Жаз шыға салысымен көпшілік демалысқа асығып, жолға қамданады. Әуежайларда ине шаншар орын болмай, рейстердің бәрі лық толып жатады. Дәл осы қарбалас маусымда әуе билеттері көптеп, кейде тіпті орын санынан артық сатылып жатады. Мұндай жағдай «овербукинг» деп аталады.
Бұл құбылыстың салдарынан сіз рейстен қалып қоюыңыз мүмкін. Басына күн тумайынша, ешкім мұны алдын ала уайымдамайтыны рас. Tamga Media бұл жағдайдың астарында не жатқанын, заң сізді қалай қорғайтынын және ұшаққа өткізбей қойған сәтте не істеу керек екенін саралап шықты.
Овербукинг деген не?
Овербукинг – билеттің артық сатылуы. Сырт көзге бұл әуекомпаниясының қатесі сияқты көрінгенімен, іс жүзінде әлемдегі ірі тасымалдаушының бәрі дерлік осы тәсіл арқылы ақша табады.
Мұның мәні неде? Ұшақ рейсіне билет алған жұрттың бір сыпырасы рейске келмей қалады. Бірі сырқаттанып қалса, бірі кешігеді, енді бірінің жоспары өзгеріп кетеді. Әуекомпаниялары қай бағытта, қай маусымда қанша адам келмей қалатынын беске біледі. Сондықтан ұшақ бос кетпесін деп, әуел бастан-ақ орын санынан көп билет сатады. Әдетте бұл есептері дөп келіп, жолаушылар ештеңе сезбей, аман-есен ұшып кетіп жатады.
Бұл жерде компания қателесіп отырған жоқ, олар саналы түрде тәуекелге бел буады. Бірақ кейде есебінен жаңылысып жатады да, оның зардабын жолаушылар, яғни сіз тартасыз.
Бүкіл жолаушы жолдан қалмай, рейске түгел жиналған күні нағыз мәселе басталады. Ұшақта бірен-саран адамға орын жетпей қалады да, тіркейтін бағанда немесе жолаушыларды ұшаққа отырғызуға кіргізетін қақпада (гейтте) сізді тоқтатып, «орныңызды басқаға беріңіз» деп өтіне бастайды.

Ұшақтан кімдер қалып қоюы мүмкін?
Әуекомпаниялар «артық» жолаушыларды қандай сүзгіден өткізетінін айтпайды, бұл – ішкі құпия. Дегенмен жылдар бойғы тәжірибе көрсеткендей, белгілі бір заңдылықтар бар. Көбіне тіркеуге ең соңында келіп, сызықтың артында қалғандар, жалғыз-жарым саяхаттап жүргендер, билетті арзанға (акция бойынша) алғандар немесе компания үшін ақшасын қайтара салу ең аз шығын әкелетін жолаушылар бірінші кезекте шеттетіледі.
Есте сақтайтын жайт: басқа тиімді нұсқа ұсынбай, сізді рейстен жайдан-жай сызып тастауға ешкімнің хақысы жоқ. Орын жетпей қалса, бұл сіздің кінәңіз емес, тасымалдаушының өз соры. Демек, тығырықтан шығар жолды тауып, мәселені реттеу де солардың мойнында.
Қазақстан тәжірибесі: Біздің заң не дейді?
Сіз тіркеліп, отырғызу талонын алдыңыз, гэйт алдына келдіңіз. Дәл осы сәтте әуекомпаниясының қызметкері рейсте артық орындар сатылғанын хабарлап, өз еркімен орнын беретін адамдарды іздейді. Ниет білдіргендер табылмаса, мәжбүрлі түрде іріктей бастайды. Міне, осы кезде өз құқығыңызды білу өте маңызды. Осы тұста Қазақстан мен шетелдегі жағдайды алып қарайық.
