Кейінгі жылдары Z буыны (1997-2012 жылдары туғандар) әдетте ең прогрессивті, гендер теңдігіне ашық, әртүрлілікті қолдайтын ұрпақ ретінде сипатталып келді. Алайда жаңа жарияланған жаһандық зерттеу бұл түсінікті жоққа шығарғандай. Зерттеуде жас ерлер басқа буынмен салыстырғанда патриархал болып шықты. Бұл тенденция Қазақстанда қалай көрініс тапқан? Tamga Media зерттеу нәтижесін талдайды.
5 наурызда Халықаралық әйелдер күніне қарсы жарияланған Ipsos пен King’s College London жанындағы Әйелдер көшбасшылығы жөніндегі жаһандық институты (GIWL) бірлескен зерттеуі жас ерлер арасында патриархал көзқарас күшейіп жатқанын анықтады. Бұл жаңа дерек ұзақ уақыт бойы қалыптасқан «Z буыны – ең либерал ұрпақ» деген түсінікті қайта қарастыруға мәжбүрлеп отыр.
Зумер ерлердің көбі «әйел күйеуіне бағынуға тиіс» деп санайды
29 елден 23 мың адам қатысқан зерттеу бойынша, Z еркектердің 31%-ы «әйел әрқашан күйеуіне бағынуы керек» деп санайды. Ал жас әйелдердің 18%-ы осы пікірге келіскен. Салыстырайық: бумерлер (1946-1964 жылдар аралығында туғандар) арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен – еркектердің 13%-ы және әйелдердің 6%-ы.
Жас еркектердің 33%-ы «соңғы сөзді ер адам айтуы керек», 24%-ы «әйел тым еркін болмауы керек немесе қаржы тұрғысынан өзін-өзі қамтамасыз етпеуі керек» деп санайды. Бумерлер арасында 12%-ы осы пікірді қолдайды.
Зумер еркектердің 21%-ы «әйел ешқашан жыныстық қатынасты бірінші бастамауы керек» деп санайды, бумер ерлер мен әйелдерде бұл – 7%. Жас әйелдерінің 12%-ы бұл пікірге келісті.
Бірақ зерттеудің өзінде бір парадокс бар: Gen Z ерлері табысқа жеткен әйелді тартымды деп санайды, бірақ дәстүрлі рөлдерді де қолдайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы «әйел құқығын қорғау мәселесінде тым артық кеттік, тіпті ерлердің құқығын таптап жатырмыз» деп есептейді. Gen Z ерлері көптеген тақырыпта әйелдерге қарағанда анағұрлым консерватив ойда, кей жағдайда наразылық риторикасына жақын позицияны ұстанады. Олар экономикалық, гендерлік және мәдени өзгерістерді қауіп ретінде қабылдауға бейім. Ал жас әйелдер керісінше – феминизмді қолдауға, теңдікті нығайтуға бейім.
Ал бұл айырмашылық болашақта саясатта, еңбек нарығында және қоғамдағы гендерлік қатынастарда жаңа шиеленістер тудыруы мүмкін. Бұл құбылыс зерттеулерде «үлкен гендерлік алшақтық» (The Great Gender Divergence) деп аталады. Яғни бір буынның ішінде екі түрлі әлеуметтік шындық қалыптасып жатыр.
Мөлдір Жұмабаева, құқық қорғаушы, «SVET» қоғамдық қорының негізін қалаушы:
«Gen Z қыздары – ең білімді ұрпақтың бірі. Financial Times басылымының Gallup деректеріне жасаған талдауы кейінгі 10 жылда әйелдердің либералданғанын, ал ерлердің көзқарасы өзгеріссіз қалғанын немесе керісінше консервативті бағытқа ойысқанын көрсетеді. Бұл айырмашылық кей жағдайда 30%-ға дейін жетеді. Білім саласы қыздарға дербестік пен еркіндікті берсе, ер балалар әлі де күш пен иерархияны жоғары қоятын мәдениетте тәрбиеленіп келеді. Кейбір ер әйелдер құқық алса, ерлер бірдеңеден айырылады деп ойлайды».
Неге прогрессивті буын консервативті болып барады?
1. Экономикалық белгісіздік
Ipsos зерттеуіне сәйкес, жас ерлердің 59%-ы өздеріне «теңдік үшін тым көп міндет жүктелгенін» сезінеді. Әлеуметтанушылардың пікірінше, қазіргі экономикалық «белгісіздік» ерлерге психологиялық тұрғыда әсер етуі мүмкін. Тұрақсыз еңбек нарығы мен болашақтың бұлыңғыр көрінісі дәстүрлі «асыраушы» рөлін атқаруды қиындатады, бұл кейде патриархал модельге сүйенуге итермелейді.
Құқық қорғаушының айтуынша, әлеуметтануда бұл құбылыс “backlash”, яғни кері реакция деп түсіндіріледі.
«Белгісіздік күшейген сайын адамдар өткенге жүгінеді. Жас ерлер үшін дәстүрлі модель түсінікті: “мен – басшымын, мен – қорғаушымын”. Бұл оларға тұрақтылық иллюзиясын береді», – дейді ол.

