Алматы – Қазақстанның мәдени астанасы. Одан бөлек, дәл қазір еліміздің музыка индустриясы өзінің нағыз «прайм эрасын» бастан кешіп жатқаны тағы бар. Оңтүстік астанамызға әлемдік поп-жұлдыздар ағылып, нағыз фестивальдер бумы жүріп жатқаны – соның айқын дәлелі. Осынау «прайм» маусымды өткізіп алмау үшін Tamga Media биылғы жаздың ең басты музыкалық іс-шараларын ұсынады.
Ашық аспан астындағы фестивальдер
1. BEU FEST Almaty 2026
Өтетін күні: 6 маусым, 18:00
Өтетін орны: «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені
Билет бағасы: 18 000 теңгеден бастап
Биыл бесінші рет өткелі отырған іс-шараның мерейтойында отандық әншілерден Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, Ulukmanapo, ALEM, Yenlik, M'Dee, Ayau, Ghetto Dogs, Жанар Дұғалова, Bonapart және «Мурас» пен «Сени Сүйөм» сияқты жүрекке жылы әндерімен қазақстандық тыңдармандарға жақсы танымал қырғыз эстрадасының жұлдызы Мирбек Атабеков ән шырқайды.
2. Qazaqstan International Balloon Festival
Өтетін күні: 6-7 маусым, 11:00-22:00
Өтетін орны: Жоғарғы Қаскелең тас жолы бойындағы ипподром (ат-спорт клубы)
Билет бағасы: 5 000 теңгеден бастап (5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін).
Қаланың шуынан шаршап, демалысты табиғат аясында ерекше өткізгіңіз келсе, бұл – таптырмас мүмкіндік. 40 мыңнан аса қонақ жиылатын бұл екі күндік ауқымды аэровизуал фестивальде аспанға ондаған әуе шары мен батпырауық ұшырылады. Тіпті шатыр тігіп түнейтін кемпинг аймағы, дәмді тағамдар (гастрономия) және балаларға арналған түрлі ойын-сауық алаңы істейді. 6 маусымда сахна төрінде аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі мен Dj King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда кешті эстрада жұлдызы Мирас Жүгінісов қыздырады.
3. Jailow Music Festival
Өтетін күні: 11 маусым, 14:00
Өтетін орны: «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені
Билет бағасы: 15 000 теңгеден бастап
Биылғы маусымның ашылуында әлемдік алып фестивальдердің сахнасын қыздырып жүрген, “Boneless”, “Pursuit of Happiness” (remix) және BTS тобымен бірлесіп шығарған “Waste It On Me” сияқты туындыларымен танымал DJ STEVE AOKI өнер көрсетеді.
4. First Fest x Mahmut Orhan
Өтетін күні: 25 маусым, 17:00
Өтетін орны: «Сұңқар» мейрамханасының саябағы
Билет бағасы: 12 000 теңгеден бастап
First Fest басты хедлайнері – әлемдік электрондық музыканың жарық жұлдызы Mahmut Orhan. Оның әлемдік чарттарды жаулаған “Feel”, “6 Days” және “Save Me” сияқты супер хиттері енді Алматыда орындалмақ.
5. Satisfaction Music Festival
Өтетін күні: 27 маусым, 13:00
Өтетін орны: «Тортуга» демалыс аймағы (Первомай тоғандарындағы көл жағалауы)
Билет бағасы: 25 000 теңгеден бастап
Аталмыш фестиваль Алматыны нағыз электронды би музыкасының эпицентріне айналдырмақ. Өйткені кештің басты сенсациясы – аты аңызға айналған Daft Punk дуэті. Олардан бөлек фестивальдің лайн-апы әлемдік хитмейкерлерге толы: house алыптары Fedde Le Grand пен Burak Yeter, Tomorrowland жұлдызы Dannic және атақты Matisse & Sadko дуэті сахнаны қыздырады. Сондай-ақ Дэвид Геттаның хиттеріне үн қосқан Sam Martin, даниялық поп-дива Aura Dione және 2000 жылдардың бас жұлдызы Akcent өнер көрсетеді.
