33 метр биіктікке небары 7,20 секундта көтеріліп, Қазақстан рекордын жаңартқан «Өрмекші қыз» – Айдана Жақсыбекқызы. Ол — өрт сөндіру-құтқару спортынан халықаралық дәрежедегі шебер әрі қоржынында 140-қа жуық медалі бар нағыз құтқарушы. Спортқа 18 жасында бір-ақ келіп, Төтенше жағдайлар министрлігіндегі жауапты қызметі мен үлкен спортты қатар алып жүрген рекордшы әйел Tamga Media-ға берген сұхбатында өмірлік таңдауы мен жетістік сырын айтып берді.
Айдананы көпке танытқан өрт сөндіру-құтқару спортынан 2023 жылы Түркияда өткен ІХ Әлем чемпионаты еді. Дәл осы додада ол екінші қабатқа, дәлірек айтсақ, 33 метр биіктікке небары 7,20 секундта көтеріліп, күміс жүлде иеленді әрі Қазақстан рекордын жаңартты. Жарыс барысындағы видео үзіндісі әлеуметтік желіге тарап, желаяқ қыздың жылдамдығы мен ептілігіне тамсанған жұрт оған «Өрмекші қыз» деген ат қойды.
Айдана Шымкент қаласында туып-өскен. Ол басқа спортшылар сияқты бала күнінен жаттықпаған. Жеңіл атлетикаға 18 жасында бір-ақ келген.
Айдананың айтуынша спортқа келуіне інісі себеп болған көрінеді. Ол бауырын футбол үйірмесіне апарып жүріп, сол жерден өз қызығушылығын да тапқан. Анасының қарсылығына қарамастан сүйікті ісін тастамаған Айдана бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
«Бұл жетістікке табандылық пен үздіксіз жаттығудың арқасында жеттім. Әкем де үнемі қолдап отыратын. Ал жұбайым Бахтиярмен бір салада қызмет жасаймыз. Сондықтан ол да менің қызметім мен спорттың ерекшелігін, жауапкершілігін жақсы түсініп, қолдау көрсетеді», – дейді ол.
Айдана әуелі Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік инновация университетінде «Дене шынықтыру және спорт факультетінде» білім алған. Ал еңбек жолын құтқарушылық қызметтен бастаған. Ол 2019 жылдан бері Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде қызмет етеді әрі өрт сөндіру-құтқару спортымен де дәл осы кезден бастап шұғылданады.
«Мамандық таңдар кезде екі нәрсеге мән бердім. Біріншіден, қызметім адамдарға пайдасы тиетін сала болуы керек еді. Екіншіден, үнемі қозғалыста жүріп, белсенділікті талап ететін жұмыс болғанын қаладым. Осылайша азаматтық қорғау саласына келдім. Ал өрт сөндіру-құтқару спорты белсенді өмір салтына деген қызығушылығым мен қызметімді тамаша тоғыстырды. Соның арқасында спортта да бақ сынап, қызметте де кәсіби шеберлігімді арттыруға үлгеріп жүрмін», – дейді Айдана.
Өрт сөндіру-құтқару спорты деген не?
Өрт сөндіру-құтқару спорты – өрт сөндіруші-құтқарушылардың кәсіби шеберлігін спорт арқылы шыңдайтын жарыс түрі. Мұнда спортшылар жылдамдық, күш, ептілік, төзімділік пен шұғыл жағдайда дұрыс әрекет ету қабілетін сынайды. Жарыстағы жаттығулар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметіне қажет дағдыларға негізделген.
Жарыс бағдарламасы мына дисциплиналарды қамтиды: шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағын еңсеру, өрт эстафетасы, жауынгерлік қанат жаю.
Айдана өрт сөндіру-құтқару спортынан Қазақстан Республикасы чемпионаттарында ғана емес, Әлем чемпионаттарында да жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтсақ, 2019 жылы Ресейде өткен VI Әлем чемпионатында қола, 2022 жылы Өзбекстанда өткен VIII Әлем чемпионатында алтын, 2024 жылы Қытайда өткен Х Әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген. Айдананың айтуынша асқан жылдамдығы мен ептілігінің өз сыры бар. Ол шабуыл сатысын қолмен ұстамай жүгіріп шығады. Бұл – оның уақыт үнемдеу үшін өзі ойлап тапқан техникасы. Оның сөзінше мұндай тәсіл қауіпті болғанымен, жеңіс үшін тәуекелге баруға тура келеді.

Айдана – қазір Қостанай қалалық төтенше жағдайлар басқармасында инженер, азаматтық қорғау капитаны. Жуырда ол Қостанайда өткен Қазақстан Республикасы ТЖМ кубогында бақ сынап, алтын медаль еншіледі. Айдананың сөзінше бұл додаға қатысу оған оңайға соқпаған.
«Жарысқа қатысудан бас тарту туралы ой болғанын жасырмаймын. Себебі жарыс алдында жарақат алдым. Үлкен тәуекелге бара жатқанымды түсіндім. Бірақ, ауырсынудан гөрі жауапкершіліктің салмағы басым түсті. Мұның артында қаншама дайындық тұрғанын ойлағанда «соңына дейін күресем» деген жігер пайда болды. Сол жігер күмәнді жойып, жарыс жолына шығарды. Алтын медаль қиындыққа қарамай, содан тәуекелге бел буып өту болды», – дейді ол.
Айдана жақында ғана сәби сүйіп, ана атанған. Тіпті босанған соң көп күттірмей, 40 күннен кейін қайта жаттығуға кіріскен.
«Шынымды айтсам, босанғаннан кейін спортқа қайта оралу оңай болмады. Бірақ, жүктілік кезінде де спорттан қол үзбей, жеңіл жаттығулар жасап жүргенім көп көмектесті. Тез қалпыма келдім. Ана болу бақыты мен өз ісіме деген сүйіспеншілігім спорт алаңына қайта шығуға, барлық қиындықты еңсеруге күш берді», – дейді Айдана.
Спорт, қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген құтқарушы қыздың күн тәртібі тығыз. Айдананың айтуынша әр минутын алдын ала жоспарлайтын көрінеді. Сонымен қатар бәріне үлгеру үшін ұстанатын өз ережелері де бар.
«Ең бастысы маңызды істерді маңызсыз істерден ажырата білу, бір міндеттен екінші міндетке дер кезінде ауыса алу керек. Сонда әр рөліңе бар күшіңді салып, міндетіңді жүз пайыз орындай аласың.
Әрине, барлығы сияқты менің де шаршайтын, «осынша жүктемені көтере аламын ба?» деп күмәнданатын, «біреудің көңілін қалдырып қоямын ба?» деп қорқатын кездерім болады. Ең бастысы сол сезімдерге бой алдырып, әрекетсіз отырып қалмау керек. Расында сүйікті ісіңмен айналысқанда шаршаудың өзі ләззат сыйлайды. Бос уақытым көп болмайды, бола қалса, барынша отбасымның жанында болуға тырысамын», – дейді ол.
Айдана көпшіліктің өзін “Өрмекші қыз” атап кеткеніне күле қарайды. Оның айтуынша, өрт-құтқару спортында найзағайдай жылдамдық, қимыл үйлесімділігі аса маңызды. Оқырмандардың оны бұл образбен байланыстыруы да осы ерекшеліктерге қатысты болса керек. Ал күнделікті өмірде Айдана өзін қарапайым адам санайды. Дегенмен спорт пен қызметте қалыптасқан жинақылық, ширақтық, лезде шешім қабылдау, жылдам әрекет ету мен төзімділік сияқты қасиеттердің күнделікті өмірде де пайдасы зор екенін айтады.
Қазір Айдана Бакуде өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Алдағы бәсекеде Өзбекстан, Беларусь және Ресей құрамалары сияқты мықты қарсыластармен сынға түспек.
«Қазіргі уақытта алдағы маңызды жарыстарға, соның ішінде Бакуде өтетін әлем чемпионатына дайындық қызу жүріп жатыр. Жаттығу жоспары қатаң кесте бойынша құрылған. Басты мақсатымыз – жарысқа барынша бабымызда барып, еліміздің намысын қорғау және жеке рекордымды жаңарту», – дейді Айдана.




