Ойын-сауық●Музыка●Outsider music құбылысы немесе танымал жұлдыздардың шабыт көзі

Outsider music құбылысы немесе танымал жұлдыздардың шабыт көзі

14 қараша 2026
3 мин
The Shaggs. Philosophy of the World альбомының мұқабасы | Фото: The Boston Globe

Ешкіммен бөліспей, тек өзіңіз тыңдауға ғана ән жазғыңыз келген сәттер болды ма? Кейбір өнер иелері бұл тәсілді өмірлік ұстанымына айналдырған. Олар туындыларын үйде отырып жазып, өте аз тиражбен таратқандықтан, ұзақ уақыт бойы көпшілік ол туралы білмеген де. Алайда уақыт өте келе олардың шығармашылығын әлемге әйгілі музыканттардың да тыңдап, бағалайтыны белгілі болады. Бір қызығы, музыканттардың өздері мұндай күтпеген танымалдыққа аса қызыға қоймады. Tamga Media ұжымы outsider music бағытына үңіліп, оның негізін кімдер қалағанын және бүгін инди-музыкаға қандай өзгеріс әкелгенін тарқатып айтып береді.


Бәріне бірдей түсінікті бола бермейтін музыка


Соңғы кездері әлеуметтік желілерде трендке айналған тәуелсіз өнердің жарқын бір көрінісі ретінде Ауғанстаннан шыққан Burka Band тобын айтуға болады. 2002 жылы кабулдық үш қыз «Burka Blue» трегін жарыққа шығарды. Ауғанстанда әйелдердің ашық түрде өнермен айналысуы қауіпті саналғандықтан, олар өз есімдері мен түр-әлпеттерін құпия ұстап, дайындық процестерін жасырын түрде өткізген. Тіпті ән дауысын кәдімгі ас үйде қарапайым кассеталық магнитофонның көмегімен жазған екен. Кейінірек бұл туынды Берлиндегі Monika Enterprise лейблінде шығып, арада жиырма жыл өткенде ғана топ әлемдік музыка жаңалықтарының төрінен бір-ақ шықты.


Burka Band-тың бұл хикаясы өнер иелерінің ірі коммерциялық индустриядан тыс, ән шығарып, таныла алатынын дәлелдеді. Мұндай музыканттар мінсіз дыбысқа немесе қалыптасқан музыкалық стандарттарға ұмтылмайды. Олар ішкі түйсігіне сүйеніп, қолындағы мүмкіндігі мен қабілетіне қарай музыка шығарады. Музыка әлемінде бұл бағыт outsider music деп аталады.


Бұл ұғым америкалық музыка журналисі Ирвин Чусидтің арқасында кеңінен танымал болды. 2000 жылы ол «Songs in the Key of Z» атты кітап пен әндер жинағын шығарып, оған өмірбаяны мен орындау стилі мүлдем әртүрлі музыканттарды енгізді. Олардың қатарында Дэниел Джонстон, Джандек, The Shaggs және Уэсли Уиллис болды. Олардың музыкасы бір-біріне ұқсамайды. Біреулер қарапайым әндерін үйде жазса, енді біреулер автоматты сүйемелдеумен (аккомпанементпен) пернетақтада ойнады. Ал кейбіреулері үйреншікті поп немесе рок-музыкамен салыстыруға келмейтін мүлдем бөлек туындылар жасап шығарды.


Осы бағыттағы музыканттарды біріктіретін басты қасиет – олардың өнерге деген өзгеше ұстанымы мен тек өздеріне тән заңдылықтары. Ондай өнер иелері музыкалық аспаптарды шебер меңгермеуі, мінсіз таза дыбыс жазуды мақсат тұтпауы және әннің дәстүрлі құрылымына бағынбауы да ғажап емес. Соған қарамастан, олардың туындыларынан автордың жан дүниесі, шынайы сезімі және шекарасы жоқ музыкасын өзгелерге жеткізуге деген ыстық ықыласы сезіледі.


Дэниел Джонстоннан The Shaggs-ке дейін


Бұл ағымның ең жарқын әрі танымал өкілі ретінде Дэниел Джонстонды атауға болады. 1980 жылдардың басында ол әндерін үйдегі кәдімгі диктофонға жазып, аудиокассеталарын көшеде адамдарға тарататын. Тіпті альбом мұқабаларын да өз қолымен фломастермен безендіретін. Оның музыкалық туындылары өте қарапайым еді: әншінің дауысы, гитара немесе клавиш аспаптары, кейде фондағы кездейсоқ дыбыстар да естілетін.  Дегенмен, осындай көріністің артында адамға тез жатталып қалатын әуендер мен шынайы сезімнен туған өлең жолдары жасырылған еді.


