2026 жылдан бастап Қазақстанда банктерге қатысты ережелер өзгере бастады. Енді кез келген банк өз қызметін шариғат ережелері бойынша, яғни пайыз қоспай, пайда табудың мүлдем басқа жолын ұсына алады. Бұл бұрын тек ислам банктеріне тән дүние болса, қазір біз білетін үйреншікті банктер де мұны өз қызметтеріне қоса бастады. Көпшілік үшін «Пайыз қоспай, қызмет көрсететін банк бар» деген сөз біртүрлі естілуі мүмкін. Содан «онда банк қалай ақша табады?» деген орынды сұрақ туады. Tamga Media ислам банкінің қалай жұмыс істейтінін және оның неліктен танымал болып жатқанын анықтап көрді.
Ислам банкі – бұл исламдағы шариғат талаптарына сүйенетін қаржы жүйесі. Негізі шариғат құлшылықты ғана емес, экономика мәселесін де реттейтінін көбі біле бермейді. Кәдімгі банктер қарыз беріп, үстінен пайда көрсе, ислам банкі нақты сауда-саттық пен келісімдер арқылы табыс табады.
Мұның басты себебі – риба (араб тілінен аударғанда «қарызға пайыз қосу» дегенді білдіреді). Исламда ішімдік пен шошқа етіне ғана емес, пайыз қосып, табыс табуға да тыйым салынған. Ал кәдімгі банктер осы пайыздың арқасында жұмыс істейді.
Ислам банкінде қаржы ұйымы мен клиент белгілі бір мәміле аясында серіктес болады. Мысалы, олар тауарды бірлесіп сатып алады, жобаға ақша салады немесе жалға алу шартын жасайды. Бұл жерде ауадан ақша жасауға (яғни, артында нақты заты жоқ операцияларға) және шариғатта тыйым салынған салаларды қаржыландыруға болмайды. Оған ішімдік, құмар ойындар және тағы басқалары жатады.
Мұндай модель қатал ережелері бар инвесторға көбірек ұқсайды. Банк ақшаны жай беріп қоймайды, мәмілеге өзі де қатысады, тіпті кей жағдайда тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алады.
Кәдімгі банктің қалай жұмыс істейтінін білетін адам: «Пайыз қосуға болмаса, банк қалай табыс табады?» деп таңғалуы мүмкін. Шын мәнінде, жауабы өте қарапайым, яғни банк тауардың үстіне пайда қосып, жобаға серіктес болып, мүлікті жалға беріп, табыс табады.
Мысалы, сізге көлік керек болса, банк оны автосалоннан өзі сатып алып, өз атына рәсімдейді. Содан кейін ол заттың үстіне пайда қосып, сізге бөліп төлеу шартымен қайта сатады. Банктің тауарды сатып алған бағасы мен сізге сатқан соңғы бағасының арасындағы айырмашылық – банктің табысы. Мұндай сызба «мұрабаха» деп аталады, яғни бұл – алдын ала келісілген үстеме бағамен сауда жасау. Шариғат тұрғысынан алғанда, мұндай жолмен пайда табуға рұқсат етілген.

