Денсаулық●Дене●Препараттар шынымен арықтата ма және денсаулыққа әсері қандай?

Препараттар шынымен арықтата ма және денсаулыққа әсері қандай?

19 қазан 2026
7 мин
«Это мы» сериалынан үзінді | Фото: IMDb

Соңғы жылдары арықтататын дәрілер жайлы әңгіме жиі айтылады. Солардың ішінде ең жиі аталатыны – Оземпик (Ozempic). Әлеуметтік желіде оны «арықтаудың оңай жолы» ретінде көрсететін жазбалар да аз емес. Айтпақшы, косметологияда қолданылатын осындай процедураларды бұған дейін де жазған едік. Бірақ Оземпик бастапқыда арықтау үшін емес, 2-типті қант диабетін емдеу үшін шығарылған. Кейін ғана ғалымдар оның салмаққа да әсер ететінін байқап, зерттей бастады. Tamga Media арықтататын препараттар жайлы деректерді саралап, эндокринолог-маманнан оның денсаулыққа әсері жайлы сұрап көрді. 


Арықтататын дәрілер қашан пайда болды?


Қазір арықтауға арналған дәрі-дәрмектерді кез келген жерден табуға болады. Медицина бұларды өткен ғасырдың ортасынан бері қолданып келеді. 1950–1960 жылдары амфетаминге ұқсас дәрілер кеңінен тарады. Олар тәбетті басқанымен, көп ұзамай тәуелділік пен жүрек-қантамыр жүйесіне қауіп төндіретіні байқалды. 


1990 жылдары «фен-фен» деген атпен танылған фентермин мен фенфлурамин қоспасы кеңінен қолданылды. Кейін фенфлурамин қабылдағандардың жүрек клапанына керіс әсері анықталып, нарықтан алып тастады.  Ал 1997 жылы семіздікті ұзақ уақыт бақылауға арналған сибутрамин мақұлданды. Алайда кейін ол жүрек-қан тамыры ауруларының қаупін арттыратыны белгілі болып, 2010 жылы нарықтан алынды. 2006 жылы Еуропада тәбетті төмендететін римонабант препараты қолдануға рұқсат алды, алайда кейін оның психикалық денсаулыққа елеулі жанама әсерлері анықталып, сатылымы тоқтатылды.

GLP-1 деген не?


Қазір нарықта жүрген арықтататын дәрілерде GLP-1 деген атау жиі кездеседі. GLP-1 – ағзада табиғи жолмен бөлінетін гормон. Ол тамақ ішкеннен кейінгі бірқатар процестерге қатысады: қандағы қант деңгейін реттейді, тәбетке де әсер етеді.


Ғалымдар осы гормонның әсерін дәрі көмегімен ұзағырақ сақтаудың жолын іздестірді. Алғашқы GLP-1 рецептор гонистерінің бірі – эксенатид. Ол 2005 жылы 2-типті диабетті емдеуге рұқсат алды. Кейін лираглутид секілді препараттар да шықты.


2017 жылы семаглутидтің Оземпик атты нұсқасы АҚШ-та 2-типті диабетті емдеуге мақұлданды. 2021 жылы оның Wegovy деген нұсқасы семіздік пен артық салмақты ұзақ мерзім бақылайтын препарат ретінде тіркелді.


Оземпик пен семаглутидтің айырмашылығы қандай?


Мұнда бір нәрсені анық түсінген жөн. Семаглутид – белсенді зат. Оземпик – құрамында семаглутид бар препараттардың сауда атаулары, бірақ олардың қолданылу көрсетілімі мен дозалау тәртібі әртүрлі. Эндокринолог Гүлдана Махатова препараттың дозасы мен көрсетілімі әртүрлі болуы мүмкін екенін айтады.

«Оземпик пен семаглутид бөлек-бөлек зат емес. Оземпиктің белсенді заты дәл сол семаглутид. Тек препараттардың көрсетілімі мен дозасы әртүрлі болуы мүмкін», – дейді маман. 

Семаглутид – GLP-1 рецепторларының агонисі. Ол ағзадағы табиғи GLP-1 гормонының жұмысын қайталайды.

«Семаглутид тәбетті басады, тоқтық сезімін ұзартады, асқазанның босауын баяулатады және глюкоза деңгейін реттеуге көмектеседі. Оның негізгі әсері майды тікелей "еріту" емес, тәбет пен тамақтан алынатын энергияны азайту», – деп түсіндірді эндокринолог.


АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) да GLP-1 тобындағы препараттардың тамақтың ас қорыту жолымен өтуін баяулатып, тоқтық сезімін ұзартатынын, сондай-ақ тәбетті реттейтін ми аймақтарына да әсер ететінін растайды.


Ғылыми зерттеу не көрсетті?


Семаглутидтің салмаққа әсерін зерттеген ең ірі жұмыстардың бірі – STEP 1 зерттеуі. Оған артық салмағы немесе семіздігі бар, бірақ 2-типті қант диабеті жоқ 1961 ересек адам қатысты.


Зерттеу 68 апта бойы жүрді. Қатысушылар екі топқа бөлінді: бір топ аптасына бір рет 2,4 мг семаглутид қабылдаса, екінші топқа плацебо берілді. Сонымен бірге екі топқа да тамақтану мен физикалық белсенділікті өзгертуге бағытталған ұсыныстар беріліп отырды.


68 аптадан кейін семаглутид қабылдаған топта дене салмағы орташа алғанда 14,9%-ға түссе, плацебо тобында бұл көрсеткіш небәрі 2,4% болды. Килограммен есептегенде, семаглутид тобында салмақ орта есеппен 15,3 кг, ал плацебо тобында 2,6 кг азайған.

Семаглутид қабылдағандардың:

  • 86,4%-ы дене салмағының кемінде 5%-ын жоғалтты;

  • 69,1%-ы кемінде 10% салмақ тастады;

  • 50,5%-ы кемінде 15% салмақ тастады;

  • 32%-ы кемінде 20% салмақ тастады.

Бұл нәтижелер семаглутидтің зерттеуге қатысқан адамдарда салмақты едәуір азайтуға көмектескенін көрсетті. Зерттеу қорытындысы 2021 жылы New England Journal of Medicine журналында жарық көрді.


Айта кетері, зерттеудегі 14,9% дегеніміз әр адамға тән нәтиже емес, бұл топтың орташа көрсеткіші. Сонымен қатар зерттеуде препарат жалғыз емес, өмір салтын өзгерту бағдарламасымен қоса қолданылды.

«Нәтиже әр адамда әртүрлі болады, сондықтан бір адамның көрсеткішін екінші адамға уәде етуге болмайды. Желідегі "3 айда міндетті түрде 10-15 кг" деген уәделерден сақ болған жөн», – дейді эндокринолог Гүлдана Махатова.


Нәтижеге қандай факторлар әсер етеді?


Дәрігердің айтуынша, мұнда бірнеше фактор рөл атқарады:

  • бастапқы салмақ пен BMI;

  • препараттың дозасы және оны ағзаның көтере алуы;

  • тамақтану әдеттері;

  • физикалық белсенділік;

  • ұйқы мен стресс;

  • инсулинрезистенттілік, 2-типті диабет және басқа метаболикалық факторлар;

  • препарат қабылдаудағы жеке жауапкершілік.

«Емді тек "қанша килограмм тастаймын?" деген өлшеммен емес, жалпы метаболикалық денсаулықпен бірге бағалаған жөн», – дейді Махатова.


Препарат медициналық тұрғыдан кімдерге тағайындалады?


STEP 1 сынды зерттеулердегі негізгі топ – семіздігі немесе артық салмағы бар және соған байланысты қосымша дерті (гипертония, дислипидемия, ұйқы апноэсы, жүрек-қантамыр ауруы) бар адамдар.

«BMI қалыпты адамның "тағы 3–5 келі тастағым келеді" деп препаратты өз бетімен қолдануы дұрыс емес. Алдымен салмақ қосу себебі, тамақтануы, белсенділігі, ұйқысы бағалануы тиіс» – деп толықтырды эндокринолог. 


Препаратты тағайындау туралы шешім әр адамға жеке қабылданады. Дәрігер дене салмағының индексін ғана емес, науқастың жалпы денсаулық жағдайын, созылмалы ауруларын, қабылдап жүрген дәрілерін және ықтимал қарсы көрсетілімдерді де ескереді. Сондықтан мұндай препараттарды тек салмақ азайтудың «жеңіл жолы» ретінде қабылдамай, кешенді емнің бір бөлігі ретінде және медицина маманының бақылауымен қолданған жөн.


Неліктен бұл препараттар танымал болып кетті?


Мұнда да бірнеше факторды атап өту керек.

  • Біріншісі клиникалық зерттеулердегі нәтижелер. Бұған дейін дайындалған дәрілердің басым бөлігі бар болғаны бірнеше килограмм ғана түсіруге көмектесетін, ал кейбірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де кейін шыға бастаған. Семаглутидтің зерттеу барысында айтарлықтай салмақ түсіретіні анықталды. Бұл препаратқа деген қызығушылықты бірден арттырды.

  • Екіншісі семаглутидтің 2-типті қант диабетін емдеуде де қолданылуы. Препарат бастапқыда қандағы қант деңгейін бақылауға көмектесетін дәрі ретінде қолданылып, кейін оның салмақ төмендетуге ықпалына да назар аударыла бастады.

  • Үшіншісі әлеуметтік желілердің ықпалы. Оземпикті қолданған адамдардың жеке тәжірибесі TikTok, Instagram және басқа да платформаларда жылдам тарады. Соның нәтижесінде препараттың атауы медициналық ортадан шығып, көпшілік арасында кеңінен талқылана бастады.

Алайда әлеуметтік желідегі жеке тәжірибе клиникалық зерттеулердің орнын баспайды. Бір адамда байқалған нәтиже екінші адамда дәл солай қайталанады деген сөз емес. Сондықтан препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігін жекелеген оқиғаларға емес, ғылыми зерттеулер мен дәрігердің бағалауына сүйене отырып қарастырған жөн.


Препаратты тоқтатқаннан кейін салмақ қайта қосыла ма?


Иә, қайта қосылуы мүмкін. Бұл – дәрігерлер атап өтетін өте маңызды мәселе.


STEP 1 зерттеуінің жалғасында препарат тоқтатылғаннан кейін бір жыл ішінде қатысушылар бұрын жоғалтқан салмағының шамамен үштен екісін қайта қосқан. Метаболикалық көрсеткіштердің бір бөлігі де бастапқы деңгейге қарай қайта өзгерген.

«Препарат қабылдау кезінде тәбет пен энергия тұтыну азаяды. Дәрі тоқтатылған соң оның әсері жоғалады да, ағзаның бұрынғы тәбетті сақтауға бағытталған механизмі қайта іске қосылады», – деп түсіндірді эндокринолог Гүлдана Махатова.

Дәрігер салмақты ұстап тұру үшін тамақтану тәртібін қалыптастыруды, жеткілікті ақуыз бен талшық тұтынуды, тұрақты жаттығуды, ұйқыны реттеуді және қажет болса, дәрігермен ұзақ мерзімді ем тактикасын талқылау маңызды деп санайды.

«Семаглутидті "курс жасап, кейін бәрі автоматты түрде сақталады" деп қарастыруға болмайды», – деп қосты маман. 


Препараттардың жанама әсерлері бар ма?


STEP 1 зерттеуінде семаглутид қабылдағандарда жүрек айну мен іш өту жиірек байқалды. Бірақ көбіне бұл белгілер жеңіл немесе орта деңгейде болды. Асқазан-ішек жолындағы жанама әсерлерге байланысты препаратты тоқтатқандар семаглутид тобында 4,5%, плацебо тобында небәрі 0,8% болды. Семаглутид қабылдаған топта өт қабына байланысты мәселелер, соның ішінде өт тастары жиірек кездескен.


Дәрігер бақылауынсыз қолдану қаншалықты қауіпті?

«Ең үлкен проблема – әлеуметтік желілерде препараттың тек арықтататын әсері көрсетіледі, ал кері әсері мен қауіптері айтылмайды», – дейді ол.


Оны өз бетімен бастаған адам дұрыс емес дозада қолдануы, дозаны тым тез көтеруі, жанама әсерлерді елемеуі, басқа дәрілермен өзара әсерін ескермеуі, қарсы көрсетілімдерді білмеуі мүмкін.

«Семаглутид – жай ғана косметикалық мақсатта қолданылатын “арықтататын укол” емес, ағзаға елеулі әсер ететін рецептілік препарат. Сондықтан оны қолдануды бастамас бұрын дәрігер науқастың денсаулық жағдайын бағалап, препаратты қолдануға негіз бар-жоғын, қарсы көрсетілімдері мен ықтимал қауіптерін анықтауы керек», – дейді дәрігер.

Препарат кімге арналған? 


Семаглутидті қолдану қажеттілігі әр адамға жеке анықталады. Эндокринолог Гүлдана Махатованың айтуынша, препаратты қабылдаудың өзі жеткіліксіз.

«Дәріні қабылдап қана “керек нәтижеге қол жеткіземін” немесе “арықтап кетемін” деуге болмайды. Клиникалық зерттеулердің өзінде семаглутидті қолданумен қатар өмір салтын өзгерту қажеттігі айтылады. Мұны да естен шығармаған жөн», – деп түйіндеді ол.


Семаглутид – салмақ азайтудың оңай жолы емес, нақты медициналық көрсетілімдері мен қауіптері бар рецептілік дәрі. Сондықтан оны бастау, жалғастыру немесе тоқтату туралы шешімді дәрігермен бірге қабылдаған дұрыс. 

Бөлісу: