Қазақтар көрген түсті жай ғана ұйқыдағы елес емес, адамның ойы мен көңіл күйіне байланысты белгі деп қабылдаған. Сондықтан түсті кез келген адамға айта бермеген. Оны кімге айтқан, қалай жорыған және жаман түстен қалай сақтанған? Этнограф Болат Бопайұлы «Қазақтың түс жоруы туралы түсінігі» кітабындағы деректерге сүйеніп, тарқатып жазамыз.
Қазақ танымындағы түс ұғымы
Жазушы-этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, түсті дұрыс жору үшін терең білім, даналық пен байыпты талдау қажет. Қазақ түс жоруды кез келген адамның қолынан келетін оңай іс деп есептемеген.
Сондықтан халық арасында «Түсті түнде жорымайды», «Сейсенбі күні түс жорымайды», «Түсті білмейтін адамға жорытпайды» деген тыйымдар қалыптасқан. Көрген түсті кім көрінгенге айтпай, өзіне жақын, жанашыр адамға ғана айтып, жорытқан. Ел ішінде түс жоруды жақсы білетін, даналығымен танылған адамдар да болған.

«Қазақ халқында түс бағудың, түс сақтаудың өз ережесі мен жолы бар. Кей түстерді үш күнге дейін, кейбірін бес күн, жеті күн, тіпті тоғыз күнге дейін ешкімге айтпайды, жорытпайды. Себебі «жақсы түс жанымда ұя салып, орнықсын, басқа біреу сатып алып кетпесін, жаман ниетті адам болса, түсімнің қасиетін алып кетпесін» деп ырымдайды. Түс көрген күні бойын таза ұстап, иманды жүрсе, түс үрікпей өз бойында тұрады деп сенген», – деп жазған Болат Бопайұлы «Қазақтың түс жоруы туралы түсінігі» деген кітабында.
Түсті қалай жіктеген?
Қазақ халқы түсті мазмұнына қарай «шынайы түс» және «қияли түс» деп бөлген. Ал ислам дәстүрінде түс «рахмани түс», «шайтани түс» және «күнделікті ойдан туған түс» деп жіктеледі.
Қазақы түсінікте түстің қай уақытта көрінгені де маңызды болған. Ұйықтай салысымен көрген түс «бастапқы түс», түн ортасында көргені «ортаңғы түс», ал таңға жақын көргені «таңғы» немесе «аяққы түс» деп аталған.
Халық арасындағы түс жорушылар түстің қашан орындалатыны да оның қай уақытта көрінгеніне байланысты деп сенген. Мысалы, бастапқы түстің жорамалы жетпіс күннен, жеті айдан немесе жеті жылдан кейін, ортаңғы түстікі жеті күннен жеті айға дейін, ал таңға жақын көрген түстікі жеті сағаттан жеті күнге дейін орындалуы мүмкін деген түсінік болған.
Түстегі заттарды қалай жорыған?
Қазақтың халықтық түс жору дәстүрінде түске кірген заттың, жануардың немесе табиғат құбылысының өзіндік мағынасы бар деп есептелген.

Мысалы:
Тұнық су – жақсылық, береке мен тыныштықтың белгісі;
Лай су – қауіп-қатер, алаңдаушылық немесе қиындықтың нышаны;
Жыртқыш аңдар – күш-қуат пен батылдықтың, қарсыласты жеңудің белгісі;
Төрт түлік – жақсылық пен берекенің белгісі.
Бірақ түстегі бір ғана затқа қарап жорамал жасамаған. Оның әрекетіне де мән берген. Мысалы, төрт түлік адамға шабуыл жасап, теуіп немесе шайнап жатса, мұндай түс сақтыққа шақыратын белгі ретінде қабылданған.
Яғни қазақы түс жоруда түстің мағынасы тек көрген затқа емес, оның қалай көрінгеніне, адамның қандай әсер алғанына және оқиғаның қалай өрбігеніне де байланысты болған.
Жаман түстен қалай сақтанған?
Қазақы танымда жаман түстен сақтануға байланысты түрлі ырымдар да болған.
Егер адам түсінде біреуден қашып жүрсе немесе жылан, қасқыр, ит шабуылдағанын көрсе, оны жамандықтың белгісі деп қабылдаған. Мұндай түстен кейін жамандықты өзінен алыстатуға арналған ырымдар жасаған.
Мысалы, өз бойымен бірдей ақ немесе қара матаны өлшеп алып, оған «Жаман түсімді жыланға, итке, қасқырға көшір» деп үш рет айтқан. Кейін матаны отқа өртеген немесе ағын суға ағызып жіберген. Халық осылайша жамандық судың ағысымен бірге кетеді деп сенген.
Ал түс қатты алаңдатып, қорқыныш ұялатса, бидай, тары, жүгері немесе бұршақ секілді дәндерді ақ матаға түйіп, бастың үстінен үш рет айналдырып, кейін құстарға шашқан. Осылайша тіл-көз бен бәле-жала адамнан аулақ кетеді деп сенген.
Ескерту
Психологтардың айтуынша, түс көбіне адамның ішкі күйімен байланысты. Күндізгі әсерлер, уайым, қорқыныш, қуаныш немесе күйзеліс түс арқылы көрінуі мүмкін. Сондықтан мазасыз не қорқынышты түс көрсеңіз, оны міндетті түрде болашақта болатын оқиғаның белгісі деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Мақалада айтылған түс жору, тыйымдар мен ырымдар – қазақ халқының дәстүрлі танымы мен халықтық сенімдері. Олар адамға түсті жақсыға жорып, жаман нәрседен қорықпауға, жақсы нәрсе күтуге көмектесуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, түс – әлі толық зерттеліп болмаған құбылыс. Қазақ халқы да, ислам дәстүрі де, қазіргі ғылым да оны әртүрлі түсіндіреді. Сондықтан әр түске шектен тыс мән беріп, маңызды шешімдерді соған қарап қабылдаудың қажеті жоқ. Ал «Бұл түсім нені білдіреді екен?» деп қызығып, оны жақсыға жорудың еш әбестігі жоқ.




