ӘлемдеҚаржыҚаржылай сауатты адам қандай болады?

Қаржылай сауатты адам қандай болады?

23 қаңтар 2026
5 мин
Каким бывает финансово грамотный человек?

Қаржы сауаты – ақшаны дұрыс әрі сауатты басқару. Адамның өмірінде уақыт, энергия, білім, ақша сияқты маңызды ресурстар бар. Бірақ олардың барлығы шектеулі. Сондықтан оларды дұрыс пайдалану керек. Адам ресурсын орынсыз пайдаланса, керек дүниесіне, өз мақсатына жетпей қалуы мүмкін. Бұл кез келген ресурсқа қатысты. Ал қаржылай сауатты адам қандай болады? Tamga Media портретін жасап көрді. 


Қаржылай сауатты адамды сипаттайтын нақты бір қатып қалған критерий жоқ. Бірақ дүниежүзіндегі қаржы сарапшылары мұндай адамға тән бірнеше ортақ қасиетті атаған. Әрқайсына жеке-жеке тоқталайық.


1.Ақша таба біледі


Қаржылай сауатты адам ақша таба біледі. Ең қарапайым, бірақ маңызды нәрсе. Бұл міндетті түрде жеке кәсібі немесе жалақысы жоғары жұмысы болуы керек деген сөз емес. Бастысы, адамның тұрақты кірісі болуы керек. Мысалы, біреу тұрақты жұмысқа орналасып, ай сайын жалақы алады. Кәсіпкер сұлулық салонын басқарып, күнделікті табысын табады. Студент оқып жүріп, репетитор болып істейді. 


2.Табысы мен шығынын бақылап, бюджетін жоспарлайды


Табыс пен шығынға есеп жүргізу – ақшаңыздың қайда кетіп жатқанын түсінудің ең қарапайым жолы. Бір айда тамаққа, жолға, қыдыруға, несиеге қанша жұмсағаныңызды жазып жүрсеңіз, қандай шығын міндетті, ал қайсысына артық ақша кетіп жатқанын бірден көресіз. Қаржылай сауатты адам тек жазып қоймай, содан қорытынды шығарып, бюджетін дұрыс жоспарлайды.


Есеп жүргізудің ең оңай құралы – Excel. Онда табыс пен шығынды санаттарға бөліп, реттеп отыруға болады. Сонымен қатар Coinkeeper сияқты қосымшалар да ыңғайлы: шығындарды жазып, әр санатқа ай сайын лимит қоюға мүмкіндік береді. Лимит аяқталса, сол санатқа ақша жұмсамауды үйренесіз.




3.Шығыны табысынан аспайды


Бұл – өзінде бар сомадан көп ақша жұмсамау деген сөз. Шығын табыстан асып кетсе, адам қарызға батады немесе ақша жинай алмайды. Мысалы, айлығыңыз 300 000 теңге болса, шығыныңыз да осы сомадан аспауы керек. Ал 320 000 теңге жұмсасаңыз, 20 000 теңге қарыз пайда болады. Оны келесі айдың жалақысынан алып өтесеңіз, қаржылық тепе-теңдік бұзылады. Қазақтардың “көрпеңе қарай көсіл” деген сөзінің мәні де осыда. 


4.Қаржысын эмоцияға беріліп, жұмсамайды


Мерекеге арналған жүзінші гирлянда, әдемі ваза немесе касса жанындағы шоколад – мұның бәрі эмоция сыйлағанымен, кейде ойланбай сауда-саттық жасауға итермелейді. Қаржылай сауатты адам мұндай импульсивті қадамға бармайды. Ол бюджетіне қарап, шешім қабылдайды. 


Ең басты қағидасы – әлі таппаған ақшаны жұмсамау. Қолға тимеген ақшаны жұмсау – болашақтағы өзіңізден қарыз алу. Әрине, кейде өте қажет заттарға ақша жетпей жатады. Олар шынымен қажет болса және табысы оның ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік берсе, оны да саналы түрде пайдалана алады.


5.Ақша жинайды 


Қаржылай сауатты адам көбіне екі мақсатта ақша жинайды. Біріншісі – қомақты соманы қажет ететін мақсатын орындау. Мәселен, көлік алу, ипотека рәсімдеу, саяхатқа ақша жинау. Екнішісі – күтпеген жағдайда көмектесетін қауіпсіздік қорына ақша жинау. Мәселен, адам кенеттен жұмысынан айырылып қалуы, ауырып қалуы немесе тағы басқа жағдайға ұшырап, ойламаған шығын пайда болуы мүмкін. Сол кезде осы қордағы ақша құтқарады. Қауіпсіздік қорында кемінде 6 айға жететін сома болуы керек. Мәселен, жалақыңыз 300 000 теңге болса, қауіпсіздік қорыңызда кемі 900 000 - 1 000 000  теңге болуы керек. 


6.Ақшасын еселеп, қаржылай еркін болуға ұмтылады


Қаржылай сауатты адам табысынан артқан ақшасын көбейту жолын іздейді. Инвестиция жасайды, ақшасының өздігінен ақша табуына жағдай жасайды. Бірақ маңызды қағида бар: әуелі негізгі шығындарды өтеп, жинақ қалыптастырып алу керек. Осыдан кейін ғана артылған қаражатты инвестиция сияқты қаржылай еркін ететін салаларға салуға болады.


Қалай ақша жинауға болады?


Кейбірі “табысымнан ақша артылса, жинаққа саламын” дейді. Бірақ, мойындайықшы, ақша ешқашан артылмайды. Сондықтан жалақы түскенде бірден бір бөлігін жинаққа салу керек. 


“50-30-20” ережесі 


Бюджетті тиімді бөлудің бір жолы – "50-30-20" ережесі. Мұнда табыстың 50%-ын негізгі міндеттер мен қажеттілікке жұмсау керек: несиесін, ипотеканы өтейміз, пәтер ақысын, коммуналды төлемді төлейміз, азық-түлік аламыз және тағы басқа. 20%-ын жинаққа салыңыз. Сосын қалған 30%-ын жеке қалауыңызға жұмсаңыз: киім-кешек алыңыз, спортзалға абонемент алыңыз, ағылшынға қатысыңыз. 


70-20-10 ережесі


Бұл ереже бойынша, табыстың 70%-ы негізгі шығынды өтеуге, 20%-ы жинаққа, 10%-ы қайырымдылыққа жұмсалуға тиіс. Қаржы сарапшыларының көбі осы екі әдісті тиімді дейді. Дегенмен әр адам пайыз мөлшерін, өз жалақысына, жағдайына қарап та белгілей алады. 



Шығынды азайту


Өмір сапасын түсірмей-ақ, ақша жинауға болады. Мәселен, шығынды азайтуға болады: Netflix-тегі жазылымнан бас тартаңыз, жұмыста түскі асты сырттан ішпей, үйден пісіріп апарыңыз. Бір қарағанда аз мөлшердегі шығын сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен осындай шығындарды азайтып, соған кеткен ақшаны қорға салсаңыз, әжептәуір ақша жиналады. Бұл – үнемдеу емес, болашаққа жасалған инвестиция.  


Ақшаны дұрыс жерде сақтау


Қазір ақшаны үйде  емес, банктің депозит шотында сақтаған тиімді. Себебі экономика құбылмалы, ақша құны бірде өседі, бірде төмендейді. Оған қоса инфляция да бар. Ал банк депозитіндегі ақша еселеніп отырады. Ұлттық банк банкрот болса да, 20 миллион теңгеге дейінгі депозитті қайтаруға кепілдік береді. Мақсатыңыз қысқа мерзімді болса, теңгемен ақша жинаған тиімді. Ал ұзақ мерзімді болса, доллармен жинаған дұрыс.

Бөлісу:

Қаржылай сауатты адам қандай болады? — Tamga media