Кейінгі уақытта психологқа бару мейнстримге айналды. Әлеуметтік желіден таныстарымыздың терапияға барып жүргенін жиі көреміз. Үлкен компаниялар да қызметкерлерге күйзелісті жеңуге арналған тренингтер өткізеді. Ал блогерлер бала кездегі жарақаттан арылу туралы көп айтады. Осы себепті психолог көмегін іздейтіндер саны артқан болса керек. 2023 жылы Қазақстанда 10-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 12%-ы психолог көмегін алу үшін Жастарды жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген. Сонда бұл барлық адам психологқа бару керек деген сөз бе? Шын мәнінде, олай емес. Бүгінгі материалда адам психикасы қалай жұмыс істейтінін және қандай жағдайда оған психолог емес, өзі көмектесе алатынын айтып береміз.
Психологқа бару неге трендке айналды?
Кейінгі жылдары қоғам психикалық саулықтың да маңызды екенін түсініп, психологқа баруды өмір салтына айналдырды. Тіпті, бұрын бұл “ұят” саналса, бүгін өз-өзіңе қамқор болу деген сөз. Психолог қызметіне сұраныс COVID-19 пандемиясынан кейін көбейді. Күйзеліс пен үрейден бас алмаған жұрт психологтың кабинетінің алдына кезекке тұрды. Оған қоса пандемиядан соң онлайн жұмыс дамып, психологтар әлеуметтік желі арқылы қызметін көптеп ұсына бастады. Мұндай тенденция тек Қазақстанда емес, ТМД елдерінде және басқа мемлекеттерде де байқалады. Мәселен, 2024 жылы психолог қызметіне сұраныс екі есе артқан.

“Психиканың негізгі қызметі – бізді өлімнен қорғау”
Адамдардың психологқа баруы – дұрыс әрі қалыпты нәрсе. Мұндай мамандардың қызметінің пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен барлық адам кез келген қиын жағдайда психологқа баруға міндетті емес. Психолог Әсем Лесбайдың сөзінше, кей жағдайда адамды өзінің психикасы жақсы қорғап, көмектесе алады. Сондықтан адам психикасының күшін мойындау керек.
“Адам өз сезімін, эмоциясын түсініп, басқара алса және қай кезде не істеу керек екенін білсе, қиын жағдайда үнемі психологқа барудың қажеті жоқ. Себебі мұндай адам қателессе, өзіне қайғыруға мүмкіндік береді. Кейін өз жағдайын талдап, неге қателескенін түсінуге тырысады. Өз-өзіне сұрақ қойып, сол сұрақтарға ашық, шынайы жауап бере алады. Осылай, қиын жағдайдың өзінен сабақ алып, қорытынды шығара алады. Сонымен қатар кейбір адам өзіне не керек екенін біледі және жеке шекарасын қорғай алады. Мұндай адамдар да үнемі психологтың көмегін қажет етпейді”, – дейді психолог.
Адамның 12 мүшесі 12 түрлі қызмет атқарады. Мысалы, бауыр токсин шығарады, өкпе тыныс алуға, құлақ естуге, көз көруге мүмкіндік береді, яғни әр мүшенің өмір сүруге көмектесетін қызметі бар. Сол сияқты адам психикасының негізгі қызметі – өлімнен қорғау.
“Мысалы, көпшілік алдында сөйлейтін кезде көбіміз толқып, мазасызданып кетеміз. Осы кезде психикамыз бізді күйзеліске ұшырату арқылы қорғап шығады, оның негізгі қызметі – осы. Соның арқасында біз болып жатқан оқиғаны зерттеп, салдары қалай болуы мүмкін екенін ойланып, жіті дайындаламыз. Осылай, психикамыз бізді барынша ыңғайсыз жағдайдан қорғап қалуға, оның алдын алуға көмектеседі”, – дейді ол.
Психикамыз арқылы өзімізді қалай қорғап жүрміз?
Психолог Әсем Лесбайдың сөзінше, адам қиын жағдайға тап болғанда миы бірден өзін қорғайтын жүйені қосады. Мұндай қорғаныс тәсілдері үрейді басуға, қорқыныш пен уайымды сейілтуге көмектеседі. Мәселен, қиын жағдайды елемеу, жоққа шығару және тағы басқа. Адамдарға бұл автомат түрде орындалатын дүние болып көрінуі мүмкін. Дегенмен мұның бәрін сол адам психикасы үйлестіріп отыр.
“Көп келіншек бірдеңеге ашуланғанда үй жинап кететініні де, күші тасып, тоңазытқыш пен шкафтың орнын өз бетімен ауыстырып тастайтыны да осыдан. Жалпы психиканың мұндай механизмдері болмаса, адам қалай өмір сүретінін елестетудің өзі қиын”, – дейді ол.
Сондай механизмнің бірі – өз-өзімізді ақтап алу. Мысалы, "Емтихан әділетсіз өтті, қолымнан келгеннің бәрін істедім" дейміз. Мұндай амал уайымды азайтып, сенімді арттырады. Кейде бұл сырттай жауапкершіліктен қашқандай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл өзімізді кінәлап, босқа уайымдағаннан гөрі алға қадам басуға түрткі болады.
Психикамыз іске қосатын тағы бір механизм – шығармашылық. Көп адам ашуланғанда, қиналғанда, күйзелгенде шығармашылыққа бет бұрады: біреулер сурет салады немесе параққа бір шимай-шатпақ сызады. Енді бірі залға барып, тер шығаруы да мүмкін.

“Кейде бала кездегі жылы сәтке оралғыңыз келіп тұра ма? Бұл да – психиканың қорғану әдісі. Мысалы, бәрінен шаршап, көрпеге оранып, сүйікті мультфильміңізді қосып алып, анаңыздың ыстық шайын ішкіңіз келсе, өзіңізді жазғырмаңыз. Себебі осылай, адамның миы “Қауіпсіз ортадасың” деген белгі беріп, қорғанғысы келеді. Мұндай реакциялар адамды әлсіз етпейді, керісінше, эмоцияға толы ересек өмірде тепе-теңдік тауып, кез келген күйзелісті асқындырмай еңсеруге көметеседі”, – дейді психолог.
Тренд үшін психологқа барып, таяқ жеп қалу да мүмкін бе?
Психолог көмегі көп адамға пайдалы екені рас, бірақ бәріне бірдей қажет емес, әрі ол әрдайым оң әсер ете бермейді. Кей жағдайда терапиядан еш пайда көрмей, керісінше зиян шегетіндер де бар. Зерттеулерге сүйенсек, психотерапиядан кейін кей адамдардың жағдайы нашарлап, жаңа психологиялық қиындықтарға тап болып жатады немесе жақындарымен қарым-қатынасы бұзылып, маманға тәуелділік пайда болуы мүмкін. Сондықтан трендке еріп, ойланып-толғанбай психологқа бару әркез дұрыс шешім болмауы мүмкін. Егер адам өз жағдайын түсініп, салауатты өмір салтын ұстанса, жеткілікті ұйықтап, дұрыс тамақтанса, бұл күйзеліске қарсы табиғи қорғаныс бола алады. Себебі адамның психикасы – өздігінен бейімделуге қабілетті қуатты жүйе.
Қорыта айтқанда, психологтың көмегі қажет кезде пайдалы, алайда адам өзіне дұрыс күтім жасап, өміріне жауапкершілікпен қараса, кей қиындықтан өзі де шыға алады.




