Әлеуметтік желіден үйін жөндеп, әжесінің ескі сандығын жаңартып жатқан видеоға көзіңіз түскен болар. Содан бір сағат өтпей-ақ, телефоныңызда 40 шақты сурет сақтап аласыз. Диван іздеп, бірнеше сайтты ашып қойғансыз. Тіпті үйдегі жиһаздардың орнын ауыстыруды да ойлайсыз. Таныс жағдай ма? Бізге де таныс. Tamga media оқырмандары үшін интерьер дизайнері Лаура Ахметжановамен бірге маңызды сұрақтарға жауап іздейді. Үйіміздің жайлы болуы не себепті маңызды? Оны қалай дұрыс безендіруге болады? Бірге талдап көрейік.
Үйді дұрыс жабдықтау неліктен маңызды?
Үй бас сауғалайтын орын ғана емес, өміріміздің көп бөлігі өтетін жер. Тіпті көңіл-күйіміз бен өзімізді жақсы сезінуімізге де ықпалы бар. Мамандардың зерттеуі бойынша, үйдегі жарық, жиһаздың қайда орналасқанынан бастап, материалға дейін өте маңызды. Нәтижесінде уайым азайып, ұйқы жақсарады, адам іштей тыныш болады. Мысалы, күн сәулесі мол түскен жерде күйзеліс те болмайды, ұйқы да қанады. Ал үй іші шашылып жатса, адамда күйзеліс гормоны – кортизол көбейеді.
Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің (UCLA) ғалымдары қызық зерттеу жүргізді. 32 отбасы өз үйінде видео шолу түсіреді, ал зерттеушілер олардың сілекейінен кортизол деңгейін тексерді. Нәтижесі қандай болды десеңіз, адам өз үйін қалай сипаттаса (мысалы, «берекесі қашқан», «шашылып жатыр» деп), оның сол күнгі гормон деңгейіне тікелей әсер етеді екен..
Үй тірлігінің уайымы көбіне әйелдердің мойнында болғандықтан, бұл оларға қаттырақ ықпал етеді. Кейінгі зерттеулер де үйдің шашылып жатуы адамның мазасын қашырып, көңіл-күйін түсіретінін растады.
Ал бөлмені табиғи материалдан жасап, өсімдіктер қойса, күн сәулесі көбірек түссе, адам ондай үйде күйзелістен тез арылады. Мұны «биофиль дизайн» дейді. Тіпті үй төбесінің биіктігі сияқты ұсақ-түйектің өзі адамның еркін ойланып, шығармашылдығына әсер етеді.
Қабырғаның түсі де өзінше бір рөл атқарады. Көгілдір түстер жүрек соғысын бәсеңдетіп, тыныштыққа шақырса, бейтарап реңктер тұрақтылық сезімін береді. Ал тым ашық, жылы түстерді демалатын жерде емес, тек белгілі бір бұрыштарда ғана қолданған дұрыс.
Қысқасы, үйіңізді «Pinterest-тегідей әдемі ету» сән қуу емес, бұл – психологиялық күйіңізді қолға алудың ең оңай жолы.
Бұрынға қарағанда қазір үйдің маңызы артты
Жөндеу жұмыстары мен дизайнның трендке айналуының нақты себебі бар. Ипотеканың пайызы өскен соң, адамдарға жаңа үй алу қиындады. Оларға көшкеннен гөрі, тұрып жатқан пәтерін жөндеген оңай. Мысалы, Houzz & Home зерттеуі бойынша, 2025 жылы АҚШ-та үй иелерінің жартысынан көбі (54%) өз пәтерін жаңартқан. Олар орта есеппен жөндеуге 20 000 доллар, ал әр оныншы адам бұған 150 000 долларға дейін жұмсаған.
Қазір әлемде интерьер дизайнына жұмсалатын ақша $150-270 миллиардқа жетті. Жыл сайын бұл көрсеткіш тағы 4-8% өсіп отырады.
Бірақ үйін жөндеп жатқанның бәрі дизайнер жалдамайды. Төрт адамның біреуі ғана дизайнерге жүгінсе, 88-90%-ы жұмысшылар жалдайды. Демек, адамдар үйдің дизайнын өздері іздеп тауып, мамандарды тек құрылыс басталғанда шақырады.
«Көпшілік дизайн интерьерін тамақ пісіру, үй жинау сияқты қарапайым нәрсе көреді. Шын мәнінде, бұл тек әдемі сурет емес, бәрінің ыңғайлы болуы. Асүйдің дұрыс ұйымдастырылуы, есіктердің оңай ашылуы, жиһаздың дұрыс өлшемі, жарық пен үйдің жоспары – дизайн деген осы. Қазір жағдай өзгерді. Үлкен буынға қарағанда, жастар кәсіби мамандарға сенеді әрі жұмысын тапсырады», – дейді Лаура Ахметжанова.
Идеяны қайдан аламыз: Pinterest қана ма?
Pinterest әу бастан нақты бір нәрсені іздеуге арналған платформа болды. Мұндағы ең танымал бағыт – «Үй декоры мен интерьер». 79% желі қолданушылары осы тақырыпты таңдап, 23 миллиардтан аса сурет сақтап, оларды 682 миллионнан астам папкаға жинаған.
«Pinterest клиентті түсінуге жақсы көмектеседі. Оның жинаған суреттеріне қарап-ақ, адамға не ұнайтынын білуге болады. Кейде клиент «маған минимализм керек» дейді де, бірақ неоклассика стиліндегі суреттерді жібереді. Сондықтан бұл платформа дизайнерлердің өзіне де шабыт алу үшін қажет», – дейді Лаура Ахметжанова.
Адамдар Pinterest-тен айына 5 миллиардтан рет көп контент іздейді. Соның ішінде 97% қолданушы белгілі бір брендтің атын жазбайды. Демек, олар нақты бір дүкенді емес, жалпы идея мен стиль іздейді.

Желіге апта сайын кіретіндер де бар. Олардың ішінде 85% адам суретке қарап-ақ сауда жасайды. Олардың жұмсайтын ақшасы басқа әлеуметтік желі қолданушыларын салыстырғанда 80% көп.
Pinterest үйдің стилі мен жоспарын, әрі «дейінгі-кейінгі» нәтижені іздеуге өте ыңғайлы. Ал Instagram мен Google-суреттер нақты пәтерлердің мысалын көрсетеді. Ол жерден дайын нәтижені ғана емес, үйін қалай жөндеп жатқанын көрсететін блогерлерді табуға болады.
«Суреттер үйдің нақты көлемін көрсетпейді. Адамдар кең бөлмелерді, үлкен терезелер мен биік төбелерді таңдайды. Әрине, бәрі әдемі көрінгенімен, біздің пәтерлерге келе бермейді. Десе де, суреттерден үйге үйлесетін стиль, түстер мен декор идеяларын алуға болады. Негізі клиенттің жинаған суреттеріне қарап, нені қалайтынын түсінеміз. Дизайнердің мақсаты – сол жайлы атмосфераны үйдің ішінде жасап беру», – дейді Лаура Ахметжанова.
Материалды ұстап, жарықтың қалай түсетінін, жиһаздың құрастырылған күйін көру үшін жиһаз көрмелері мен шоурумдарды аралауыңыз керек. Себебі сурет мұның бәрін жеткізе алмайды.
Үйді жасақтауды неден бастаймыз?
Үйді жөндемей тұрып, әр қадамды ретімен жасау керек. Өйткені мұндағы әр жұмыс бір-бірімен тығыз байланысты.

1. Қалай өмір сүретініңізді, сізге нақты не керек екенін анықтап алыңыз.
Үйдің әр бұрышын шынымен қолданасыз ба, үйде жұмыс істейсіз бе, қонақ күтетін орын керек пе, балалар, үй жануарлары бар ма – осыны ойланыңыз. Үйде кішкентай бала мен екі ит болса, суреттегі әдемі, ақ диванның керегі жоқ.
2. Үйді жөндеуді бастамай тұрып, шығынды есептеңіз.
Адамдар әдемі суреттерге қызығып, бәрін таңдап қойғаннан кейін бағасын есептейді. Соңында ақшасы жетпей, көңілі түседі. Сондықтан жоспарлаған ақшаның үстіне тағы 15-20% артық ақша жинаңыз. Өйткені үйді жөндегенде аяқ-асты қосымша шығын шығып жатады.
