Ойын-сауықӘдебиетӨз ортаңды тап: Классика сүйетіндер, нон-фикшн оқитындар мен Донцованың жанкүйерлері қайда бас қосады?

Өз ортаңды тап: Классика сүйетіндер, нон-фикшн оқитындар мен Донцованың жанкүйерлері қайда бас қосады?

17 сәуір 2026
5 мин
Джейн Биркин және Серж Генсбур, 1972 ж. | Фото: Оливьеро Тоскани

Қазіргі кітап клубтары – жалғыздықтан құтқаратын «ем», сөйлеу мәнерін ұштайтын орта, ой-өрісті кеңейтетін және кітап оқу әдетін қалыптастыратын таптырмас тәсіл. Қазір мұндай клубтың түр-түрі бар, сондықтан талғамыңызға келетінін, өзіңізге лайығын оп-оңай тауып алуға болады.


Book Club


Кімдерге: ересектерге арналған


Қайда: Алматы мен Астанада 


Тілі: орысша 


Құны: тегін 


Бұл клубтың Алматы мен Астанада екі филиалы бар. Оған мүше болу үшін жарна төлеудің қажеті жоқ. Жалғыз шарт – кітапты оқу және кездесулерге бару. Клубтың Telegram арнасында кітаптардың электрон нұсқасы жарияланады, оны оқып, кейін кездескенде талқылайды. Кездесулер екі аптада бір рет, демалыс күндері өтеді. Клуб мүшелері айына екі кітап оқиды. Қай кітапты оқитынын көпшілік дауыс беріп таңдайды. Әдетте біреуі – көркем әдебиет, екіншісі – тұлғалық дамуға арналған кітап. Сонымен қатар, мұнда кітап алмасу (буккроссинг) шаралары жиі ұйымдастырылады.


Cosmos


Кімдерге: 21 жастан асқандар 


Өтетін орны: Алматы, Астана, Қарағанды 


Тілі: қазақша, орысша, ағылшынша 


Құны: айына 8 000-12 000 теңге 


2021 жылдан бері істеп келе жатқан клубтың қазір 200-ден астам мүшесі бар. 21 жасқа толған кез келген оқырман клуб мүшесі бола алады. 


Олар айына бір жанрдағы екі кітапты оқиды. Роман, өзін-өзі дамыту, фэнтези немесе еркін жанрдың бірін таңдауға болады. Екі аптада бір рет жүздесіп, кітапты талқылап болған соң, үстел ойындарын ойнап, емін-еркін араласады. Клубқа қосылғанда сізге арнайы куратор бекітіледі. Ол чатта сұрақтарға жауап беріп, мотивация беріп отырады. 


Ескерту: қатарынан төрт кітапты оқымасаңыз немесе кураторды ескертпей, үш кездесуге келмей қалсаңыз, клубтан шығарылуыңыз мүмкін. Есесіне үздік оқырмандар құр алақан қалмайды, оларға кітап немесе кітап дүкенінен сертификаттары сыйға тартылады.


Ленивые читатели («Жалқау оқырмандар»)


Кімдерге: 21 жастан асқандар 


Өтетін орны: Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Тараз 


Тілі: қазақша, орысша, ағылшынша 


Құны: тегін 


Бұл клубтың негізі 2020 жылы қаланған. Клуб мүшелері жылына 24 кітап оқиды. Мұнда кездесулерге баруға да, онлайн қатысуға да мүмкіндік бар. Клуб отандық авторларды қолдауға ерекше мән береді: олардың шығармаларына пікір жазып, кездесулер ұйымдастырады. Оған қоса мұнда «Жазушылар цехі» істейді, онда жазу шеберлігін үйретеді. Клубқа қосылу үшін Telegram арнасына жазылып, жаңалықтарды бақылап отырсаңыз болғаны.


GoodreadsKZ Ladies


Кімдерге: 21 жастан асқан әйелдер


Өтетін орны: Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Тараз 


Тілі: қазақша, орысша, ағылшынша 


Құны: сынақ айы – 12 000 теңге, абонемент 30 000-93 000 теңге аралығында. 


Бұл жай ғана кітап клубы емес, әйелдер қауымдастығы. Негізін қалаушы әрі жүргізушісі – Ажар Асқарова. Кездесулерде кітап талқылаумен қатар, арнайы шақырылған спикерлер өнер көрсетеді. Ай сайын бес айдар бойынша кітап ұсынылып, соның бірі таңдалады. Кездесулер көбіне жайлы дәмханаларда өтеді және міндетті түрде кітап алмасумен аяқталады.


«Хунта» кітап клубы


Кімдерге: бәріне арналған 


Өтетін орны: Алматы 


Тілі: қазақша, орысша, ағылшынша


Құны: тегін 


Бұл – 2018 жылдан бері істеп келе жатқан ең көне клубтардың бірі. Мұнда классика, психология, тұлғалық даму бағыттарда кітап оқиды. Оған қоса ағылшын тілінде сөйлеу дағдысын ұштайтын speaking club бар. Клуб мүшелері тек кітап оқып қоймай, бірге саяхаттайды, концерттер мен мұражайларға барады. Кездесуге бармай тұрып, модераторлар есепке алуы үшін чатта баратыныңызды хабарлауыңыз керек.


Mom‘s book list (Qara Khotun)


Кімдерге: бәріне арналған 


Өтетін орны: Алматы 


Тілі: орысша 


Құны: тегін 


Алты жыл бұрын Сәнді Батырбекова мен Нұрниса Мұсаева декреттік демалыста болғанда клубтың негізін қалаған. Алғашында достардың шағын тобы болған бұл орта қазір үлкен қауымдастыққа айналды. Олар айына бір рет кездесіп отырады. Кітапты талқылап болған соң, оқыған шығарма бойынша қызық квиз (ойын) ұйымдастырады. Тіпті тақырыптық кештер мен корпоративтер де өткізіп тұрады.


25 books


Кімдерге: бәріне арналған


Өтетін орны: Алматы, Астана, Штутгарт, Дубай, Кувейт 


Тілі: орысша, ағылшынша


Құны: тегін 


2016 жылы Әлішер Темірланов 25 books деген кітап клубын құрады. 10 жыл ішінде әлемнің бірнеше қаласында клубтың филиалдары ашылып үлгерді. Оған мүше оқырмандар айдың соңғы жұмасында кездесіп отырады. Олардың басты ерекшелігі сол, бәрі жалпы таңдаған кітапты емес, өзіңіз қалаған туындыны оқып келуіңізге болады. Ұйымдастырушылар ай сайын әр қатысушының оқыған кітаптарының тізімін жариялап отырады. Жабық чатқа қосылу үшін кезекті кездесуге бір рет барсаңыз болғаны.


American Corner & Makerspace Almaty. Reading Club


Кімдерге: бәріне арналған 


Өтетін орны: Алматы 


Тілі: ағылшынша 


Құны: тегін


Бұл – ағылшын тілін жетілдіргісі келетіндер үшін таптырмас орын. Мұнда кітап оқумен қатар, сөйлеу дағдысына (speaking) басымдық беріледі. Кейде жиналғанда кітаптың үзінділерін дауыстап оқиды. Қатысу тегін, бірақ орын саны шектеулі болғандықтан, Instagram арқылы алдын ала тіркелу қажет.

Бөлісу: