Неліктен алтын мен криптовалюта бір уақытта арзандады және мұндай сәтте инвестор не істеуі керек? Қаржы нарығында акциялар мен крипто өссе, алтын төмендейтін, ал дағдарыста алтын қымбаттайтын қарапайым логика бар. Алайда, тарихта сирек те болса, қауіпсіз алтын да, тәуекелді криптовалюта да бір мезетте құлдырайтын ерекше кезеңдер болады. Бұл мақалада біз қос активтің бірге арзандау себептерін талдап, нарықтың алдағы бағытын болжаймыз және осындай тұрақсыз шақта ақшаны сақтап қалудың тиімді жолдарын ұсынамыз.
Бұл материал қаржылық кеңес деп саналмайды.
Бәріне жеңілдік пе, әлде бәрі арзандап жатыр ма?
Қазір нарықта не болып жатқанын түсіну үшін алдымен қай активтердің арзандағанына мән берейік.
20 қарашада биткоин бағасы 2 шілдеден бері алғаш рет 60 мың доллардан төмен түсті. Бір күн ішінде оның бағасы 58 811 долларға дейін төмендеп, тәулігіне 5,6%, ал бір айда шамамен 30% төмендеді. Тарихи ең жоғары бағасымен салыстырғанда биткоин 53%-дан астам арзандаған. Сол күні Ethereum бағасы шамамен 1733 долларға дейін құлдырап, 3 шілдеден бері ең төменгі көрсеткішке жетті. Криптовалюта мен қауіпсіз актив саналатын алтын бағасының бір мезгілде арзандауы нарықтағы ауқымды өзгерістерді көрсетеді.

Алтын бағасы бір апта ішінде 9%-ға арзандап, инвесторларды мазасыздандырды. Қазіргі баға 2025 жылдың қыркүйегінен бергі ең төменгі көрсеткіш. Осы жылдың қаңтарында шарықтап тұрған алтын бағасы қазір өз құнының үштен бірін жоғалтты. Алтынмен бірге күміс пен платина да арзандап жатыр.
Ал акциялар нарығында не болып жатыр?
Nvidia айналасындағы жағдайдың өзі технологиялық сектордағы құбылмалылықты көрсетеді. 12 қарашада компанияның ұзақ жылдар бойғы басшысы Дженсен Хуанг CEO қызметінен кеткен еді. Алайда 23 қарашада Nvidia директорлар кеңесі оны қайтадан президент және бас директор қызметіне тағайындады. Дегенмен бір компаниядағы өзгеріс бүкіл нарықтағы жағдайды түсіндірмейді. Nasdaq индексі 2 қарашада төмендеу кезеңіне кірді. Ол 2 қарашада қазан айындағы рекордтық көрсеткішінен 10,4% жоғалтып, түзету (коррекция) кезеңіне енді. Бұл – жыл басынан бергі үшінші құлдырау. Қор нарығы сәуірден бері болмаған ең төменгі көрсеткішке қарай құлдырап барады. Қазіргі жағдайға қарасақ: криптовалюта да, бағалы металдар да, акциялар да бір мезетте арзандап жатыр. Инвесторлар мазасыз. Дегенмен, бұл жолғы жағдай жай ғана эмоциялық шошынуға емес, тереңірек қаржылық уайымға ұқсайды.
Нарық құбылып, инвесторлар қорыққанда не істейді?
Олар ақшасын инвестициядан біржолата алып кетпейді. Оның орнына тәуекелі жоғары активтерді (мысалы, акцияларды) тез арада сатып, қауіпсіз, сенімді құралдарға ауыстырады. Көбіне алтын немесе мемлекеттік облигациялар сатып ала бастайды. Қаржы әлемінде мұны «қауіпсіз айлаққа қашу» (flight to safety) деп атайды. Мұндай кезең басталғанын алтын бағасының күрт өсуінен бірден байқауға болады.
Мұны күнделікті өмірдегі мысалмен түсіндіріп көрейік. Сіздің көлігіңіз бар делік. Ол алғашында сізді қуантып, шаруаларыңызға жарап, жақсы қызмет етеді. Бірақ уақыт өте келе бұзыла береді, тіпті уақытыңыздың 80%-ын автосервисте өткізетін болдыңыз. Сіз бұл көлікке ақша құя берудің мағынасы жоқ екенін түсініп, оны алған бағаңыздан арзанға сатып, орнына жаңа басқа көлік алуды жөн көресіз. Адамдар көліктен біржола бас тартпайды, тек басқасына ауысады. Инвестицияда да дәл солай. Нарықта құбылыстар басталғанда, ешкім инвестициялаудан бас тартпайды, жай ғана ақшаларын алтынға аударады, содан алтын бағасы өседі. Алайда, дәл қазіргі жағдайда алтын қымбаттаудың орнына, керісінше, арзандап жатыр.
