60 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған Өрмекші адам – әлі күнге дейін ең танымал суперқаһарманның бірі. Осы уақыт ішінде оның бейнесін бірнеше актер сомдады, жаңа комикстер мен фильмдер шықты, ал анимациялық әлемде Майлз Моралес сияқты жаңа кейіпкерлер пайда болды. Соған қарамастан Spider-Man аудиториясын жоғалтқан жоқ.
Бұған 2026 жылы шыққан «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінің жетістігі де дәлел. Фильм прокатқа шыққан алғашқы үш күнде АҚШ пен Канадада 360 миллион доллар жинап, «Кек алушылар: Финал» фильмінің рекордын жаңартты. Ал алғашқы трейлері небәрі 24 сағатта 718,6 миллион рет қаралып, кино тарихындағы ең көп қаралған трейлер атанды.
Неліктен бір кейіпкер бірнеше ұрпаққа қатарынан жақын болып қала алады? Өрмекші адамның феномені неде?
Мінсіз суперқаһарман емес, қарапайым Питер Паркер
Өрмекші адам алғаш рет 1962 жылы Marvel комиксінде пайда болды. Кейіпкерді жазушы Стэн Ли мен суретші Стив Дитко жасаған. Дәл сол жылдары суперқаһармандардың басым бөлігі мінсіз, қолжетпес, ересек тұлғалар еді. Бэтмен – миллиардер, Темір адам – данышпан өнертапқыш, Тор – құдай.

Бірақ Стэн Ли керісінше жасап, Өрмекші адамды ерекше ете білді: ол оқырман өзін көретін кейіпкерді – Питер Паркерді ойлап тапты.
Питер Паркер – мектепте оқитын қарапайым жасөспірім. Өрмекші шағып алғаннан кейін ерекше қабілетке ие болғанымен, күнделікті өміріндегі мәселелер жоғалып кетпейді. Питер сабақ оқиды, ғашық болады, пәтер ақысын әрең төлейді, жақындарымен қарым-қатынасын сақтауға тырысады, тіпті жақындарынан айырылып қалады. Кейде суперқаһарман болудан бас тартып, жай ғана қалыпты өмір сүргісі келетін кездері де болады.
Сондықтан көрермен оның өміріне сырттай қарап қана қоймайды. Питердің қуанышы мен өкініші, қорқынышы мен қатесі таныс сезімдер болып көрінеді.
Зерттеуші Уилсон Кохтың пікірінше, Spider-Man-ның комикс кейіпкері ретінде ұзақ ғұмыр сүруінің басты себебі де осында: ол архетип емес, адам болып қалды. Оның күші мен қабілетінен бұрын осал тұстары көрінеді.
Психологияда мұндай құбылысты эмоциялық идентификация деп атайды: көрермен кейіпкердің сезімін өзіне жақын қабылдайды. Spider-Man-ның ерекшелігі де – оның мінсіз болмауында.
Әрине, бастапқыда Marvel редакторлары қарапайым жасөспірімді басты суперқаһарман етуге күмәнмен қараған. Алайда дәл осы шешім кейін кейіпкердің басты ерекшелігіне айналды.

Әркім өзін Өрмекші адам сезіне алады
Өрмекші адамның танымал болуына оның қызыл-көк түсті костюмі, өрмекші бейнесі және бетті толық жауып тұратын маскасы да әсер етті. Стэн Лидің айтуынша, масканың маңызды ерекшелігі – оның астында кім тұрғанын білмейсің. Сондықтан кез келген адам өзін Өрмекші адамның орнында елестете алады.
Яғни маска кейіпкердің жүзін жасырып қана қоймай, оның образын көрерменге жақындатады. «Оның орнында мен болсам ше?» деген ой туады. Бұл – қарапайым көрінгенімен, Spider-Man-ды есте қаларлық кейіпкер еткен шешімдердің бірі.
Әзіл мен экшннің үйлесімі
Өрмекші адамның тағы бір ерекшелігі – қауіпті жағдайдың өзінде әзілдей алатыны. Ол жауларымен шайқасып жүріп, сөз қағыстырып, мысқылдап отырады. Бұл кейіпкерді тым ауыр әрі салмақты суперқаһарманнан ерекшелендіріп, оған өзіндік мінез береді.

Питер Паркердің әзілдері оның батылдығын ғана емес, қорқынышын да жеткізеді. Ол қауіпті сәтте қалжыңдап, өзін сабырға шақырады. Сондықтан оның әзілдері жай ғана көрерменді күлдіру үшін емес, кейіпкердің мінезін көрсету үшін де қолданылады.
Бұл ерекшелік әсіресе фильмдерде анық байқалады. Қиын шайқастың ортасында айтылған бір ауыз қалжың көріністің эмоциялық ауырлығын жеңілдетеді әрі көрерменге Питердің кім екенін еске салады. Осылай, Spider-Man-да экшн, драма мен комедия қатар жүреді.
Өрмекші адам әр дәуірге бейімделеді
Мұнда Marvel-дың ең дәл есептелген қадамы көрінеді: компания ешқашан бір ғана Өрмекші адамға тәуелді болған емес. Әр кезеңде кейіпкердің бейнесі өзгеріп, жаңа аудиторияға бейімделіп отырды.
Миллениалдар үшін Өрмекші адам – Тоби Магуайр, Зиллениалдар үшін – Эндрю Гарфилд, Gen Z үшін – Том Холланд, Alpha буыны үшін – Майлз Моралес.

Marvel кейіпкердің костюмін ауыстырады, технологиясын жаңартады, жаңа актер таңдайды, бірақ Питер Паркердің болмысын өзгертпейді. Ол әлі де қателеседі, қорқады, жақындарын жоғалтады және қайта тұрады. Сондықтан әр буын Өрмекші адамның өзіне жақын нұсқасын таба алады.
Marvel үшін Spider-Man – өшпейтін актив
Spider-Man жалғыз франчайзинг емес, ол – толыққанды экожүйе. Комикстер, фильмдер, ойындар, ойыншықтар, киім, LEGO жиынтықтары, PlayStation франчайзингі, Disney парктеріндегі аттракциондар – барлығы бір кейіпкерден табыс табады. Тек кинотеатрлардағы фильмдерінің өзі бүкіл әлем бойынша 11 миллиард доллардан астам жинаған. Оның ішінде ең табыстысы – 2021 жылы шыққан «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ». Фильмнің әлемдік кассасы шамамен 1,9 миллиард долларға жетті.
Дәл осы себепті компания оны «өлтірмейді». Керісінше, әр 10 жылда бір рет жаңартады: жаңа актер, жаңа әлем, жаңа аудитория. Сондықтан Тоби Магуайр, Эндрю Гарфилд, Том Холландтың осы кейіпкерді сомдауы кездейсоқ емес, үлкен бір стратегия.