Әлемнің басым бөлігінде овербукинг қалыпты бизнес-тәсіл саналып, заңмен рұқсат етілген. Ал бізде жағдай мүлдем басқа: Қазақстанда бұған заң жүзінде тікелей тыйым салынған. Әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларының 5-тармағында сатылатын билет саны ұшақтағы нақты орын санынан аспауға тиіс деп нақты жазылған.
2025 жылдан бастап енгізілген жаңа айыппұлдар
Осы уақытқа дейін овербукинг үшін әкімшілік жауапкершілік тек халықаралық рейстерге қатысты болатын. Ал ел ішіндегі бағыттарда орынсыз қалған жолаушылардың құқықтары ресми түрде қорғалмай, олар заңға жүгіне алмайтын.
2025 жылғы сәуірде бұл мәселе реттелді. Бас прокуратураның бастамасымен Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті өзгертті. Енді билетті артық сатқан әуекомпаниялары ішкі рейстер бойынша да жауапкершілікке тартылады. Яғни әуе тасымалдаушысына 50 АЕК (2026 жылы 1 AEK – 216 250 теңге) айыппұл салынады.

Сотқа дейін барған оқиға
Жоғарғы сотқа дейін барып, әуекомпаниясын сабасына түсірген Қарағанды тұрғынының ісі – бұған таптырмас мысал. Жолаушы отбасымен бірге демалу үшін 420 000 теңгеге «Астана – Фукуок – Астана» бағытына төрт билет сатып алады. Бірақ ұшарға бір тәулік қалғанда әуекомпаниясы хабарласып, овербукинг кесірінен рейстен қалдырғанын айтады.
Тасымалдаушы екі-ақ таңдау ұсынады: не билеттің ақшасын қайтарып алу, не екі күннен кейін ұшатын «Алматы – Дананг – Алматы» бағытына ауысу. Билет құнының бір бөлігі қалтасына қайтқанымен, жолаушының көптен күткен демалысының астаң-кестеңі шығып, жоспары бұзылады.
Ашуланған жолаушы жайдан-жай беріле салмай, бірден сотқа жүгінеді. Сот істі қарай келе, «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 86-бабы 4-тармағын алға тартады: жолаушыны межелі жерге дер уақытында жеткізбегені үшін тікелей әуе тасымалдаушысы жауапты. Нәтижесінде сот жолаушының талабын толық құптап, әуекомпаниясына материалдық шығынды ғана емес, моральдық зиянды да өтеп беруді міндеттеді.
Қазақстанда кімнен көмек сұраймыз?
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті – салалық мәселелерді қадағалайтын негізгі реттеуші орган.
ҚР Бас көлік прокуратурасы – 2025 жылы овербукингке қатысты жазаны қатайтып, заңсыздыққа тосқауыл қойған бас қадағалаушы мекеме.
Сот органдары – тәжірибе көрсеткендей, жолаушы талабын дұрыс негіздесе, сот әрдайым оның жағында. Ең бастысы, ұшаққа өткізбей қойған сәттен бастап әр қадамыңызды құжаттап, бейнежазбаға түсіріп, айғақ жинап үлгеріңіз.
Тасымалдаушының үстінен үш жыл ішінде сотқа шағымдануға болады. Десе де, мәселені созбалаңға салмай, істі қызып тұрған сәтте шешкен тиімді.
Овербукингке тап болсаңыз, не істеу керек?
«Кешіріңіз, орын жетпей қалды» дегенді естігенде төбеден жай түскендей болатыны анық. Бірақ абдырап, сасқалақтаудың қажеті жоқ. Төмендегі алгоритм отандық әуежайларда да, шетелде де сізді тығырықтан алып шығады.

Сабыр сақтаңыз және бірден келісе кетпеңіз.
Әуекомпанияның қызметкерлеріне байсалды, бірақ нық үнмен ұшаққа отырғызбаудың себебін жазбаша ресми растап беруін талап етіңіз. Бұл қағазсыз кейін өтемақы өндіру немесе сотта уәж айту мүмкін емес. Тасымалдаушы мұндай құжатты беруге міндетті.
Қолыңызға ресми құжатты алыңыз.
