Адам дәрі ішпей-ақ өзін жақсы сезіне ала ма? Кей жағдайда адамның ем көмектеседі деген сенімі кейбір симптомдардың жеңілдеуіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұл шынымен «ойдың күші» ме, әлде оның ғылыми түсіндірмесі бар ма? Tamga Media осы сұрақтарды психолог, КПТ-терапевт, ҚР психологтар қауымдастығының мүшесі Людмила Мельниковамен талқылады.
Плацебо – құрамында белсенді дәрілік заты жоқ, бірақ сыртқы түрі кәдімгі дәріге ұқсайтын препарат немесе емдік процедура. Ол ағзаға дәрі сияқты тікелей әсер етпейді. Бірақ кей жағдайда адамның ем көмектеседі деген сенімі кейбір симптомдардың жеңілдеуіне ықпал етуі мүмкін. Міне, осыны плацебо әсері дейді.
Плацебо ағзаға қалай әсер етеді?
Плацебо әсерін көбіне ауырсынуға қатысты зерттеген. Ғалымдар адамның ем көмектеседі деген сенімі мида ауырсынуды реттейтін жүйелердің жұмысына әсер етуі мүмкін екенін анықтаған. Зерттеулерге сүйенсек, бұл процеске эндогенді опиоидтар мен дофамин сияқты заттар қатысады. Соның нәтижесінде кейбір адамдар ауырсынуды бұрынғыдай қатты сезінбеуі мүмкін. Яғни плацебо әсері жай ғана адамның ойының күші емес. Бұл мида жүретін нақты биологиялық процестермен байланысты.

Людмила Мельникова, КПТ-терапевт, психолог:
«Адам оң нәтиже күтсе, мида эмоцияны, ауырсынуды және күйзелісті реттеуге қатысатын жүйелер белсенді бола бастайлы. Соның әсерінен мазасыздығы азайып, ұйқысы жақсарып немесе ауырсынғаны жеңілдеуі, бұлшықеттері босаңсуы мүмкін. Бірақ мұндай әсердің де өз шегі бар. Психологиялық көңіл-күй аурудың себебін жоймайды және медициналық емнің орнын баспайды».
Бұл пікірді ғылыми зерттеулер де қолдайды. 2024 жылы жарияланған жүйелі шолу мен метаталдауда 31 зерттеу мен 1566 адамның дерегі талданған. Ғалымдар емнен оң нәтиже күту плацебо әсерінің маңызды факторларының бірі екенін анықтаған. Алайда оның әсері барлық адамда бірдей байқалмайды және зерттеу жағдайына қарай өзгеруі мүмкін.
Бұрынғы тәжірибе де маңызды
Плацебо әсеріне адамның бұрынғы тәжірибесі де ықпал етеді.

Людмила Мельникова, КПТ-терапевт, психолог:
«Егер адам бұрын емнен оң нәтиже көрсе, келесі жолы да оның көмектесетініне көбірек сенеді. Ал жағымсыз тәжірибе керісінше мазасыздықты күшейтіп, емнің нәтижесіне күмән тудыруы мүмкін. Мұндай ішкі ұстанымдар адамның өзін қалай сезінетініне де әсер етеді».
Дәрігердің пациентпен қарым-қатынасы, емді қалай түсіндіретіні, маманға деген сенім және медициналық ортаның өзі адамның емнен не күтетінін қалыптастыруы мүмкін.
Плацебо әсерінің антонимі – ноцебо әсері
Сенімнің кері әсері де болуы мүмкін. Ғылымда бұл құбылыс ноцебо әсері деп аталады. Егер плацебода адам емнен жақсы нәтиже күтсе, ноцебода керісінше жағымсыз нәтиже күтеді. Соның салдарынан кейбір симптом күшеюі немесе жанама әсерлер айқынырақ сезілуі мүмкін. Мысалы, адам «бұл дәрі маған көмектеспейді» немесе «міндетті түрде жанама әсер береді» деп ойласа, бұл оның мазасыздығын арттырып, өзін жайсыз сезінуіне ықпал етуі мүмкін.
Open-label placebo әдісі
Бұрын кейбір дәрігерлер науқасқа плацебо екенін айтпай-ақ препарат немесе емдік процедура тағайындайтын. Мысалы, АҚШ-та жүргізілген сауалнамалардың бірінде терапевт дәрігерлердің шамамен жартысы соңғы бірнеше ай ішінде кем дегенде бір пациентіне плацебо немесе соған ұқсас ем тағайындағанын айтқан.

Алайда бүгінгі медицинада науқасты алдап, плацебоны шынайы дәрі ретінде ұсыну этикалық тұрғыдан дұрыс саналмайды. Сондықтан кейінгі жылдары ашық плацебо (open-label placebo) әдісі зерттеле бастады. Мұнда дәрігер науқасқа таблетканың плацебо екенін, яғни құрамында белсенді дәрілік зат жоқ екенін алдын ала ашық айтады.
Ең қызығы, кей жағдайда мұндай плацебо да әсер етуі мүмкін. Мұны алғашқылардың бірі болып Гарвард медицина мектебінің ғалымы Тед Каптчук зерттеген. Ол ішегі тітіркенген науқастарға таблетканың плацебо екені алдын ала айтқан. Соған қарамастан, олардың жағдайы ешқандай ем қабылдамаған топқа қарағанда жақсарған.
Кейін осындай нәтижелер аллергиялық ринит, созылмалы бел ауруы және мигреньге қатысты зерттеулерде де байқалды. Дегенмен ашық плацебо әдісі әлі де зерттеліп жатыр және қазіргі таңда стандартты медициналық емнің орнына қолданылмайды.
Сенімнің шегі бар ма?
Плацебо туралы сөз болғанда ең маңызды мәселе – оның мүмкіндігін асыра бағаламау.
Плацебоны «адам өзін ойдың күшімен емдеп алады» деп түсіну дұрыс емес. Ғылыми тұрғыдан алғанда, адамның емнен жақсы нәтиже күтуі ми мен жүйке жүйесіндегі кейбір процестерге әсер етіп, кейбір симптомның жеңілдеуіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұл аурудың негізгі себебін жоймайды.
Плацебо инфекцияны жоймайды, ісікті кетірмейді және ағзадағы аурудың негізгі себебін бірден жойып жібермейді. Сондықтан оны медициналық емнің баламасы ретінде қарастыруға болмайды.