Қалың көпшілік Курт Кобейннің арқасында Дэниел Джонстон туралы естідік десек, қателеспейміз. Nirvana тобының вокалисі оның «Yip/Jump Music» жинағын өзінің сүйікті жазбаларының қатарына жиі қосатын. Оған қоса, Курт жиі жұрт алдына Джонстонның «Hi, How Are You» альбомының мұқабасындағы бақа бейнеленген ақ футболкамен шығатын болған. Ұзақ жылдар бойы әндерін тек өз бөлмесінде жазып, ешкімге танылмай келген музыкант үшін бұл нағыз тосынсый еді. Ол бір сәтте баршаның назарын аударып, «сүйікті әншінің сүйікті музыкантына» айналып шыға келді.


Бұл оқиғаның кейіпкері музыка әлеміне оңайлықпен келмеген. Дэниел Джонстонның ауыр психикалық дерті оның тек шығармашылығына ғана емес, бүкіл өмірі мен сахнадағы әрекеттеріне де үлкен әсерін тигізді. Ол көпшілік алдына шыққанда жиі қорқып, абдырап қалатын және ішкі қобалжуын жасыра алмай қатты қиналатын. Дегенмен, тыңдармандар оның туындыларынан ерекше, кіршіксіз шынайлықты байқады. Музыкант жұртқа жасанды болып көрінуге тырыспады, жан азабын жылтырақ образдармен бүркемелемеді. Оның ән айту мәнері адамға ең жақын сырласымен іштегі мұңын бөлісіп тұрғандай әсер қалдыратын.


Жылдар өте келе оның әндерін Beck, Tom Waits, Teenage Fanclub сынды өнер иелері шырқай бастады. Ал 2004 жылы музыкантқа арналған «The Late Great Daniel Johnston: Discovered Covered» атты арнайы трибьют-альбом жарық көріп, онда танымал жұлдыздар Джонстонның әндерін өз нұсқаларында орындап шықты. Бұл оның музыкасының қаншалықты құдіретті екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Себебі әндерді мүлдем басқа адамдар айтса да, олардың бастапқы рухы мен атмосферасы еш өзгеріссіз сақталды.


Аутсайдер музыкасының тағы бір көрнекті өкілі – Джандек. Ол 1978 жылы өзінің «Ready for the House» атты дебюттік жинағын шығарып, барлық аудиожазбаларын жекеменшік Corwood Industries лейблі арқылы таратқан. Музыканттың шығармашылығы әдеттен тыс гитара әуендерімен, оғаштау вокалдық интонациясымен және еркін ән құрылымымен ерекшеленді. Бастапқыда көпшілік бұл түрпідей тиетін гитара үнін автордың аспапты дұрыс меңгере алмауынан деп топшылаған еді. Алайда, уақыт өте келе мұның барлығы Джандектің арнайы ойлап тапқан өзіндік стилі, саналы түрде жасаған қадамы екені анықталды. 2005 жылы тәуелсіз әрі эксперименттік бағытта жүрген бірқатар өнер иелері, оның ішінде Wilco тобындағы Джефф Твиди де бар, Джандектің құрметіне арнайы трибьют-альбом шығарып, оның еңбегін жоғары бағалады.


Музыкалық стандарттарды бұзу жағынан Нью-Гэмпширлік үш апалы-сіңліден құрылған The Shaggs тобы бәрін артта қалдырды. Олардың өздерінде музыкант болуға деген титтей де ниет болмаса да, 1969 жылы «Philosophy of the World» альбомын жарыққа шығарады. Бұған қыздардың әкесінің балгерге баруы себеп болған: көріпкелдің қасиетіне сенген ол қыздарын міндетті түрде топ құруға мәжбүрлейді. Мұндай тосын шешімнің нәтижесі де адам нанғысыз болды. Олардың әндерінде гитаралар бір-біріне бағынбай, вокалдық орындау жалпы ырғаққа мүлдем үйлеспей, ал барабан соққылары өз алдына бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай әсер қалдыратын. Бұл аудиожазбаны алғаш қосқаннан-ақ соңына дейін шыдап тыңдау өте ауыр, десе де оның басты ерекшелігі мен тартымдылығы дәл осы музыкалық «ебедейсіздікте» жасырынған еді. Жарыққа шыққан бетте альбомға ешкім мән бермегенімен, жылдар өте ол нағыз музыканттар мен музыка жинаушылар (коллекционерлер) арасында үлкен сұранысқа ие культтік дүниеге айналды. The Shaggs тобы outsider music ағымының ең тамаша үлгісі бола білді, өйткені олар өзгелерге еліктемек түгілі, жалпы музыканың қандай заңдылықпен жұмыс істейтінінен мүлдем бейхабар болған сияқты.


Бұл қатарды кезінде шизофренияға шалдыққан чикаголық өнерпаз Уэсли Уиллис толықтырады. Ол өз әндерін қарапайым синтезатордың көмегімен жазып, мәтіндерін көбіне өлең оқығандай (речитатив) мәнерде жеткізетін, ал әуендері мен ырғақтары бір-бірінен аса қатты ерекшеленбейтін. Туындылары бір қарағанда біркелкі әрі іш пыстырарлықтай көрінгенімен, Уиллис қандай да бір күрделі музыкалық жаңалық ашуды мақсат етпеген. Оған тек өзінің сүйікті музыкалық топтары, барған концерттері, күнделікті тұрмысы мен айналасындағы жандар туралы ән айту ұнайтын. Алайда 1995 жылы оның бұл қарапайым шығармашылығы әйгілі Dead Kennedys панк-рок тобының экс-вокалисі Джелло Биафраның көзіне түседі. Нәтижесінде Биафра оның тректер жинағын өзіне тиесілі Alternative Tentacles лейблінде жарыққа шығарады. Осылайша, музыканы тек жан рахаты үшін жазған қарапайым адамның туындылары кенеттен үлкен сахнаға жол тартты.


Аутсайдерлердің инди бағытына еткен ықпалы


Инди-музыканың дүниеге келуі мен қалыптасуына дәл осы аутсайдерлер өнері тікелей себепкер болды деп жиі айтылады. Қазіргі уақытта бұл жанр тәуелсіз дыбыс жазу студияларын, өздерінің тұрақты тыңдармандары бар ерекше орындаушыларды және жалпы альтернативті музыка мәдениетін толықтай қамтиды.


Алайда, осы бір үлкен музыкалық кеңістіктің іргетасын қалағандардың арасында музыкалық аспапта жөнді ойнай алмайтын, туындыларын тек өз бөлмесінде ғана жазған және жұлдыз болуды мүлдем армандамаған қарапайым жандар да болды. Олардың әндері өте жұпыны, тіпті кейде құлаққа түрпідей тиетіндей естілсе де, оның бойында кейіннен инди-музыканттар мұра етіп алған ең құнды қасиеттер – ешқандай қалыпқа сыймайтын шығармашылық еркіндік пен кіршіксіз шынайылық жатқан еді.


Бұл жағдай музыканттарға қалыптасқан қағидаларға басқа қырынан қарауға жол ашты. Егер әнші өз туындысын үйде отырып-ақ жазып, оны өзі таратып, өз тыңдарманын таба алатын болса, үлкен студиялар мен атақты продюсерлердің көмегіне жүгінудің не қажеті бар? Өзіндік ерекшелігін сақтап қалуды қалайтын және таза дыбысқа аса мән бермейтін көптеген топтарға мұндай шексіз еркіндік бірден ұнады.


Дегенмен, аутсайдерлердің басты құндылығы олардың музыкасының қалай естілетінінде ғана емес. Музыканы техникалық тұрғыдан қатесіз орындау немесе қасақана оғаштау етіп шығару – бір бөлек. Ал туындының бойына автордың бүкіл болмысы, өзіндік мінезі мен жеке көзқарасы сіңіп, оның дәл жүрегінен қайнап шығуы – мүлде бөлек дүние. Сонымен қатар, сыртқы жұпынылықтың артында жай ғана мағынасыз шу емес, терең ой жасырынуы әбден мүмкін. Аутсайдерлік бағыттың басты ерекшелігі де осы: бұл әндердің стилін жай көшіре салу арқылы оның рухын қайталау мүмкін емес.


Қазіргі уақытта бұл стильдің ұшқындарын кең таралған lo-fi, аудиториясы сәл шектеулі bedroom pop және DIY (өзің жаса) бағыттарынан байқауға болады. Музыканттар әлі күнге дейін әндерін өз бөлмелерінде жазып, ешкімнің көмегінсіз жарыққа шығарады және аудиожазбадағы дыбыс кемшіліктерін жасырып-жабуға тырыспайды. 

Бөлісу: