Үйден шығып, күнделікті таныс көшемен жүру, автобус күту немесе алаңды кесіп өту сияқты қарапайым әрекеттердің бәрі біздің көңіл-күйіміз бен ішкі жай-күйімізге әсер етеді. «Prospekt Бюро» компаниясының негізін қалаушы, урбанист Ерқанат Заитовтың айтуынша, қаланың жайлы болуы – тұрғындардың психологиялық тыныштығы мен бақытының кепілі. Tamga Media сайтына берген сұхбатында ол қалалық ортаның адамның күнделікті өмірін қалай түзуге, көңіл-күйін көтеруге не түсіруге, сондай-ақ басқалармен қарым-қатынас жасауға немесе оңаша қалуға қолайлы орын табуға қалай әсер ететінін түсіндіріп өтті.
Нейроурбанистика дегеніміз не?
Centre for Urban Design and Mental Health зерттеулері көрсеткендей, мегаполис тұрғындарының депрессияға шалдығуы ауылда тұратындарға қарағанда шамамен 40%-ға жоғары, ал мазасыздық пен үрей деңгейі 20%-ға артық.
Осы мәселенің сырын ашуға нейроурбанистика көмекке келеді – бұл сәулет, қала құрылысы мен миды зерттейтін ғылымды біріктіретін жаңа сала. Мамандар портативті энцефалограф (ЭЭГ), пульс өлшегіштер, көз қадағалайтын құрылғылар мен МРТ секілді заманауи құралдардың көмегімен адамның қаладағы әрбір өзгеріске қалай бейсаналы түрде жауап беретінін анықтайды.
Берлин бұл тәсілді өмірде қолдана бастады. Мысалы, Interdisciplinary Forum Neurourbanism орталығында дәрігерлер, психиатрлар және сәулетшілер бас қосып, тұрғындар күйзеліс пен үрейді сирек сезінуіге қала көшелерін қалай дұрыс жобалау керектігін бірлесіп шешуде.

Тітіркендіретін факторлар
Қазақстандық урбанист Ерқанат Заитов бізді қоршаған кеңістік адамның көңіл-күйіне тікелей әсер ететінін айтады:
«Көбіне бұған мән бермейміз, бірақ мұны күнделікті өмірде сезініп жүрміз. Үйден шыға салысымен шу, шаң, қаптаған көліктерді көріп, адамша жүретін орын таппасаң, ызаланып, ашуланасың. Тіпті қазіргі Алматыдағы көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын жаңарту жұмыстары бітетін емес. Бұл да жүйкені жұқартады.
Менің ойымша, басты тітіркендіретін факторлар – шу, жарықтандыру, ыңғайсыздық пен қауіпсіздіктің жоқтығы. Мысалы, жолдан жүгіріп өтуге тура келсе немесе көліктер жауып тастаған қараңғы тротуармен жүру керек болса, өзіңізді қалай еркін сезінесіз? Тіпті кешкі жай серуеннің өзі кедергілерді айналып өтіп, сақ болуды талап етсе, адам тез шаршайды.
Тротуарды ортасынан бөліп, веложол жасай салу – жаяу адам мен самокатшыларды бір-біріне айдап салумен бірдей. Велосипед, скутер, самокат – бәрі де көлік. Сондықтан олардың орны көшеде, тас жолдың жиегінде болуы керек. Веложол тротуармен қатар өтсе, жаяу жүргінші мен велосипедші арасында қақтығыс қаупі артады.
Адам өзін қашан тыныш әрі жайлы сезінеді? Айналаның бәрі түсінікті әрі ыңғайлы болғанда: алаңсыз еркін жүре алсаң, жолдан қауіпсіз өтсең, көлеңкеде отырып демалсаң. Кейде оған дұрыс ойластырылған бірнеше шешім ғана жеткілікті. Әрине, қала біздің барлық мәселемізді шешіп бермейді, бірақ күнделікті өмірімізді әлдеқайда жеңілдете алатыны сөзсіз».
Көптің ішіндегі жалғыздық
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда: жалғыздық қазір жаһандық мәселеге айналды. Әлемдегі әрбір алтыншы адам (шамамен 17%) осы күйді кешуде.
2026 жылы Nature Communications журналында жарық көрген зерттеудің нәтижесі тіпті қорқынышты: оқшау өмір сүру мен жалғыздық адамның 6 жылдық сау ғұмырын ұрлайды екен. Ол психиканы құртып, адамды депрессия мен үрейге душар етеді. Спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану арқылы физикалық жағдайды түзеуге болады, бірақ жанның жалғыздығын тамақпен де, жаттығумен де толтыра алмайсың. Жалғыздықтың бір ғана емі – адамдармен шынайы әрі жылы қарым-қатынас.

Бұл жерде урбанистиканың қандай қатысы бар дейсіз бе? Урбанистер қалада «үшінші орын» деп аталатын арнайы локацияларды жобалайды. Неге үшінші? Өйткені бірінші орында біздің үйіміз, екіншісі – жұмыс, ал үшіншісі – кофеханалар, кітапханалар, саябақтар мен ауладағы алаңқайлар. Мұндай кеңістіктердің басты миссиясы – адамдардың басын қосып, өзара араласуына және жаңа байланыстар орнатуына жағдай жасау.
Ерқанат Заитов:
«Адамға өзін жат сезінбейтін, керісінше, етене жақын орта керек. Көршімен амандасып, дүкеншімен тіл қатысып немесе далада таныстарыңды көріп қалудың өзі маңызды. Дәл осы ұсақ-түйек болып көрінетін сәттерден “бұл менің ауданым, мен мұнда бөтен емеспін” деген жылы сезім қалыптасады. Содан соң адам қоғамға тез бейімделіп кетеді».
Ауламызды қалай жақсарта аламыз?
Қаланы бірге көркейтудің басты құралы – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Бұл бағдарлама арқылы кез келген қала тұрғыны өз ауласын, саябақты немесе демалыс орнын абаттандыруға ұсыныс тастай алады. Түскен идеялардың ішінен ең мықтыларын халық өзі дауыс беріп таңдайды. Ал оны іс жүзінде салып, құрылысын жүргізуді әкімдік атқарады.
Алматылықтар 2026 жылдың 1 қарашасына дейін өз жобаларын ұсынып үлгерді. Енді кімнің идеясы жеңіске жеткені 3 желтоқсанда дауыс беру қорытындысы бойынша белгілі болады.
Тұрғындар көбіне қандай өзгерістерді қалайды?
Демалыс пен ойын аймақтары (5 563 ұсыныс): қоғамдық орындарға орындықтар, күркелер мен қоқыс жәшіктерін қою, үлкендер мен балаларға арналған орындарды жөндеп, жайлы ету.
Спорт және балалар алаңқайлары (1 723 ұсыныс): аула ішіндегі спорт, тренажер және ойын алаңдарын жаңарту, жарықтар орнату.
Қоғамдық кеңістіктер (1 141 ұсыныс): саябақтар, аллеялар мен жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, жөндеу және жарық тарту.

Бұл сандар бір нәрсені айқын аңғартады: ауданды көркейту үшін қымбат мейрамханалар мен зәулім сауда үйлерін салу шарт емес. Тұрғындарға бар болғаны үй іргесінен еркін кіріп-шығатын қарапайым қоғамдық орындар қажет. Ерқанат Заитовтың айтуынша:
«Мұндай орындарда жұрттың бәрімен шүйіркелесіп, әңгімелесу міндетті емес. Кейде адам өзін жалғыз сезінбеуіне өзгелердің ортасында үнсіз отырудың өзі жетеді. Ең бастысы, ол жерде демалғаның үшін ешкімге ақша төлеп немесе міндетті түрде кофе сатып алудың қажеті жоқ, бұл - өте маңызды».
Табиғаттың жанға шипасы
Қаладағы өмір – үнемі шу, толассыз ақпарат және табиғаттан оқшаулану. Мұның бәрі түбінде адамды эмоционалды түрде қажытып, созылмалы стреске ұшыратады. Адамға табиғи жолмен сергіп, миды тынықтыру қажет. Ал оны төрт қабырғаға қамалып, пәтер мен кеңсенің ішінде іске асыру мүмкін емес.
Ерқанат Заитов:
«Жасыл желектер, саябақтар – ең алдымен, бір сәт деміңді басып, тыныстауға арналған орын. Қалада біз үнемі бірдеңеге елеңдеп жүреміз: көліктерге, сигналдарға, жарнама мен қаптаған адамдарға. Ал ағаштардың арасында немесе су жағасында қарқынды сәл бәсеңдетіп, ойды басқа жаққа бұрып, тыныштықта отыруға болады. Сондықтан табиғаттың ауламызда, үйдің жанында немесе жұмысқа барар жолда болғаны өте маңызды. Жай ғана табиғат аясында серуендеуге демалысты күтіп, әлдеқайда сабылудың қажеті болмауы тиіс».
Сингапур – қаланың қалайша нағыз «жасыл баққа» айнала алатынының керемет мысалы. Тіпті көше бойындағы бір-екі түп ағаш немесе кіп-кішкентай гүлзардың өзі тұрғындарға табиғатпен байланысты үзбеуге көмектеседі. Ағаш көлеңкесінде қыдыру, су жағасында отыру, ауа райының құбылғанын байқап, таза ауа жұту – күнделікті күйбең тірлікті кәдімгідей түрлендіріп жібереді.

