Ойын-сауықӘдебиетӨз ажалын өлеңмен болжаған ақын-жазушылар

Өз ажалын өлеңмен болжаған ақын-жазушылар

25 ақпан 2026
5 мин
Поэты, предсказавшие собственную смерть
Фото: nv.kz

Кейбір ақын-жазушы өз шығармасында Кейбір ақын-жазушы шығармасында болашақты дәл болжап жатады. Тіпті кейбірі өз өмірінің қашан және қалай аяқталатынын өлеңмен жазған.  Мұндай таңғажайып оқиғалар әлем және қазақ әдебиетінде де бар. Бұл материалда дәл осылай өз ажалын өлеңінде болжап айтып кеткен тұлғалар туралы сөз қозғаймыз.


Мәшһүр Жүсіп Көпеев 


Қадыр Мырза-Әлінің “Жазмыш” кітабындағы деректер бойынша, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев – көзі тірісінде өз өлімінің мерзімін дәл айтып кеткен тұлғалардың бірі. Ол 72 жасқа толғанда бүкіл жұртты жиып, өз-өзіне ас берген. 

“Қазір мені балталаса да, өлмеймін.
Ал келер жылы пайғамбардың өзі келіп қолқаласа да, тірі қала алмаймын.
Бұл – менің арымда өтетін асым.
Бір жыл өткен соң дүниеден өтемін”,
–деп айтқан екен ақын.


Жиылған жұрт не айтарын білмей тарасады. Дегенмен ақынның айтқан сөзі дәл келеді. Бір жылдан соң асқа шақырылған ағайынға “Мәшһүр Жүсіп қайтыс болды” деген хабар жетеді. Ел-жұрты қайта жиылып, арулап жерлейді.

























Қасым Аманжолов 


Ақын Қасым Аманжалов та өмірінің қысқа болатынын сезген сияқты. Себебі ақын “Өзім туралы” деген өлеңінде:

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана” деп жазған.


Ақын небәрі 44 жасында өмірден озды.


Мұқағали Мақатаев 


Мұқағали Мақатаевтың “Өзімнің есебімше” өлеңінде таңғажайып нәрсе бар. Өлеңде ақын:

"Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі... Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге..." деп жазады.


Шынымен де, Мұқағали 45 жасында қайтыс болды. Бір қызығы, ақынның жары Лашын Әзімжанқызының айтуына қарағанда, Мұқағали қайтыс болатын жылы шыққан “Өмірдастан” жинағына қыс айларының бірінде қолтаңба қойып, оны жақын адамдарына сыйлаған. Әр кітапқа қолтаңбасымен қатар “1976 жыл, 27 наурыз” деп жазып шыққан. Ақын дәл сол күні дүние салған.





















Оразалы Досбосынов


Айтыскер ақын Оразалы Досбосынов әр айтысына шыққанда сөзін мына өлең жолымен бастайтын:

"Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,Таңжарықпын, Шарғынмын."


Бұл өлең шумақтарында айтыскер ажалын болжағаннан гөрі, өзін көпшілікке таныстырған болса керек. Дегенмен ақын 29 жасында қаза тапқанда жұрт шынымен де жасы отыздан аспады деп таңғалған.


Табылды Досымов


Қазақтың бард ақыны Табылды Досымов қалай өлетінін сезген болуы мүмкін. Себебі замандасы Бауыржан Бабажанұлы айтуынша, ақын бір әнінде:

“Өмірді мынау, қалқам-ау, мәңгілік деме.
Ұйықтап кетсем, бір күні, оянбай қалам” деген.


Табылды Досымов расында да ұйқыдан оянбай, о дүниелік болып кеткен.


Қадыр Мырза-Әлінің “Жазмыш” кітабындағы деректер бойынша, мұндай тылсымға толы оқиғалар әлем әдебиетінде де кездескен.














Үнді ақыны Мирза Галиб 


Үнді ақыны Мирза Галиб көзі тірісінде бірнеше хронограмма жазған. Сол жазбаларының бірінде ол өзінің қай жылы өмірден өтетінін көрсетіп кетіпті. Ақын дәл “1869 жыл” деп жазған деседі. Поэт шынымен сол жылы дүние салған. Дегенмен мұны растайтын жазбаларды таппадық. Бұл аңыз да болуы мүмкін, себебі ақын көбіне өмір мен өлім туралы көп сөз өрбітетін.

























Түрік ақыны Назым Хикмет 


1961 жылы түрік ақыны Назым Хикмет өз өлеңінде қалай дүние салатынын және оны қалай жерлейтінін жазған. Өлеңінде:

"Маған, сірә, бұйырмайды туған жер" деген жолдар бар.


Бұл болжам дәл келіп, ақын 1963 жылы қайтыс болып, Мәскеуде жерленген.


Чех ақыны Иржи Волькер


Чех ақыны Иржи Волькер 1923 жылы 23 жасында мынадай өлең жазған:

“Иржи Волькер ғашық еді өмірге,
Қиындықтан бас тартпаған ол бір де.
Айқасып та жарытпады, кектеніп,
Жиырма төртке жете сала кетті өліп”


Ақын өлеңінде айтқандай дәл бір жылдан кейін – 24 жасында қайтыс болған.


Кеңес одағының ақыны Владимир Высоцкий


Ал Кеңес одағының ақыны Владимир Высоцкий бір өлеңінде:

“Демеймін тірлік аз өтті,
Өртедім талай өзекті.
Өлсем де хабар берілмес
Пұшпағында бір газеттің.
Алайда оған өкінбен…”


деп өз өлімінен кейін оған қатысты хабардың өте қарапайым, артық у-шусыз жарияланатынын болжаған. Шынымен де, ақын дүниеден өткенде “Мәскеу ақшамынан” басқа бірде-бір газет некролог бермеген. “Мәскеу ақшамының” өзі адам көзі түспейтін бір бұрышқа “Владимир Высоцкий өмірден өтті” деп қысқа-нұсқа хабарлаған.


Орыс ақыны Иосиф Бродский


Тағы бір орыс ақыны Иосиф Бродскийдің бір өлеңінде:

“Жақында ғасыр бітеді, мен одан бұрын бітемін” деп жазған.


Ақын жаңа ғасырға төрт жылға қалғанда, яғни 1996 жылы дүниеден өтті.


Шығыс ақыны Омар Һәйәм


Шығыс ақыны Омар Һәйәм Низами деген досына:

"Менің мәйітім жылына екі рет гүл шашатын жерде болады" деп айтқан екен.


Ақын қайтқан соң досы зиратқа барып, құран оқыпты. Сол зират Нишапурдағы алма мен шабдалы ағаштарының басында орналасқан, олар жылына екі рет гүлдеп тұрады.

Бөлісу:

Өз ажалын өлеңмен болжаған ақын-жазушылар — Tamga media