Біз психологты үнемі сабырлы, байсалды, өзіне сенімді және кез келген мәселенің шешімін таба алатын адам деп білеміз. Бірақ маманның өзі ажырасуды, жақынынан айырылуды, мазасыздықты немесе өмірлік дағдарыстарды бастан өткеріп жатқан болса, өзгелерге көмектесе ала ма? Tamga Media бұл туралы гештальт-терапевт Элла Чирковамен сөйлесті.
Психолог та қиындыққа тап болады
Басқаларға өз сезімдері мен мәселелерін түсінуге көмектесетін маманның өзі ешқашан қиналмай, барлық мәселені оңай шеше алатын сияқты көрінеді.
«Психолог та – бәріміз сияқты адам. Ол да бәріміз сияқты өмірдің түрлі қиындығын бастан өткереді. Күйзеліс, жақынынан айырылу және басқа да адами қиындықтар оның да басынан өтеді. Себебі өмірде мұндай жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған», – дейді гештальт-психолог Элла Чиркова.
Жеке өмірінде қиындықтар болса да, психолог жұмысын жалғастыра алады. Тек өзінің қандай күйде жүргенін, оның жұмысына әсерін түсінуі және қажет кезде көмекке жүгінуі маңызды.

Элла Чиркова:
«Психологтың өз басындағы қиындықтарды қалай жеңіп жүргенін оның адамдарға деген көзқарасынан, жазбаларындағы ойларынан, өзгелермен қарым-қатынасынан және күнделікті өмірінен байқауға болады».
Кейде психотерапевт өз мәселелерінің бәрін шешіп алған адам болуы керек деп ойлаймыз. Алайда мамандардың өзі мұндай тұжырыммен келіспейді. Америкалық психиатр әрі психотерапевт Ирвин Ялом «Психотерапия сыйы» кітабында психологтың өзі де терапиядан өтіп, қателіктерін мойындап, жұмыс барысында өз сезімдеріне назар аудару маңызды екенін айтады. Оның түсінігінде терапия – екі адамның кездесіп, сөйлесуі. Сондықтан психологтың қандай адам екені де маңызды. Маман өз сезімін жақсы түсініп, жеке мәселесін клиенттің жағдайына араластырмауы керек.
Психологтың өзі неге терапиядан өтуі керек?
Психологтың өзіне де кейде басқа маманның көмегі қажет. Терапия оған өзін жақсырақ тануға, қандай жағдайлар көңіліне ауыр тиетінін байқауға және клиентпен сөйлескенде пайда болатын сезімдерін түсінуге көмектеседі. Мысалы, сүйіктісінен ажырап, қиналып жүрген психологқа осындай жағдайдағы адаммен жұмыс істеу қиын болуы мүмкін. Клиенттің әңгімесі оған өз басынан өткенін еске түсіруі ықтимал. Сондай кезде өз уайымына берілмей, бар назарын клиентке аудару оңай бола бермейді.

Элла Чиркова:
«Психолог өз уайымы мен күйзелісін клиентке артпау үшін ішкі сезімдерін түсініп, олармен үнемі жұмыс істеуі керек. Бұл жеке басындағы қиындықтардың жұмысына кедергі келтірмеуіне көмектеседі. Адам қиын кезеңді еңсеріп, одан сабақ алса, шыңдала түседі. Психолог та солай. Басынан өткен жағдайлар оның өмірлік тәжірибесін байытып, өзгелерді жақсырақ түсінуге ықпал етеді».
Психолог әрдайым сабырлы болуы керек пе?
Психолог қандай жағдайда да сабыр сақтап, ашуланбай, ренжімей жүруі керек деп ойлаймыз. Өйткені өзгелерге сезімдерін түсінуге көмектесетін маман өзі де үнемі сабырлы болуы керек деп есептейміз. Бірақ ол да ашуланады, мұңаяды, уайымдайды. Сабырлы болу – мұндай сезімдерді мүлде сезінбеу деген сөз емес.
«Терапиядан өткен психолог әрдайым сабырлы болуы міндетті емес, олда кейде ашуланады, ренжиді, уайымдайды. Себебі ол да – адам. Бірақ өз сезімдерін түсініп, оларды реттей біледі. Не істеп жатқанын, оның өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін екенін де ескереді», – дейді Чиркова.
Клиентпен жұмыс істегенде психологтың кәсіби әдебі бар және маман ретінде психолог оны сақтауы міндетті. Адам психолог кабинетіне келгенде «мені сөгіп, кінәлай ма?» деп қорықпай, сезімдері, күмәні мен жасаған әрекеттері туралы ашық айта алуы қажет. Егер психолог клиентке ашуланып, дөрекі сөйлесе, өз пікірін тықпаласа немесе өз мұңын шаға бастаса, ол кәсіби шекараны бұзады.
Өмірдегі қиындықтар психологқа тәжірибе бола ала ма?
Басынан өткен қиындықтар адамның өмірге деген көзқарас көкжиегін кеңейтуі мүмкін. Бірдей жағдайға тап болған адамдардың сезімі де, оны еңсеру жолы да әртүрлі болады. Бірі жақындарынан қолдау тапса, екіншісі басқа нәрседен күш алады. Өз басынан қиындық өткен психолог мұны жақсырақ түсініп, сол тәжірибесін жұмысында пайдаланады.

Элла Чиркова:
«Терапияда теория мен әдістер ғана емес, психологтың қандай адам екені де маңызды. Ол өзгенің басынан өткенін тыңдап, түсініп, жағдайға әр қырынан қарауға көмектесе білуі тиіс. Маманның тұлға ретінде қалыптасуына өмірде көргенінің бәрі әсер етеді: жан жарасы, қиындықтар, қайғы мен қуаныш. Ең бастысы – адамның сол оқиғаларды қалай түсініп, олардан қандай сабақ алғаны».
Психологқа қашан жұмыстан үзіліс алған жөн?
Кейде психологтың өз басындағы уайымы тым ауыр болып, клиентті мұқият тыңдап, оған бар назарын аударуға кедергі келтіреді.
Элла Чиркова:
«Психолог болу – жай қызығушылық емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сондықтан жеке өмірде қиындық туды екен деп, жұмысты бірден тоқтату міндетті емес. Дегенмен кей жағдайда маманға өзіне келу үшін уақыт керек. Мысалы, жақынынан айырылған психолог бір аптадан кейін жұмысқа толық дайын болмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, өзі де терапиядан өтіп, қайғысы біртіндеп жеңілдеген соң, жұмысына қайта орала алады».
Психологтың іс-әрекетінде бірдеңе дұрыс емес екенін қалай аңғаруға болады?
Клиентке, әсіресе терапияға алғаш келген адамға, психологтың жұмысын бағалау оңай емес. Бірақ кейде ол маманның өзін кінәлап отырғанын, тым жақын араласуға тырысатынын немесе белгілі бір шешімді қабылдауға итермелейтінін сезуі мүмкін. Кейде, керісінше, психолог салқын сөйлеп, дөрекілік танытуы ықтимал.

Элла Чиркова:
«Клиент психологтың өмірінде не болып жатқанын, оның қандай күйде жүргенін толық біле алмайды. Дегенмен маманның әлі де жанына бататын мәселелері мен кейбір мінез-құлқы жұмыс барысында байқалуы мүмкін. Клиент нақты не мазалап тұрғанын түсіндіре алмаса да, бір нәрсенің дұрыс емес екенін іштей сезеді. Мысалы, оған психолог өз пікірін тықпалап, өзін сынап отырғандай көрінуі мүмкін. Немесе маман жеке шекарасынан өтіп, тым жақын араласуға тырысады, кейде дөрекі сөйлейді. Осындай жайсыз сезімдерді елеусіз қалдырмай, психологпен ашық талқылаған жөн».
Психолог клиенттің күмәні мен сұрақтарын тыңдап, араларында не болып жатқанын бірге талқылауға дайын болуы керек. Егер ол сұрақтарға мән бермесе, адамның сезімдерін елемесе, тек өзін дұрыс санаса немесе жеке шекараның бұзылғанын талқылаудан бас тартса, онымен жұмысты жалғастыру керек пе деп ойланған жөн. Клиент өзін қауіпсіз сезінбесе немесе психологқа сенімі жоғалса, басқа маманның пікірін білуге не психологын ауыстыруға құқылы.
Қазақстанда психологтың жұмысына қойылатын талаптар заңда да көрсетілген. 2026 жылғы 2 шілдедегі № 332-VIII «Психологиялық қызмет туралы» заңда маманның кәсіби біліктілігіне қатысты қағидалар белгіленген. Соның ішінде мына жайттарға назар аударған жөн:
Психолог жұмыстың қалай өтетінін түсіндіреді. Сіз оның қандай әдістерді қолданатынын, көмектің мақсатын және терапиядан не күтуге болатынын білуге құқылысыз.
Маман өз білімі мен тәжірибесінің шегін біледі. Егер сіздің мәселеңізді шешуге оның білімі мен дағдысы жетпесе, ол мұны ескеріп, әрі қарай қандай көмек қажет екенін анықтау керек.
Психолог міндетті түрде нәтиже болады деп уәде бермейді. Егер маман белгілі бір кездесуден кейін мазасыздықтан толық арыласыз, отбасылық мәселелеріңіз шешіледі немесе өміріңіз өзгереді деп кепілдік берсе, мұндай уәдеге сақтықпен қараған абзал.

Психологтың өмірінде де қиындықтар болады
Кейде өмірді бір рет ретке келтіріп алсақ, бәрі үнемі жақсы болады деп ойлаймыз. Сол себепті де психологты да әрдайым сабырлы, көңілі тыныш адам деп есептейміз.
«Адам үшін ең маңыздысы – өз күші мен мүмкіндіктеріне сүйеніп, қиындықтарды еңсеруді үйрену. Өмірде еш қиындық көрмей жүру мүмкін емес. Бәрінен сақтануға тырысу уайымды одан сайын күшейтуі мүмкін. Ал психолог адамға басына түскен жағдаймен күресуді үйренуге көмектеседі», – дейді Элла Чиркова.
Психотерапевттің өмірі де мінсіз бола бермейді. Олардың басқа адамдарға көмектесуі олардың басында қиындықтар жоқ деген сөз емес. Керісінше, өз басында қиындықтары бола тұра, өзіне де өзгеге көмектесе алады дегенді білдіреді.



