Адам баласы бәрінен астар іздеп, әсіресе саясат десе елең ететіні анық. Бұрын бос сандырақ көрінген теориялар бүгінде шындыққа айналғандай. Интернетте бұрыннан келе жатқан «пицца индексі» деген қызық теория бар. Адамдар оның растығына әлдеқашан сенген, қазір де соның дәлелін көріп отырмыз.
Қызығы мынада, маңызды саяси немесе әскери оқиғалар болар алдында Пентагон маңында тамаққа, әсіресе пиццаға тапсырыс беретіндер саны күрт артады. Бұл жай ғана ойдан шығарылған нәрсе емес, оған нақты негіз бар.
«Пицца индексі» деген не?»
«Пицца индексі» – бұл интернетте тараған бейресми теория. Оған сенсек, АҚШ-тың Пентагон, Ақ үй немесе Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) сияқты мекемелерінен пиццаға тапсырыс көп түссе, демек, маңызды әскери операция немесе шұғыл жиын болады деген сөз.
Мұның логикасы өте қарапайым. Маңызды бірдеңе бола қалса, қызметкерлер жұмыста түн ортасына дейін, тіпті тәуліктеп қалады. Ғимараттан шығуға болмайды, уақыт та тығыз, сондықтан олар амалсыз тамақ алдыртады. Ал мұндай түнгі жұмысқа пицца – нағыз таптырмас ас. Өйткені ол тез дайындалады, жылдам жетеді және бүкіл ұжымға бөліп жеген өте ыңғайлы.
Кейде түн ортасында мемлекеттік мекемелердің айналасындағы пиццаханаларда тапсырыс саны кенеттен көбейіп кетеді. Бұл – ресми жаңалықтар шықпай тұрып-ақ бірдеңе болып жатқанынан хабар беретін белгі іспетті.

Бәрі неден басталды?
«Пицца индексінің» тарихы 90 жылдардың басынан басталады. Ол кезде Уашингтондағы әйгілі Domino’s желісінің иесі журналистерге бір қызық жайтты айтып берген. Оның байқауынша, Парсы шығанағындағы соғыс басталмай тұрып, Пентагон, Орталық барлау басқармасы және Ақ үйден пиццаға берілетін тапсырыстар саны бірден артып кеткен.
Ирак Кувейтке басып кірерден бір күн бұрын Орталық барлау басқармасы қызметкерлері да пиццаға тапсырыс беріп, рекорд орнатқан. Ал «Шөл даладағы дауыл» операциясы басталар алдында түнгі тапсырыстар саны бірнеше есе өсіп кеткен. Бұл оқиға журналистерді қызықтырып, БАҚ беттерінде тез тарап кетті. Уақыт өте келе ол нағыз аңызға айналды.
Қазір де әлемде жағдай ушығып, шиеленіс байқалса болды, «пицца индексі» туралы әңгіме қайтадан шыға бастайды.
Бұл теорияның қайта жаңғырғанына не себеп?
2020 жылдары әлеуметтік желілердің арқасында бұл теорияның екінші тынысы ашылғандай болды. Қолданушылар Google Maps пен жеткізу қосымшалары арқылы Пентагон маңындағы пиццаханалардың қаншалықты бос немесе толы екенін бақылауды әдетке айналдырды.
Мысалы, 2024 жылғы сәуірде Иран мен Израиль арасындағы жағдай ушыққан кезде, желіде бірнеше скриншот тарады. Онда мемлекеттік мекемелерге жақын орналасқан тамақтану орындарының түн ортасында «өте қарбалас» жұмыс істеп жатқаны анық көрінген. Бұл жайт әскери іс-қимылдар туралы ресми жаңалықтармен тұспа-тұс келді.
Тіпті Пентагон маңындағы пиццаханалардың қаншалықты бос емес екенін сәт сайын көрсетіп отыратын арнайы сайт та пайда болды. Ондағы тапсырыс деңгейіне қарап, сайт «қауіп белгісін» береді. Бұл жүйе әскерилердің дайындық деңгейін өлшейтін DEFCON шкаласына ұқсатып жасалған.

Мадуро оқиғасы
Айтпақшы, жаңа деректерге сүйенсек, 2026 жылдың басында Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстап әкеткен түні Пентагон маңында тамаққа тапсырыс беретіндер кенет көбейген. Бұл АҚШ-тың не істеп жатқаны туралы жаңалықтармен тұспа-тұс келген.
Ирандағы жағдай кезінде де осы жағдай қайталанды. Ақпанның соңында шабуылдар басталғанда, Пентагон жанындағы пиццаханалардың жұмысы қатты қызған.
Бұл қаншалық шындық?
Шындығында, «пицца индексі» саясатты болжайтын нақты әдіс емес, жай ғана қызық болжам. Иә, қисыны бар сияқты көрінгенімен, бұған толық сенуге болмайды. Өйткені бұл теорияның ешқандай ресми дәлелі жоқ. Адамдар көбіне пиццаға тапсырыс көбейіп, артынан бір оқиға болған кездерді ғана айтып жүреді. Ал тапсырыс көп болып, бірақ ештеңе өзгермеген қаншама жағдайды ешкім ескермейді.
Қысқасы, зерттеушілер «пицца индексі» шындық пен аңыздың қоспасы екенін айтады. Десе де, теория бізге қарапайым күнделікті тірліктің өзі үлкен сырларды аңғарта алатынын көрсетіп берді.



