Осыдан бір ай бұрын ғана жаңа Бонд кім болады дегенде Роберт Паттинсон бұл рөл фавориттерінің қатарынан көрінбеген де еді. Жұрттың бәрі жасырақ актерлерді сөз қылып, Паттинсонның өзі «Одиссея», «Прайм-тайм» және «Дюнаның» үшінші бөлімінен бас алмай жүрген. Сөйтсек, 16 қарашада Amazon MGM студиясы 007-агенттің рөлі дәл осы «Ымырттағы» бұрынғы вампир әрі қазіргі Бэтменге бұйырғанын жария етті. Біреулер мұны батыл әрі тосын қадам десе, енді бірі жұлдыздың атағы Бондтың өзін басып кетпей ме деп қауіптенеді. Қызығы, Эдвард Каллен рөлімен танымал болып тұрған актер атақты тыңшы рөлін сомдауды армандайтынын айтқан екен. Сонымен жасөспірімдерге арналған фильмдер арқылы көрерменнің көзайымына айналған Паттинсон қалай Голливудтың ең сұраныстағы актерлерінің бірі болды?
Кино тарихындағы әйгілі рөл неге дәл оған бұйырды? Tamga Media тарқатып көрді.
«Жеке тұлғасы расталды»
16 қарашада бондиананың X желісіндегі ресми парақшасында «Жеке тұлғасы расталды» деген жазуы бар қысқа видео мен жаңа 007-агенттің алғашқы суреті жарияланды. Жаңа агент «Ымырт» фильміндегі вампир Эдвард Каллен – 40 жастағы Роберт Паттинсон екен.

2021 жылы Дэниел Крейг бұл рөлден кеткелі бері жаңа Бонд кім болатыны жайлы пікірталастар көбейген еді. Үміткерлер қатарында Николас Холт, Джек Лоуден, Джош О'Коннор мен Каллум Тернердің есімі аталып, жұрт рөл жаңадан танылып келе жатқан жас жұлдыздардың біріне бұйырады деп топшылаған. Басылымдардың хабарлауынша, Паттинсон сынақ түсіріліміне 24 қазан демалысында ғана барып, арада үш апта өтер-өтпестен Amazon MGM студиясы оны бекітіп тастады. Киноны «Өткір қалпақтар» сериалының авторы Стивен Найттың сценарийімен Дени Вильнев түсіреді. Вильнев таңдауын былай түсіндірді: Паттинсонның бойында «007-ге тән мәңгілік рух» бар, сонымен қатар ол кейіпкерге мүлде жаңа леп әкеледі.
Ал кезінде жас қыздардың арманы болған жігіттің британ киносындағы ең байсалды әрі салмақты рөлге қалай жеткенін түсіну үшін жиырма жыл артқа шегініп көрелік.
Атақтың ауыр жүгі
Паттинсон көрерменге алғаш рет 2005 жылы «Хәрри Поттер және От сауыт» фильміндегі Седрик Диггоридің рөлімен танылды. Ал 2008 жылы «Ымырт» жарыққа шығып, 21 жастағы лондондық жігіт бір демалыстың ішінде бүкіл әлемнің аузындағы жұлдызға айналды. Саганың бес фильмі 3,3 миллиард долларға жуық табыс тауып, Роберт пен Кристен Стюартты дүниежүзіне әйгілі етті.
Алайда актерге таяқтың екінші ұшы ауыр тиді. Кейін Паттинсон осы рөлдерден соң үйінің алдынан шықпай аңдып отыратын жұрттан әбден мезі болып, есі шығып кете жаздағанын айтты. Сұхбаттарында да бұл фильмді ашық келемеждеп, өз кейіпкерін біртүрлі пендеге, тіпті балта ұстаған қанішерге теңеген сәттері желіде әлі жүр.
