Қоғамда “Кеңес мектебін бітіргендер есепте жақсы, ал британ мектебінің шәкірттері еркін ойлайды” деген пікір бар. Қазіргі Қазақстан мектептері осы екі жүйенің арасындағы көпірге ұқсайды. Бүгінгі материалда Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Бағлан Жамелов қос білім беру жүйесінің негізгі айырмашылықтарын және Қазақстан мектептері одан не үйренгенін түсіндіреді.
Білім беру жүйелерінің басты қағидасы қандай?
Кеңес дәуіріндегі мектептер үлкен бір механизм сияқты жұмыс істеді. Онда “бәрі бір жолмен оқуға тиіс” деген қағида басым болды: бірдей бағдарлама, бірдей тақырып, бірдей тәртіп. Мектептің мақсаты – қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеу.
Артықшылығы – бәріне бірдей негізгі білім берілгенінде. Бірақ оқушылардың жеке қасиеттері, не нәрсеге қызығатыны, таланттары назарға алынбады. Кім тез түсінеді, кім баяу – маңызды болған жоқ. Сыни ойлау мен шығармашылық шектелді, оқушы өз мүмкіндіктерін толық аша алмады.
Ал британ мектептері оқушыға өз жолын таңдауға мүмкіндік беретін еркін алаң сияқты болды. Жүйе “әр адам – тұлға” деген принципке негізделді. Оқушының қабілеті, не нәрсеге қызығатыны және таңдауы басты мәнге ие болды: әркім өзіне ұнаған пәндерді оқып, біреуі ғылымға, біреуі гуманитар бағытқа көңіл бөлді. Осылай, оқушы өз мүмкіндігін ашып, өз жолымен жүрді. Мұндайда балалардың мотивациясы көбірек, өйткені өзіне ұнайтын бағытты таңдады.
“Қазіргі Қазақстан мектептері екі жүйенің арасы сияқты. Кеңес жүйесінен қалғаны – бағдарлама мен стандарттар орталықтан белгіленеді, мұғалім басты рөлде, барлық оқушылар бірдей емтихан тапсырады. Британ жүйесінен алынғаны – топтық жұмыс, жобалар, зерттеулер, оқушының өз ойын бөлісуі, өз бетімен талдауы, ізденуі. Жаңартылған бағдарлама да оқушыларды жеке тұлға ретінде дамытуға бағытталған”, – дейді маман. Бағлан Жамелов.
Мұғалімнің рөлі қандай болды?
Кеңес мектебінде мұғалім – басты адам, бәрін білетін және басқаратын тұлға. Сабақта не айтылса, қандай тапсырма берілсе, бәрін мұғалім шешеді. Оқушының рөлі – тек тыңдау, есте сақтау және түсінгенін айту. Бұл білім жүйесі бойынша білім алған оқушылардың есте сақтау қабілеті жақсы болды, бірақ көбі өз ойын ашық айта алмайтын.
Британ мектептерінде мұғалім – тек жол көрсететін адам. Сабақта “Неге?”, “Қалай?”, “Сенің ойың қандай?” деген сұрақтар жиі қойылды. Оқушы тек тыңдайтын емес, оқу процесінің басты қатысушысы болды. Мұғалім де, оқушы да пікірін айтуды, талқылауды және ойын бөлісуді үйренді. Осы жүйе сыни ойлауды дамытуға өте тиімді болды.
“Қазақстан мектептері екі жүйенің ортасында тұр. Мұғалім бұрынғыдай бәрін бақылаушы емес, бірақ толық фасилитаторға да айналған жоқ. Оқушы ақырындап белсенді бола бастады: өз ойын айтады, зерттейді, топпен жұмыс істейді. Дегенмен кейде әлі де “мұғалім не дейді?” деген кеңестік дәстүр байқалады, кей мектепте “тыңда”, “жатта”, “қайтала” деген тәсілдер кездеседі”, – дейді маман.
Бағалау жүйесі қандай?
Кеңес мектебінде баға “бес балл” жүйесі бойынша қойылды. Мұғалім бір баға қояды да, оқушының жақсы немесе жаман оқитыны сол арқылы анықталды.
Британ жүйесінде баға цифрмен емес, деңгеймен берілді. Мысалы, A, B, C немесе level 1-9. Мұнда әр бала өз қабілетіне сай деңгейде қаралады. Мұнда бағалау – оқушының қазіргі мүмкіндіктерін көрсету құралы.
“Қазақстандағы қазіргі бағалау жүйесі өте тиімді. Әр тапсырма нақты критерий бойынша бағаланады, оқушыға кері байланыс беріледі: қатесін көрсетіп, түсіндіреді, жетістіктерін мақтап қолпаштайды. Осылай, бала қай бағытта дамып жатқанын және неге назар аудару керек екенін түсінеді”, – дейді маман.




