Үлкен бала жауапкершілікті арқалайды, кенжесі бәрінің еркесі болады. Ал ортаншысы көбіне айқын рөлі жоқ, елеусіз қала береді. Психологтар «ортаншы бала синдромы» деген ұғымға әлі де күмәнмен қарайды, бірақ мұның артында шынайы реніш жатыр. Ондай бала өзгеге жағуға тырысады, ешкімге салмақ салмайды. Ал назар аударту үшін не бәрін қатырып істеуге, не керісінше бұзықтық жасауға көшеді. Tamga Media осы ішкі сезімнің қайдан шығатынын және оның мінезге қалай айналатынын психологпен бірге талдап көрді.
Бұл қайдан шыққан ұғым?
Баланың туған ретіне алғаш назар аударған Зигмунд Фрейд еді. Ал XX ғасырдың басында оның шәкірті әрі ғылыми бәсекелесі Альфред Адлер бұл тақырыпты тұтас теорияға айналдырды. Адлердің өзі үйдің алты баласының екіншісі болған. Оның байқауынша, ортаншы бала өзгеше жағдайда өседі: ол бір жағынан ақылы да, еркіндігі де мол үлкен бауырларымен, екінші жағынан бәрінің сүйіктісі болып жүрген кенжесімен таласқа түседі. Адлер мұндай баланың ішкі арпалысын былай түсіндірді: ортаншы бала көбіне өзін екі арада қысылып қалғандай сезінеді, сондықтан өз қадірін дәлелдеу үшін не тентек болып көзге түсуге, не керісінше, тым үлгілі болуға тырысады.
Бұл атау халық арасында кең тарап кеткенімен, «ортаншы бала синдромы» ретінде ресми медицналық диагноздар тізімінде жоқ. Бұл дерт емес, жай ғана отбасындағы жағдайды сипаттайтын модель.

Назигүл Темірғалиева, психоаналитикаға бағытталған психолог:
«Бұл ретте «синдром» деген сөзді байқап қолданған жөн. Бұл ауру емес, баладағы «мені ешкім байқамайды», «үйде маған орын жоқ» деген ішкі реніштің халық арасындағы аты. Бастысы – баланың нешінші болып туғаны емес, үй ішінде оған қандай орын бұйырғаны. Бір ортаншы бала өзін ұмыт қалғандай сезінсе, екіншісі бәрін татуластырып жүретін арашашы болуы мүмкін, ал үшіншісі өте еркін, бетіне қараған адамға айналады. Ауқымды зерттеулер де туған кездегі мінезге айтарлықтай ықпалы бар екенін дәлелдей алмады. Баланың туу реттілігіне сүйеніп нақты бір адамның мінезін дөп басып айту мүмкін емес. Сол себепті мұны «медициналық синдром» демей-ақ, бауырларының арасында назарсыз қалған баланың ішкі реніші немесе сезімі дегеніміз дұрысырақ».
Мәселенің қайта көтерілу себебі
Соңғы жылдары, әсіресе әлеуметтік желіде отбасыда елеусіз қалатын ортаншы бала туралы жиі айтылатын болды. Бірақ соңғы жылдары бұл тақырыптың төңірегінде бір-біріне қайшы келетін екі түрлі мәлімет жиналып қалыпты.
Бір жағынан, соңғы зерттеулер ортаншы балалардың жанашыр, икемді әрі мәмілеге тез келетін қасиетін көрсетеді. Екінші жағынан, 2015 жылы PNAS журналында жарық көрген ірі статистикалық зерттеу баланың туған кездегі мінездің басты бес қасиетіне (атап айтсақ, ашықтық, эмоциялық тұрақтылық, бауырмашылдық, жауапкершілік және жаңаға дүниеге құштарлық) еш әсер етпейтінін дәлелдеді. Жалғыз байқалған нақты өзгеріс интеллектке қатысты болды. Тұңғыштардың көрсеткіші орташа есеппен сәл жоғары болып шықты. Мұның сыры тұңғыш баланың ерекшелігінде емес, кішілерге сабақ үйретіп, тәрбиеге араласатынында болып тұр.
«Негізінен, мұндай ішкі күйзеліс туған ретіне қарамастан кез келген балада болуы мүмкін, тек ол «ортаншы бала синдромы» деп аталмайды. Мәселен, үлкен бала ерте есейіп, өзгелерге қамқор болуға әдеттеніп кетуі мүмкін. Кенже бала өзінің өсіп қалғанын ешкімнің байқамайтынына немесе керісінше, тым еркелеп кеткеніне тап болады. Ал жалғыз бала – ата-ана үмітінің салмағын арқалап, бауырсыз жалғызсырайды.