Мұны сезім тұрғысынан қарастырсақ (себебі инвестиция тек есеп емес, сонымен бірге эмоция ғой): стадионда дабыл қағылды деп елестетіңіз. Егер адамдар ашық трибунадан бетонды жабық баспанаға қарай жүгірсе – қорқыныш. Демек, ол баспананың іші адамға толып, тар болатынын (яғни алтынның сұранысқа ие болып, қымбаттайтынын) болжауға болады. Ал егер трибуна да, әлгі жабық баспана да бір уақытта босап қалса, демек, адамдар басқа жерде айналысатын маңыздырақ шаруа тауып, бұл жерден мүлдем кетіп қалған.
Қазіргі бүкіл жағдай активтерді бағалау ережелерінің мүлдем өзгеріп кеткеніне ұқсайды.

Күтудің өзі қымбаттады
Кез келген нәрсенің, соның ішінде уақыттың да өз құны бар. Қаржы нарығында бұл құнды пайыздық мөлшерлеме деп атайды. Мөлшерлеме – сіздің күтуге келіскеніңізге төленетін ақы. Қазіргі уақытта болып жатқан жағдайдың барлығы осыған келіп тіреледі: күтудің құны қымбаттады.
2026 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі (ФРЖ) мөлшерлемені 2023 жылдан бері алғаш рет 3,75-4,00%-ға дейін көтерді. Қазан айында оны өзгертпеді, бірақ дауыс берген 12 адамның екеуі сол кездің өзінде-ақ өсіруді қолдады. Ал қазан айындағы инфляция көрсеткіштері болжағаннан төмен болғаннан кейін, нарықта ешқандай күмән қалмады. 9 желтоқсандағы отырыста мөлшерлеме 99% ықтималдықпен өседі деп күтілуде, сондай-ақ өсім 2027 жылы да жалғасуы мүмкін. Бұл жағдай бірден басқа көрсеткіштерге де әсер етті. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5%-дан асты, инфляцияны шегергендегі нақты кірістілік 2,88%-ға жетті, ал доллар 2025 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары деңгейге дейін нығайды. Инвестиция нарығы АҚШ-қа қатты тәуелді, бұл туралы ұзақ талқылауға болады, бірақ алдымен қазіргі жағдайдың мәнін түсініп алайық.
Мұны қарапайым мысалмен қалай түсінуге болады? Көршіңіз өзінің ағаш шеберханасына ақша салуды ұсынды делік. Ол бес жылдан кейін ақшаңыз екі еселенеді, яғни жылына 20%-дан пайда табасыз, бірақ бүкіл соманы тек 5 жылдан кейін бір-ақ аласыз деп уәде береді. Келісесіз бе? Егер көршіңізге сенсеңіз және банктер депозиттерге 0% төлеп тұрса, келісуіңіз әбден мүмкін. Көршінің ұсынысы керемет көрінеді, өйткені бәрібір басқа жерден мұндай пайда таба алмайсыз.
Ал енді банк кенеттен жылына 5% төлей бастады деп елестетіңізші. Бұл жерде ешқандай тәуекел жоқ – банк сенімді, ол ақшаны нақты қайтарады. Осы сәтте сіз ойлана бастайсыз: тәуекелге бел буып, ақшаны көршіге берген дұрыс па, әлде банкке салып, аз болса да, кепілдендірілген табыс алған тиімді ме? Міне, көз алдыңызда күтудің құны өсті. Көршіңіз сізді көндіруге енді бұрынғыдан әлдеқайда көп пайда ұсынуы немесе көбірек кепілдік беруі керек. Оның шеберханасы бұрынғыдай, ештеңе өзгерген жоқ, бірақ сізде тиімдірек балама нұсқа (альтернатива) пайда болды.

Уәдемен ғана «төлейтіндер» ұтылып жатыр
Қазіргі нарықтағы активтерді шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады.
Бірінші топ – дәл қазір және тұрақты түрде табыс әкелетіндер. Бұған депозиттер, облигациялар, дивиденд төлейтін тұрақты компаниялардың акциялары жатады.