Урбанист Ерқанат Заитов дәл осындай жанға жайлы табиғи «оазистерді» Қазақстан қалаларынан да табуға болады дейді:
«Алматыда балаларыммен серуендегенде, үлкен көшелермен емес, көбіне аулалардың ішімен жүруге тырысамыз. Мен балаларыма көшенің шуы мен ауланың тыныштығы арасындағы айырмашылықты үнемі түсіндіріп отырамын. Қазір олардың өздері осындай тыныш жерлермен жүруді сұрайды. Өйткені ағашы аз, көлігі көп көшелерде жайбарақат сөйлесіп жүрудің өзі қиын.
Сондай-ақ, таңертең жүгіргенде де жасыл бағыттарды, бульварлар мен өзен жағалауын таңдаймын. Тас ғимараттар мен көліктердің арасында жүгіргеннен гөрі, табиғат аясында жүгірген әлдеқайда жағымды. Астанада мен Ботаникалық бақта және Есіл жағалауында жүгірдім, аулаларды аралап серуендедім. Қай қалада болса да, принцип біреу ғана.
Жалпы, өзен немесе көл кесіп өтетін қалалардың жолы болған деуге болады. Су әрқашан адамды тыныштандырады, әсіресе жағасында ағаштар өсіп, құстар сайрап тұрса, тіпті керемет».
Жаңа экоархитектура
Қазақстанның түкпір-түкпірінде жасыл желекке оранған жанды кеңістіктер жасау тренді қарқын алып келеді.
Мәселен, Шымкентте 2026 жылдың маусымында Қала күніне орай бірден үш қоғамдық орын – City Park, Жапон бағы және Экопарк ашылды. Бұл жерлерде жайбарақат серуендеуге, отбасымен демалуға және түрлі мәдени шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған.
Қостанайда қарт кісілер мен жас отбасылар басқа жаққа сабылмай, өз ауданында еркін араласып демалуы үшін тұрғын үйлердің дәл ортасынан шағын гүлзарлар желісін салды.

Ал Алматыда қаланы жасылдандыруға әрі шағын, әрі өте үлкен масштабта кіріскен.
Тұрғын аудандарда шағын ғана жайлы шағын саябақтар пайда бола бастады. Соның жарқын мысалы – Әуезов ауданында, Сайын мен Ұлықбек көшелерінің қиылысындағы жаңа «QADAM» гүлзары. Ол бұрынғы берекесіз, ретсіз көлік тұрағының орнына салынып жатыр.
Ал үлкен ауқымда қаланың ең ескі әрі ірі жасыл алқаптары жаңаруда. Ерқанат Заитовтың айтуынша, оның командасы қолға алған Алматыдағы соңғы жобалардың бірі – әйгілі Баум тоғайы.
«Біз бұл аумақты шулы және тыныш аймақтарға бөлдік. Спорт пен ойын алаңдарын тұрғын үйлерге жақын, тоғайдың шетіне орналастырдық та, қалған бөлігіне мүлдем тиіспей, нағыз орман қалпында сақтап қалдық. Халықтың “тоғайдың табиғи қалпын бұзбаңдар” деген басты өтінішін барынша ескеруге тырыстық».
Дегенмен, Ерқанат Заитов қоршаған ортаның адамның көңіл-күйі мен күнделікті өміріне қалай әсер ететінін әлі де толық түсіне бермейтінімізді айтады:
«Біздің қалалардағы басты мәселе – жаңа тұрғын үй кешенін немесе сауда орталығын салуға жап-жақсы жасыл желектерді құртамыз да, кейін кесілген ағаштардың орнына қайтадан көшет егеміз. Жаңа нысандарды бар табиғатты жойып емес, керісінше сол табиғатпен үйлестіре отырып салуды ойластыру керек. Бірақ Қазақстан – жас мемлекет, сондықтан біз қолда бар дүниемізді бағалап, оған жанашырлықпен қарауды біртіндеп үйреніп келеміз».



