Соңғы кезде ақсерке балығының ұрығын бетке жағып, теріні жасартуға болады деген ақпарат әлеуметтік желіде кең тарады. PDRN аталатын бұл компонент косметология саласында үлкен қызығушылық тудырып, түрлі күтім құралдары мен инъекциялық процедуралардың құрамына ене бастады. PDRN шынымен балық ұрығы ма, оның теріні жасартып, әжімдерді азайтуға көмектесетіні рас па? Осы және өзге де сұрақтарға дерматолог және косметолог дәрігерлер жауап берді.
PDRN деген не?
PDRN (полидезоксирибонуклеотид) – көбінесе ақсерке, бақтақ сияқты албырт тұқымдас балықтардың биологиялық материалынан алынатын тазартылған ДНҚ фрагменттері. Оны жараларды жазып, теріні тез қалпына келтіретін қасиеті үшін алғашында медицинада ем ретінде пайдаланған. Ал қазір PDRN косметологияда кең сұранысқа ие өнімдердің біріне айналды.
Косметолог дәрігер Айбибі Қайратқызының айтуынша, PDRN тері сапасын жақсарту, серпімділігін арттыру және қалпына келтіруге қолданылады. Сондай-ақ ол постакне, тыртықтарды, зақымданған және ылғалы азайған теріні кешенді емдеу барысында да пайдаланылады.

«PDRN ұсақ әжімдердің байқалуын азайтып, тері құрылымын жақсартуға ықпал етеді. Алайда терең әжімдер мен айқын өзгерістер болса, PDRN-ның өзі жеткіліксіз. Мұндайда кешенді емдеу тәсілін жүргізген дұрыс», – дейді ол.
Неге PDRN танымал болып кетті?
Дерматолог Назым Берікқызы PDRN-ге деген сұраныстың артуын бірнеше себеппен байланыстырады. Оның айтуынша, кейінгі жылдары регенеративті косметологияға сұраныс артқан. Себебі адамдар терідегі сыртқы қартаю белгілерін түзетуді ғана емес, оның сапасын іштен жақсартып, қалпына келтіруді қалайды. Сондықтан олар бет әлпетін түбегейлі өзгертетін пластикалық ота сияқты процедуралардан гөрі табиғи сұлулықты сақтай отырып, тері жағдайын жақсартатын PDRN сияқты өнімдерді таңдайды. Маман өнімге деген қызығушылықтың артуына Оңтүстік Кореяның косметология индустриясы да айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Ал Айбибі Қайратқызының айтуынша, PDRN теріге оң әсер етуі мүмкін екенін көрсететін зерттеулер бар. Алайда дәлелдер әзірге шектеулі. Сонымен қатар маркетинг нәтижесін де жоққа шығаруға болмайды.
Қалай таңдаймыз?
Бүгінгі таңда PDRN негізіндегі өнімдердің түр-түрі бар. Олардың ішінде барынша кең таралғандары – екпе препараттары, кремдер және сарысулар.

Дерматолог Назым Берікқызының сөзінше инъекциялық PDRN терінің дерма қабатына енгізіледі. Осылайша қартаюға байланысты өзгерістермен күресуге көмектеседі. Ал кремдер мен сарысулар сыртқы күтімге арналған.
«Сыртқа жағылатын PDRN өнімдерінің әсері инъекциялармен бірдей емес және олардың тиімділігі өнімнің формуласына байланысты. Бұл бағыттағы клиникалық зерттеулер әзірге аз, сондықтан крем немесе сарысудың инъекциялық процедурамен бірдей нәтиже беретіні дәлелденбеген. Олардың әсері көбіне теріні ылғалдандыру, құрғақтық пен тітіркенуді азайту сияқты міндеттермен шектеледі», – дейді маман.
Инъекциялық косметологиялық процедураны тиісті медициналық білімі және дерматовенерология (дерматокосметология) бойынша маман сертификаты бар дәрігер жүргізуі керек. Ал препарат таңдағанда оның сертификатталуына және Қазақстан Республикасының аумағында ресми тіркелгеніне назар аудару қажет. Елге ресми тіркеуден өтпеген препараттар да әкелінуі мүмкін. Сондықтан процедура жасататын маманның қандай препараттарды қолданатынын алдын ала анықтаған жөн.
Қандай жағымсыз әсерлері болуы мүмкін?
PDRN екпесінен кейін бет терісінде уақытша ісіну, қызару, аздаған қанталау, ауырсыну және ұсақ төмпешіктер пайда болуы мүмкін. Дерматолог Назым Берікқызының сөзінше, бұл – инемен жасалатын процедураларға тән қалыпты реакциялар.