3. Ұнаған суреттерді жинап, ортақ тұстарын табыңыз.
Бір апта бойы сурет жинасаңыз, олардың ұқсастығы бірден байқалады. Бұл белгілі бір стиль емес, қарапайым ортақ бөлшектер болуы мүмкін. Мысалы, табиғи жарық, жылы түстер немесе ашық сөрелер. Осы қайталанатын тұстар – сіздің нағыз талғамыңыз.
Сондай-ақ саяхатта немесе кафеде көзіңізге түскен дүниелерді де қосыңыз. Себебі қонақүйлер мен мейрамханалар трендті бірінші бастайды. Ол идеялар бір-екі жылдан кейін үй дизайнына келеді. Сіздің де есіңізде бір ерекше нәрсе қалған шығар.

4. Суретке емес, үйіңізді өлшеп, қолыңыздағы жоспарға сеніңіз.
Бір нәрсе сатып алмай тұрып, бөлменің көлемін өлшеңіз. Жиһаздың тұратын орнын, есіктер мен тоқ көздерін алдын ала сызып алған дұрыс. Үйін жөндегенде көбі осыдан қателеседі: суретте әдемі көрінген зат үйге сыймай қалады немесе басқа нәрсені жауып тастайды.
5. Жұмысты өзіңіз істейсіз бе, әлде маман шақырасыз ба – нақтылап алыңыз.
Ұнаған суретіңізге қарап, түстер, перделер мен шамдарды ауыстыру сияқты жеңіл жұмыстарды өзіңіз де істей аласыз. Ал үйді толық өзгерту, тоқ желісін тарту, материалдарды таңдау сияқты күрделі істерді дизайнерге тапсырған дұрыс. Өйткені маман қарапайым адам мән бермейтін дүниелерді байқайды.
«Үйдің жоспары оның стилі мен бағасынан да маңызды. Қабырғалардың, тоқ көздері мен жиһаздың орны дұрыс ойластырмаса, үйдің берекесі қашады. Тұтынушының бүкіл дизайн жобасына ақшасы жетпесе, студиялар тек үйдің жоспарын жасатып алуды ұсынады. Өйткені 80% жұмыс осыған байланысты», – дейді Лаура Ахметжанова.
Дизайнермен бірге қалай жұмыс істеген дұрыс?
Маман жалдағыңыз келсе, оның не үшін ақша алатынын әрі жұмыстың қалай жүретінін түсініп алған жөн.
Төлем түрлері
Дизайнерге ақшаны келісім бойынша әртүрлі төлеуге болады: жұмыс сағатына, шаршы метрге немесе жөндеу жұмысынан 10-30% бересіз. Мұны басында шешіп алсаңыз, артық шығыннан құтыласыз. Мысалы, жай кеңес алуға бір сағаттағы қызметі жеткілікті, ал үйдің толық дизайнын жасатуға бұлай төлей алмайсыз.

Бірінші кездесуге не қажет?
Әр бөлменің суреті, үйдің өлшемі, бюджет пен сізге міндетті түрде керек заттар (гардероб немесе үстел). Не қалайтыныңыз басынан нақты болса, жобаны қайта-қайта өзгертпейсіз.
«Ең бастысы – бюджет. Адамдар осы нәрседен көп қателеседі, сондықтан оны бірден шешіп алу керек. Екіншіден, үйде өзіңізді қалай сезінгіңіз келетіні. Бұл әркімнің өз қалауы мен өмір салтына байланысты», – дейді Лаура Ахметжанова.
Дизайнер үйдің стилін, жоспарын жасап, материалын таңдайды. Ал шебер құрылыс жұмыстарына кіріседі. Екеуін шатастырмау керек. Мысалы, дизайнер кафельдің қалай қаланғанын тексермейді, ал шебер түстердің үйлесіміне жауап бермейді.
Өзгертуден қорықпаңыз, бірақ бәрін жазып отырыңыз
Сапалы дизайн екі-үш рет өзгертілетіні сөзсіз. Тек әр кезеңнен кейін (жоспар, дизайн немесе материал таңдағанда) келіскен шешімдерді жазып алыңыз. Бұл екі жаққа да тиімді әрі кейін қайта жасап, артық шығындалмайсыз.