Тағы бір жолы – банк кәсіпкермен бірге бизнеске ақша салады. Мысалы, сіз дәмхана ашқыңыз келді делік. Банк оған қаражат бөледі, бірақ есесіне сіздің табысыңыздан өз үлесін алып отырады. Бұл жерде тәуекел де ортақ: егер бизнес жүрмей қалса, банк те сізбен бірге шығынға батады. Бұл кәдімгі несие беруден гөрі көбіне инвестиция салуға ұқсайды.
Тағы бір жолы – жалға беру. Мұнда банк сізге керек көлікті немесе пәтерді өзі сатып алып, оны сізге пайдалануға береді. Сіз ай сайын мүліктің құнын емес, тек соны қолданғаныңыз үшін жалдау ақысын төлейсіз. Ал уақыт өте келе оны толықтай өз меншігіңізге сатып алуға болады. Мұнда банк тыйым салынған пайызбен емес, жалдау ақысымен табыс табады.
Ай сайынғы төлем де, төлеу кестесі де бар, сонда не өзгерді деуіңіз мүмкін. Бірақ заң жүзінде сіз банкке пайыз төлемейсіз. Оның орнына тауарды бөліп-бөліп сатып аласыз немесе мүлікті жалдағаныңыз үшін ақы төлейсіз, ал соңында ол зат өзіңізде қалады. Ислам дінінде рұқсат етілген жол – осы.
Айтпақшы, халал ипотеканың жұмыс істеу қағидасы да осыған ұқсас. Банк пәтерді сатып алып, өз атына рәсімдейді. Содан соң оны сізге сатады да, құнын бөліп төлеуге рұқсат береді немесе жалға береді. Бірінші жағдайда сіз банктің пайдасы қосылған үй бағасын біртіндеп өтейсіз. Ал екіншісінде – жалдау ақысын төлеп тұрасыз да, уақыт өте келе пәтерді өз меншігіңізге сатып аласыз.
Бірақ бұл жүйеде ортада нақты тауар болуы шарт. Сондықтан ол смартфон немесе тамақ сияқты ұсақ-түйекке несие беруге ыңғайсыз (өкінішке қарай, қазір мұндай қарыздар қалыпты жағдайға айналды). Ал үй, көлік немесе бизнес жобалар сияқты ірі саудаға өте қолайлы. Өйткені мұнда не үшін ақша төлеп жатқаныңыз анық көрініп тұрады.
Ал Қазақстанда жағдай қалай?
Қазір бізде ислам банктерінің үлесі өте аз, бүкіл банк жүйесінің 0,5%-ына да жетпейді. Нарықта санаулы банк жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл салаға қызығатындар көп. Әсіресе кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан сұраныс жоғары.
Ең басты өзгеріс – «ислам терезелерінің» ашылуы. Бұрын Шариғат жолымен жұмыс істеу үшін жеке банк ашу керек еді. Ал 2026 жылдан бастап ірі банктерге өз ішінен осындай бөлімдер ашуға рұқсат берілді. Ол жердегі ақшаның есебі де, жұмыс ережесі де банктің басқа бөлімдеріне араласпай, бөлек жүреді.

«Астана» қаржы орталығының (АХҚО) есебінше, кәсіпкерлерден халал банк қызметіне сұраныс өте жоғары – ол жылына жүздеген миллиард теңгеге жетеді. Бірақ бұл саланың дамуына екі нәрсе кедергі: халық бұл жүйені әлі жақсы түсінбейді және заң жағынан кемшіліктері де бар.
Артықшылығы мен кемшілігі
Ислам банкінің пайдасы – мұнда ақша тек іс жүзінде бар дүниеге жұмсалады. Банк ақшаны «ауадан» жасамайды, оны белгілі бір тауарға немесе бизнеске салады. Соның арқасында баға негізсіз аспандап кетпейді. Бұл жүйені дағдарысқа төзімді етіп, экономиканы тұрақсыздықтан сақтайды.
Бұған қоса, бұл жүйе ислам қаржысы дамыған елдердің ақшасын өзімізге тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұрын діни ұстанымына бола банкке мүлдем жоламаған жандарды да қызықтыра бастайды.
Бірақ қиын тұсы да бар. Ислам банктерінің қызметін рәсімдеу де, түсіндіру де қарапайым несиеден әлдеқайда қиын. Көпшілікке «жыл сайын үстіне 15% төлеу» дегенді ести салу оңай. Ал тауарды сатып алу немесе жалға алу арқылы жұмыс істейтін ережелерді халыққа түсіндіру біраз еңбекті қажет етеді.
Оның үстіне, бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеп кетуіне әлі уақыт керек, сондықтан нарықтағы үлесі де өте аз. Салық жағынан да шешілмеген тұстары бар. Мысалы, тауарды екі рет сатып алуға тура келетіндіктен (алдымен банк өзіне алады, сосын оны сізге сатады), екі есе шығын шығуы мүмкін. Мұндай мәселелер заң жүзінде әлі толық реттелмеген.

Бағаның құбылуынан тез пайда тапқысы келетіндер мен күмәнді қаржы амалдарды іздейтіндер үшін бұл жүйеде орын жоқ. Ислам банкінде әдеттегі нарықтағыдай «тез әрі көп» олжаға кенелу мүмкін емес. Мұндағы ережелер ондай тәуекелдердің жолын басынан-ақ кесіп тастаған.
Қазір Қазақстанда ислам банкі дамып жатқанымен, қарапайым халық үшін әлі де түсініксіз дүние болып тұр. Бұл жүйе тек арнайы банктердің аясынан шығып, еліміздегі ірі қаржы ұйымдарына да ене бастады. Алдағы бірнеше жыл бұл жүйенің тағдырын шешеді: ол не елдегі банк жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады, не тек діни ұстанымы бар адамдардың арасында қалып қояды.