Сол себепті «синдром» деп байбалам салмай, отбасында балаға танылған рөлдер – «жауапты», «ыңғайлы», «қиын» немесе «ерке» туралы айтқан дұрыс. Егер адам есейгенде де осы рөлден шыға алмай жүрсе, бұл кейінгі өміріне кесірін тигізеді», – дейді Назигүл Темірғалиева.
Бүгінгі зерттеулер не дейді?
Бұл жерде мынадай екі бөлек мәселе бар: ортаншы бала болу жалпы мінезге әсер ете ме әлде оның жұртпен қарым-қатынас құруына әсер ете ме?
Адамның мінез-құлқы
Жылдар бойы жүргізілген ғылыми жұмыстар баланың туған реті мінездің негізгі қасиеттеріне ықпал ететінін дәлелдей алмады. Ғылым «ортаншы балалардың мінезі осындай болады» деген қалыптасқан сөзді қуаттамайды.
Отбасылық байланыс және қарым-қатынас мәнері
Ал бұл саладағы деректер әлдеқайда қызық. Психолог Кэтрин Салмон бірнеше зерттеудің нәтижесінде мынадай жайтты байқаған. Ортаншы балалар үйдің үлкені мен кенжесіне қарағанда анасына онша бауыр баса бермейді. Өзі туралы айтқанда туыстарын сирек тілге тиек етеді. Басына күн туса да, ата-анасынан гөрі достары мен сүйіктісіне көбірек сүйенеді. Зерттеуге сүйенсек, ортаншы балалар сүйіктісіне адал келеді. Сондай-ақ олар үй ішіндегі дау-дамайды басып, бәрін татуластырып жүреді.

Мінсіз болуға ұмтылу және өзін бағалау
Кейбір зерттеулерде ортаншы балалардың бәрін мінсіз орындауға тырысатыны айтылады. Олардың ережеге бағынып, тапсырманы қалтқысыз орындауы – үйдегі «елеусіз қалдым» деген сезімді жуып-шайғысы келетіндігінен болуы мүмкін.
Назигүл Темірғалиеваның пікірінше:
«Баланың нешінші болып туғаны – жай ғана орта, ол өздігінен ештеңені шешпейді. Үйдегі эмоциялық жағдай мен балаға берілген рөл әлдеқайда маңызды. Ортаншыны көбіне «ыңғайлы», «өзі де алып кетеді» деп танып, үлкендер мен кішілердің арасына дәнекер етіп қояды. Сонда дербес болу баланың өз таңдауы емес, назар үшін күреспеудің жолына айналады.
Балаға онымен қанша уақыт өткізгенің емес, «ата-анам мені бар болмысыммен қабылдайды» деген сезім маңызды. Сырттай қарағанда бәріне бірдей көңіл бөлгендей көрінгенімен, бір бала өзін сүйікті, ал екіншісі елеусіз сезінуі мүмкін».
Ғалымдар дайын «синдром бар» демейді. Олар тек ортаншы баланың ерте дербес болып, жұртпен тез тіл табысатынын айтады. Ал бұл қасиет балалық шаққа байланысты адамға өрлеуге жол ашуы да немесе оны оқшаулап жіберуі де ықтимал.
Өмірде қалай байқалады?
Өмірде бұл көбіне екі түрлі сипатта көрініс табады. Біріншісі – шамадан тыс жауапкершілік. Адам өзінің қажеттілігін дәлелдеу үшін мойнына артық жүк артып алады да, біреуден көмек сұрауға қатты қиналады. Оның бәрін мінсіз істеуге тырысуы ата-ананың қысымынан емес, «үздік болмасам, мені ешкім байқамайды» деген ішкі қорқыныштан туады.

Екіншісі – жақындарына суып, олардан оқшаулану. Өз отбасынан іргесін аулақ салғанымен, достары мен сүйіктісіне қатты бауыр басады.
«Өз тәжірибемде адамдар «менде ортаншы бала синдромы бар» деп сирек келеді. Көбіне олар сезімдерін былай жеткізеді:
«Мені ешкім байқамайтындай»
«Бәрін өзім істеп үйренгенмін, көмек сұрай алмаймын»
«Мені жақсы көрсін десем, пайдалы немесе табысты болуым керек»
«Мені таңдамағанда ашуланамын, бірақ оны мойындауға ұяламын»
Шын дербес адам өз шешімін өзі қабылдайды, бірақ қиналғанда көмек сұраудан, сезімін мойындаудан ұялмайды. Үнемі бірінші болмай қалса да, өзін бағалаудан қалмайды. Ал «жасанды» дербестік сырттай «өзім де қатырамын» болып көрінгенімен, оның түбінде біреуге басыбайлы болып қалу үрейі жатады. Ондай адам таудай шаруа бітірсе де рақаттанбайды немесе оқыс әрекеттер жасап назар аудартқысы келеді.
Бұл жерде: «бұл әрекеттің артында не тұр?» деп сұрау маңызды. Кейде жетістіктің артында «мені біреу назарына алса екен» деген тілек, көмектен бас тартудың артында міндетті болып қалудан қорқу, ал қарсыласудың артында кезінде елеусіз қалған ішкі өкініш жатады» – деп айтты психоло Назигүл Темірғалиева.

Ата-аналарға арналған кеңес
Балалармен жеке-жеке әрқайсысымен оңаша уақыт өткізіп тұрыңыз.
Балаларды бір-бірімен салыстырмаңыз, тіпті бірін екіншісінің көзінше асыра мақтаудан сақтаныңыз.
Үйдегі бәріне ортақ істерден бөлек, ортаншы баланың өзіне не ұнайтынын, не істегісі келетінін жеке сұраңыз.
Баланың сабырлығын «оған ештеңе керек емес» деп қабылдамаңыз. Бала тыныш болса да, назар аударғанды қалайды.
Назигүл Темірғалиеваның кеңесі:
«Ең әуелі – «мен ортаншымын» деп өзіңізге таңба баспаңыз, бүкіл сәтсіздікті үйдегі ретіңізден көруді тоқтатыңыз. Мұны өзіңізді жақсырақ түсінудің мүмкіндігі деп қарап, мына сұрақтарды қойып көріңіз:
Мен ең алғаш рет қашан өзімді елеусіз қалғандай сезіндім?
Үйде іні-қарындастарымның арасында қандай болдым?
Бұл күнде де сүйіктіме, достарыма немесе әріптестеріме солай қарап жүрген жоқпын ба?
Өзімнің құнды екенімді сезіну үшін міндетті түрде бірдеңе дәлелдеуім керек пе, әлде өзімді барымша қабылдай аламын ба?
Психологпен жұмыс істеудегі басты мақсат – ата-ананы айыптау емес, бастан өткен жағдайды түсініп, өзіңді бар болмысыңмен қабылдау. Есейген кезде балалық шақтағы әдетпен өмір сүру міндетті емес. Ең бастысы, біреуге «ыңғайлы» болуды қойып, өзіңізді жеке тұлға ретінде құрметтей білу».

Ортаншы баланың бәрі бірдей өзін елеусіз сезінбейді. Бірақ кезінде назардан тыс қалған адамға бос сөз емес, өзін шын бағалайтын жылы қарым-қатынас керек. «Ортаншы бала синдромы» – медициналық диагноз да, өмірлік тағдыр да емес. Бұл – үйдегі кез келген балада болуы мүмкін рөл ғана. Ғылым да баланың мінезін туған кезегі емес, үйдегі мейірім мен ата-ананың құрметі қалыптастыратынын дәлелдейді. Ал егер үйдің ортаншысы болсаңыз, өзіңізге желіден естіген диагнозды таңудан аулақ болыңыз.




