МедиаҚоғамПерформатив еркек деген кім және оны қалай танимыз?

Перформатив еркек деген кім және оны қалай танимыз?

9 мамыр 2026
4 мин
Instagram: @generalidea_official

Ол жеке шекара мен психотерапия туралы көп айтады. Өзін дөрекілік пен қатыгездікке қарсы, эмоциясын жасырмайтын «саналы» жігіт ретінде көрсетеді. Оны көптің ішінен тану оңай: сәнді киініп алады да, қолына трендтегі сусынды ұстап жүреді. Қыздар мұны көріп, «ақыры түсінігі мол, адекват жігіт таптым» деп қуанады, бірақ жақын тани келе, оның сөзі мен ісі мүлдем басқа екені байқалады. Әлеуметтік желіде мұндай типті «перформатив еркек» деп атайды. Ендеше, бұл мінсіз бейненің артында не жатыр? Tamga Media тарқатып көреді.


Перформатив еркек деген кім?


«Перформатив» сөзі ағылшынның performance (қойылым, рөл ойнау) сөзінен шыққан. Бұл ұғымды 1988 жылы философ Джудит Батлер ұсынған. Оның пайымдауынша, адамның «еркек» болуы туа біткен қасиет емес, қоғам таңып берген рөлді ойнауы. Мұндай жігіттер шынайы әрекет етпейді, олар жұрт күткен «мінсіз жігіттің» рөлін ойнап қана жүреді.


Қазіргі психологтар бұл теорияны былай түсіндіреді: перформатив еркек – жақсы болып көрінгісі келетін адам. Ол қыздарға тез ұнап, мақтау есту үшін немесе «заманауи, адекват жігіт» деген абырой жинау үшін маска тағып жүреді.


Ғалымдар мұны қалай дәлелдеді?


2022 жылы халықаралық ғылыми журналда кейінгі 20 жылдағы 11 ірі зерттеуді қамтыған ауқымды мақала жарық көрді. Психологтар осындай жігіттердің ішкі әлемін зерттей келе, оларды әшкерелейтін үш басты белгіні атап көрсетті:

  1. Қорғаныс маскасы. Олар жұртқа «қатыгез, ескі көзқарастағы еркек» немесе «тым әлсіз» болып көрінуден қорқады. Сондықтан сынның астында қалмас үшін әдейі осы қауіпсіз, «жұмсақ» рөлді таңдап алады.

  2. Ортаға тез бейімделу. Мұндай жігіттер хамелеон сияқты. Қай ортада қандай «жақсы жігіт» керек – соған қарай лезде өзгере береді.

  3. Сыртқы образдың маңызы. Олар үшін ішкі құндылық пен шынайы сезім бірінші орында емес. Ең бастысы – басқалардың алдында «идеал» болып көріну. Қандай іс тындырғаны емес, жұртқа қалай көрінетіні маңызды.



Перформатив еркекті тануға көмектесетін қызыл жалаулар

  • Көп сөйлейді, бірақ дым бітірмейді. Ол сізге гендер теңдігі туралы сағаттап әңгіме айтып беруі мүмкін. Әйелдердің құқығын қорғайтынын да жиі айтады, бірақ өмірде, үйде немесе жұмыста барлық жауапкершілік пен жүкті әйелдің мойнына арта салады. Яғни, оның айтқан құндылықтары сөз жүзінде ғана қалады.

  • Жұртқа жаққысы келеді. Зерттеу көрсеткендей, перформатив жігіттер өзінің «мінсіздігін» жұртқа, қазіргі тілде айтқанда, әлеуметтік желіде көрсетеді. Қарасаңыз, ең қамқор, идеал серік болып көрінуі мүмкін, бірақ оңаша қалғанда, оның мінезі құбылып, мүлдем басқа адамға айналып шыға келеді.

  • Сын көтере алмайды. Мұндай адамдар өзінің мінсіз бейнесіне айтылған кез келген пікірді жеке басына жасалған шабуыл деп қабылдайды. Сондықтан оған орынды сын айтсаңыз, ол бірден агрессияға беріледі немесе бәрін бұрмалап, өзіңізді кінәлі етіп шығарады, яғни газлайтинг жасайды.


Перформатив еркектер агрессия мен дөрекілік бұрынғыдай нәтиже бермейтінін жақсы түсінеді. Сондықтан олар заманға сай бейімделіп, мизогинияны (әйелді кемсіту) сыпайы манипуляцияға ауыстырды.



Оның сыртқы бейнесі қандай?


Перформатив еркекті сырттай тану өте оңай. Стилі – токсик маскулиндік образға толық қарама-қарсы. Мысалы, ол тым спорттық киім кимейді. Әдейі нәзік, «әйелге тән» саналып келген детальды қосып алады. Қолында экосөмке, қойын дәптер, көп рет қолданылатын бөтелке немесе термостақан, көзіне сәнді көзілдірік тағып алады, ал иығына фотоаппарат, шоппер асып алады. Олардың гардеробында лофер немесе дерби сияқты классикалық аяқкиім, өте кең шалбар, бэгги-джинс, қызық жазуы бар, денеге жабысып тұратын қысқа футболка, баскиімдер бар. Ішетіні – матча немесе трендтегі сусын, әйел жазушылардың кітабын оқиды және әйел тағдырын жырлайтын әндер тыңдайды. Олар суретке түсуге дайын жүреді, суреттері сондай табиғи болып көрінеді, бірақ оның артында үлкен дайындық жатыр. 


Патриархал қоғамда бұл ерсі көрінгенімен, олардың қыздарды арбап алатын бір құпиясы бар. Бұл – контраст. Олар «нәзік» образды міндетті түрде брутал детальмен теңестіріп отырады. Көбіне бұл деталь – сақал-мұрт немесе ретсіз жасалған шаш үлгісі. Осы образы арқылы әйелдерге «мен басқалардай емеспін, мені таңдашы» деген үнсіз сигнал береді.



Ескерту:
Осындай образдағы еркектің бәрін перформатив деуге болмайды, сырт келбет тек қосымша фактор екенін ескерген жөн.


Перформатив еркек токсик пе?


Психологияда «перформатив» пен «токсик» еркек – екі бөлек ұғым. Токсик еркек агрессивті түрде үстемдік етіп, серігін басып-жаншуға тырысса, перформатив жігіт – соның әлдеқайда «жұмсақ», заманауи түрі ғана.


Перформатив жігіт – жай ғана қоғамның қарама-қайшы талаптарынан шаршаған адамдар. 2024 жылы жасалған психометриялық зерттеу дәлелдегендей, жұртқа жақсы көріну үшін күнде маска тағып жүру жігіттердің өзін де іштей қатты күйзелтеді.


Әрине, перформатив болу әрдайым біреуді алдау немесе жаман пиғыл дегенді білдірмейді. Шынында, бәріміз белгілі бір деңгейде сондаймыз. Кейде бұл адамның өзін іздеу кезеңі болуы мүмкін. Кейін уақыт өте келе шынымен де сол образға бейімделіп, жақсы жаққа өзгеріп жатады. Сондықтан кокос сүті қосылған матча ішкіңіз келсе, ойланбай іше беріңіз. Ең бастысы, бұл әдемі образ үшін емес, сіздің шынайы қалауыңыз бен жеке таңдауыңыз болсын.

Бөлісу:

Перформатив еркек деген кім және оны қалай танимыз?