EdTech●Ғылым●Парасат қайда қалды: неге білімді адамның бәрі бірдей ақылды емес?

Парасат қайда қалды: неге білімді адамның бәрі бірдей ақылды емес?

15 қазан 2026
5 мин
«Игры разума» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Екі Нобель сыйлығының иегері жұмыс істеген қор үш айда 4,6 миллиард долларынан айырылды. Мұның ғылыми түсіндірмесі бар: жоғары интеллект әрдайым дұрыс шешім қабылдауға көмектесе бермейді. Білімді адамдардың неліктен қаржы пирамидаларына алданып, қисынсыз шешім қабылдайтынын түсіндіреміз.


Ньютон және «Оңтүстік теңіздер» компаниясы


Бұл оқиға Исаак Ньютон басынан өткен және инвестициялық қорлар мен Нобель сыйлығы пайда болғанға дейін, үш жүз жыл бұрын болған. 1720 жылдың басында Ньютон «Оңтүстік теңіздер» компаниясының акцияларын сатып алып, кейін оларды дер кезінде сатады. Осылайша шамамен 7 мың фунт пайда табады. Яғни салған ақшасын екі есе көбейтеді. Бірақ акция бағасы өсе береді, бірнеше айдың ішінде 128 фунттан 1050 фунтқа дейін шарықтайды. Өзгелердің әлі де табыс тауып жатқанын көрген Ньютон дүрмекке еріп, акцияларды әлдеқайда қымбат бағаға қайта сатып алады. Сол жылдың қыркүйегінде баға күрт құлдырап, акция құны 175 фунтқа төмендейді. Ньютон шамамен 20 мың фунт жоғалтады. Қазіргі ақшамен есептегенде, бұл - 3 миллион доллардан астам сома.


Ньютонға телінетін әйгілі сөз бар: «Мен аспан денелерінің қозғалысын есептей аламын, бірақ адамдардың әрекеті мен бұқаралық трендтер болжай алмаймын». Өз дәуірінің ұлы физигі әрі математигі бағаның шамадан тыс өскенін түсінген. Алғашында дұрыс шешім қабылдап, пайдамен шыққан. Алайда кейін оған да басқа инвесторлар сияқты көпшіліктің ықпалы әсер еткен. Есеп-қисапқа жүйрік болғанымен, ол да көппен бірге пайдакүнемдік пен нәпсінің жетегінде кетті. Аңызға сүйенсек, осы сәтсіздіктен соң Ньютон өмірінің соңына дейін қасында «Оңтүстік теңіздері» жайлы сөз қозғалғанын ұнатпаған. 


Нобель сыйлығының иегерлері қалай қателесті?


Long-Term Capital Management, қысқаша LTCM инвестициялық қорын 1994 жылы тәжірибелі қаржыгер Джон Мериуэзер құрды. Бұған дейін ол Salomon Brothers компаниясының арбитраждық операциялар бөлімін басқарған. Қордың серіктестері арасында Майрон Шоулз бен Роберт Мертон болды. Олар активті алдын ала белгіленген баға бойынша сатып алу немесе сату құқығын беретін опциондардың құнын есептеудің классикалық моделін жасауға елеулі үлес қосты. Екеуі 1997 жылы қорда жұмыс істеп жүрген кезінде экономика бойынша Нобель сыйлығын алды. Командада АҚШ Федералдық резерв жүйесі төрағасының бұрынғы орынбасары Дэвид Маллинс пен Уолл-стриттің үздік трейдерлері де болды.


Алғашқы жылдары қордың нәтижесі «математиканы жақсы білсең, мол табыс табасың» деген ойды растайтындай көрінді. Қор 1995 жылы 43%, 1996 жылы 41%, ал 1997 жылы 17% табыс көрсетті. Оның капиталы 7 миллиард долларға дейін өсті. Бірақ 1998 жылдың тамызында Ресей мемлекеттік қарызы бойынша төлем жасай алмайтынын мәлімдеді. Соның салдарынан рубль күрт құнсызданды. Нарықта математикалық модельдер болжай алмаған жағдай қалыптасты. Қалыпты кезде бағасы әртүрлі бағытта өзгеретін активтер дүрбелең басталғанда бір бағытта қозғала бастады. Қор бір күннің өзінде 100 миллион доллардан астам шығынға ұшырады. Үш айдың ішінде оның 4,6 миллиард доллар капиталының басым бөлігі жоғалды. Ал қордың қаржылық мәмілелерінің жалпы көлемі 125 миллиард доллардан асқан еді. Дағдарыс бүкіл қаржы жүйесіне жайылып кетпеуі үшін АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі араласуға мәжбүр болды. Сол кездегі ең озық математикалық әдістерді қолданған екі Нобель сыйлығының иегері де нарықтағы үрей ықпалын жеткілікті бағалай алмады. Ал сақтықпен ойлайтын адам арнайы экономикалық білімі болмаса да, дүрбелең басталғанда әдеттегіден басқаша әрекет ететіні ескерілер еді.


Дисрационалдық: ақылды бола тұра, қисынсыз шешім қабылдау


Адамның ойлауын ондаған жыл бойы зерттеген канадалық психолог Кит Станович бұл құбылысты «дисрационалдық» деп атады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның білімі мен ақылы жеткілікті болса да, ол жағдайды қате бағалап, дұрыс емес шешім қабылдауы мүмкін. IQ-тест адамның ақыл-ой мүмкіндігінің кейбір қырларын тексергенімен, оның қаншалықты ұтымды шешім қабылдайтынын өлшемейді», деген Становичтің негізгі ойы көп адамдарға ұнай бермейді.


Ғалым дисрационалдықтың екі негізгі себебін көрсеткен. Біріншісі – ойлануға күш жұмсаудан қашу. Адамдар көбіне мәселені асықпай талдағаннан гөрі,  қате болса да ойына бірден келген жеңіл жауапты таңдайды.


Мұны мына есептен көруге болады: бейсбол таяғы мен доп бірге 1 доллар 10 цент тұрады. Таяқ доптан тура 1 долларға қымбат. Доп қанша тұрады?


Көп адам, соның ішінде Гарвард, Принстон және Массачусетс технологиялық институтының студенттері де бірден «10 цент» деп жауап береді. Бірақ дұрыс жауап - 5 цент. Өйткені доп 5 цент, ал таяқ 1 доллар 5 цент болса, екеуінің бағасы 1 доллар 10 цент болады. Баға айырмасы да тура 1 доллар шығады.


Екінші себеп – дұрыс ойлауға қажетті білім мен тәсілдердің жетіспеуі. Станович мұны mindware, яғни мидың «бағдарламалық қамтылымы» деп атайды. Оған ықтималдықты түсіну, логикалық ойлау мен ғылыми тәсілді білу жатады. Осындай құралдар болмаса, өте зерек адам да бір қателікті қайта-қайта жасауы мүмкін. Станович келтірген дерекке сәйкес, IQ деңгейі мен логикалық қателерге бейімділіктің арасындағы байланыс небәрі 0,2–0,3. Бұл – өте әлсіз байланыс. Яғни IQ жоғары болуы адамның логикалық қателерді аз жіберетініне кепіл емес. Демек, адамның интеллекті жоғары болуы оның әрдайым дұрыс пайымдайтынын білдірмейді.


Станович пен оның әріптестері көз жеткізген тағы бір маңызды құбылыс – өз пікірін ғана дұрыс көруге бейімділік (myside bias). Адам өзгенің сөзіндегі қисынсыздықты тез байқайды, бірақ дәл сондай қатені өз бойынан көрмейді. Зерттеулер бойынша, бұл бейімділіктің интеллект деңгейімен байланысы өте әлсіз. Кейде жоғары интеллект мәселені одан әрі қиындатады. Зерттеушілердің айтуынша, ақылды адам әлемді қалай бар солай қабылдаудың орнына, оны өзі білетін теориялармен түсіндіруге тырысады. Өз сәтсіздігін ақтайтын, бір қарағанда орынды көрінетін себептерді де оңай табады. Яғни «мен қателестім» деп мойындаудың орнына, «сыртқы себептер кедергі болды» дейді.


Зерттеушілер Матс Алвессон мен Андре Спайсер  «функционалдық ақымақтық»  құбылысын енгізді. Бұл – қызметкерлердің саналы түрде немесе өздері байқамай сыни ойлаудан бас тартуы. Олар артық сұрақ қоймайды, күмәндануға уақыт жұмсамайды, берілген тапсырманы бірлесіп орындай береді. Мұндай жағдай нақты өлшенетін нәтижеден гөрі бедел мен сыртқы әсерге көбірек мән берілетін салаларда, мысалы, консалтингте, медиада және сән индустриясында жиі кездеседі. Басында мұның бәрі жұмыс тиімді жүріп жатқанындай көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ұйымда ешкім қарапайым әрі маңызды сұрақты қоюға батпайтын жағдай қалыптасады. Ақырында компания үлкен қиындыққа тап болғанда, оған әкелген шешімдердің қаншалықты күмәнді болғаны көрінеді. Өкінішке қарай, мұны көбіне бәрі өтіп кеткен соң түсінеміз.


Ұтымды ойлауды (рационализм) өлшеуге болады


Кит Станович әріптесі Ричард Уэстпен бірге Джон Темплтон қорының қолдауымен үш жыл бойы CART (Comprehensive Assessment of Rational Thinking) тестін әзірледі. Бұл - адамның ұтымды ойлау қабілетін кешенді бағалайтын тест. Оны IQ-тестке ұқсатуға болады. Бірақ ол жалпы интеллектіні емес, нақты дағдыларды тексереді: ықтималдықты түсіну, ақпараттың берілу тәсіліне алданып қалмау, өзіне шектен тыс сенбеу және өз пікірін біржақты қорғамау. Жалпы интеллект өмір бойы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, ұтымды ойлауға қажетті білім мен ойлау дағдыларын (mindware) дамытуға болады. Ол таңдаулы адамдарға ғана берілетін туа біткен дарын емес, кез келген адам мақсатты түрде меңгере алатын дағдылар.


Басқаша айтқанда қисынсыз шешім қабылдауға бейімділікті өзгермейтін мінез немесе бойдың ұзындығы сияқты тұрақты ерекшелік деп қарастыруға болмайды. Ол адамның дене дайындығына көбірек ұқсайды. Біреу спортқа табиғатынан бейім болғанымен, мүлде жаттықпайды. Ал қабілеті орташа адам тұрақты жаттығулар арқылы төзімділігін арттырады. Диплом, жоғары IQ немесе бір саладағы кәсіби жетістік өмірдің барлық жағдайында қателеспеуге кепілдік бермейді. Ал ойлау дағдыларын саналы түрде жетілдіру жоғарыда келтірілген LTCM фондындағы сияқты қате шешімдердің қаупін азайтады. Бірақ мұны диплом сияқты бір рет алып, өмір бойы пайдалана беру мүмкін емес.


Не істеуге болады?


Ұтымды ойлау - бұл интеллектіден бөлек дамытуды қажет ететін дағды. Оны жаттықтыруға болады. Ол үшін жүзеге асыратын нақты іс-қимыл жоспары бар:

  • Жауап анық көрінсе де, асықпау. Доптың бағасын бірден «10 цент» деп ойлағанымыз сияқты, ойға бірінші келген жауап әрдайым дұрыс бола бермейді. Сондықтан маңызды шешім қабылдар алдында сәл кідіріп, алғашқы ойды қайта тексеру қателесу ықтималдығын азайтады.

