ДенсаулықПсихологияӨзіңді табуға көмектесетін ең тиімді жаттығулар

Өзіңді табуға көмектесетін ең тиімді жаттығулар

7 маусым 2026
4 мин
"Невероятная жизнь Уолтера Митти" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Осыдан бірнеше ұрпақ алдын адамдар «өзімді тапсам» деп бас қатырмайтын. Алдын ала мамандығыңды, тұратын үйің мен қоғамдағы орныңды шешіп қоятын. Ол заманда таңдау жасау үлкен бақыт еді. Ал бүгін таңдау көп, бірақ соның өзі кейде адамды шаршатып, қажытып жібереді. 


Қазір заман еркін, бірақ бәріміздің басымыз қатып жүр. Таңдау көп болған сайын, «бұрыс жолға түсіп кетпеймін бе» деген уайым да көбейеді. Психолог Барри Шварц мұны «таңдаудағы парадокс» деп түсіндіреді: мүмкіндік көп болған сайын адам еркін болмайды, керісінше, не істерін білмей қалады. Бұл дәл алдындағы екі шөптің қайсын жерін білмей, аштан өлген есектің хикаясына ұқсайды.


Мұны зерттеулер де растап отыр. Мысалы, Qalam қоры 2023 жылдың тамыз-қыркүйегінде елдің барлық өңірінде сауалнама жүргізген, оған 18-ден 35 жасқа дейінгі 2044 адам қатысқан. Олар өз табысы мен өзін табу мүмкіндігін 5 балдан тек 3,3 баллға бағалаған. Ал Cigna компаниясының 2024-2025 жылдардағы мәліметінше, қазіргі жастардың 52%-ы өмірдегі мақсаттарына жете алмағанын айтады.


Сонымен қатар Pew Research орталығы 2021 жылы 17 елден 19 000-ға жуық адамнан «Өміріңізді не мәнді етеді?» деп сұрағанда, көбі бірінші орынға – отбасын, екінші орынға – жұмыс пен мансапты, ал үшінші орынға – ақша мен жағдайды қойған.


Өзіңді табу деген не?


Мұны түсіну үшін әйгілі Маслоу пирамидасын (адамға өмірде ең керек нәрселердің тізімін) еске түсірсек те жеткілікті. Бұл тізімнің ең төбесінде өзіңді табу тұр. Абрахам Маслоу мұны адамның қолынан келетін істе барынша ашылуы деп түсіндірген. Түпкі мәні бай немесе танымал болуда емес, тек өз-өзің болу. Бірақ адамдар өзін табуды көбіне табыспен, жетістікпен немесе атақпен шатастырып жатады. Атағы жер жарған адамның да жан-дүниесі құлазиды, себебі ол өз өмірін емес, біреудің сызып берген жолын жүріп өтті. Ал керісінше, қарапайым мұғалім немесе наубайшының ешкім байқамайтын тыныш өмірі бақытқа әрі мағынаға толы болуы әбден мүмкін. Қысқасы, өзіңді табу жинаған дүниең мен мал-мүлкің емес. Бұл – сенің өмірде кім екенің, істеген ісіңнің ішкі құндылықтарыңа сай келуі және айтқан сөзің мен жүрек қалауыңның бір жерден шығуы.


Өзіңді іздеу жолындағы 5 тұзақ


Бұл жолда адамдарды жиі адастыратын бірнеше қате түсінік бар:

  • Кейінге қалдыру: Көп адам «арықтағанда, байығанда, басқа үйге көшкенде немесе оқу бітіргенде өзімді табамын» деп ойлайды. Бұл – өз өміріңді кейінге ысырып қою. Өзіңізді болашақтан емес, тек қазіргі сәттен таба аласыз.

  • Сүйікті ісің – өмір бойы өзгермейді: Уақыт өте келе, адамның көзқарасы да, өзі де өзгереді. 25 жаста өміріңе мән берген нәрсе, 40 жасқа келгенде мүлдем қызық болмай қалуы әбден мүмкін. Бұл – алаңдап, мұңаятын нәрсе емес, қайта жаңа деңгейге өсетін кезең.

  • «Өз ісімді қатты қызыққан кезде табамын». Жұмысқа махаббат бірден пайда болмайды. Ол көбіне істің басында емес, кейіннен келеді. Әуелі бір істің тілін тауып, шебері болып аласаңыз, уақыт өте келе сізге ұнай бастайды.

  • «Өзіңді іздеу – эгоизм» дейді. Шын мәнінде, өзін танымайтын адам айналасына көбірек зиян келтіреді. Іштегі бостықтың кесірінен адам өзгеге жала жауып, біреуге тәуелді болады немесе бәрін бақылағысы келіп тұрады.

  • Балалық шақты сылтаурату: Өткен іс көп нәрсені түсіндіргенімен, болашағыңды шешпейді. Адамның мықтылығы – кез келген нәрсеге бірден бас салмай, сәл кідіріп, ақылмен шешім қабылдауында. Нағыз еркіндік осы сәтте, яғни іштей ойлануға уақыт таба білуде жатыр.


Өзіңді қалай табуға болады?


Тым жалпылама естілгенімен, іс жүзінде өзіңді табуға көмектесетін нақты құралдар бар. Соның бірі – Икигай әдісі.


Ikigai (Икигай)


«Икигай» – жапон сөзі, бұл «өмір сүруге тұрарлық нәрсе» деген мағынаны білдіреді. Жапонияда бұл қиын философия емес, тұрмыстағы қарапайым ұғым. Балықшының да, таңертең бақшасына шығатын әженің де өз икигайы бар. Батыс әлемі идеяны бір-бірімен қиылысатын төрт шеңбер арқылы түсіндіреді: сенің жақсы көретін ісің, қолыңнан келетін шеберлігің, саған ақша әкелетін жұмыс және әлемге керек пайдалы іс. Жақсы көретін ісің мен шеберлігің біріккенде – құштарлық, ал шеберлігің үшін ақша төленсе – мамандық пайда болады. Төленетін ақша әлемге пайда әкелсе – айналысатын ісіңе, ал сол пайдалы істі шын жүрекпен жақсы көру – миссияңа айналады. Осы төрт бағыттың дәл ортасында, бәрі тоғысқан жерде Икигай тұрады. Ол – таңертең төсектен тұруға басты себеп.


Өмір дөңгелегі


Коучингтегі ең қарапайым әрі ең тиімді құралдардың бірі. Шеңбер сызып, оны сегіз секторға бөлесіз: мансап пен жұмыс, қаржы, денсаулық пен тән, жақындармен қарым-қатынас, жеке даму, демалыс пен ләззат, қоршаған орта мен достар, рухани даму. Әр секторда 0-ден бастап, 10-ға дейінгі шкаланы белгілейсіз (нөл ортасында, ал он шетінде болады). Келесі қадам – өмірдің әр саласына шынайы баға беріп, секторларды бояу. Сонда шыққан фигура дөңгелек емес, бір жағына қисайған пішін болып шығады. Ол «өмірімде бәрі қалыпты» деген тәтті қиялыңызды бір сәтте бұзады. Әрі қарай сіз ең төмен балл жинаған бір секторды таңдап: «Осы саланың деңгейін, мысалы, 3-тен 4-ке көтеру үшін қандай кішкентай қадам жасай аламын?» деген сұрақ қоясыз. Осылай, әр сектормен біртіндеп жұмыс істейсіз.


«100 зат» әдісі


Ақ қағазға өзіңізді қуантатын, шабыт беретін 100 нәрсені тізіп жазыңыз. Алғашқы 20-30-ын жазу оңай болады. Бұл – бұрыннан білетін, айтуға ұялмайтын кәдімгі мақсат-тілектеріңіз. Ал 40-тан асқанда қиындай бастайды. Миыңыз осыған дейін «бос қиял» немесе «ұят болады» деп тығып келген нәрселерді шығарады. 70-80-ге келгенде, баяғыда ұмытылған, ешкімге айтпаған құпия дүниелеріңіз ашылады. Психологтардың айтуынша, тізім дәл 50-ден асқанда ғана нағыз шындық басталады. Сіздің шынайы болмысыңыз бен қалауыңыз дәл осы жерде тығылып жатыр. Тізім дайын болған соң, әр тармақтың тұсына мына әріптерді қойып шығыңыз: «Ө» – бұл сіздің өз қалауыңыз; «К» – мұны басқалар сізден күтеді; «Қ» – қоғамның, трендтердің әсерінен туған қалау. Соңында қай әріптің көп шыққанына қарап-ақ, өзіңіз туралы бәрін түсінесіз.