Әуекомпанияның мөрі басылған анықтаманы немесе ресми бланкісін сұраңыз. Онда бас тарту себебі нақты көрсетілуге тиіс: мәселен, overstated (артық сатылған) деп жазылуы керек немесе сіздің атыңыз рейстен шеттетілген жолаушылар тізімінде көрсетілуі қажет.
Бәрін видеоға түсіріп, айғақ жинаңыз.
Рейс кестесі тұрған таблоны, қолыңыздағы отырғызу талонын, қызметкерлер ұсынған кез келген қағазды суретке, видеоға түсіріп алыңыз. Уақыт пен мекенжайдың көрініп тұрғаны дұрыс. Бұл айғақтар Азаматтық авиация комитетіне шағымданғанда да, сотта да таптырмас дәлел болады.
Тиесілі жеңілдіктерді сол жерде талап етіңіз
Сусын мен тамақ, күту залына кіргізу – міндетті түрде берілуі керек қызметтер. Рейс ұзаққа шегерілсе, қонақүй мен трансферді де талап етіңіз. Әуекомпанияның өзі ұсынғанын күтіп отырмай, бірден сұраған дұрыс. Есіңізде болсын: Қазақстанда бұл – тасымалдаушының заңмен бекітілген міндеті.
Ақша немесе жаңа рейс: тиімдісін таңдаңыз
Асығыс шешім қабылдамаңыз. Екі нұсқаны да таразылаңыз. Кейде билеттің ақшасын толық қайтарып алып, басқа компаниядан билетті өзіңіз сатып алған жылдамырақ. Ал кейде құқығыңызды толық сақтай отырып, балама рейсті күткен тиімді.
Ресми түрде шағымданыңыз.
Компания заңды өтемақыны төлеуден қашса немесе лайық қызмет көрсетпесе, Азаматтық авиация комитетіне немесе Бас көлік прокуратурасына арыз жолдаңыз. Ал шығын шаш етектен болса, істі тікелей сотқа өткізіңіз. Заң сіздің жағыңызда.

Өз еркіңізбен орын беретін болсаңыз…
Сол күні асығыс шаруаңыз болмаса, бұл жағдайды өз пайдаңызға жарата аласыз. Мұндайда сізге ваучер, бизнес-классқа жолдама, келесі сапарларға тегін билет, қолма-қол ақша немесе осының бәрін бірге ұсынуы мүмкін. Бұл сәтте саудаласудан қысылмаңыз. Өйткені компания мәселені ушықтырмай шешуге мүдделі, ал келісетін адам неғұрлым аз болса, олардың ұсынысы да соғұрлым құнды бола түседі.
Кеңес: Егер орныңызды беруге бел бусаңыз, бірден келісе кетпей, қолайлы шарттарды талап етіңіз. Алғашқы ұсыныс ең тиімдісі болуы екіталай.
Жағдайды нақтылаңыз: Келесі рейс қашан ұшады? Онда нақты бос орын бар ма және ол қай класта? Түнде күту керек болса, қонақүй шығынын кім өтейді? Осының бәрін тәптіштеп сұрап алыңыз.
Сөзге иланбаңыз: Қандай да бір құжатқа қол қоймай тұрып, барлық уағдаластықты қағаз жүзінде немесе email арқылы бекітіп үлгеріңіз.
Абайлаңыз: Мазмұнын толық түсінбейінше, «бұдан былай ешқандай талап қоймаймын» деген мағынадағы құжаттарға ешқашан қол қоймаңыз.
Шетелдегі ереже: Еуропа мен АҚШ-қа ұшқанда не өзгереді?
Еуропаға бет алсаңыз немесе еуропалық әуежайлар арқылы транзитпен ұшсаңыз, өзге құқықтық алаңға қадам басасыз. Мұнда овербукингке ресми түрде рұқсат берілген, бірақ оның тәртібі қатаң реттеледі.