«PDRN процедурасы кезінде алдымен бет терісін жансыздандырамыз. Содан кейін препарат папулалық әдіспен инъекция арқылы енгізіледі. Сол себепті жоғарыда айтылған реакциялар болады. PDRN препаратының консистенциясы сұйық болғандықтан, папулалар, яғни, ұсақ төмпешіктер әдетте екі-үш күн ішінде басылады. Кейбір адамдарда олар бір тәуліктің ішінде-ақ кетіп қалуы мүмкін. Мұндай өзгерістер уақытша сипатқа ие», – дейді ол.
Дерматолог маманның айтуынша тері толық қалпына келгеннен кейін қышқылдар мен ретинолды күнделікті күтімге қайта қосуға болады. PDRN процедурасынан соң олардан біржола бас тарту қажеті жоқ, тек қалпына келу кезеңінде уақытша шектеу керек. Ал косметолог Айбибі Қайратқызы PDRN-ді ботулинотерапия, биоревитализация, лазерлік және аппараттық процедуралармен қатар қолдануға болатынын айтады. Дегенмен олардың орындалу ретін және арасындағы уақыт аралығын маман терінің жағдайына қарай жеке анықтайды.
Нәтиже қанша уақыттан соң білінеді?
Назым Берікқызы нәтиженің әр адамда әртүрлі білінетінін айтады. Дегенмен, алғашқы нәтижені шамамен төрт аптадан кейін байқалады.
«Көбіне PDRN препараттарымен емдеу курсы үш процедурадан тұрады. Олардың аралығы шамамен төрт апта болады. Процедуралардың жиілігі препараттың концентрациясы мен құрамына да байланысты. Мысалы, Қазақстанда тіркелген Rejuran Healer препаратымен емдеу курсы әдетте үш процедурадан тұрады. Әр процедура төрт-алты апталық аралықпен жүргізіледі. Бір ғана процедурадан кейін нәтиже байқала ма, жоқ па, оны нақты айту қиын. Себебі препараттың әсері жинақталмалы сипатқа ие, яғни толық курс аяқталғаннан кейін оның нәтижесі одан әрі күшейеді. Сондықтан инъекциялық косметологияда айқын нәтиже алу үшін көбіне толық курстан өту ұсынылады», – дейді маман.

Ал косметолог процедуралардың нақты саны мен олардың арасындағы уақыт аралығы терінің жағдайына қарай жеке белгіленетінін айтады. Сонымен қатар алынған нәтижені сақтау үшін 6-7 айдан кейін процедуралар курсын қайталауға болады.
Кімдерге ұсынылмайды?
PDRN процедурасы бәріне бірдей жарай бермейді. Жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ препарат құрамындағы компоненттерге аллергиясы бар адамдарға мұндай процедураны жасатар алдын дәрігермен ақылдасқан дұрыс. Егер теріде дерматит, белсенді қабыну немесе инфекция болса, алдымен сол мәселені емдеу қажет. Ал онкологиялық ауруы бар адамдарға PDRN инъекциясын жасауға бола ма, жоқ па, оны дәрігер науқастың жағдайына қарай жеке бағалауы тиіс.