  • Өз пікіріңізді растайтын дәлелдермен ғана шектелмеңіз. Керісінше, оны жоққа шығара алатын деректерді де іздеңіз. «Мен неге дұрыс айтып тұрмын?» деп ойлаудың орнына, «Қандай жағдайда мен қателесуім мүмкін?» деген сұрақ қойған пайдалы. Өйткені адамдар көбіне өз пікіріне қайшы келетін ақпаратты елемегендіктен қателеседі.

  • Бір саланы жақсы білу – бәрін білу деген сөз емес. Мықты математик, дәрігер немесе бағдарламашы болу қаржы, қарым-қатынас не денсаулықтың басқа қырларын да жақсы түсінесіз дегенді білдірмейді. Әр саланың өз білікті, тәжірибелі маманы бар, яғни шымшық сойса да, қасапшы сойсын дегендей. Сондықтан қай мәселені жақсы білетініңізді, ал қай жерде маман кеңесі қажет екенін ажырата білу маңызды.

  • Ықтималдық пен статистиканың негіздерін білу. Бұлар дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін маңызды құралдар. Станович мұндай білімді mindware деп атайды. Ол жетіспесе, оқушы да, Нобель сыйлығының лауреаты да ұқсас қателер жіберуі мүмкін. Ойлауда жиі кездесетін қателерді білу олардың алдын алуға көмектеседі. Мысалы, оқиғаның қаншалықты жиі болатынын елемеу, тек жетістікке жеткен адамдарға қарап қорытынды жасау немесе нәтижені салыстыратын топсыз бағалау – осындай қателердің қатарына жатады.

  • Қарсы пікір айтуға мүмкіндік беру. Отбасында, достар арасында немесе жұмыста бәрінің үнемі сізбен келісе беруі дұрыс шешім қабылдап жүрсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, адамдар өз ойын ашық айтып, ыңғайсыз сұрақ қоюдан қорықпауы керек. Сыни ойлау көбіне адамдардың ақылы жетпегеннен емес, күмән келтіруге және келіспеуге жол берілмейтін ортада әлсірейді.

Диплом, жоғары IQ немесе кәсіби жетістік адамның барлық жағдайда дұрыс шешім қабылдайтынына кепіл емес. Ұтымды ойлау – үйренуге және дамытуға болатын бөлек дағды. Сондықтан оны адамға туа біткен қасиет емес, үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін қабілет деп қараған дұрыс.

#IQ#Интеллект#Рационалойлау#Парасаттылық#Когнитивтіқателіктер#Дисрационалдық#КитСтанович#Сыниойлау#Ойлаупсихологиясы#Қаржылыққателіктер#Мінез-құлыққаржысы#ИсаакНьютон#Long-TermCapitalManagement#ақылды адамдар неге қате шешім қабылдайды#жоғары IQ неге рационал ойлауға кепіл болмайды#интеллект пен парасаттылықтың айырмашылығы#дисрационалдық деген не#Кит Станович дисрационалдық#когнитивті сараңдық деген не#mindware деген не#когнитивті қателіктер мен IQ#білімді адамдар неге қателеседі#Нобель лауреаттары және қаржылық күйреу#Long-Term Capital Management неге күйреді#Исаак Ньютонның қаржылық қатесі#Оңтүстік теңіздер көпіршігі#ақылды адамдар неге ақша жоғалтады#рационал ойлауды қалай үйренуге болады#сыни ойлауды қалай дамытуға болады#CART рационалдық тесті#функционалды ақымақтық деген не#өз пікірін жақтайтын біржақтылық#адам неге өз пікіріне қарсы дәлелді қабылдамайды#интеллект пен рационалдық бір нәрсе ме#IQ жоғары адамдар да неге қателеседі#қаржылық шешімдердегі когнитивті қателіктер

Бөлісу: