Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқып, 20 жылдан кейін тек London is the capital of Great Britain деп қана сенімді айта аламыз. Ал кейде бір айдың ішінде жол қозғалысы ережесінің бәрін меңгеруге болады. Мұның бәрі мақсатқа, нақты мерзімдерге және оқу әдісіне байланысты. Осы фактордың бәрін қалай жүйелі ұйымдастыруға болатынын материалда түсіндіреміз.
Әр адамның миы ерекше. Жаңа ақпаратты да бірі тез, бірі баяу меңгереді. Дегенмен жаңа дағдыларды тезірек игеруге көмектесетін негізгі тәсілдер бар.
Мидың дайындығы
Біз миымызда белгілі бір негіз қалыптасқан кезде жылдамырақ үйренеміз. Мысалы, сіз бұқтырылған тауық аяқтарын пісіруді үйреніп жатсаңыз, бірақ өміріңізде алғаш рет пышақ ұстап тұрсыз. Тамақ бірден дәмді болуы үшін тәжірибесі бар адамға қарағанда әлдеқайда көп уақыт жұмсайтыныңыз анық. Бұл prior knowledge – алдын ала білім алу деп аталады. Онсыз ешқайда бара алмайсыз. Сондықтан мектепте күрделі есепті шығармай тұрып, сандар мен жүйені үйретеді.
Жаңа ақпарат бұрыннан бар нейрон құрылымдарға қосылады, сол кезде жаңа материал тезірек меңгеріледі. Ал мұндай құрылым болмаса, ми оны құру үшін қосымша уақыт пен энергия жұмсайды.

Қарапайым логика
Когнитивті ғылымда Predictive Processing теориясы бар. Ол бойынша, ми тек ақпаратты жаттап қоймай, болашақты болжайды. Яғни, ми – ең алғашқы Т9 сияқты, ең ықтимал нәтижелерді алдын ала болжайды. Болжам дұрыс болса, ми үшін бұл – бәрі дұрыс деген белгі, ал сәйкес келмесе түзеу қажет деген сөз. Оқу осы жүйені жаңартуға жауап береді.
Егер істеп жатқан ісіңіздің не үшін керек екенін түсінсеңіз, нәтижесін бірден көріп, үйренген дағдыңызды өмірде қолдана алсаңыз – ми әлдеқайда жылдам үйренеді.
Мысалы: батырманы бастыңыз – жарық жанды, жаттығу жасадыңыз – бұлшықеттерді сездіңіз, тамақ пісірдіңіз – дәмін татып көрдіңіз және рецептті тұрақты қолдана бастадыңыз. Ал миға негіз сияқты нәрсе болмаса немесе бірнеше ықтимал нұсқа болса, ол баяулай бастайды. Математикалық формулаларды есептерсіз немесе ағылшын тіліндегі шақтарды мысалсыз есте сақтау қиын. Мұның бәрін бір сөйлеммен айтуға болады: біз ақпараттың өзінен емес, әрекеттердің салдарынан үйренеміз.
Кері байланыс
Нәтижені неғұрлым жиі, жылдам әрі түсінікті алсаңыз, соғұрлым қателерді тез түзеп, мақсатыңызға жетесіз. Кері байланыс болмаса, бір қатені айлар бойы қайталауыңыз мүмкін.
Сол Predictive Processing теориясында «болжау қатесі» деген ұғым бар. Егер ми жасаған болжам шындыққа сай келмесе, бұл қате ретінде тіркеліп, түзеуді қажет етеді. Ойыңыздағы мен болған жағдай екі бөлек болған кезде ғана үйрену процесі іске қосылады.
Қатеңізді сол бойда байқасаңыз, миыңыз нені түзеу керек екенін бірден түсінеді. Осылай, қате әдет қалыптасып үлгермейді. Ең жақсы көмек – қатені нақты көрсетіп, оны қалай жөндеу керек екенін түсіндіру. Сондықтан Duolingo сияқты қосымшалар өте танымал әрі тиімді – олар бірден түсінікті кері байланыс береді, қателерді түзеуге және әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік жасайды.

