Қазақ әйелдері әшекей-бұйымға ерекше мән берген. Олар бұйымдарын туғаннан бастап, дүние салғанға дейін тағып, тек қаралы күнде ғана шешкен. Бір қызығы, бұрын қазақ әйелдерінің әшекейлері көбіне күмістен болған. Оның себебі неде? Тарихты бірге шолайық.
Күміс – жұмсақ, оңай созылатын, балқитын, иілетін металл. Соның арқасында зергерлер одан ойындағы кез келген бұйымды ерекше етіп жасай алған. Оның үстіне, күмістен жасалған бұйымдар жарқ-жұрқ етіп, бірден жұрттың назарын аударады.
Дүниежүзіндегі көптеген халық күмісті бұрыннан қасиетті санаған. Мәселен, түркілер күмістің түсін ай сәулесіне ұқсатып, оны Аймен байланыстырған. Қазақтар да Ай мен күмісті киелі деп білген. Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, ежелгі қазақтардың күмістен жасамаған заты жоқ: киіз үйдің уығы, тұрмыс заттары, сандық, адалбақан, музыка аспаптары, шапанның түймесі, тіпті тіс пен құлақ тазалайтын заттар да күмістен болған.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы:
“Баланы қырқынан шығарғанда да “Баланың күні күмістей жарық болсын!” деген тілекпен суға күміс қасық, сақиналар мен тиындар салып, сәбиді шомылдырған. Сүндетке отырғызғанда “мұсылман болды” деп күмістен ертоқым жасатқан. Кәмелет жасына жеткенде күміс белдік сыйлаған. Жас жұбайлар отау құрғанда неке қияр суына күміс тиын тастап ішкізген. Әйелдердің күміс бұйымдары да көп болған".

Алтын – сәндікке, күміс – емдікке
Қазақтар күмістің адамды тазалайтын емдік қасиеті бар деп санаған. Күміс адам бойындағы бүкіл ауруды өзіне сіңіріп алады деп сенген. Оны алуға жағдайы жетпесе, темірге күмісті қақтаған. Ас пісіргенде де қолына міндетті түрде сақина, білезік таққан.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы:
"Бала кезімде әжем анамның қолында күміс білезігі болмаса, құйып берген шайын ішпейтін. Ол кісі “күміс таққан әйелдің асы таза болады”, “өзін-өзі сыйлайтын әйел күміс тағады” деп үнемі айтатын. Бізге де соны дәріптейтін”.

Әйелдің бұйымына қарап, оның отбасындағы рөлін білген
Күміс әшекей-бұйым әйелдің қай әулеттен шыққанын, жасын, әлеуметтік дәрежесін көрсеткен. Мысалы, қызға сөз салса және ол қабыл алса, сол қолына күміс білезік тағып жүрген. Келін болған соң, екі қолына бірдей күміс білезік таққан.
Мойынға тағатын өңіршені де күмістен жасаған. Бір тақталы өңіршені қыз, екі тақталы өңіршені жаңадан тұрмыс құрған келіншек, үш тақталы өңіршені өсіп-өнген әйел таққан.
Бойжеткен қыз ұзатылғанда құсмұрын жүзік таққан. Оны әдетте әкесі арнайы күмістен жасатып, қызына сыйлайды. Бұл жүзік “Қызым биікке самғайтын құс сияқты мәртебелі әрі еркін болсын” деген мағынаны білдірген.

Қыздың сәукелесін де күміспен әрлеген. Қыз тұрмыс құрып, балалы болғанда қыздың анасы құдағиына “құдағи жүзік” сыйлаған. Ол да күмістен жасалатын. Бұл “Екі рулы елді бір шаңырақтың астына тоғытып, қызымды өз қызыңдай көргенің үшін рақмет” деген ризашылығының белгісі еді.
Күміс зұлым күштерден қорғайды деп сенген
Ертеде қазақ күміс зұлым күштерден, жын-шайтаннан қорғайды, тіл-көзді қайтарады деп сенген. Сондықтан балаларға туғаннан бастап күміс бойтұмарлар таққан. Шолпы, шашбау сияқты шашқа арналған күміс әшекейлердің дыбысы зұлым рухтарды үркітеді деп ойлап, әйелдерге көп әшекей, әсіресе, жүзік пен білезік тағуды міндеттеген.
Осылай, қазақ әйелдерінің күміс бұйымдарына қарап, олардың талғамын ғана емес, танымы мен сенімін де байқауға болады.




