23 тамызда Шанхай төрінде Dota 2 ойынының басты бәсекесі – The International 2026 мәресіне жетті. Финалда Team Spirit ұжымы Team Vision ойыншыларын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, осымен үшінші рет әлем чемпионы атанды. Мұндай рекорд жарыс тарихында бұрын-соңды болмаған. Жеңімпаздар 1,4 млн доллардан (шамамен 640 млн теңге) астам жүлдені қанжығаларына байлады. Жалпы, дүбірлі додаға қатысқан ең мықты 20 команда 3,3 млн доллардан (шамамен 1,51 млрд теңге) астам жүлде қорын өзара бөлісті. Дегенмен бұл – жыл бойы осы ойыннан өрістейтін қыруар қаражаттың бір шеті ғана. Сонымен Dota 2 айналасында қанша ақша қайнап жатыр? Tamga Media анықтап көрді.

Dota 2 деген не өзі?
Dota 2 – әлемдегі ең танымал компьютерлік ойындардың бірі. Мұнда бес адамнан құралған екі команда виртуалды алаңда кездеседі. Басты мақсат – өз бекінісіңді қорғай отырып, қарсыластың бас ғимаратын қирату. Valve компаниясы бұл ойынды 2013 жылы жарыққа шығарған. Содан бері ол өз танымалдылығын жоғалтқан емес: күн сайын бұл әлемге жүздеген мың адам кіріп-шығады.
The International жарысы қалай ұйымдастырылады?
The International – Dota 2-ні әзірлеуші Valve компаниясы жыл сайын өткізетін басты сайыс. Ол 2011 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді. Додаға әлемнің ең мықты деген 20-ға жуық командасы қатысады. Бірі маусым бойы жинаған ұпайымен тікелей жолдама алса, енді бірі әр құрлықтағы іріктеу бәсекелерінен суырылып шығады. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады: әуелі топтық кезең өтіп, кейін ең мықтылары плей-оффта кездеседі.
Турнирді ұйымдастырушылар белгілі бір жүлде қорын бекітіп, оны соңында қатысушыларға үлестіреді. Биыл бұл қаржы 3,3 млн доллардан (шамамен 1,51 млрд теңгеден астам) асып жығылды. Бас жүлдені иеленген Team Spirit тобы бұл соманың жартысына жуығын – 1,4 млн долларды (шамамен 640 млн теңге) еншілесе, қалғаны өзге орындарға бұйырды.
Сырт көзге бұл сома онша көп болып көрінбеуі мүмкін. Алайда бұл ақшаның аз-көптігін түсіну үшін оның қайдан жиналатынын және TI-дың бұрынғы жүлде қорлары қандай болғанын еске түсіру керек.

Жүлде қоры қалай жиналады?
Футбол немесе теннис сияқты ұйымдастырушылар мен демеушілердің қалтасына қарайтын спорт түрлерінен Dota 2-нің айырмашылығы үлкен. Мұнда жылдар бойы жүлде қорын қатардағы жанкүйерлердің өзі жинап келді. Ойын авторы Valve компаниясы Battle Pass деп аталатын арнайы виртуалды бұйымдар жинағын (ойын кейіпкерлерінің киімі, әшекейлері мен қосымша мүмкіндіктер) саудаға шығаратын. Осы түсімнің 25%-ы автоматты түрде турнирдің жүлде қорына құйылып отырды.
2023 жылы Valve бұл жүйеден бас тартып, оның орнына белгілі бір командаға немесе комментаторға арналған Supporter Bundles («қолдау жинақтары») форматын енгізді. Мұнда сатылымнан түскен ақша былай бөлінеді:
Жартысы – сіз қолдаған команданың немесе комментатордың қанжығасына кетеді;
Үштен бірі – турнирдің жалпы жүлде қорына қосылады;
Қалған бөлігі – Valve компаниясының өзіне қалады.
Бұған қоса, Valve ұйымдастырушы ретінде жарысқа 1,6 миллион доллар (шамамен 731 млн теңге) кепілді қаржыны бірден бөледі де, қалған сома жанкүйерлердің есебінен толығады.
40 млн доллардан 3 миллионға дейін
Өткен жылдармен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Жарыс тарихындағы ең рекордты жүлде қоры 2021 жылы жиналды. Ол кезде жанкүйерлер мен Valve бірлесіп, ортаға 40 млн доллар (шамамен 18,29 млрд теңге) салды. Бұл – бүкіл киберспорт тарихында әлі күнге дейін ешкім қайталай алмаған абсолютті рекорд.
Жылдар өте турнирдің жүлде қоры мынадай өзгерістерге ұшырады:

Жанкүйерлердің Valve-тен ескі жүйені қайтаруды өтініп жүргені де сондықтан. Оларға бастысы жүлде сомасы емес, жарыс жақындаған сайын қаржының қалай өсетінін тағатсыздана күтетін сол бір ерекше эмоция қымбат.
The International жылдағы жалғыз дөкей жарыс емес
Елдің көбі Dota 2-дегі қыруар ақша тек TI кезінде ғана айналады деп ойлайды. Негізі бұлай емес. Жыл бойы өзге де ірі бәсекелер өтіп тұрады, ал олардың жүлдесі кейде биылғы TI 2026 көрсеткішін шетке ысырып кетеді.
Солардың бірі айналымдағы қаржы көлемі жағынан ең дәулетті дода – Сауд Арабиясында ұйымдастырылатын Esports World Cup жаһандық фестивалі (2026 жылы ойындардың бір бөлігі Париж төрінде өтті). Мұнда футбол симуляторларынан бастап шутерлерге дейінгі 24 түрлі видео ойын бойынша әлем чемпионы анықталады.
2026 жылы фестиваль ұйымдастырушылары 75 млн доллар (шамамен 34,28 млрд теңге) жүлде қорын жариялап, соның ішінен тек Dota 2 бәсекесіне 2 млн доллар (шамамен 914 млн теңге) бөлді.

Бұдан бір жыл бұрын, осы фестиваль аясындағы Dota 2 турнирінің жүлде қоры 10 млн долларға дейін жеткен еді (шамамен 4,57 млрд теңге). Ол тіпті The International 2026-ның жалпы бюджетін жолда қалдырды. Осылайша қызық жағдай туды: беделі жағынан ең басты турнир қаржылай тарапта көш басынан көрінбей қалды.
Астанадағы «Болашақ ойындары»
Биылғы тағы бір ірі жарыс дәл іргемізде – Астанада өтті. 2026 жылдың 29 шілдесі мен 9 тамызы аралығында елордамыз дәстүрлі спорт, киберспорт және «фиджитал» форматын тоғыстырған «Болашақ ойындары 2026» (Games of the Future) халықаралық мультиспорттық бәсекесін қабылдады. Мұнда командалар әуелі экран алдында шеберлік байқасса, артынан шынайы алаңда бәсекені жалғастырады.
Сегіз спорт түрін қамтыған жарыстың жалпы жүлде қоры 4,75 млн долларға (шамамен 2,17 млрд теңге) жетіп, 50-ден астам елден 900-ден астам спортшы жиналды. Оның ішінде Dota 2 бәсекесі 2-5 тамыз аралығында бөлек өтіп, 1 млнн доллар (шамамен 457 млн теңге) жүлде қоры үшін 16 команда бақ сынасты. Ойындарға әлемдік деңгейдегі жұлдыздар мен The International турниріне тікелей жолдама алған ұжымдар қатысты.
Ел намысын турнирдегі жалғыз толық отандық құрам – Rune Eaters командасы қорғады. Жігіттер жартылай финалға дейін шауып, 4-орынға табан тіреді және 70 000 доллар (шамамен 32 млн теңге) сыйақыны қанжығаларына байлады. Перудің PlayTime ұжымы Dota 2 бәсекесінің чемпионы атанып, 350 000 долларды (шамамен 160 млн теңге) қанжығалады.

Бұл турнир ел үшін айтулы оқиға болды. Отандық Rune Eaters ұжымы Қытай грандтары сияқты әлемнің ең мықты тобымен күш сынасып, өз шеберлігін таразыға салды.
Ойыншылардың жалақысы қанша?
Кәсіби Dota 2 киберспортшылары тек жарыс сыйақысына қарап отырмайды. Олардың табысы, негізінен, үш көзден құралады:
Тұрақты жалақы. Келісімшартқа отырған ұйым ойыншыға ай сайын, жарыстағы нәтижеге қарамастан, кәдімгі мекеме қызметкері сияқты белгіленген айлық төлейді. Индустрия мамандарының есебінше, OG немесе Team Spirit сияқты алдыңғы қатарлы командалардың ойыншылары айына 20 000 – 30 000 доллар (шамамен 9,1-13,7 млн теңге аралығы) тапса, ортанқол ұжымдарда бұл сома 10 000 – 15 000 доллар (шамамен 4,57-6,86 млн теңге) төңірегінде.
Жүлде қорынан тиетін үлес. Ұтып алған қаржы, әдетте, жетіге бөлінеді. Бес бөлігі – ойыншыларға, біреуі – бапкерге, тағы бір бөлігі – ұйымның өзіне тиесілі. Сонымен қатар бұл сомадан салық ұсталады. Мысалы, финляндиялық ойыншы Topson (шын есімі - Топиаc Таавитсайнен) TI 2018 жеңісінен кейін ұтып алған ақшасының 60 пайызын салыққа бергенін айтқан еді.
Стримдер мен жарнама. Ойыншылардың Twitch пен YouTube сияқты алаңдардағы тікелей трансляциялар және әйгілі брендтермен келісімшарттар болады. Белгілі киберспортшылар компьютерлік техника немесе энергетикалық сусын өндірушілерімен демеушілік келісімге отырып, бұдан жылына жүздеген мың доллар қосымша пайда табады.

Dota 2 тарихында ең көп жүлде еншілеген ойыншы – даниялық N0tail (шын есімі – Йохан Сундштайн) лақап атымен танымал ойыншы. Ол мансабында 7,17 млн доллардан (шамамен 3,28 млрд теңге) астам қаржы жинаған. Бұл қаражаттың басым бөлігі OG командасының TI 2018 мен TI 2019-дағы қатар келген екі жеңісінен түсті. Жүлде қорларының көлемі өзгергендіктен, қазіргі таңда бұл рекордты қайталау екіталай.
Ойын ішіндегі дербес экономика
Скиндер нарығы – бөлек әңгіме. Скиндер – кейіпкердің сырт келбетін әрлейтін, бірақ ойын өрнегіне ықпал етпейтін әсемдік бұйымдар. Олар шайқаста ешқандай артықшылық бермейді, тек сәндік пен мәртебе үшін қажет.
Қарапайым бұйымдар бірнеше центке немесе бір-екі долларға сатыла береді. Бірақ коллекционерлер қыруар қаржысын аямайтын сирек заттар да бар. Dota 2 тарихындағы ең қымбат бұйым – Legacy Ethereal Flames Wardog курьері (ойыншыға зат таситын кішкентай серігі). 2013 жылы ол 38 000 долларға (шамамен 17,37 млн теңге) сатылған, бұл рекорд әлі бұзылған жоқ.

Мұндай бұйымдар Steam Community Market алаңында саудаланады. Осылайша ойыншылар бір-бірімен шынайы ақшаға зат алмасады. Түптеп келгенде, бұл – ойын ішінде он жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқан өзіндік шағын экономика.
Неліктен бұл әлі де «миллиондар айналған ойын» саналады?
Тіпті TI турнирінің жүлде қоры бұрынғыдай тасып тұрмаса да, жалпы ауқымы бәрібір таңғалдырады. Dota 2 тарихында (15 жылдан астам уақыт ішінде) кәсіби киберспортшылар жиынтық түрде 382 млн долларға (шамамен 174,57 млрд теңге) жуық жүлде иеленді. Бұл көрсеткіш Fortnite, Counter-Strike немесе League of Legends сияқты танымал ойын шеберлерінің тапқан ортақ табысынан да жоғары.
Бұған жұлдызды ойыншылардың жылдық жүздеген мың долларлық айлығын, Esports World Cup пен Астанада өткен «Болашақ ойындары» сияқты турнирлердің сыйақысын, жарнамалық келісімшарттар мен скиндер саудасын қосыңыз. Сода кезде бір видеоойынның төңірегінде миллиондаған қаржы айналымы бар тұтас индустрия мен үлкен нарық қалыптасқанын аңғару қиын емес.




