Қазір бір нәрсені істемес бұрын көбіне өз көңіл күйімізге қараймыз. Бірақ жақындармен бауырлық қарым-қатынаста, сыйластықта болып, оларға уақыт бөліп, көмектесу қажет екенін ұмытып кетеміз.
Кейде әріптесіміз туған күніне шақырып, құрбымыз көшуге көмек сұрайды, туысымыз әкесіне ота жасалатынын айтып, келіп кетуімізді өтінеді. Ал біз алдымен келісім бермей, ішімізден: «Барғым келе ме? Көмектескім келе ме?» деп ойлаймыз. Қаламасақ, «демалуым керек», «жеке өмірім, қаласам барамын» немесе «өзімді ойлауым керек» деп, чатты жаба саламыз.
Әрине, өз қалауымызды ескерген жөн. Себебі ол сізге шектен тыс міндет арқалап алмауға және үнемі өзгенің ығына жығыла бермеуге көмектеседі. Бірақ тек өз қалауымызбен шектеліп қалсақ ше? «Жақын адамыма қазір менің көмегім керек пе?», «Өзім қиналғанда, жанымда кім болады?» деген сұрақтарды да ұмытпаған жөн.

Психологиядағы ұғымдар күнделікті өмірімізге қалай әсер етеді?
«Жеке шекара», «токсик қарым-қатынас», «газлайтинг», «сезімдерден қашу» деген сөздерді қазір жиі естиміз. Бұрын мамандар қолданған бұл ұғымдар күнделікті әңгімеге енді. Олар өзімізді және өзгелермен қарым-қатынасымызды түсінуге көмектеседі. Бірақ кейде өзімізге ұнамайтын не қолайсыз кез келген жағдайды зиянды деп қабылдай бастаймыз. Ал уақыт бөліп, күш жұмсауды қажет ететін нәрсенің бәрі бізге зиян келтіре бермейді.
Психолог Марк Траверс жиі кездесетін екі қателікті айтады.
Бірінші қателік – жеке шекара мен басқа адамға шарт қоюды бір нәрсе деп қабылдау. Жеке шекара өз әрекетіңізге қатысты болады. Мысалы: «Мен бұл тақырыпты қонақтардың алдында талқыламаймын». Ал «Бұрынғы сүйіктіңмен енді сөйлеспейсің» деу өзгенің әрекетін бақылауға тырысу.
Екінші қателік – адамның күнделікті әрекетін бірден психологиялық мәселемен байланыстыру. Мысалы, жарымыз бір нәрсені ұмытып кетуі, көңіл күйі болмай жүруі немесе көп адаммен араласуды ұнатпауы мүмкін. Бірақ біз мұндай әрекетке бірден «жақындармен араласпау» немесе «бұрынғы қарым-қатынастан жарақат алған» деген түсінік беріп қоямыз.
Сандар не дейді?
Қазақстанда 2025 жылы 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың жұп ажырасқан. Бір жылдағы осы екі көрсеткішті салыстырсақ, әр 100 некеге шамамен 39 ажырасудан келеді. Бұл сол жылы үйленгендердің 39%-ы ажырасты деген сөз емес. Ажырасулардың үштен бірінен астамы, яғни 35%-ы некенің алғашқы төрт жылында, тағы 24%-ы бесінші және тоғызыншы жылдар аралығында болады. Ал 8%-ы алғашқы жылға тиесілі.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2025 жылдың сәуірінде жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 15%-ының бір ғана жақын досы бар немесе мүлде жоқ. Ал 8,7%-ы көмек сұрай алатын бірде-бір адамды атай алмаған. Көпшілігінің, яғни 68,5%-ының 2-9 жақын досы бар. Дегенмен әр жетінші адамның сырласатын, арқа сүйейтін досы жоқтың қасы.
Туыстар да кейде бір-бірінен алыстап, араласпай кетеді. Корнелл университетінің зерттеушісі Карл Пиллемер 2020 жылы АҚШ-та 1300-ден астам адамға сауалнама жүргізген. Қатысушылардың 27%-ы туыстарының бірімен қарым-қатынасын үзгенін айтқан. Оған бала күнгі реніштер, ақша мен мұраға талас, ата-анасының ажырасуы, көзқарастардың сәйкес келмеуі және бір-бірінен тым көп нәрсе күту себеп болған.
Жалғыздық жаһандық мәселеге айналды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылы жалғыздықты әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелердің бірі деп атады. ДДСҰ-ның әлеуметтік байланыстар жөніндегі комиссиясының дерегінше, жер шарындағы әр алтыншы адам өзін жалғыз сезінеді. Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану жылына 871 мыңнан астам өлім жағдайымен байланысты. Яғни шамамен әр сағат сайын 100 адам деген сөз. Жалғыздық әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында жиі кездеседі. 13-29 жас аралығындағы адамдардың 17-21%-ы өзін жалғыз сезінетінін айтқан. Табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш шамамен 24%-ға жетеді. Ал табысы жоғары елдерде ол екі есе төмен – шамамен 11%.
Жалғыздықтың денсаулыққа әсері бұған дейін де зерттелген. 2010 жылы психолог Джулианна Холт-Лунстад бастаған ғалымдар 148 зерттеудің нәтижесін біріктіріп, 308 мыңнан астам адамның дерегін талдады. Әлеуметтік байланысы мықты адамдардың зерттеу аяқталғанға дейін өмір сүру ықтималдығы әлеуметтік байланысы әлсіз адамдарға қарағанда 50% жоғары болған. Бес жылдан кейін ғалымдар 1980-2014 жылдар аралығындағы зерттеулерді қайта талдады. Нәтижесінде әлеуметтік оқшаулану өлім қаупін 29%-ға, жалғыздық 26%-ға, ал жалғыз тұру 32%-ға арттырумен байланысты екені анықталды.

Әрине, жалғыздық әрдайым адамның өз таңдауы емес. Бірақ кейде арадағы байланыс күнделікті ұсақ шешімдерден де әлсірейді: кездесуге бармай қаламыз, қоңырау шалмаймыз, хабарламаға жауап бермейміз. Әр әрекетті жеке алғанда оны өзімізге қамқорлық жасау деп қабылдауымыз мүмкін.
Жеке шекараны сақтау керек пе, әлде кейде келісімге келген дұрыс па?
1938 жылы Гарвард ғалымдары адамдардың өмірін ұзақ уақыт бақылауға кірісті. 85 жыл ішінде зерттеуге үш ұрпақтың өкілдері – екі мыңнан астам адам қатысты. Қартайғанда бақытты, дені сау болып, ұзақ өмір сүрудің ең маңызды көрсеткіші жақындарымен жақсы қарым-қатынас екені анықталды. Ақша, атақ пен мансап мұндай рөл атқармаған. Ал өмірін тек жұмысқа арнап, жалғыз қалған адамдар сексен жасында өздерін нашар сезініп, өткеніне көбірек өкінген.
Мичиган университетінің психологі Стефани Браунның 2003 жылғы зерттеуіне Детройттағы 423 қарт жұп қатысқан. Оларды бес жыл бойы бақылаған. Осы уақыт ішінде 134 адам қайтыс болған. Басқалардың өтінішін орындап, баласын қарап, жұбайына қолдау көрсеткен адамдар арасында қайтыс болғандар аз болған. Кейбір топтарда бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмен шыққан. Ал көмек алудың өзінен мұндай артықшылық байқалмаған: көп көмек алғандар мен аз көмек алғандардың өлім көрсеткіші шамалас болған. Ғалымдар қатысушылардың жасын, денсаулығын, темекі шегетінін, табысы мен мінезін ескергенде де, өзгелерге көмектескендерде өлім қаупі төменірек болған.
Мұндай нәтиже басқа зерттеулерде де кездеседі. Дженкинсон мен әріптестері 2013 жылы адамдарды ұзақ уақыт бақылаған бес зерттеудің деректерін біріктіріп талдаған. Тұрақты түрде ерікті болып көмектесетін адамдардың бақылау кезеңіндегі өлім қаупі 22%-ға төмен болған. Дегенмен ғалымдар нақты қорытынды жасауға асықпайды. Еріктілердің денсаулығы әуелден жақсы, тұрмысы да тәуір болуы мүмкін. Зерттеуде адамдардың өмірін тек бақылағандықтан, олардың ұзақ өмір сүруіне дәл еріктілік себеп болды деп айту қиын. Бірақ бірнеше зерттеу ортақ ойға жетелейді: өзгелерге көмектесу адамның өзіне де пайдалы.

Басқа елдерде адамдар бір-біріне қалай көмектеседі?
Қолын ұшын беру дәстүрі бұрыннан бар. Мысалы, АҚШ-тағы амиштер үшін бір-біріне көмектесу үйреншікті іс. Олар көршісінің көшуіне, жиһаз тасуына көмектеседі. Біреу жарақат алса, егінін жинап береді, жас жұбайлардың үйін сырлайды. Қора салу қажет болса, жүздеген адам жиналып, бір күнде салып бітіреді. Бүгін біреуге көмектескен адам ертең өзі де қолдаусыз қалмайтынын біледі. Көптеген амиш қауымы коммерциялық сақтандыруды пайдаланбайды. Емге көп қаражат керек болса, ақшаны шіркеу арқылы жинайды.
Финдерде осыған ұқсас talkoot дәстүрі бар. Сауна салу немесе көп күш қажет ететін жұмысты бітіру үшін жұртты көмекке шақырады. Көмектескендер ақы сұрамайды. Үй иесі дастарқан жайып, бәрі бірге тамақтанып, әңгімелеседі. Бұл дәстүр қысы ұзақ, жазы қысқа ауылдарда қалыптасқан. Жұмысты үлгерту үшін көршілер бір-біріне қолғабыс еткен. Қазір финдердің жартысынан көбі қалада тұрса да, осы дәстүр сақталған.
Жоғарыдағы екі мысалда да өзара көмек – күнделікті өмірдің бір бөлігі.
Қай кезде бас тартқан дұрыс?
Әрине, бұл кез келген өтінішке келісе беру керек дегенді білдірмейді. Кейде «жоқ» деп айту – өзіңді қорғаудың жолы.
Егер адам зорлық көрсетсе, қысым жасаса немесе сізді айламен өз дегеніне көндіргісі келсе, одан алшақ болған дұрыс. Үнемі сіз көмектесіп, ал өзіңіз қиналғанда қолдау таппасаңыз, бұл қарым-қатынастың шынайылығы туралы ойлану керек. Төмендегі ережелер қашан өзіңізді қорғап жүргеніңізді, ал қашан адамдармен араласудан, жауапкершілік алудан немесе көмектесуден қашқақтап жүргеніңізді түсінуге көмектеседі.

Өзіңізге екі сұрақ койыңыз. «Барғым келе ме?» деген сұрақтан кейін «Бармасам, жақыным өзін қалай сезінеді?» деп те ойланыңыз. Ештеңе өзгермесе, кінәлі сезінбей бас тартыңыз. Ал қолдауыңыз оған маңызды болса, шешіміңізді қайта қараңыз.
Қалауыңыз жоқ па, әлде шамаңыз келмей ме? Уақыт, ақша немесе күш жетпесе, бас тартуыңыз түсінікті. Ал жай ғана ыңғайсыз болғандықтан қаламасаңыз, не кедергі болып тұрғанын ойлап көріңіз.
Қысқа уақытқа болса да, жанынан табылыңыз. Кеш бойы отыра алмасаңыз, бір сағатқа соғыңыз. Баруға мүмкіндік болмаса, қоңырау шалыңыз не дауыстық хабарлама жіберіңіз. Кейде адамды тыңдаудың өзі үлкен қолдау болады.
Келе алмасаңыз, басқа уақытты ұсыныңыз. Мысалы: «Сенбіде қолым тимейді, сәрсенбіде бірге түскі ас ішейік». Осылайша ол адамға кездескіңіз келетінін білдіресіз.
Кімдерге ерекше көңіл бөлетініңізді біліңіз. Көңіліңіз соқпаса да, қолдау көрсетуге дайын жақындарыңыз бар ма? Сол адамдармен байланыста болуға уақыт бөліңіз. Өзгелерге де мүмкіндігіңізге қарай көмектесіңіз.
Өзіңіз хабарласып, жағдайын сұраңыз. Жақыныңыздың көмек сұрауын күтпеңіз. Көп адам қиналып жүрсе де, оны ашық айта бермейді.
Өз қалауыңызбен бірге өзгенің жағдайын да ойлаңыз
«Мен мұны қалаймын ба?» деп өзіңізден сұраған дұрыс. Мамандық, тамақ немесе сапар таңдағанда өз қалауыңызды ескеріңіз. Ал жақындарыңызға қатысты шешім қабылдағанда: «Мен бармасам, ол өзін қалай сезінеді?» деп те ойланып көріңіз.
Кейде қарым-қатынасты сақтайтын нәрсе - көңіліміз соқпаса да, жақынымызға уақыт бөлу. Демалыс күні ауруханаға барып, халін сұрау, көшуге көмектесу немесе қайғысына ортақтасу. Осындай істер адамдарды жақындастырады. Сіз көрсеткен қолдау бір күні өзіңізге де қайтуы мүмкін. Бірақ оны дәл сол адамнан немесе бірден күтудің қажеті жоқ.
Өзгелерге көңіл бөлу жеке шекарадан бас тарту деген сөз емес. Бұл - өз қалауыңызбен қатар басқа адамның да сезімі мен қажеттілігін ескеру.