Екінші топ – бүгін ешқандай тұрақты табыс әкелмейтін, бірақ болашақта қымбаттайды деген үмітпен бағаланатын активтер.
Қазір ең көп қысым көріп отырғандар – осы екінші топ. Мысалы, алтын пайыз төлемейді. Оны ұстап отырғаныңыз үшін тұрақты табыс алмайсыз. Ал пайыздық мөлшерлеме өскен сайын алтын ұстаудың «жасырын құны» да артады. Себебі сол ақшаны пайыз төлейтін құралға салсаңыз, нақты табыс алар едіңіз. Биткоинда да осыған ұқсас жағдай. Ол да пайыз немесе дивиденд төлемейді. Айырмашылығы – алтынның мыңдаған жылдық беделі бар, ал биткоин әлдеқайда жас және тәуекелі жоғары актив.
Ал жылдам өсіп жатқан технологиялық компаниялардың акцияларының жағдайы сәл күрделірек. Олардың бағасы көбіне бүгінгі табысына емес, болашақта қанша пайда табатынына деген үмітке сүйенеді. Бұған жасанды интеллект саласындағы көптеген жобаның болашағына қатысты күмән де қосылып отыр. Бұл негізгі себеп емес, бірақ нарықтағы жалпы көңіл күйге әсер ететін факторлардың бірі. Инвестиция нарығы бір ғана себеппен қозғалмайды, сондықтан осы фонға да назар аударған жөн. Қазір инвесторлар технологиялық компаниялардың жасанды интеллектке құйып жатқан орасан қаржысы қашан өзін ақтайтынын жиі сұрай бастады. Жуырда Anthropic акциялары биржадағы алғашқы саудасынан кейін 9,3% төмендеп, бүкіл AI секторына қысым түсірді. Содан кейін компаниялар салған ақшасын қашан қайтара бастайды, қанша уақыт шығынмен жұмыс істеуге болады деген сұрақтар туындады.
Бұл тақырыпты Tamga Media-ның жасанды интеллект компанияларының экономикасы туралы бөлек материалында егжей-тегжейлі түсіндіргенбіз. AI-компанияларға әр жаңа қолданушы тек табыс көзі емес, сонымен бірге қосымша шығын. Сондықтан олардың бизнес-моделі көбіне «болашақта бәрі өзін ақтайды» деген үмітке сүйенеді. Осы өзгерістер криптовалюта нарығына да әсер етіп отыр.
Биткоин бұрын акция нарығына балама актив ретінде қабылданса, қазір ол технологиялық акциялармен бірге қозғалатын, бірақ құбылмалылығы жоғары бола бастады. Сондықтан инвесторлар тәуекелді төмендеткенде, биткоинды бірінші сататын активтердің біріне айналдырады. Тек қараша айының өзінде АҚШ-тағы биткоин қорларынан 14 сауда сессиясы ішінде шамамен 3,47 млрд доллар шығарылған.

Ақша қайда кетіп жатыр?
Бүгінде инвесторлар қаржысын тек бағалы металдарда ғана емес, нарықтағы ең «қызықсыз», бірақ барынша қауіпсіз саналатын – ақша нарығы қорларында жасыруды жөн көреді. Мемлекеттік қысқа мерзімді қарыз қағаздарына арқа сүйейтін бұл құралдар тәуекелді барынша азайтып, ақшаны құнсызданудан қалай қорғайтынын бірге талдап көрейік.
2026 жылы мұндай қорлардағы актив көлемі тарихи рекордқа жетіп, шамамен 8,3 трлн доллар болды. Салыстыру үшін, бұл Жапония экономикасының көлемінен шамамен екі есе көп. Ең қызығы, бұл қорларға тек ірі компаниялар емес, қарапайым жеке инвесторлар да белсенді ақша салып жатыр. Бөлшек инвесторлардың үлесі рекордтық 3,08 трлн долларға жеткен.
Бір жағынан, бұл инвесторлардың қазір тәуекелге барғысы келмей, ақшасын уақытша қауіпсіз әрі табыс әкелетін жерде ұстауды жөн көріп отырғанын көрсетеді. Бірақ ақша нарығы қорлары – әдетте мәңгілік тұрақ емес. Егер алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемелер төмендей бастаса, бұл қорлардың табыстылығы да азаяды. Сонда қазір сол жерде жатқан триллиондаған доллар қайтадан жоғары табыс іздеп, акциялар, криптовалюта немесе басқа активтерге ауысуы мүмкін.