Жасөспірімдерге арналған фильмдерде жарқ еткен актерлердің көбінің тағдыры ұқсас. Көбі тағы бірер жеңіл-желпі махаббат хикаясына түседі де, көп ұзамай ұмыт болады. 2012 жылы «Ымырт» сагасының соңғы бөлімі шыққанда, жұрттың бәрі Паттинсонның да болашағын дәл осылай елестеткен. Бір қызығы, вампир болып атағы дүркіреп тұрған сол шақтың өзінде-ақ ол Бондты ойнағысы келетінін ашық айтып жүрген екен. Қазір журналистер мұны 14 жыл бұрынғы «ақ тілектің орындалуы» деп сүйсіне жазып жатыр.

Күрделі киноға бет бұрған он жыл
Паттинсон дайын атақтың буына мастанбай, мүлде басқа арнаға түсті. Ол енді режиссерлерге қарап таңдау жасап, ұсынған кез келген кейіпкерді ойнауға көшті. Мәселен, ағайынды Сафдилерге өзі бірінші болып хат жазған. 2015 жылы «Құдай біледі» фильмінің жалғыз суретін көріп қызыққан Роберт режиссерлердің бұрынғы киноларын мүлде көрмесе де, байланысқа өзі шығады. Ақыры ағайындылар «Өңделмеген алмаздарды» уақытша ысырып қойып, Паттинсон үшін тың жобаны қолға алған.
Осылайша он жылдың ішінде кез келген фестиваль актері армандайтын фильмдерде ойнап шықты:
Дэвид Кроненберг: «Космополис» (2012) пен «Жұлдыздар картасы» (2014) – ақша мен Голливудтың көлеңкелі тұсын салқынқанды әрі өзгеше қырынан ашатын туындылар.
Ағайынды Сафдилер: «Жақсы уақыт» (2017) – басы дауға қалған, өз қамын ғана ойлаған ұсақ қылмыскердің рөлі. Осы кинодан кейін Паттинсонға күмәнмен қараған жұрттың ойы өзгере бастады.
Клер Дени: «Жоғары қоғам» (2018) – көрерменді сан ойға жетелейтін ауыр ғарыштық драма.
Роберт Эггерс: «Шамшырақ» (2019) – Уиллем Дефомен арадағы жүйке жұқартар текетірес.
Пон Чжун Хо: «Микки 17» (2025) – дауысы біртүрлі, ебедейсіз оғаш жігіттің бейнесі.
Паттинсонға деген көзқарасты өзгерткен де осы қадам еді. Әрбір оғаш рөлі жұрттың есіндегі вампир бейнесін бірте-бірте өшіріп, кезінде Эдвардты сынағандар «Шамшырақ» шыққан соң оның өнеріне тәнті болды. Ол өзіне ауыр тиген атақты ұтымды пайдалана білді: есімінің арқасында тәуекелді фильмдерге қаржы табылды, ал ол фильмдер Паттинсонды шын мықты актер ретінде танытты.
Блокбастерлерге қайта жол тартты
Паттинсонды Бонд рөліне лайық көріп, бұл ойын алғаш рет ашық айтқан адам – Дэнни Бойл. 2019 жылы бондиананың 25-фильмінен кеткен бойда ол Variety басылымына актердің актерлік шеберлігі әбден толысқанын айтқан еді. Бірақ осы тұста Паттинсон дәл сол тұста Бэтменнің рөліне бекітіліп қойған болатын.
Робертті үлкен блокбастерлерге салмақты актер ретінде қайта танытқан да осы екі кино болды:
«Дәлел» (2020). Ноланның фильмінде ол сыпайы әрі тартымды, бірақ ішкі ойын оқу қиын барлаушы Нилді сомдады. Қазір сыншылар Паттинсонның болашақ 007-агенті қандай болатынын осы рөліне қарап-ақ бағамдауға болады дейді.
