Қазақы тазыны бүгінде ауылда ғана емес, қаладағы пәтерде де асырайды. Тазы иелері клуб құрып, бірге жаттығып, тәжірибе алмасады. Алайда тұқымның танымалдығы артқанымен, оны сақтап қалу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Tamga Media тілшісі «Tiri Anyz» қорының негізін қалаушы, бірнеше тазы асырап отырған Камила Елеусизовамен сөйлесіп, қалада тазы асыраудың қиындығы мен ерекшелігі және бүгінгі тазышылардың тәжірибесі туралы сұрап көрді.
Бейтаныс тұқымнан кәсіби қызығушылыққа дейін
Камила Елеусизова алғашқы тазыны әкесі сыйға тартқанын айтады. Әкесі эколог болғандықтан, отбасында бала кезінен жануарлар ұстаған. Өзі үлкен ит асырауды армандағанымен, пәтерде тұрғандықтан, кавказ овчаркасы сияқты ірі тұқымдарға қолайлы жағдай болмаған.
«Он жасымда жеңгем мені мектептен алуға келді. Біртүрлі, бірдеңе жасырып жүргендей болды. Ақыры сұрақтың астына алған соң, әкемнің маған ит әкелгенін айтты. Мен өзім армандаған үлкен итті елестеттім. Бірақ үйге кіргенде алдымнан қара-қоңыр тазы шықты», – деп еске алады ол.
Ол кезде иттің нақты тұқымын ешкім білмеген. Кейбір ит өсірушілер оны орыстың “борзая” тұқымына ұқсатып, бойы бір метрге жуықтайды деп болжаған. Кейін көрмеге кездейсоқ қатысқан кезде ғана оның тазы екенін білген.
«Лана есімді тазыма алғаш рет көрмеде баға берілгенде, ол “өте жақсы” деген баға алып, екінші орынға ие болды. Сол күннен бастап кинологиямен белсенді айналыса бастадым», – дейді маман.
Оның айтуынша, тазыны асырамай оның қаншалықты сұлу әрі шыдамды екенін білу мүмкін емес.
«Тазының қалай жүгіретінін, шапшаңдығын, ақылын өз көзіңмен көрмей, оны толық түсіну қиын. Лана маған осы тұқымның қандай ерекше екенін танытты», – дейді ол.
Тазыға деген қызығушылық уақыт өте кәсіби ізденіске ұласқан. Ол тазы мен төбет тұқымдары бойынша сарапшы атанып, коучинг пен экология бағыттарын да меңгерген. Тұқымды зерттеу арқылы қазақ халқының тарихына да тереңірек үңілгенін айтады.
«Бұрын Еуропа мен Америкаға көбірек қызығатынмын. Тазыны, кейін оған иелік еткен халықтың тарихын зерттеген сайын қазақтардың қаншалықты қуатты болғанын, күшінің неде жатқанын түсіне бастадым. Тазы маған білімді бағалауды, үнемі ізденуді үйретті», – дейді ол.
Тазының нәзік тұрпатының артында қандай мінез жатыр?
Халықаралық кинология федерациясының (FCI) стандарты бойынша, қазақы тазы – аңды көзімен шалып, соңынан қуып жетуге бейімделген жүйрік ит. Ұзын аяқтары, үлкен кеудесі мен жеңіл дене бітімі оның жылдам қозғалуына мүмкіндік береді.

Ал мінезіне келгенде, тазының өз ерекшелігі бар. Сарапшы оны зерек, еркіндікті сүйетін әрі иесіне адал тұқым деп сипаттайды.
«Тазының интеллекті жоғары. Ол өз бетінше шешім қабылдайды, сондықтан басқа иттерге арналған тәрбиелеу тәсілдері оған үнемі келе бермейді. Бір сөзбен айтқанда, тазының өз ойы бар», – дейді ол.
Камила Елеусизованың сөзінше, тазы байсалды көрінгенімен, өз ортасында қаталдық танытуы мүмкін. Өйткені бұл тұқымда иерархия сезімі жақсы дамыған.
«Нәзік сыртқы келбетінің артында мықты, кейде қатал мінез жатыр. Ең бастысы – шектен шықпау», – дейді маман.
Ол тазыны тәрбиелегенде осы ерекшелікті ескеруге шақырады. Оның пікірінше, тазының ерекшелігін білетін маман таңдаған дұрыс.
«Тазыны өз бетіңше тәрбиелеп, өзіңе бейімдеуге тырыспаған жөн. Алдымен тұқымды жақсы білетін мамандардан кеңес алу керек. Тазының табиғатын түсінбей, оған басқа иттерге қолданатын әдісті пайдалану нәтиже бермеуі әбден мүмкін», – дейді ол.

Пәтерде тазы ұстауға бола ма?
Тазыны қалада асырауға қатысты жиі айтылатын күмәннің бірі — оған көп қозғалыс қажет деген түсінік. Сарапшының айтуынша, тазы пәтерде өмір сүре алады, бірақ иесі күнделікті серуен мен жаттығуға уақыт бөлуі керек.
«Тазы пәтерде тұруға әбден жарайды. Үйде көп шуламайды, сілекейі ақпайды, жүні де аз түседі. Өзі жабысып, үнемі назар аударуды талап ете бермейді», – дейді ол.
Дегенмен үйде тыныш жатуы иттің қозғалысқа мұқтаж емес екенін білдірмейді. Тазы аңшылыққа бейімделгендіктен, оған жүгіруге және қоршаған ортаны зерттеуге мүмкіндік беру қажет.
«Егер итті жарысқа, аңшылыққа немесе көрмеге дайындағыңыз келсе, өмірінің алғашқы жылында серуенге кемінде екі сағат бөлу керек. Мүмкіндік болса, ұзақ қашықтыққа жүргізіп, қауіпсіз жерде еркін жүгірткен дұрыс. Бізге өзен жағасындағы серуендер көмектесті. Бір жастан кейін далаға шығып, толыққанды жаттығуларға көштік», – дейді ол.
Бұл ретте тазыны қарғыбаусыз серуендететін орынды мұқият таңдау қажет екен. Аңды көзі шалғанда, оның соңынан қуып кетуі мүмкін. Ал күшіктің жүктемесін жасына және денсаулығына қарай реттеген жөн.
Сарапшы үшін қаладағы негізгі қиындық итті күту емес, қоғамның жануарларға деген көзқарасы.
«Ең қиыны – адамдардың жануарларға, әсіресе иттерге деген теріс көзқарасымен күресу. Қазақы тазының құндылығын түсіндіруге тырысасың, бірақ ол кей адамдарға қажет болмаса, тұқымның маңызын жеткізу де қиын», – дейді ол.

Тазышылар не үшін бас қосады?
Тазы асырайтын адамдардың бір бөлігі жарыс пен аңшылыққа деген қызығушылығына қарай топтасса, енді біреулері ортақ клубтарға бірігеді. Мұндай ортада олар тәжірибе алмасып, тұқымның ерекшеліктерін талқылайды, мамандардан кеңес алады.
Сарапшы Камила Елеусизова мүше болған клубта кездесулер ғана емес, табиғат аясына бірге шығу сияқты шаралар да ұйымдастырылады.
«Бізге клубтың жүйелі жұмыс істейтіні көмектеседі. Адамдар бас қосып, маңызды мәселелерді талқылайды, тұқымды білетін сарапшылардан үйренеді. Табиғатқа бірге шығып, уақыт өткіземіз. Тазы асырайтындардың бір-бірінен үйренері көп», – дейді ол.
Оның пікірінше, тұқымды сақтау үшін ит иелерінің жеке қызығушылығы жеткіліксіз. Тазы асырауға мән беру, ғылыми зерттеу және иесіз қалған иттер мәселесін қатар шешу қажет.
Осы бағытта Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігімен бірлескен жұмыс басталған. Сарапшының айтуынша, ауданда кинологиялық орталық құру жобасы қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – иесіз жүрген тазы мен тазытектес иттердің санын гуманистік жолмен азайту және тұқымды сапалы өсіру мәселесін жүйелеу.
«Бұл іске ҚазБСҚА студенттері де қосылды. Университет зертханасымен бірлескен жұмысымыз басталды. Тазыны сақтау мәселесін тек танымал етумен шектемей, ғылым мен нақты іске сүйену керек», – дейді ол.

Ұлттық мұраның болашағы қандай?
Бұрын қазақы тазының құны тек аңшылық қабілетімен өлшенбеген. Ол иесінің әлеуметтік мәртебесін де көрсеткен. Сарапшының айтуынша, тазыны үйір-үйір жылқыға айырбастап, дипломатиялық сый ретінде ұсынған кездер болған.
«Бұрын тазы үлкен құндылық деп саналған. Оны асырауға ерекше күтім қажет болғандықтан, кез келген адамның қолы жете бермеген. Осылай тазы иесінің қоғамдағы орнын да көрсеткен», – дейді ол.
Қазір тазыға деген қызығушылық артып, әлеуметтік желілерде тұқым туралы ақпарат жиі жарияланады. Бірақ маман мұны тұқымды сақтаудың толық шешімі деп есептемейді.
«Бүгінде тазыға қатысты істеліп жатқан жұмыстың көбі – танымал ету. Ал тұқымды сақтауға қажетті жүйелі жұмыс әлі жеткіліксіз.Тазы ұлттық мұра деп танылғанымен, оның өзін де, иесіз жүрген иттер мәселесін де шешу керек», – дейді ол.
Камила Елеусизованың айтуынша, тазыға ұқсайтын иттердің көбейгені олардың бәрі таза тұқымды екенін білдірмейді. Тазыны дұрыс асырауда сыртқы көрініспен қатар, денсаулық, генетикалық ерекшеліктер мен тұқымдық белгілер де ескерілген жөн.
2023 жылы PLOS ONE журналында жарияланған зерттеуде қазақстандық ғалымдар тазының генетикалық ерекшеліктерін зерттеген. Мұндай ғылыми жұмыстар тұқымның генетикалық алуандығын бағалауға және оны сақтаудың негізделген жолдарын анықтауға көмектеседі.
Камила Елеусизова тазыға деген сұраныстың артуына санаулы ғана энтузиаст пен ит иелерінің еңбегі ықпал еткенін айтады. Оның пікірінше, тұқымның болашағы оны жақсы көретін адамдардың ғана емес, осы іске жауапкершілікпен қарайтын мекемелердің де әрекетіне байланысты.
«Тазы бізден бұрын болған, тарихы тереңге кетеді. Біз оның тарихы аяқталатын ұрпақ болмауымыз керек. Бірақ қазір бәрі соған қарай кетіп бара жатқандай», – деп қынжылады ол.
Маман тазыны сақтау тек ұлттық мақтанышпен шектелмейді деп есептейді. Тұқымды келесі ұрпаққа жеткізу үшін оны дұрыс өсіріп, генетикалық ерекшеліктерін зерттеп, иесіз қалған иттер мәселесін де жүйелі шешу қажет.
«Істің бәрін адамдар жасайды: тұқымды да сақтайды, жоғалтуы да мүмкін. Тазыны бізден кейінгі ұрпақ та танып қана қоймай, оны өз көзімен көріп, табиғатын түсіну маңызды», – деп түйіндейді сарапшы.