Күйзеліс пен ұйқы
Орташа деңгейдегі күйзеліс оқуға көмектеседі. Бірақ шектен асып кетсе, ол есте сақтау қабілетін нашарлатып, зейінді бұзады. Соның салдарынан ынта мен көңіл-күй төмендеуі мүмкін. Бұдан шаршап кетуіңіз мүмкін.
Сондай-ақ ұйқыны реттеу өте маңызды. Сіз ұйықтаған кезде, күн ішінде алған ақпарат ұзақ мерзімді жадыға өтеді. Ал сапалы ұйқы тек қалыпты күйзеліс, дұрыс тамақтану және тұрақты физикалық белсенділік болғанда жұмыс істейді.
Тұрақты жаттығу
Мұны Spacing Effect немесе «жиі қайталау әдісі» деп атайды. Біз ақпаратты бірден жаттап алуға тырыспай, белгілі бір уақыт салып қайталасақ, ол жадымызда әлдеқайда жақсы (10-30%-ға дейін) сақталады. Себебі ми тез шаршайды, ал зейін төмендейді. Ал үзіліс жасап оқысаңыз, ақпаратты «қорытуға» мүмкіндік туады.
Оқу кезіндегі үзіліс барысында ми ақпаратты өшіре бастайды. Бірақ сіз оны біраз уақыттан соң қайта қайталасаңыз, ми: «Ақпарат қайта келді, демек бұл маңызды екен» деп түсінеді. Қайталаған сайын нейрон байланыстар беки түседі, естеліктер жаңарып, ақпарат санаңызға берік орнығады. Бір ескеретін тұсы бар: қайталау деген тақырыпты тағы бір рет оқып шығу емес, алдымен есте қалғанын еске түсіріп, содан кейін ғана оқып, өзіңізді тексеру.
Оқуға арналған қосымшаны қалай таңдау керек?
Бүгінде қосымшалар – біздің ең жақын досымыз, тренеріміз әрі тәлімгеріміз. Егер оқу процесі қолжетімді болса (яғни қосымшаны бір бассаңыз болғаны), үйрену де тиімдірек жүреді. Бірақ ақылы жазылымды алып, бағдарламаны жүктемей тұрып, оның сізге қаншалық көмектесетінін тексеріп алыңыз.
Қосымшаны жоғарыда айтылған тармақтар бойынша тексеріңіз: жиі қайталау (spacing effects), ақпаратты еске түсіру жаттығулары және пайдалы кері байланыс бар ма? Егер осылар болса, бұл жай ғана әдемі бағдарлама емес, нағыз жұмыс құралы деген сөз.

Сонымен қосымшалардың қандай функциясы болғаны абзал?
Жиі қайталауға мүмкіндік беруі керек
Қосымша сабақты қайталау керек екенін өзі есіңізге салады. Ал қайталанатын тақырыптардың арасы біртіндеп ұзара береді (бір күннен соң, үш күннен соң, бір аптадан соң және т.б.).
Ақпаратты белсенді еске түсіруі керек
Қосымшада материалды қайта-қайта оқи бермей, сұрақтарға үнемі жауап іздеп, еске түсіріп отыруыңыз керек. Мұны сұрақтар, тест пен карта тапсырмалары арқылы істеуге болады.
Лезде кері байланыс орнатуы керек
Қатеңіз сол бойда көрсетілуі керек және артынша «неге бұл жауап дұрыс емес?» деген сұраққа түсіндірме жауап болуға тиіс. Ең дұрысы – қатені сол жерде бірден түзеу мүмкіндігі болғаны.
Тәжірибе болуы керек
Жақсы білім алу үшін теория да, тәжірибе де маңызды. Оның үстіне, тәжірибе нақты өмірмен байланысты болуы керек. Мысалы, тіл үйренгенде түсінікті диалогтар, ал қаржыны үйренгенде нақты мысалдар (кейс) қажет.
Деңгейге бейімделуі керек (Адаптация)
Тапсырмалар мен мысалдардың қиындығы біртіндеп артуы керек. Ал сіз қиналатын тақырыптар жиірек қайталануға тиіс.
Өлшенетін нәтиже болуы керек
Оқушы өз прогресін көруі керек. Бұл жаңа деңгейге өту, ұпай жинау немесе дұрыс жауаптар пайызының өзгеруі болуы мүмкін. Мұның бәрі миға «сіз істі жақсырақ меңгере бастадыңыз» деген белгі береді.
Микро-оқыту болуы керек
Сізге ұзақ әрі бірсарынды лекцияларды тыңдаудың қажеті жоқ. Күніне бірнеше рет оңай өтуге болатын 5-15 минуттық сабақтар – ең тиімдісі.
Өмірде қолдануға болатын дағдылар болуы керек
Үйренген дағдыңызды нақты өмірде қолдана алуыңыз керек. Егер бұл болмаса, онда оқуыңыз жай мида ғана қалады.



