Ойын-сауықКино«Оскар-2026»: тартысқа толы болмақ па?

«Оскар-2026»: тартысқа толы болмақ па?

12 наурыз 2026
9 мин
Как много интриг в предстоящем Оскаре?
"Хамнет", "Сентиментальная ценность", "Орудия" және "Марти Великолепный" фильмдерінен үзінді | Кинопоиск

«Оскар-2026» расында да тартысқа толы болмақ па? Әрине. Бірақ біз қазір Polymarket сияқты платформаларда әр номинацияға коэффициент қойылатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Демек, мұндай болжамдардан қазылар алқасы да хабардар болуы мүмкін. Сонда бәс тіккендердің пікірі олардың шешіміне әсер ете ме? Нақты айту қиын. Болжамдар бұрын да болатын, бірақ дәл қазіргідей жаппай, ашық түрде талқыланбайтын. Марапаттау кешінде де жүргізуші осы тақырыпты кемі бір рет әзілге айналдыратынына бәс тігуге болады.


Polymarket деген не?


Polymarket – бұл кәдімгі «болжамдар базары». Мұнда адамдар әртүрлі оқиғалардың қалай аяқталатынына ақша тігіп, өз болжамын жасайды. Мысалы, Еуровидениеде кім жеңеді, киберспорт матчы қалай аяқталады, Илон Маск бір күнде неше рет твит жазады – бәріне дерлік бәс тігуге болады. Оқиғалардың көптігі мен трендтегі тақырыптардың арқасында платформа ай сайын шамамен 690 мың қолданушыны жинайды. Ал ең қызу талқыланатын сәттерде, мысалы «Оскар» марапаты кезінде, бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін жетеді. Мақаладағы пайыздар дәл осы жерден алынған. Бұл қарапайым адамдар мен сарапшылардың ұжымдық пікірі деуге болады.


Енді киноға көшейік. Букмекерлер бәрін шешіп қойған әлемде бір қызық іздеп көрейік. Кім жеңуі керек, кім жеңеді, ал кім кездейсоқ түсіп қалды, соны саралайық.


Басты интрига: блюз ба, әлде теннис пе?


Үздік ер адам рөлі: Майкл Бакари Джордан – 49%, Тимоти Шаламе – 42%, қалғандары – 9%-дан аз.


Ең түсініксіз номинациядан бастайық. Мұнда екі мықты актер – Майкл Бакари Джордан мен Тимоти Шаламе таласып жатыр. Джордан «Күнәһарлар» (Sinners) фильмінде егіздердің рөлін өте жақсы ойнағаны соншалық, бір сәтке оларды екі бөлек актер сомдап шықты ма деп қаласың. Ал Шаламе бұл жолы бәріне дайын теннисшінің образында болды. Бұл категорияда бәсеке өте жоғары. Бір кездері Тиммидің жеңетініне ешкім күмән келтірмеген еді, бірақ кейінгі уақытта ол өзін тым көп жарнамалап жібергендей әсер қалдырады. Дегенмен сол кеште не болатынын ешкім нақты айта алмайды. Айтпақшы, соңғы сәтте Джордан АҚШ киноактерлар гильдиясының сыйлығын алды. Ал олардың таңдауы көбіне «Оскар» нәтижесімен сәйкес келіп жатады. 


Жалпы 16 номинация алған «Күнәһарлар» – бірегей оқиға. «Титаниктің» өзінде 14 номинация ғана болған. Блюз бен вампирлер туралы фильм қанша жүлде алатынын білмейміз, бірақ Кэмеронның биыл да Оскарға бармайтыны анық. Оның миллиардтар жинаған «Аватары» тек екі номинацияға ілікті.


Update: Мақала жазылып біткенде Тимоти Шаламе Мэттью Макконахиге сұхбат беріп:


«Балет немесе опера сияқты салаға жолағым келмейді. Ол жақтағылардың бар ісі – ешкімнің шаруасы болмаса да, әйтеуір сол дүниені құлатып алмай, әрең ұстап тұру. Ол жақтағы адамдарға ренішім жоқ, әрине, бірақ жағдай солай» деген еді. 


Осы бір ауыз сөз оның «Оскар» алу мүмкіндігін күрт төмендетті. Графикке қарасаңыз, не айтып жатқанымды түсінесіз. 


Адам өз бағына өзі балта шапса – Шаламедей-ақ шапсын. Өнер рейтингтен биік, қазылар тек киноға қарап бағалауы керек деп қанша жерден айтсақ та, өмірдің аты – өмір. Тимми тым ақылды болғысы келіп, өз түбіне өзі жеткен сияқты. Бұл жолы айтқаны орынсыз болды. Киноның атасы театр емес пе? Театрдың әлі де дәуірі жүріп тұр, өкініштісі Шаламе мұны сезбейтін сияқты. Бірақ мұны дауыс беретіндер міндетті түрде байқайды».


Жылдың үздік фильмі 90% белгілі


Үздік фильм: «Шайқастан шайқасқа» – 74%, «Күнәһарлар» – 22%, қалғандары – 4%-дан аз.


Қанша жерден құпия сақтағымыз келсе де, «Шайқастан шайқасқа» жеңетін сияқты. Бұл фильм дәл уақытында шықты. Саяси дағдарыс, иммиграция мәселесі және Трампқа деген наразылық… Мұны манифест дейсіз бе, жай сәйкестік дейсіз бе – өз еркіңіз. Қалай болғанда да, бұл фильмнің жеңісі Дональдқа бағытталған кезекті «шабуыл» болуы да мүмкін. Әлде Гильдия тыныш нұсқаны таңдай ма? Кейінгі кезде «Күнәһарлар да» кеңінен танылып жатыр. Міне, интрига!


Конан О'Брайеннен не күтеміз?


«Оскар» жүргізушісі туралы бөлек әңгіме айтуға болады. Бірақ сахнаға Конан шығады дегенді естігенде-ақ, ішіміз бірдеңені сезеді. Одан бәріміз мысқылды, жүйені аямай келемеждеуін және екіұшты сөздерінен кейінгі «көп мағыналы» көзқарастарын күтеміз. Продюсерлер жүргізушінің аузына қақпақ бола алмайтынын білеміз, сондықтан бұл жолы да сахнадан мысқылға толы әзілдер мен батыл сөздер естілетіні анық.


Қазылар алқасы «Қару» (Weapons) фильмін көрді ме?


Екінші пландағы үздік әйел рөлі: Эми Мадиган – 45%, Тейяна Тейлор – 31%, қалғандары – 24%-дан аз.


Тәуелсіз хоррордан шыққан актриса «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясында бақ сынап жатыр. «Қару» – бәріне бірдей ұнай беретін фильм емес. Бұл жерде бір кезде «Аулақ» (Get Out) фильміне қатысты болған жағдай еске түседі: қазылар алқасының кей мүшелері оны аяғына дейін көре алмағанын ашық айтқан еді. Шынында да, қорқынышты ғой.


Енді міне, актрисаның кинода жүргеніне 50 жыл болғанын алға тартып, «Оскар биыл соған беріледі» деген гу-гу әңгіме де тарай бастады. Бірақ бұлай айтсақ, оның фильмдегі ерекше ойынын елемегендей боламыз. Шын мәнінде, ол «Қару» фильміндегі рөлін нағыз шеберлікпен орындап шықты: бір жағынан оғаш, бір жағынан үрейлі, бірақ сонымен бірге көрерменді баурап алатын образ.


Тәжірибесі мол актриса екені анық, ал бұл жолы оған тәуелсіз кинода бұрынғыдан өзгеше рөл берілген. Бір жағынан бұл «қулық» сияқты көрінуі мүмкін, бірақ рөлдің өзі де, оны сомдап шыққан актриса да марапатқа әбден лайық. Дегенмен бұл номинацияда да бәрі анық емес. «Шайқас» фильміндегі Тейяна Тейлор Эмиге өте мықты бәсекелес болып тұр. Қызық тартыс болайын деп тұр.


Эмма Стоунға мүсінше жетпей ме?


Үздік әйел рөлі: Джесси Бакли – 95%, Роуз Бирн – 3%, қалғандары – 2%-дан аз.


Эмма номинация алды, бірақ жеңуі екіталай. Тіпті шашын тақырлап алып тастаса да, Джесси Баклидің жолы болып тұр. Мари Болконскаяның «Оскар» алуы – бұл нағыз сенсация!


2007 жыл қайтып келді ме?


2007 жылы бәрінің төсбелгі тағып жүргені есіңізде ме? Биыл да соған ұқсас көрініс болуы мүмкін. Қазір Америкада нәсілдік және ұлттық мәселелерге байланысты дау-дамай қайта күшейіп тұр, ал мұндай тақырыптар Голливудты айналып өтпейтіні белгілі. Сол себепті қызыл кілемде тағы бір «үнсіз мәлімдеме» көретін сияқтымыз. Бұл жолы көпшілік BE GOOD және ICE OUT деген жазуы бар төсбелгілер тағып шығуы мүмкін. Енді негізгі интрига – ондай төсбелгілер қаншалықты көп болады және оны таққандарға өзгелер қалай реакция білдіреді деген сұрақта ғана.


 «Оскар» сыйлығы алғаш рет қара нәсілді режиссерға бұйырайын деп тұр ма?


Үздік режиссер: Пол Томас Андерсон – 94%, Райан Куглер – 6%.


98 жылдың ішінде бірде-бір қара нәсілді режиссерге «Үздік режиссура» үшін «Оскар» бұйырмапты. «Үздік фильм», «Үздік сценарий» немесе құрмет марапаттарын алғандары бар, бірақ нағыз режиссерлік жұмыс үшін статуэтка әлі ешкімнің қолына тимеген. Тіпті Спайк Лидің дәуірінде де осылай болды. Куглер бұл олқылықтың орнын толтырып, бірінші болуы мүмкін. Енді оқиға екі түрлі өрбуі мүмкін: не біреу «Үздік фильм» мен «Үздік режиссерді» бірдей алып кетеді, не ешкім ренжімеуі үшін номинацияларды бөліп береді. Дегенмен бұлай топшыласақ асыра сілтеп жіберерміз. Мақала жазылып жатқан сәтте көпшілік Пол Андерсонның жеңісіне 94% бәс тіккен. Ал ол бұған лайық па? Әрине. Бірақ Куглер «Оскар» ала қалса, оны тек «заман талабына сай берілді» деп кінәлағанын қаламас едік. Өйткені ол шынымен мықты фильм түсірді.


Том Круздың «Оскарына» қалай қараймыз?


Том Круз киноны дамытуға қосқан үлесі үшін «Оскар» сыйлығын алып қойған. Бұл біреуге «қатысқаны үшін берілген сыйлық» сияқты көрінсе, біреуге әділ болып көрінеді. Себебі ол расымен кино әлемін өзгертті. Бірақ шынымен лайық-лайық емес екенін білу үшін оның барлық фильмін көріп шығу керек секілді. 


Екінші пландағы үздік ер адам рөлі


Кімдер: Шон Пенн – 70%, Стеллан Скарсгорд – 20%, қалғандары – 10%-дан аз.


Бұл жерде баяғы еңбегі үшін сыйлық бере салу тарихы қайталануы мүмкін еді, бірақ оған сену қиын. Біз «Күнәһарлардағы» Делрой Линдо туралы айтып отырмыз. Әлде сіз үлкен Скарсгардты ойлап отырсыз ба? Шыны керек, Стеллан бұл бәйгеде фаворит сияқты көрінеді. Оның «Нәзік құндылығы» (Affeksjonsverdi) фильміндегі рөлі – ұлдарына әлі де өсетін жерлері бар екеніне нақты дәлел. Десе де бәсекелестер арасында Бенисио Дель Торо да, Шон Пенн де бар. Тіпті саусағымен қолтаңба қалдырғанды жақсы көретін Джейкоб Элорди де жүр. Бұл жолы ол мүсіншесіз өте шығады деп үміттенеміз.


Кей-поп, кей-поп және тағы да кей-поп


Үздік анимациялық фильм: «Кей-поп: жын аулайтын қыздар» – 91%, «Аңдар шаһары 2» – 5%, т.б.


«Кей-поп: жын аулайтын қыздар» екі «Оскарды» қанжығасына байлайтын түрі бар: үздік ән мен үздік анимация. «Аңдар шаһары 2» шетте қалатын сияқты. We are going up, up, it's our moment.


Блиц: тағы не бар?


– «Ф-1» фильмі үздік фильмдер тізімінде не істеп жүр? Бұл блокбастерлер әлеміне берілген аванс сияқты.


– «Үздік операторлық жұмысқа» неге екені белгісіз, көңіл өте аз бөлініп жүр. Биыл ол жақта да басқа номинацияларда жүрген сол баяғы жігіттер жиылған. Тек олардың қатарына америкалық ағаш кесуші туралы медитатив фильм – «Армандар пойызы» операторы қосылыпты. Фильмде оператордың атқарған рөлі Джоэл Эдгертонның ойынынан да асып түсіп, жарқырап көрініп тұр деуге болады.


– Жаңа номинация: «Үздік кастинг». Егер өзінің мета-кастингімен «Марти» жеңіске жетсе, қызық болмақ. Не десек те, актерлердың жай ғана актер болғаны үшін емес, басқа бір себеппен ойнағанын көру өте қызық. Ал «Ұлы» фильмінде актерлер ғана ойнап жүрген жоқ! Түрмедегілер, үйсіздер мен кездейсоқ адамдар да бар. Қазылар алқасы мұны ескерер ме екен?


– «Үздік халықаралық фильм» номинациясы «корейлік Скорсезесіз» қалды. Оның «Сұрыптау әдісі» туындысы тым әлеуметтік және жергілікті болып көрінген шығар. Бірақ өкінішті-ақ. Олардың өзара тартысын көру қызық болар еді. Ал қазір «Сентиментальная ценность» фильміне жол ашық (жасыл жарық жанып тұр).


– «Үздік макияж бен шаш қойылымы», сол сияқты «Үздік костюмдер» де негізі «Франкенштейнге» бұйыруы керек еді, бірақ солай болар ма екен...


– «Ф-1» фильмі «Үздік монтаж» номинациясында өз «Оскарын» алуы мүмкін. Бұл «Годзилланың» спецэффектілер үшін алған «Оскарынан» төменірек деңгейде болса да, жарай береді.


Айтпақшы, «Үздік визуал эффектілер» Кэмеронға берілетін сияқты. Бұл «Аватар» тағы да миллиард жинаса да, номинация жағынан құралақан қалғанына режиссер тым қатты мұңаймасын дегендей бір сый болатын түрі бар. Бірақ ол миллиард – номинация емес, небәрі доллар ғана.


Осымен тәмам. Сіз кімге жанкүйерсіз? Қай фильмдерді көріп үлгердіңіз? Салтанатты кешті тамашалайсыз ба? Жалпы өткен кино жылы сіз үшін қалай болды? Ойыңызды бізбен бөлісе отырыңыз.

Бөлісу:

«Оскар-2026»: тартысқа толы болмақ па? — Tamga media