«Бэтмен» (2022). Бұған дейін Майкл Китон, Кристиан Бейл мен Бен Аффлек ойнаған аңыз кейіпкер енді Паттинсонға бұйырды. Бірақ Паттинсон бұл кейіпкерге өз өрнегін салды. Оның сомдауындағы Брюс Уэйн тұйық әрі ашулы, салтанатты кештерден гөрі Бэтмен костюмінің ішінде өзін жайлы сезінеді.
Паттинсонның өзі қорқынышынан арыла қоймаған, шеберлігі әлі шыңдалмаған кейіпкерлерді ойнағанды жақсы көретінін айтқан. Сырт көзге сабырлы көрінгенімен, басы үнемі қатерге тігіліп жүретін Бондқа дәл осындай мінез жараса кетеді. Бір қызығы, кино тарихында алғаш рет бір актер әрі Брюс Уэйнді, әрі Джеймс Бондты сомдамақ.

2026: Паттинсон жылы
Бонд туралы жаңалық шықпай тұрып-ақ Паттинсон биылғы киноның бәрінен төбе көрсетіп үлгерді. Басылымдардың бірі: «Биылғы кез келген ірі жобаны атаңызшы, ішінен Паттинсон табылады» деп дөп басты. 2026 жылы ол түскен фильмдер «Дюна» экранға шықпай жатып-ақ 1 миллиард доллардан астам касса жинады.
Қызығы, бұл рөлдер бір-біріне еш ұқсамайды. Бір жылда ол ғашық күйеужігітті де, ежелгі дәуірдің зұлымын да, тележүргізушіні де, шөл даладағы бүлікшіні де сомдап үлгерді. «Одиссеяның» табысын Ноланның арқасы десек болар. Ал бюджеті шағын екі фильмнің шығынын үш-бес есе ақтауы – Паттинсонның көрермен тартатын актерге айналғанын көрсетеді. Оны көруге жастар көп ағылады. Мәселен, 2000-жылдардағы телеарналар жайлы түсірілген «Прайм-тайм» фильмін алғашқы демалыстарда тамашалағандардың 69%-ы отызға да жетпеген зумерлер болып шықты.
Неліктен дәл осы актер?
Студия франшизаның ескі ережесін бұзды. Продюсер Майкл Уилсон бұрын атағы Бондты басып кетпейтін актерлерді таңдайтын. Коннери, Броснан мен Крейг бұл рөлге келгенде үлкен кинода Паттинсон деңгейіндегі әлемдік мегажұлдыз болған жоқ. Тіпті Бондианы түсіру құқығын иеленген Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос бастапқыда команданың Паттинсонды «тым атақты» деп тартынғанын жасырмады. Бірақ кастингтен кейін Бондтың дәл өзі осы екенін бірден түсінген. Осылайша франшизаның жаңа иелері көрерменді атымен-ақ тартатын танымал жұлдызды таңдап, басы артық тәуекелден қашқан болуы мүмкін.
Режиссер оның неге қабілетті екенін біледі. Вильнев Паттинсонды «Дюнаның» үшінші бөліміне түсірді, тіпті Бондты таңдаудың сол жұмысқа бола кешіккенін де жасырмады. Режиссер басты талабын кесіп айтты: көрермен экрандағы адамның кісі өлтіре алатынына сенуі керек, ал мұндай сұс екінің бірінде бола бермейді. Вильневтің «Қандықол» фильмінен бастап «Жүзбен жүгіруші 2049» туындысына дейінгі кейіпкерлерінің көбі екіұшты, күрделі жандар, сондықтан осындай бай тәжірибесі бар актер оның талабына дәл келеді.
Бөлек мінез. Крейг Бондтың да ет пен сүйектен жаралғанын, оның да жаны ауыратынын көрсетіп кетті. Енді смокинг киген бұрынғы серінің бейнесіне қайта оралу қиын. Паттинсон сырттай сұсты болғанымен, ішкі әлсіздік пен қысылуды, еркектің сыртқы кейпі мен ішкі жан дүниесінің кереғарлығын дәл жеткізеді. Сыншылар мұны «өктемдігі жоқ ер мінез» деп жүр.