Таңғы парақтар


Бұл әдісті Джулия Кэмерон 1992 жылы шыққан «Суретші жолы» («Путь художника») кітабында жазған. Содан бері ол өзіңді табудың ең танымал тәсіліне айналды. Ережесі біреу-ақ: күн сайын таңертең ұйқыдан тұра салып, телефонға үңілмей, тіпті кофе де ішпей тұрып – қағазға үш бет мәтін жазу керек. Басыңызға не келеді, соның бәрін қағазға түсіре беріңіз. Ештеңе ойыңызға келмесе: «Не жазарымды білмеймін, ұйқым келіп тұр, кеше анаммен ренжісіп қалдым, осы мен неге әлі жұмыстан кетпей жүрмін?» деп жаза беріңіз. Ең бастысы, жазбаларды кейін өзіңіз де оқымауыңыз керек, ешкімге көрсетудің де қажеті жоқ. Бұл не үшін керек? Таңертең адам жартылай ұйқылы-ояу кезде, ішкі цензура (яғни «мынау ұят, мынау бұрыс» деген шектеулер) әлі оянбайды. Дәл осы сәтте күнделікті күйбең тіршіліктің астында көміліп қалатын шынайы ойыңыз сыртқа шығады. Екі-үш аптадан кейін бір мәселенің немесе бір арманның қайта-қайта жазыла беретінін байқайсыз. Қысқасы, «таңғы парақтар» өз дауысыңызды естуге кедергі жасайтын іштегі бүкіл қоқысты тазалап шығады.


Соңынан бастау


Марк Аврелий мен Сенека сияқты стоиктер “memento mori” (өлетініңді ұмытпа) қағидасын үнемі еске алған. Бұл – уақытты бос күйбең тірлікке, реніш пен менмендікке құртпай, өмірдің қадірін білуге шақыратын ой. Бүгінде психология мұны нақты бір жаттығуға айналдырды. Әуелі өзіңізді 90 жасқа келіп, өткен күнге көз жіберіп отырған қарт ретінде елестетіп, ең үлкен мақтанышыңыз бен өкінішіңізді және бүгінгі өзіңізге айтар ақылыңызды жазасыз. Кейін өзіңізге арнап, «артымнан осындай сөз қалса екен» деген қалауыңызбен естелік хат (некролог) дайындайсыз. Осы жазбалар мен қазіргі шынайы өміріңіздің арасындағы алшақтық – сіздің алдағы негізгі бағытыңыз. Стивен Кови бұны «соңынан бастау» десе, Джефф Безос «өкініш тесті» деп атайды. Безос маңызды қадам жасамай тұрып, өзін 80 жаста елестетеді де: «Осы тәуекелге бармағаныма өкінемін бе?» деп сұрайды екен.


Бұл неге қазір маңызды?


Әлеуметтік желінің кесірінен бәріміз өзгелердің өміріне қызыға қарайтын болдық. Бірақ біз олардың шынайы тіршілігін емес, тек жетістігі мен қыдырған сәттерін көреміз. Сөйтіп, өз өмірімізді өзгенің сыртқы жылтырағымен салыстырып, іштей тыныштықтан айырыламыз. Қазір бұрынғыдай дін, отбасы немесе мансап сияқты дайын құндылықтар алдыңнан шықпайды. Адам «өмірдің мәні не?» деген сұраққа дайын жауап таба алмай, басы қатып отыр. Бұл бір жағынан қорқынышты көрінгенімен, екінші жағынан – тағдырыңды өз қолыңмен жазуға берілген үлкен мүмкіндік. Өзіңді табу елден безіп, жалғыз кету емес. Біз өзімізді адамдармен араласып қана тани аламыз. Айналамыз – біздің айнамыз. Жарыңызға, балаңызға, әріптесіңізге немесе жолдағы бейтаныс жүргізушіге қалай қарасаңыз, ішкі болмысыңыз да дәл солай көрінеді. Адам өз орнын тапқанда өзін өтірік жақсы көрсетуге немесе біреудің көңілінен шығуға босқа күш жұмсамайды. Содан қалған ішкі еркіндік пен қуат автомат түрде айналасына мейірім болып төгіледі.


Түйін


Өзіңді табу бір күні жетіп, емін-еркін демалатын соңғы нүкте емес. Бұл – өмір бойы жалғасатын ұзақ жол. Карл Юнг бұл процесті «индивидуация» (яғни адамның біртіндеп кемелденіп, тұлғаға айналуы) деп атаған. Бұл бір ай немесе бір жылдың емес, бүкіл ғұмырыңды арнайтын жұмыс. Өзіңді табу ізденісті тоқтату емес, қайта «мен кіммін?» деген сұрақпен өмір сүріп үйрену. Осы сұрақты әрдайым есте ұстап, өмірдің қиын сәттерінде оған қайта оралып отыру керек және уақыт өте келе жауаптардың өзгеруіне де рұқсат беру қажет. Өзгенің пікірі мен өз қалауын ажырата білетін, ішкі дауысын сыртқы шудан таба алатын адам ғана нағыз еркіндікке жетеді. Ондай адам біреудің емес, өз өмірін сүреді. Ал өмірде бұдан асқан маңызды мақсат жоқ шығар.

Бөлісу: