2026 жылы саяхатшылардың 34%-ы адам аяғы сирек басқан, тыныш мекендерді іздейтінін ашық айтады. Бұл олардың демалыстан безгенін білдірмейді. Басты себеп жиған-терген ақшасын жұмсап, орнына ұзын-сонар кезектен, топырлаған халықтан және бөгде біреудің шынтағынан басқа ештеңе көрмей қайтудан шаршағандығында. Осылайша туризм саласында мүлде жаңа бағыт қалыптаса бастады. Ол туралы толығырақ материалымызда айтамыз.
Селфи таяқшасынан қашқан жұрт
Соңғы уақытта «аты айқайлап тұрған» танымал бағыттардан гөрі, шағын қалалар, ұлттық саябақтар мен ауылдар сұранысқа ие бола бастады. Себебі, туристік орын неғұрлым танымал болған сайын, ол жердегі тыныштық пен жайлылық бұзылады.
Осы фенонимнің ең айғақ мысалдары ретінде саяхатшылардан шаршаған Италиядағы Роккарасо шипажайындағы шағын қалашығында болған оқиғаны келтіруге болады. 2025 жылдың басында бұл қала қарлы пейзаждарымен TikTok-та танылып кетті. Нәтижесінде, селфи таяқшасын асынған қалың жұрт шағын шаһарға ағылды: жолдар автобустарға, тау бөктерлері қоқысқа толды, ал кей жерлер демалушылардың жаққан отынан өртеніп кете жаздады. Туризм саласы мұндай туристердің шамадан тыс ағынын overtourism деп атайды. Сәйкесінше, қазір саяхатшылардың өздері де дәл осындай жағдайдан қашуға тырысады.
Адамдар бір-бірінен шаршады
Skyscanner сауалнамасына қатысқан 22 мың саяхатшының 32%-ы танымал орындардағы лық толы туристерден зардап шеккенін айтқан, ал олардың 34%-ы тыныш жерлерді әдейі іздейтінін жасырмайды. Hilton зерттеуі де осыны растайды: 2026 жылы демалушылардың 56%-ы әлем назарын тіккен көрікті жерлер тізімін қуаламай, жай ғана тынығып қайтуды мақсат еткен.
Бұл реніш тек сауалнамамен шектелмей, көшеге де шықты: 2025 жылдың жазында Оңтүстік Еуропада туристердің шектен тыс көбейгеніне қарсы наразылық толқыны өтті. Жергілікті тұрғындар шетелдік меймандарға су шашып наразылық білдірсе, Лувр қызметкерлері музейге түскен шыдатпас жүктемеге қарсы ереуілге шықты. Алаңсыз демалысты реттеу үшін Испания билігі үйді тәулікке жалға беру туралы 65 мыңнан астам хабарландыруды платформалардан алып тастады.
Ең қызығы, кезінде туристердің ағылуына себеп болған TikTok пен Instagram енді керісінше, тыныш әрі оңаша жерлерді жарнамалап әлек. Мысалы, кішкентай ғана Лихтенштейн мемлекетін туристер TikTok желісіннен көрген. Онда ғажайып Альпі көріністері мен көне қамалдар бар, ең бастысы қаптаған халық жоқ. Блогерлер де «жүгіріп жүріп суретке түсу» әдетінен арылып, асықпай саяхаттау - slow travel форматында танытып жатыр.
Копенгаген де дәл осылай танымал болды: бұл қала енді «бір күнде 10 жерді көріп үлгер» деген қарбалас тізіммен емес, асықпай серуендейтін жайлы мекен ретінде трендке кірді.
Адамдардың талғамына сай контентті әлеуметтік желі бірден көрсетуге әуес. Желіде Луврдағы қаптаған кезекті де, ешкім жоқ тыныш жерлерді де көрсететін видеоларды таба аласыз. Тек қазір ел екіншісін көбірек қарайтын болған.
Кей блогерлер бүкіл контентін осы бағытқа арнады. Мақсатсыз он қаланы шарлағанша, бір аптаны бір жерде асықпай өткізуді жөн көретін саяхатшылар Along Dusty Roads жобасын жүргізеді. Тіпті олардың контенттерінде де ешқандай асығыстық пен қарбалас жоқ.

Дәл осы сияқты The Local Pause блогының авторы өзін «баяу саяхатшы» ретінде таныстырып, көзге түсе бермейтін шағын мекендердегі аялдамалары туралы сыр шертеді. Бұндай авторлар бір кадрдың трендке айналуын көздемейді, олардың форматы курорттың жарнамасынан қарағанда жеке күнделікке, влогқа ұқсайды.
Қазақстандағы жағдай
Адам аяғы тимеген жерлер мен турист қаптаған өңірлердің айырмашылығын Катонқарағай ұлттық паркінен анық көруге болады. Бұл – Қазақстан, Ресей, Қытай мен Моңғолия шекарасында, Алтай тауларында орналасқан еліміздегі ең үлкен саябақ. Мұнда тау өзенінің суын ішіп, көк желегін тамашалап, бұлан, сілеусін мен қар барысын көре аласыз. Ресми мәліметке сүйенсек, парк жылына жарты миллионға дейін турист қабылдауға қауқарлы. Десе де, паркке жыл сайын бары-жоғы 5,5 мыңдай саяхатшы келеді. Өңірде жаңа жол мен аэропорт салынып жатыр. Адамдар жақын маңдағы үлкен қалаға дейінгі 6 сағаттық жол қысқарады деп үміттенеді. Жергілікті тұрғындар бір жағынан туристерден табыс түседі деп дәмеленгенімен, екінші жағынан Италиядағы Роккарасоның тағдырын қайталап, осы өңірдің басты байлығынан тыныштықтан айырылып қаламыз ба деп қауіптенеді.
Алматы маңындағы Көлсай көлдері мен Шарын шатқалына маусым кезінде туристер өте көп келеді. Ал елдің шығысындағы Тарбағатай табиғи паркі (2018 жылы құрылған, ең жаңа парктердің бірі) әлі де бос жатыр. Мұнда өсімдіктің 1,5 мың, жануардың 400-ге жуық түрі, Қызыл кітапқа енген балықтар да бар. Бірақ табиғаттан басқа ешқандай инфрақұрылым жоқ. Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінде де жағдай осындай. 1985 жылы ашылған еліміздегі ең ескі қорығы. Көлдері мен жартастары бар ұлттық паркке Солтүстік пен Орталық Қазақстан халқы ондаған жыл бойы тұрақты барып, демалады. Десе де елдің басқа аймақтарындағы саяхатшылар, тіпті шетелдіктер әлі де біле бермейді.

Бұл ретте ең айқын мысалдардың біріне Қазақстанның батысындағы Маңғыстау түбегі жатады. Бозжыраның марсқа ұқсас пейзаждары, борлы шатқалдар мен жер асты мешіттері үшін арнайы фотоэспедициялар ұйымдастырылғанымен, бұл өңір де жаппай қарбалас орнына айнала қойған жоқ.
2026 жылдың басында Washington Post басылымы осы туралы мақала жазды. Авторлар мұндай ғажайып мекенге саяхатшылардың аз келетініне өкініш білдірген. Сондай-ақ мақалада бұл өңірде адам аяғы тимеген тыныштық әлі сақталғаны айтылады. Сондықтан маңғаз Маңғыстау әдемі күйін сақтап тұрғанда оңаша, тыныш демалысты сезінуге әбден мүмкіндік бар.
Орманға көшу арманы
Бұл трендтің түпкі мәні біржола тыныш ауылға көшіп кету. Осыдан cottagecore (cabincore, farmcore) эстетикасы шықты. Яғни, ауыл өмірін романтизациялау: өз бақшаң, қолдың наны, үй жануарлары мен хабарламадан босамайтын телефоның. Термин 2018 жылы Tumblr-де пайда болғанымен, пандемия уақытында жұрт тоқтаусыз қоңыраулар мен хабарламалардан шаршағанда одан әрі танымал бола түсті.
Airbnb мәліметінше, оңаша үйлерді (off-grid homes) іздеу көрсеткіші жылына 100%-ға өсіп отыр. Ал TikTok-тағы slow living хэштегі бар видеолар 1,4 миллиардтан астам қаралым жинады. АҚШ пен Еуропада күн батареясынан қуат алатын автономды баспанаға деген қызығушылық артуда. Адамдар ақша үнемдеуді ғана емес, қала қарбаласынан қашып, тыныштықта өмір сүруді таңдайды.

Психологтардың айтуынша, тыныш орта миыңның шаршағанын басып, қала қарбаласынан жоғалған зейін қою қабілетін қайтаруға көмектеседі. Әрине, тоғайдағы үйде өмір сүріп жатқандар туралы видео көретін миллиондардың көбі ешқайда көшпейді. Дәл сол сияқты, таңғы ритуалдарды тамашалайтындардың бәрі таңмен бірге тұрып оны қайталамайды. Десе де, миллиондаған адамдар Дубайдағы кезекті кештен емес, дәл осындай контент жаныңа тыныштық сыйлайтынан рахаттанады. Жұрттың жай ғана тынығып, бой жазғысы келетінін көрсетеді.
Бұрын саяхатқа елде көрмеген, сезбеген ерекше әсер алу үшін шығатын. Бірақ әлеуметтік желілер бір сәтте миллиондаған адамға барған жерінің көрінісін қолжетімді етті. Сондықтан танымал мекендер бұрынғыдай қызық болмай қалды. Баяу туризм (slow living) тренді саяхаттың түпкі мәніне қайта оралып, танымал кадрларды коллекциялау емес, шын мәнінде демалуды үйретті.