6. Toyla Music Festival
Өтетін күні: 25 шілде, 15:00
Өтетін орны: «Первомай тоғандары» демалыс аймағы
Билет бағасы: 25 000 теңге
Биыл төртінші рет жалауын желбірететін бұл фестивальдің бас хедлайнерлері – “Wonderful Life”, “Stay” сынды хитімен танымал ұлыбританиялық Hurts поп-дуэті және “Пыяла” әнімен танылған АИГЕЛ тобы. Ұйымдастырушылар жақын арада тағы екі ірі хедлайнердің есімін жариялауға уәде беріп отыр.
7. Park Live Almaty
Өтетін күні: 21-23 тамыз 2026 жыл
Өтетін орны: «Первомай тоғандары» демалыс аймағы
Билет бағасы: Бір күнге шамамен 50 000 теңгеден, ал 3 күндік толық абонемент 120 000 теңгеден бастап
Park Live фестивалі Алматыны үшінші жыл қатарынан Орталық Азияның мәдени астанасына айналдырмақ. Былтырдың өзінде 40 мыңнан аса көрермен жиылған бұл опен-эйр үш күн бойы өтпек. Фестивальдің биылғы лайн-апында аты аңызға айналған Gorillaz тобы, 90 жылдардағы панк-рок дәуірін қайтарған The Offspring және рок-н-ролл Даңқ залына енген Jack White бар. Сонымен қатар «Грэмми» иегерлері CeeLo Green мен хип-хоп аңызы De La Soul, The Kills дуэті, үнділік Bloodywood метал-тобы және Glassjaw ұжымы өнер көрсетеді.
8. i’ONE FEST
Өтетін күні: 10 қыркүйек, 18:30
Өтетін орны: Almaty Arena
Билет бағасы: 7 000 теңгеден бастап
Бір сахнада бірден үш K-POP жұлдыз мен Q-POP эстрадасының жаңа толқыны бас қоспақ. Кештің K-POP хедлайнерлері – ASTRO тобының бұрынғы солиті ROCKY, PSY продюсерлік орталығының жаңа буыны TNX және Silk Way Star жобасының қатысушылары KANDIS. Ал отандық Q-POP бағытынан сахнаға ACE, iONE, ADEMI және ASTRA шығады.
Әлемдік жұлдыздардың концерті
9. Ricky Martin
Өтетін күні: 18 шілде, 19:00
Өтетін орны: «Спартак» стадионы
Билет бағасы: 40 000 теңгеден бастап
Қазақстанға алғаш рет келе жатқан латын поп-музыкасының патшасы, «Грэмми» сыйлығының иегері Рики Мартин өзінің “Livin’ la Vida Loca” және “Maria” сияқты әлемдік хиттерімен алматылық тыңдарманның көңілін көтермек. Бұл кештің тағы бір қонағы – 90 жылдарда танымал болған “Torn” хитінің орындаушысы, аустралиялық жұлдыз Натали Имбрулья.
10. INNA
Өтетін күні: 19 шілде, 19:30
Өтетін орны: Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайы
Билет бағасы: 32 000 теңгеден бастап
2010-жылдары “Hot”, “Sun Is Up” және “Cola Song” әндерін естімеген жан жоқ шығар. Осы және басқа да танымал тректердің авторы, румыниялық поп-дива INNA Алматыға нағыз ностальгия мен жазғы вайб сыйлауға келеді.
11. Enrique Iglesias
Өтетін күні: 5 қыркүйек, 19:00
Өтетін орны: Орталық стадион
Билет бағасы: 25 000 теңгеден бастап
Бұл концерт 2026 жылдың ең көп күттірген басты поп-оқиғасы болса керек. 180 миллионнан аса альбом сатқан ең танымал латын әртісітердің бірі Алматыда алып стадионда шоу қоймақ. “Bailando”, “Hero” және “Ring My Bells” әндері шырқалатын бұл концерт – жаз маусымын ұмытылмастай етіп қорытындылаудың таптырмас мүмкіндігі.