Үш буынның ортақ жұлдызы. Отыздан асқан буын оны баяғы вампир рөлімен есте сақтаған. Кино сүйер қауым Сафди мен Эггерстің таңдаулы актері деп таниды. Кейінгі жастар үшін ол – Бэтмен мен желідегі мемдердің кейіпкері. Бір адамның бірден үш аудиторияны қатар ұстап тұруы сирек кездеседі, ал бондианаға дәл қазір жас көрермен керек-ақ.

Бір айта кетері, осы уақытқа дейін Бондты сомдағандардың ішінде Паттинсон Роджер Мур мен Дэниел Крейгтен кейінгі үшінші ағылшын актері.
Ал Бондтың сүйіктісін кім ойнайды?
Студия жаңа 007-агенттің есімін жариялап үлгермей жатып, желі қолданушылары енді оның серігі кім болатынын қызу талқылауға көшті. Әзірге ресми түрде ешкім бекітілген жоқ, дегенмен көрермендердің басты үміткерілерінің бірі – «Субстанция» жұлдызы Маргарет Куолли сыңайлы. Ол 2025 жылы «Оскар» салтанатында бондианаға арналған арнайы нөмірде өнер көрсеткен еді. Екінші орында – «Дюнаның» екінші бөлімінде Вильневпен бірге жұмыс істеген Аня Тейлор-Джой. Зендея жайлы әңгіме тіпті бөлек: ол Паттинсонмен «Міне, драма!» және «Одиссея» фильмдеріне түссе, Вильневтің үш бірдей «Дюнасында» басты рөлдердің бірін ойнады. Үміткерлер қатарында Сидни Суини мен Флоренс Пью де жүр, ал Александра Даддарио туралы желдей ескен қауесет расталмады.
Бірақ дау тек есімдер төңірегінде ғана өрбіп жатқан жоқ. Бондтың қасындағы қыздың бейнесі қай заманда да қоғамның әйел затына деген көзқарасын көрсетіп отырған. Енді сыншылар жаңа фильмде бұл кейіпкерге қандай рөл бұйырады деген сауал тастап отыр. Режиссер Пол Фиг тіпті Суиниді Бондтың серігі ретінде емес, 007-агенттің өз рөлінде көргісі келетінін айтты. Ал Variety тізіміне енген «Эйфория» жұлдызы Хантер Шефер таңдалса, ол бондианадағы басты әйел рөлін сомдаған тұңғыш трансгендер актриса атанбақ. Шамасы, студия Бондты таңдағанда жұртты қалай таңғалдырса, оның серігіне келгенде де дәл сондай тосын сый әзірлеп отырған сыңайлы.

Паттинсон формуласы
Түйіндеп айтсақ, Паттинсонның мұндай жетістікке жетуі Голливудта екінің бірінің қолынан келе бермейтін үш шешімге байланысты:
Дайын образын пайдалана берудің орнына, одан іргесін аулақ салды. Гонорар қумай, мықты режиссерлерді таңдады, нәтижесінде қырық жасқа жетпей-ақ заманымыздың үздік авторларының бәрімен дерлік кино түсірді.
Танымал кейіпкерлерді өз икеміне көндіре алды. Бэтмен рөлі оның бұрынғы жұлдыздардың көлеңкесінен қорықпайтынын дәлелдеді.
Касса жинайтын актер мәртебесін қайтарды. Бұрынғыдай «Ымырттағы» кейіпкерге емес, бүгінде көрермен тікелей Паттинсонның өзіне келеді.
Бұрын оны күлкі қылатындар көп еді. Ал қазір миллиондаған көрермен оның «Есімім – Бонд. Джейм Бонд» деп тіл қататын сәтін күтіп жүр. Соңғы он бес жылдағы өнеріне қарасақ, бәлкім, актер Бондты жаңа қырынан танытуы ғажап емес.





Пікірлер
Пікір жазу және лайк басу үшін тіркелу керек