Нарықта «ертеңгі бос уәдеден, бүгінгі нақты табыс» маңыздырақ болып тұр
Бүгінгі таңда нарықта үлкен өзгеріс болып жатыр. Инвесторлар беймәлім болашақтан гөрі, дәл қазір және жақын уақытта нақты табыс әкелетін жобаларға көбірек мән бере бастады. Негізінде, кез келген инвестиция бүгін ақша салып, ертең одан көбірек пайда табуды көздейді. Бірақ ол пайданың мерзімі неғұрлым алыс болса, соғұрлым тәуекел жоғарылап, күдік көбейеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын, банктердегі пайыздық мөлшерлеме нөлге жақын болған кезде, инвесторлардың таңдауы аз еді. Тәуекелсіз құралдардан ештеңе таба алмаған соң, олар тіпті 2030 жылы ғана жемісін беруі мүмкін ұзақ мерзімді, беймәлім жобаларға да ақша салуға дайын болды.
Ал қазір жағдай өзгерді. Инвесторға алдағы үш айда түсетін нақты табыс бірнеше жылдан кейін болуы мүмкін үлкен пайдадан тартымдырақ көріне бастады. Бұл жасанды интеллектке немесе блокчейнге деген сенім жоғалды деген сөз емес. Ешкім бір күнде «AI пайдасыз» немесе «блокчейннің болашағы жоқ» деп шешкен жоқ. Тек олардың болашағына ақша тігіп, ұзақ уақыт күту қымбаттады. Себебі дәл қазір-ақ салыстырмалы түрде қауіпсіз құралдардан пайыздық табыс алуға болады.
Жыл соңында нарыққа тағы бір маңызды фактор әсер етеді. Осы кезеңде қор басқарушылары жылдық есептерін қорытындылап, жаңажылдық демалыстар алдында қаупі жоғары (тәуекелді) активтерден арылуға тырысады. Әсіресе, клиенттерге немесе инвесторларға «бұл күмәнді активті не үшін портфельде ұстап отырмыз?» деп дәлелдеп, түсіндіру қиын болса, мамандар оны бірден сатып жіберуді жөн көреді.
Ал қарызға алынған ақша пайдаланылған кезде нарықтағы құлдырау өзін-өзі күшейте бастайды. Бұл қалай жұмыс істейді? Трейдер актив сатып алуға ақшаның бір бөлігін өзі салады, ал қалғанын биржадан қарызға алады. Баға өссе, ол тек өз ақшасынан емес, қарыз қаражаттан да пайда табады. Бірақ баға төмендей бастаса, шығын да тез ұлғаяды. Бір кезде трейдердің өз ақшасы шығынды жабуға жетпей қалады. Сонда биржа мәмілені автоматты түрде жауып, активті сатады. Мұны ликвидация деп атайды. Яғни трейдер активті өзі сатуға шешім қабылдамайды – позиция қарыз берген тараптың талабымен мәжбүрлі түрде жабылады. Жұма күні криптовалюта нарығында небәрі бір сағат ішінде осындай жолмен 553 млн долларлық позиция жабылған.
Осыдан кейін домино әсері басталуы мүмкін. Бір мәжбүрлі сатылым бағаны тағы аздап төмендетеді. Баға төмендеген сайын келесі трейдердің де кепілге салған қаражаты жеткіліксіз болып, оның позициясы жабылады. Сөйтіп бір ликвидация екіншісін қозғайды. Сондықтан мұндай мәмілелер қай баға деңгейінде көбірек шоғырланғаны маңызды. Glassnode сарапшылары биткоин үшін 59,5-62,2 мың доллар аралығын «максималды ауырсыну аймағы» деп атаған. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – баға осы аралыққа түскен сайын көп трейдердің позициясы мәжбүрлі түрде жабылуы мүмкін аймақ. Әр жаңа сатылым бағаны одан әрі төмендетіп, келесі ликвидацияларды қозғауы ықтимал.
Енді не болады?
Алдағы ең маңызды күндердің бірі – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің 9 желтоқсандағы отырысы. Бірақ нарық үшін мөлшерлеменің дәл сол күні көтерілуі не өзгеріссіз қалуы ғана маңызды емес. ФРЖ пайыздық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін ғана емес, сонымен бірге алдағы бір-екі жылда нарықтың қай бағытта өзгеретіні туралы өз болжамдарын да жариялайды. Инвесторлар үшін бүгінгі көрсеткіштен гөрі, дәл осы болашаққа деген күтулер әлдеқайда маңызды. Сондықтан кейде ресми шешімнің өзінен қарағанда, осы болжамдағы бір ғана кішігірім өзгеріс нарықты қатты сілкіндіріп, бағаларды күрт қозғалысқа келтіруі мүмкін.
Егер ФРЖ пайыздық мөлшерлемені көтеруді тоқтатып, қайта төмендететінін аңғартса, нарықтағы жағдай 180 градусқа өзгереді. Мұны қарапайым тілмен «болашақты күту қайтадан арзандады» деп түсінуге болады. Баяғы көршіміз бен шеберхана мысалына оралайық. Егер банктегі депозит мөлшерлемесі 5%-дан 2%-ға түсіп кетсе, көршіңіздің «бес жылдан кейін үлкен пайда әкелемін» деген ұсынысы қайтадан тиімді көріне бастайды. Неге? Өйткені шеберхананың өзінде ештеңе өзгерген жоқ, тек ақшаңызды тәуекелсіз сақтайтын банктің беретін табысы азайды. Қаржы нарығында да дәл осы үрдіс жүреді: пайыздық мөлшерлеме төмендегенде, инвесторлар банкте тыныш жатқан ақшаны шығарып, болашақта үлкен табыс әкелетін активтерге қайта инвестициялай бастайды. Нәтижесінде, жылдам өсетін технологиялық компаниялардың акциялары, алтын және биткоин сияқты активтер қайтадан «трендке» шығады.

Керісінше, егер ФРЖ алдағы уақытта да мөлшерлемені көтере беретінін көрсетсе, қазіргі қысым ұзаққа созылуы мүмкін. Ондай жағдайда инвесторлар жоғары мөлшерлемені уақытша құбылыс емес, ұзақ уақыт сақталатын жаңа жағдай ретінде қабылдай бастайды.
ФРЖ отырысынан бөлек, нарықтағы жағдайды түсінуге бірнеше көрсеткішке назар аударуға болады.
АҚШ мемлекеттік облигацияларының нақты табыстылығы мен доллар бағамы. Нақты табыстылық — облигациядан түсетін кірістен инфляцияны алып тастағандағы көрсеткіш. Ол және доллар күшейіп тұрса, тәуекелі жоғары активтерге қысым сақталуы мүмкін.
Биржалық қорларға ақша кіріп жатыр ма, әлде шығып жатыр ма? ETF деп аталатын биржалық қорлардағы ақша қозғалысы ірі инвесторлардың нарыққа қайта кіріп жатқанын немесе керісінше ақшасын шығарып жатқанын көрсетеді.
Ақша нарығы қорларындағы қаражат көлемі. Қазір мұнда триллиондаған доллар жиналып тұр. Егер бұл көлем азая бастаса, инвесторлардың қайтадан тәуекелі жоғары активтерге ақша аудара бастағанының белгісі болуы мүмкін.
Нарық үшін маңызды баға деңгейлері. Кей активтерде инвесторлар ерекше назар аударатын шектер бар. Мысалы, биткоин үшін шілдедегі 57 737 доллар деңгейі маңызды болуы мүмкін. Ethereum үшін 1700–1750 доллар аралығы және жыл ішіндегі 1506 долларлық минимум назарда тұр. Ал алтын бойынша кей сарапшылар унциясына 3500 доллар деңгейіне дейін төмендеу қаупін айтып отыр.
Бұл деңгейлер болашақты дәл болжап бермейді. Бірақ инвесторлардың қай жерде белсендірек әрекет етуі мүмкін екенін түсінуге көмектеседі.
Қазіргі уақытта қаржы нарығының болашағын айқындайтын бір ғана басты сұрақ бар: жоғары пайыздық мөлшерлеме уақытша құбылыс па, әлде біз ұзақ уақыт бойы өмір сүретін жаңа шынайылық па? Дәл осы сұрақтың жауабы инвесторлардың алдағы стратегиясын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Олар не бүгінгі күннің нақты әрі кепілді табысын (мысалы, облигациялар мен депозиттерді) таңдайды, не тәуекелге бел байлап, қайтадан болашақта еселеп өсетін стартаптар мен технологиялық компанияларға қаржы құя бастайды. Нарықтың қай бағытқа бұрылатыны осы таңдауға тікелей байланысты.