2. Алгоритм және «маскулиндік дағдарыс»
Әлеуметтік желілер алгоритмі зумер ерлерге анти-феминистік пікірлерді көбірек көрсетеді. Дәстүрлі көзқарасты қолдайтын блогерлер көбейіп, олардың оқырмандары да жыл сайын артып келеді. Ipsos сарапшылары әлеуметтік желілер осындай радикалды идеяларды күшейтетінін айтады.
«TikTok алгоритмі қолданушыны платформада мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға тырысады.Center for Countering Digital Hate (CCDH) есебіне сәйкес, жас жігіт бірнеше рет фитнес немесе «еркектің сенімділігі» туралы видеоға лайк басса, алгоритм оны бірнеше минут ішінде радикалды мизогин инфлюенсерлердің контентіне «итеріп» жіберуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Құқық қорғаушы мұндай инфлюенсерлердің контенті өте тартымды екенін айтады. Мысалы, қымбат көліктер, ақша және әйелдерді толық бақылауында ұстау. Олардың айтқандары өзіне сенімсіз ер адам үшін дайын «сәттілік формуласы» сияқты көрінеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде мемдер арқылы радикализациялау да бар. University College London зерттеуі бойынша, әлеуметтік желіде сексизм көбіне «қалыпты нәрсе» немесе жай әзіл ретінде көрсетіледі. Сарапшы бұл сексизмге деген сыни көзқарасты әлсірететінін айтады. Алғашында «бұл жай ғана мем ғой» деп ойлаған жігіт уақыт өте келе «әйел тым еркін болмауы керек» деген ойға сенуі мүмкін.
Сарапшы мұндай тенденцияны «маскулиндік дағдарыспен» байланыстырады.
«Бұрын ер адамның рөлі анық еді, еркек асыраушы болды. Қазір әйелдер де кей еркектен көп табады. Кейбір ер азаматтар феминизмнің «жемісін» теңдік емес, қауіп деп қабылдайды», – дейді Жұмабаева.

Қазақстандағы жағдай қандай?
2025 жылғы зерттеу қазақ жастарының гендерлік рөлдерге қатысты пікірі дәстүрлі және қазіргі заманғы түсініктердің синтезі екенін анықтаған. Жастар гендер теңдігі идеясын қолдағанымен, отбасындағы рөлдерге келгенде дәстүршілдік басым. Сарапшының да айтуынша, әлемдегі болып жатқан үрдіс Қазақстанға да тән, бірақ өзіндік ерекшелігі бар, яғни ол біздің мәдениетімізбен қақтығысады.
«Қазақстанда жас әйелдердің зорлық-зомбылыққа қарсы күресін байқауға болады. Ал жас жігіттер арасында дәстүрге табынушылық бар. FES Kazakhstan мәліметі бойынша, жастардың 90%-ы үшін отбасы ең маңызды құндылық, бірақ оның 60%-ы «тек ер адам шешім қабылдауы керек деп санайды», – дейді Жұмабаева.
Құқық қорғаушы патриархал көзқарастың көбеюіне діннің де әсері барын айтады.
«2023 жылғы діни ахуал туралы есепке (ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі/Қоғамдық даму институты) сәйкес, қазақстандық жастар арасындағы діндарлық деңгейі 79,6%-ға жетті. Зерттеушілер бұл өсімді рухани тірек іздеу және отбасы тәрбиесімен байланыстырады. Іс жүзінде бұл патриархал көзқарасқа жол ашады: жас жігіт қыздың білім алуын қолдауы мүмкін, бірақ дәстүр мен дінді алға тартып, өзіне толық бағынуды талап етуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Сарапшы «Қазақстандағы UN Women сауалнамасы көрсеткендей, көптеген ер адам әйелдің жүріс-тұрысы мен қалай киінгенін бақылап отырады және оны дәстүрмен ақтайды» дейді. Жас ерлер «асыраушы болуым керек» деген қысымды сезінеді. Ал шынайы өмірдегі жалақысы мен мансабы «асыраушы» рөліне сәйкес келмеген кезде, агрессиясын әйелдерге «шашуы» мүмкін.
2025 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның Global Gender Gap Report есебіне сәйкес, Қазақстан гендер теңдігі индексінде 148 елдің ішінде 92-орынға жайғасқан, бір жылда 16 позицияға төмендеген. Сарапшылар мұны гендерлік саясат пен оның нақты іске асу қарқынының баяулауымен байланыстырады.

Есепке сәйкес, Қазақстанда білім беру мен денсаулық сақтау салаларында гендерлік алшақтық қатты емес. Алайда экономика мен саясат салалары әлсіз бағыттар болып қалып отыр. Әйелдердің еңбек нарығына қатысу деңгейі, табысы және саяси өкілдігі ерлермен салыстырғанда төмен.
Жалпы әлемдік контексте де гендер теңдігі толық қамтамасыз етілген жоқ. 2025 жылғы есеп бойынша, әлемде гендерлік алшақтықтың 68,8%-ы ғана жабылған. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, толық теңдікке жету үшін адамзатқа шамамен 123 жыл керек.




