Биыл сәуірде Кипрде өткен FIDE Grand Prix турнирі Орталық Азия шахматы үшін маңызды оқиғалардың біріне айналды. Турнирде Өзбекстан гроссмейстері Джавахир Синдаров чемпион атанса, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева финалға дейін жетіп, үнді қарсыласынан жарты ұпай айырмасымен ғана есе жіберді.
Кейінгі жылдары Орталық Азия шахматшылары халықаралық аренада жиі көзге түсіп жүр. 2022 жылы Өзбекстанның ерлер құрамасы шахмат олимпиадасында алтын медаль жеңіп алса, 2024 жылы Қазақстанның әйелдер құрамасы олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. FIDE рейтингінде де аймақ ойыншыларының позициясы күшейіп келеді.

Ұлыбританиялық The Guardian басылымы Джавахир Синдаров туралы мақаласында оның «әлем чемпиондығына таласуға мүмкіндік алғанын» жазды. Басылым тағы бір материалында Өзбекстанды «әлемдік шахматтағы жаңа күш орталығы» деп сипаттады.
Орталық Азия шахматшыларының жетістігі кездейсоқ құбылыс па, әлде ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйенің нәтижесі ме? Сарапшылар пікірін білдік.
Асқар Беков, журналист, шахмат сарапшысы:
Қазіргі жетістіктердің тарихи негізі бар
– Кейінгі уақытта Қазақстан да, Өзбекстан да мықты шахматшыларды тұрақты шығарып келеді. Бұл тек жекелеген жеңістер емес, командалық нәтижелерден де байқалады. Оның тарихи негізі бар. Кеңес Одағы кезеңінде шахматқа ерекше көңіл бөлінді: мектеп үйірмелерінен бастап кәсіби клубтарға дейін тұтас жүйе қалыптасты. Ішкі чемпионаттардың деңгейі өте жоғары болды. Сондықтан бүгінгі жетістіктерді күтпеген сенсация деу дұрыс емес.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық қиындықтарға байланысты шахмат бұрынғы қарқынын жоғалтты. Бірақ уақыт өте, Қазақстан мен Өзбекстан бұл бағытты қайта дамыта бастады. Өзбекстан шахматының дамуына 2004 жылы FIDE нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Рустам Қасымжановтың ықпалы зор болды. Мұндай тұлғалар кейінгі буынға мотивация береді.

Қазір Өзбекстанның ерлер құрамасы әлемдегі ең мықты командалардың біріне айналды. 2022 жылғы шахмат олимпиадасындағы жеңіс – соның дәлелі. Ал Қазақстанда әйелдер шахматы ерекше қарқында дамып келеді. Соңғы олимпиадада Қазақстан әйелдер құрамасының 170-тен астам елдің ішінде екінші орын алуы – үлкен жетістік.
Бұл нәтижелердің артында жүйелі жұмыс тұр. Қазақстанда шахмат үйірмелері мен клубтары көбейіп келеді, ішкі турнирлер тұрақты өткізіледі. Федерация мен менеджменттің рөлі де маңызды: ұйымдастыру деңгейі мен қаржылай қолдау күшейді.
Дәрмен Сәдуақасов, халықаралық гроссмейстер, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті (nFactorial подкастында сөйлеген сөзі):
Кез келген мықты құраманың артында көшбасшы тұрады
– Кеңес Одағы кезінде шахмат тек спорт емес, идеологиялық бәсекенің де бір бөлігі болды. Мемлекет бұл салаға жүйелі инвестиция салып, шахматшыларға барлық жағдайды жасады. Соның нәтижесінде кеңестік шахмат мектебі қалыптасып, бірнеше буын чемпион өсіп шықты. Бүгінгі посткеңестік елдердің жетістігі сол дәстүрмен де байланысты. Мысалы, Борис Спасский мен Бобби Фишер арасындағы тарихи матч бүкіл әлем назарын аударған символдық текетіреске айналды. Кейін бұл атмосфера поп-мәдениетте де көрініс тапты. Мәселен, Netflix түсірген The Queen’s Gambit сериалында да осындай қарсыластықтың элементтері байқалады.
Қазіргі жас буын арасында Нодирбек Абдусатторов ерекше көзге түседі. Оның әлеуеті өте жоғары. Жалпы Өзбекстан құрамасының табысына бірнеше фактор әсер етті: ойыншылардың бір буыннан шығуы, жастайынан бірге дайындалуы және команда ішінде айқын көшбасшының болуы.

Командалық жарыстарда лидердің рөлі өте маңызды. Мысалы, Армения құрамасы Левон Аронян көшбасшы болған кезеңде үш рет олимпиада жеңімпазы атанды. Қазақстанда да мықты жас буын қалыптасты. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбімәлік, Бибісара Асаубаева сияқты шахматшылар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, халықаралық деңгейде өзін дәлелдеді.
Құрбанали Усманов, алматылық шахмат жаттықтырушысы:
Қазір шахматқа балалар ғана емес, ересектер де келе бастады
– Бұрын шахмат аса танымал спорт түрі саналмайтын. Қазір қызығушылық айтарлықтай артты. Бұған көбіне жеке сектор ықпал етті: кәсіпкерлер шахмат мектептерін ашып, турнирлер ұйымдастырып жүр. Соның арқасында шахматпен айналысатын балалар саны көбейді.
Қазір шахматқа ересектер де келе бастады. Бірі оны хобби ретінде үйренсе, енді бірі кәсіби деңгейге жетуді мақсат етеді. Шахмат біртіндеп барлық жасқа арналған қолжетімді ортаға айналып келеді.
Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Шахмат үйірмелері мен білікті жаттықтырушылар әлі де аз. Көп жағдайда бұл сала жекеменшік орталықтардың есебінен дамып жатыр, ал олардың қызметі бәріне бірдей қолжетімді емес. Кейбір ата-ана үшін қосымша үйірмелерге ақы төлеу қиын. Сондықтан талантты балалардың бәрі бірдей шахматта ұзақ уақыт қалып қоя алмайды.
Соған қарамастан, сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядағы қазіргі шахмат серпілісі кездейсоқ құбылыс емес. Кеңестік шахмат мектебінің мұрасы, кейінгі жылдардағы жүйелі жұмыс, жаңа буынның қалыптасуы және халықаралық тәжірибенің артуы аймақтың әлемдік шахматтағы орнын күшейтіп келеді.