ЕО № 261/2004 Регламенті
Еуропалық одаққа мүше елдің әуекомпаниясымен ұшсаңыз немесе ЕО аумағындағы әуежайдан аттансаңыз (тіпті тасымалдаушы өзге елдікі болса да), сіздің құқығыңызды ЕО № 261/2004 Регламенті қорғайды. Бұл – халықаралық авиациядағы жолаушылар мүддесін қорғайтын құжаттардың бірі. Заң талабы бойынша, орын жетпей қалған жағдайда әуекомпаниясы сіздің шығыныңызды өтеп, арнайы өтемақы төлеуге міндеттеледі.
Ескеретін тұсы: ұсынылған балама рейске келісіп, барар жеріңізге екі сағаттан аз уақыт кешігіп жетсеңіз, өтемақы мөлшері екі есе азаюы мүмкін. Бірақ ақшаны мүлдем төлемей қоюға хақылары жоқ.
АҚШ-тағы жағдай
АҚШ ережесі бойынша, ішкі рейстерді 1 сағаттан бастап, 2 сағатқа дейін кешіктірсе – 775 долларға дейін, ал 2 сағаттан асса немесе халықаралық рейстерде 4 сағаттан артық бөгелсе – 1550 долларға дейін өтемақы беріледі. Ең бастысы, бұл ақшаны түрлі ваучермен ғана емес, қолма-қол немесе чекпен талап етуге болады.

Жалғамалы рейстер (Ауысып отыру)
Бірінші ұшаққа сыймай қалып, соның кесірінен келесі жалғамалы рейсіңізге (пересадка) үлгермей қалсаңыз, әуекомпаниясы сізді межелі жерге дейін жеткізуге міндетті. Әуежайда залда күтіп отырғандағы тамағыңыз, қонақүй мен трансфер – барлық шығын тасымалдаушының мойнына ілінеді. Бұл ереже Еуропада да, Қазақстанда да бірдей.
Ұшақтан қалып қоймаудың амалы бар ма?
Овербукинг қаупін мүлдем нөлге теңестіру мүмкін емес. Бұл – әуекомпанияларының әбден қалыптасқан жүйелі тәжірибесі. Дегенмен бірнеше қарапайым ережені сақтап, зардап шегу мүмкіндігін барынша азайтуға болады.
Ертерек онлайн тіркеліңіз. Әдетте әуекомпаниялар рейстің ұшатын күніне 24-48 сағат қалғанда онлайн тіркелуге мүмкіндік береді. Сол кезде бірден тіркеліп алыңыз. Тізімнің алғашқы қатарында тұрған жолаушыларды ұшақтан шеттету жағдайлары сирек кездеседі.
Әуежайға ерте келіңіз. Алыс сапарларға ұшар алдында 2-3 сағат бұрын келуді әдетке айналдырыңыз. Тіркеу бағанына ең соңында сылдырап келгендер – орынсыз қалуға бірден-бір үміткерлер.
Уақытыңыз тығыз болса, ескертіңіз. Бұл рейстен қалсаңыз, маңызды шаруаңыз (мәселен, маңызды ота, халықаралық конференция немесе басқа жалғамалы рейс) күйіп кететін болса, бұл туралы тіркеу бағанында ашық айтыңыз. Мұны растайтын құжат болса, тіпті жақсы.
Жалғыз емес, топпен саяхаттаңыз. Әуекомпаниялары бір отбасының немесе бір топтың адамдарын рейстен шығаруға құлықсыз. Олар жолаушыларды бір-бірінен ажыратпауға тырысады.
Орынды алдын ала сатып алыңыз. Билетті рәсімдегенде ұшақтағы орынды бірден таңдап, бекітіп қойыңыз. Бұл сіздің сапарға шығу ниетіңіздің салмақты екенін білдіретін нақты белгі саналады.
Айғақтарды қолда ұстаңыз. Бронь қағаздарды, отырғызу талондарын қағаз күйінде де, телефонда да сақтап жүріңіз.
Өз құқығыңызды беске білу – әуежайда рейссіз және ақшасыз қалмаудың ең сенімді кепілі.




