскен келінге босаға аттатпай тұрып, отқа май құйғызады. 


Қорытындыласақ Ұмай ана түркілер үшін жай ғана аңыз емес, әйелге деген көзқарастың айнасы сияқты. Бұдан түркілердің қоғамы патриархал болса да, әйелге деген құрметтің ерекше болғанын көреміз.

Бөлісу:

Қазақ мифологиясындағы Ұмай ана бейнесі қалай өзгерді?