Әуелі сөз болды, кейін ол тұтас хикаяларға ұласты. Бірі шындық, бірі ойдан шығарылған, бірақ дәл осы әңгімелердің арқасында сіз қазір бұл мақаланы оқып отырсыз. Ешкімге зияны тимей, әлемдегі тіршілік алға басуы үшін «өсекті» қалай дұрыс айту кереу екенін түсіндіріп көрейік.
Бәрі қалай басталды?
Антропологтардың айтуынша, өсек-аяң алғашқы қауым құрылғанда пайда болып, адамдардың аман қалуына көмектескен. Ол бірден үш қызметті атқарды: кімге сенуге болатынын анықтады, ереже бұзатындарды әшкереледі және және кімнен қауіп төнетінін алдын ала ескертіп отырды. Мәселен, тайпадағы біреу тамақ ұрласа, азықсыз қалмау үшін мұны бәрі жабылып талқылауға тиіс еді. Осылай, алғашқы абырой қалыптасты. Британиялық антрополог Робин Данбардың теориясы бойынша, адамдар арасындағы өсек – приматтардың (маймылдардың) бір-бірінің жүнін қарап, бит тергені сияқты. Маймылдар физикалық байланыс арқылы қарым-қатынасты нығайтса, адамдар саны 100-150-ден асқанда жеке араласу мүмкіндігі болмай қалды. Осы кезде тіл көмекке келіп, өзгелер туралы сөйлесу «әлеуметтік желімге» айналды. Біз тіл арқылы көбірек байланыс орната бастадық, ал әңгімелеріміздің 60-70-%-ы маңызды әлеуметтік тақырыптарға (кім не істеді, кіммен жүр және тағы басқаға) арналды.
Робин Данбар: «Біз 50 адамның жүнін тазалап бере алмаймыз, бірақ олар туралы сөйлесе аламыз».

Қазіргі эволюция теориясы тұрғысынан қарасақ, өсек – бұл адамның абыройын анықтаудың, ақ пен қараны ажыратудың және қоғамдық қолдауға ие болудың басты құралы. Өсек болмаса, адам туралы толық ақпарат жинау мүмкін емес, демек, оған сену де қиын болар еді. Сондай-ақ, өсек-аяң «әлеуметтік сот» және моральдық жаза ретінде де жұмыс істейді. Когнитивті теория тіпті «тек ақылды адамдар өсек айтады» деп есептейді. Сапалы әңгіме айту үшін адам өзгенің ойын түсініп, кімнің не білетінін, кімге не айтуға болатынын және оның соңы неге апарып соғатынын бағамдай алуы керек. Қазіргі психологтар да өсекті, әсіресе бейтарап немесе жағымды болса қолдайды. Мұндай әңгімелер күйзелісті азайтып, достықты нығайтады. Сонымен қатар, өсек білім беру құралы бола алады: өзгенің тәжірибесін айта отырып, адамдар өз өміріне қажет қорытынды шығарады. Ең аяғы, кімнің қоғамда қай сатыда тұрғанын және кіммен араласқан тиімді екенін анықтауға мүмкіндік береді. Ағза үшін де пайдасы бар: ми жаңа ақпаратты тамақ немесе ақша сияқты қабылдайды. Қызық хикаяны естуге құштарлық дофамин бөледі, ал күтпеген ақпарат алғанда гормонның деңгейі шарықтау шегіне жетеді.

Зардапсыз «өсек айтудың» жолы қандай?
Дұрыс әңгіме – бұл адамның абыройына нұқсан келтірмей, шындықты бұрмаламай және өзіңізді «өсекші» етіп көрсетпей ақпарат алмасу. Егер айтқан әңгімеңіз ертең бір жерден шығып жатса, «енді не істеймін?» деп басыңыз қатпаса, демек, сіз әңгіменің түбін түсіресіз. Ол үшін мына ережелерді ескеріңіз:
Әңгіменің мақсатын түсініңіз
Бірдеңе айтпай тұрып, өзіңізге сұрақ қойыңыз: мұны не үшін істеп жатырмын? Өзімді көрсету үшін немесе іштегі эмоцияны шығару үшін бе, әлде ақпаратты бөлісу үшін бе? Егер мақсатыңыз ақпарат болса – тартынбаңыз.
Деректерді іріктеңіз
Ақпараттың бастапқы көзінен неғұрлым алыстаған сайын, оның соғұрлым көп бұрмаланады. Егер өз көзіңізбен көрмесеңіз немесе құлағыңызбен естімесеңіз, сіз нақты фактімен емес, тек біреудің жорамалымен істес болып отырғаныңызды ұмытпаңыз.
Жеке тақырыптарға тиіспеңіз
Ақша, сырт келбет, жеке трагедиялар, денсаулық пен төсек мәселесі – бұларды талқыламаған абзал. Бұл тақырыптар кез келген әңгімені «токсик» өсекке айналдырып жібереді.
Асыра сілтемеңіз
Әңгімеге «бұрыш» қосып, оны әсірелеген қызық көрінгенімен, ақпаратты бұрмаламаңыз. Оқиғаны драмаға айналдырмай тұрып, он рет ойланыңыз.
Өсекті араласудың негізгі тәсіліне айналдырмаңыз
Егер әңгімеңіздің 80%-ы өзге адамдар туралы болса – бұл «дабыл қағатын белгі» (red flag). Демек, сіздің өз қызығушылықтарыңыз бен тақырыптарыңыз таусылған немесе сіз «әлеуметтік дофаминге» тәуелді болып қалғансыз.



