Жаздың кеші. Достарыңызбен таза ауада отырсыз. Бәрі жайбарақат сөйлесіп отырғанда, сіз масаға таланып жатырсыз. «Неге мені ғана шаға береді?» деп ойлайсыз. Таныс жағдай ма? «Қаным тәтті шығар» деп өзіңізді жұбатқан боларсыз. Бірақ, шын мәнінде, маса адамды жайдан жай таңдамайды. Ғалымдар қансорғыштардың кей адамға ерекше үйір болатынын дәлелдеген. Tamga Media маса бізді неге шағатынын және одан қалай құтылуға болатынын талдады.
Маса адамды қалай таңдайды?
Көмірқышқыл газы (CO₂). Масалар бізді әуелі дем арқылы табады. Адам дем шығарғанда бөлінетін көмірқышқыл газы қансорғыштар үшін нағыз маяк іспетті. Әсіресе, ірі денелі адамдар, жүкті әйелдер және спортпен шұғылданып жатқандар CO₂-ні көбірек бөлетіндіктен, масалардың бірінші құрбанына айналады. Жүктілік кезінде әйелдің дене қызуы сәл жоғарылайды және гормон өзгерістеріне байланысты терінің химиялық құрамы масаларға қатты ұнайтындай болып өзгереді.

«Маса магниттері». Әр адамның терісіндегі бактериялар, микробиом әртүрлі. Осы бактериялар терді ыдыратқанда өзіндік иіс шығарады. 2022 жылы Cell журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, кейбір адамның терісінде карбон қышқылдарының (carboxylic acids) мөлшері тым жоғары. Масалар дәл осы қышқылдың иісіне «ессіз ғашық». Зерттеушілер мұндай адамдарды ғылыми ортада бейресми түрде «mosquito magnets» (маса магниттері) деп атап кеткен.
Дене жылуы мен тер. Спортпен айналысқаннан кейін немесе терлегеннен кейін маса сізге құмарланып кететінін байқадыңыз ба? Бұл да заңдылық. Масалар адамға жақындаған сәтте денеден шығып тұрған жылуды және теріден бөлінетін ылғалды сезеді. Масалардың құрамында температураның өзгеруін сезетін арнайы терморецепторлары бар. Олар жылу бөлетін температурасы жоғарырақ аймақтарға, әсіресе адамның басына, мойнына және қол-аяғына көбірек қонады.
Қан тобы. Бұл бағыттағы зерттеулер әртүрлі болғанымен, ғалымдар масалардың көбіне I қан тобындағы адамдарды шағатынын байқаған. Масалар мүлде жоламайтын қан тобы жоқ, бірақ олар ең аз шағатын қан тобы – II. Адамның масаға тартымдылығы ішінара генетикаға да байланысты. Гендеріміз тері химиясына, иістерге және микробиом құрамына тікелей әсер етеді.
Киімнің түсі. Кейде бәрін киімнің түсі шешуі мүмкін. Масалар қара және қою көк сияқты күңгірт түстерге қатты тартылады. Сондықтан жазда ашық түсті киім киген дұрыс.
Масадан қалай қорғанамыз?
Дұрыс репеллент таңдаңыз. Кез келген спрей көмектесе бермейді. Құрамында DEET, пикаридин (icaridin/picaridin) немесе IR3535 бар репелленттер қолдансаңыз, маса айтарлықтай аз шағады. Сатып алар кезде құрамына міндетті түрде назар аударыңыз.
Дұрыс киініңіз. Маса ашық теріні аңдиды. Сондықтан табиғатқа шыққанда жеңі ұзын жейде, шалбар және жабық аяқкиім киіңіз.
Күн батарда және таңсәріде далада ұзақ жүрмеңіз. Маса дәл осы уақытта белсенді. Ал үйге кірмес үшін терезеге арнайы тор орнатыңыз.
Тұрып қалған суды төгіңіз. Масалар жұмыртқасын көбіне тұрып қалған суға салады. Ауладағы шелекте немесе гүл құмырасының астында тұрып қалған су олардың көбеюіне таптырмас орын.
Терлеген соң, жуыныңыз. Тер құрамындағы сүт қышқылы, аммиак және басқа қосылыстар масаларды өзіне тартады. Сондықтан ауыр жұмыс немесе жаттығудан кейін бірден душқа түсіп алыңыз.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, масалардың нысананы таңдауы кездейсоқ емес. Олар бізді көмірқышқыл газы, дене жылуы және теріміздегі көзге көрінбейтін бактериялар шығаратын иіс арқылы табады. Егер сіз терісінде карбон қышқылдары жоғары «маса магниті» болсаңыз, ренжудің қажеті жоқ. Тек сапалы репеллент қолданып, дұрыс киініп, қорғаныс шарасын сақтасаңыз жазды жайлы өткізе аласыз.




